ПРЕМЬЕРДIҢ ПӘРМЕНIЕЛДЕГI КЕДЕЙШIЛIКТI ЖОЯ АЛА МА?

ПРЕМЬЕРДIҢ ПӘРМЕНIЕЛДЕГI КЕДЕЙШIЛIКТI ЖОЯ АЛА МА?

ПРЕМЬЕРДIҢ ПӘРМЕНIЕЛДЕГI КЕДЕЙШIЛIКТI ЖОЯ АЛА МА?
ашық дереккөзі
189

Мұнайы мен газы көп, билiгiнiң көңiлi тоқ Қазақстанда сiңiрi шыққан кедейлер азаймай отыр. Адамдардың көпшiлiгi 60-тың асқарынан аса алмай, қаншама жылғы бейнетiнiң зейнетiн көре алмай жер жастануда. Ол аз десеңiз, дамыған 50 елдiң қатарына енуге ұмтылған Қазақстанның жастары мектепке барудан, бiлiм нәрiмен сусындаудан қашады екен. Елiмiзде арнайы зерттеу жұмыстарын жүргiзген БҰҰ сарапшылары бiрнеше проблеманың басын ашып көрсеттi. Ал премьер Мәсiмов елдегi кедейшiлiк пен жұмыссыздықпен күресу туралы әкiмдерге пәрмен бердi. Нақты iстен гөрi науқаншылдыққа үйiр әкiм-қаралар тағы да сол баяғы "ескi әдетiне" баса ма, әлде елдiң қамын ойлауды шынымен қолға ала ма?

БҰҰ Даму бағдарламасы сарапшыларының пiкiрiнше, Қазақстандағы сiңiрi шыққан кедейлер саны 9,8 пайыз көрiнедi. Ал отандық сарапшылар мен саясаттанушылардың кейбiрi республика халқының басым бөлiгiнiң, әсiресе, ауылда тұратын қандастарымыздың көбi сiңiрi шыққан кедей екендiгiн көлденең тартады. Әрине, мұндай пiкiрлердiң билiкке ұнамасы белгiлi. Өйткенi, бiздiң "экономикамыз гүлденген, дамыған 50 елдiң қатарына жетуге "сәл-ақ" қалдық, қарыштап дамып келемiз, кедей-кепшiк дегенiңiз жоқтың қасы, жұмыссыздар саны төмендеп, елдiң әлеуметтiк ахуалы керiсiнше, жоғарылап келедi"…

Жалпы дамыған елдерде кедейшiлiкпен күресудi жүйелi түрде қолға алған. Бұдан "жағдайы жоқтарға мемлекет тарапынан ақша таратып бередi" деген ұғым қалыптаспауы тиiс. Бұл дегенiңiз — бiлiм беру мен медицина саласын дамытуға ден қою, адамдардың өмiр сүру деңгейiн ұзартуға жағдай жасау, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға көңiл бөлу. Ал бiзде қалай? Табиғи рессурстарға аса бай Қазақ елiнде ұзақ жасайтындар кемде-кем. Мысалы, ресми деректерге сүйенсек, Ақмола облысында халықтың 35,7 пайызы, ал Алматы облысында — 29,5; Астана қаласында — 23,6; Алматы қаласында 29,6 пайызы 60 жасқа дейiн өмiр сүрмейдi екен. Яғни, талай жылғы бейнетiнiң зейнетiн көрместен, зейнетақы тағайындалған 63 жасқа жетпей жер жастанады. Ал Қарағандыдағы жағдай тiптi сорақы. Мұнда адамдардың 40 пайызы 60 жасқа жетпейдi. Мәжiлiс пен Сенаттағы ағайынға жаны шын ашитын халық қалаулылары мен сарапшылардың республиканың кейбiр аймақтарында әсiресе, адам ағзасына зиянды әрi олардың өмiрiне қауiп төндiретiн өндiрiс ошақтарында қызмет ететiндердiң зейнетақылық жасын төмендету туралы кейiнгi кезде жиi дабыл қағуы өздiгiнен түсiнiктi.

Өкiнiшке қарай, бiрнеше министр ат ауыстырып мiнген қазақстандық бiлiм беру саласының да шекесi қызып тұрған жоқ. Астана қаласындағы жасөспiрiмдердiң (16 жасқа дейiнгi) 12 пайызы, Алматы облысында — 7,5 пайызы, Атырауда 0,2 пайызы мектепте оқымайды екен. Сарапшылардың сынына iлiккен Алматы облысында бiлiм беру сапасы 100 пайыз емес, небәрi 67,7 пайыз. Солтүстiк Қазақстан (71,5) мен Ақмола облысында (79,3) жағдай аса мәз емес. Адамдардың жан басына шаққандағы ең жоғары кiрiс көзi — мұнайлы Атырау өңiрi мен Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында. Есесiне, Ақмола, Алматы мен Солтүстiк Қазақстан облыстарында ақтөбелiктерге қарағанда 6 есе төмен көрiнедi. Орташа есеппен алғанда, әрине. Арнайы зерттеу жұмыстарын жүргiзген БҰҰ сарапшылары бiздiң билiкке халықтың тiршiлiк ету сапасын жақсартуға кеңес бередi. Ол үшiн адамдардың өмiр сүру деңгейiн ұзарту, әлеуметтiк ахуалы мен қоршаған ортаның ластанбауына көңiл бөлiнуi тиiс.

Қазақ елiнiң билiгi Ата Заңда тайға таңба басқандай етiп анық жазылған "мемлекеттiң басты байлығы — адам" деген тiркеске шындап көңiл бөлсе игi. Өкiнiшке қарай, бұған дейiн жұмсақ креслоларда жантайып жатып-ақ, шаруасын бiтiруге тырысатындардың құлаш-құлаш баяндамалардағы кiсiнiң көңiлi тоярлықтай әдемi сөздер жүректердi жылытудан арыға аса алмай жүрген. Бiрақ әлемдiк деңгейдегi халықаралық ұйымның мамандары қаққан дабылға бұл жолы бiздiң Үкiмет селт еткендей. Премьер Мәсiмов барлық әкiмдерге жергiлiктi жерлердегi кедейшiлiк деңгейi мен аймақтардағы жұмыссыздық деңгейiн барынша төмендетуге пәрмен бердi. Кейiнгi кездерi халықтың алдына шығып алып, ұзын-сонар баяндамаларымен есеп берудi "сәнге" айналдырған әкiм-қаралардың премьерлiк тапсырманы қалай орындайтыны және қандай шаралар атқарылатыны әзiрге белгiсiз. Тек қазақ қоғамында турасын айтып, туғанына жақпай қалатын әдiл шенеунiктерден гөрi жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлыққа ден қойған әрi "жылтыр" сөз бен жалаң ұранға үйiр науқаншыл "пысықайлардың" көптiгi еске түскенде, көңiл шiркiн кәдiмгiдей құлазып қалатыны өкiнiштi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары