«САТҚЫНДАР» МЕН «ЕСУАСТАР»

«САТҚЫНДАР» МЕН «ЕСУАСТАР»

«САТҚЫНДАР» МЕН «ЕСУАСТАР»
ашық дереккөзі
297

Сайлауға түскелi отырған француздық солшылдарға БАҚ осылай баға бердi

Бүгiнде Францияда саяси науқан көрiгi қыза түскен. Осы айдың соңында француздар өз президентiн сайламақ. Кәрi құрлықтың байырғы тұрғындары өз таңдауларын кiмге берерi әзiрге белгiсiз. Бiрақ саяси додада солшылдардың шаң қабатынына сарапшылар қауымы әзiрден-ақ тон пiшiп отыр.

КIМ КҮШТI?

Үстiмiздегi жылдың 22 сәуiрiнде француздар өз президентiн таңдайды. Бұған дейiн қазiргi президент Жак Ширак алдағы сайлауға қатысудан өз еркiмен бас тартатынын мәлiмдеген болатын. Жуырда Францияның Конституциялық соты сайлауға қатысатын 12 үмiткердiң аты-жөнiн жария еттi. Президенттiк таққа таласатындар арасында социалистердiң өкiлi – Сеголен Руаяль, «Француздар демократиясы үшiн одағының» көсемi Франсуа Байру, Сыртқы iстер министрi Николя Саркози, 2002 жылғы сайлаудың екiншi кезеңiнде Жак Ширактан жеңiлiп қалған әсiре оңшыл қозғалыс – «Ұлттық майданның» жетекшiсi Жан-Мари Ле Пен, «нағыз солшылдардың» басын бiрiктiрудi армандайтын Безансено, жаһанданудың қас дұшпаны Жозе Бовэ, Лев Троцкийдiң «iзбасары» Арлет Лагийе, коммунист Мари-Жорж Бюффэ, жұмыскерлер партиясынан Жерар Шиварди, Францияның бұрынғы Қоршаған ортаны қорғау министрi Доминик Вуане т.б. қатыспақ. Әзiрге үмiткерлер арасынан Николя Саркози, Сеголен Руаяль, Франсуа Байру мен Жан-Мари Ле Пен алда келедi. Олардың сайлауалды бағдарламалары сан-алуан, ұстанған бағыттары да. Есесiне, жарты миллионнан астам дауыс берушi жақтап отырған «нағыз солшылдардың» екiншi кезеңге өту мүмкiндiгi шектеулi. Өйткенi, олардың бiрi Францияның капиталистiк ел болғанын қаламаса, ендi бiрi жұмыскерлердiң құқығы тапталуда деген сенiмде. Солшылдар iшiнен әсiресе, 32 жастағы Оливье Безансено сайлауалды кампаниясын жүргiзуде аса белсендiлiк танытуда. Әлеуметтiк сауалнамаға жауап берушiлердiң 5 пайызы «кiшкентай үмiткерлердiң» арасынан Оливьеге бүйректерi бұратындықтарын жеткiзген. Әкесi – мұғалiм, шешесi мектепте психолог болған ОБ дипломдық жұмысын жаңа тарих пәнiнен қорғаса да, тұрмысының жүдеулiгi салдарынан Париждiң шығыс бөлiгiнде велосипедпен хат тасушы қызметiн атқаруға мәжбүр болыпты. Мүмкiн капиталистiк елдi коммунситiк арнаға бұруға талпынуының астарында осы жатса керек. Оның үстiне, Безансеноның саяси додаға бiрiншi рет түсуi емес. Алғаш рет 2002 жылы президенттiк сайлауда бақ сынаған болатын. Ең жас үмiткер ол жолы екiншi кезеңге өте алмаса да, саяси пiкiрсайыста өзiн шешендiк қырынан танытып, 4,25 пайыз дауыс жинаған (қарсыластары жинаған дауыс – 3,4 пайыз). Ал Еуропалық конституцияның тағдырын шешуге қатысты өткiзген жалпыеуропалық референдумда Конституцияны қабылдауға қарсы үгiт-насихат жұмыстарын жүргiзген Оливьенiң жақтаушылары көбейе түстi. Оған дәлел, кәрi құрлыққа толыққанды үстемдiгiн жүргiзуге қабiлеттi Атазаңға француздардың басым бөлiгi қарсы дауыс бердi. Бiрақ бұл оның сайлауда басым дауысқа ие болатынына немесе екiншi кезеңге өтетiнiне кепiлдiк бере алмайды. Өйткенi, қазiргi билiктi сынау арқылы ғана көпшiлiктiң көңiлiнен шығып жүрген Безансено француздар қоғамындағы жаңашылдыққа оңайлықпен бет бұра қоймайтын жұртшылықты өзiнiң радикалдық бағыттағы көзқарасына елiтiп әкетуi екiталай. Саяси сайыстағы жеңiске Оливьенiң өзi де аса құлшынып отырмаған тәрiздi. Себебi, Безансеноны сайлауға үмiткер ретiнде ұсынып отырған Коммунистiк төңкерiстер лигасының үйлестiрушiсi Эрик Мандонне «Бiздiң басты мақсатымыз – жеңу емес, сайлауды Лиганың идеяларын насихаттайтын мiнбер ретiнде пайдалану» деген мәлiмдеме жасады. Идеяларының ең маңыздысы: капиталистiк қоғам мен капиталистiк мемлекетке қарсы күрес жүргiзу. Безансеноның өздерiн «антилибералдармыз» дейтiн Сеголен Руаяль бастаған топпен бiрiгуге үзiлдi-кесiлдi қарсы шығуы сондықтан. Әрi Оливье Сеголендi «солшылдарды сатқандар» деп айыптайды. Француздық БАҚ-та оларды «солшыл сатқындар» (Сеголен) мен «солшыл есуастар» (Безансено) деп келекелейдi. Соған қарамастан, ОБ өзiн «нағыз солшылдарды» бiрiктiрушi тұлға ретiнде қарастырады. Бiрақ бұған барлық «солшылдар» дайын емес. Президенттiктен үмiткер, жаһандануға қарсылардың көсемi Жозе Бовэ бiрiгуге мүдделi Безансеноны сынға алды: «Егер дауыстарды пайдаға жарата алмаса Безансеноға дауыс берудiң қажетi қанша? Билiктi алуға мүдделi еместiгiн оның өзi мәлiмдедi ғой. Ал сайлаушылар қоғамдағы өзгерiстi Безансенодан «жарқын болашақта» емес, дәл қазiр талап етуi тиiс».

БОСТАНДЫҚТА ДА, ТҮРМЕДЕ ДЕ – ШАРУАЛАРДЫҢ ҚАМЫ

Оливьенi солқылдақтығы үшiн сынға алған Жозе Бовэ кiм? Оған сайлаушылардың көпшiлiгi сенiп ере ала ма? Өте күмәндi. Өйткенi, ес бiлгелi тек билiкпен күресумен келе жатқан Бовэ билiкке тек қарсы шығумен ғана атақты. Ғалым-агрономдар отбасында дүниеге келген Жозе 1976 жылы Америкадағы Беркли универститетiн бiтiрген. Ауыл шаруашылығымен айналысуға бел буғандықтан сол жылы Франциядағы қараусыз қалған көп фермалардың бiрiн сатып алып, аяғынан тiк тұрғызады. Әйелiмен және екi баласымен бiрге ұзақ уақыт осы фермада тұрған Бовэ 1987 жылы ауыл шаруашылығы саласындағы өндiрушiлердiң мүддесiн қорғайтын «Шаруалар конфедерациясын» құруға ат салысады. Шаруалар мен фермерлердiң мүддесiн қорғаймын деп жүрiп түрмеге қамалған ол 3 жылдан астам уақытын темiр тордың арғы жағында өткiзедi. 2003 жылы қапастан құтылысымен 300 мың адам жиналған жаһандануға қарсылардың шеруiн ұйымдастырады. 2004 жылы фермерлердiң мүддесiн қорғамақ болғанда полицияның қолына қайта түседi. Негiзi билiкке оппозициядағы Жозенi сол кездiң өзiнде-ақ солшыл саясаткердiң қатарына жатқызуға болатын. Алайда саяси сахнадан гөрi шарулардың жағдайын көбiрек ойлаған Бовэ ауыл шаруашылығына көңiл бөлуге тырысқан. Оның нағыз саяси мансабы Оливье мен Мари-Жорж Бюффемен бiрге жалпыеуропалық конституциялық референдумға қарсы үгiт-насихат жұмыстарын жүргiзген 2005 жылы басталды. Осыдан кейiн-ақ жұрт оны «нағыз солшылдардың» «бiртұтас үмiткерi» ретiнде қарастыра бастаған. Жоба «Солшыл балама – 2007» деп аталған едi. Бовэ жобаны қолдап, өз келiсiмiн бердi. Бiрақ бiрыңғай үмiткер мәселесiне келгенде солшылдардың пiкiрi тағы да екiге жарылды. Коммунистер – «көлге», «Коммунистiк төңкерiстiк лигадағылар» шөлге тартқан сәтте «бiрыңғай үмiткер» туралы арманның күлi көкке ұшқанын түсiнген Жозе сайлауға қатысудан бас тартады. Алайда, дауыс беру процесiне қатысуға қажеттi 500 қолды жинағанын бiлгенде Бовэ ойынан айнып, саяси додаға түсетiнiн қайта мәлiмдейдi. Оның капиталистерге шүйлiккен Безансенодан айырмашылығы: саяси науқанды дәстүрлi түрде, яғни, дәл қазiргi ахуал – жаһандануға қарсылық пен француз шаруалардың мүддесiн қорғауға негiздеген. Оның бағдарламасына сүйенсек, әр ел ауыл шаруашылығы саласын халықаралық келiсiмдердi жүзеге асыруға емес, тек өз мүддесiне сай пайдалануы тиiс. Яғни, ауыл шаруашылығы өнiмi кез келген елдiң өзiне ғана арналып өндiрiлуi керек. Франция – Франция үшiн, Германия – тек Германия үшiн. Сайлауда оңшылдар (Николя Саркози) мен әсiре оңшылдарды (Ле Пен) өзiнiң қас жауы деп бiледi. Бiрақ басқа да «нағыз солшылдар» сияқты екiншi кезеңде Руаяльдi қолдаудан бас тартады. «Солшыл балама – 2007»-дегi басты үмiткерлiк мүмкiндiгiнен айырылып қалған Бовэ солшыл қанаттағы әрiптестерiнiң алауыздығы мен тым әсiреқызылшылдығына наразы. Бiрақ Жозе әрiптестерiне тоңтерiс қалса да, өзiн Безансено сияқты солшылдарды бiрiктiрушi тұлғамын деп бiледi. Әрине, солшыл тарапта Жозеден басқа да үмiткерлер бар. Мысалы, Арлет Лагийе.

АЛАУЫЗДЫҚ

«Жұмыскерлер күресi» партиясының тарапынан сайлауға түскелi отырған Арлет президенттiк сайлауда алтыншы рет бақ сынамақ. 1940 жылы туған Лагийе 1974 жылы алғаш рет президенттiк сайлауға түскен ең бiрiншi әйел-үмiткер болған. Жұмыскерлер тағдыры сайлау бюллетеньдерi салынған ыдыстарда емес, көтерiлiс пен ереуiлдердiң нәтижесiнде шешiлетiнiн мәлiмдеген Арлет сол жолы небәрi 2,33 пайыз дауыс жинайды. 1981 жылғы сайлауда – 2,3; 1988 жылы – 1,9; 1995 жылы – 5 пайыз сайлаушының сенiмiне ие болған оған 2002 жылы дауыс берушiлердiң 5,75 пайызы дауыс бередi. Ал 1999 жылы оның «Жұмыскерлер күресi» мен «Коммунистiк төңкерiстiк лигасы» бiрiгiп ұсынған тiзiм нәтижесiнде солшылдар Еуропарламенттен 5 орынды жеңiп алған. Орыс революционерi Лев Троцкийдi үлгi тұтатын және Францияда тек екi топ: пролетариаттар мен буржуалар ғана өмiр сүредi деп бiлетiн Лагийе троцкийшiлдердiң француздар елiнде үстемдiк құруын қалайды. Ал сайлауалды бағдарламасында жалдамалы жұмыскерлер мен қызмет көрсетушiлердiң жағдайын жақсартуға баса назар аударған. Бұлардан басқа да солшыл үмiткер – Мари-Жорж Бюффэ (Француздық коммунистiк партия) әп дегенде өзiн Безансено мен Бовэ сияқты солшылдар тарапынан ұсынылатын бiрыңғай үмiткермiн деп сенген едi. Алайда, ол ойы жүзеге аспағандықтан, төрағалығынан уақытша бас тартқан ФКП тарапынан түсуге мәжбүр болды. Сарапшылар пiкiрiнше, партия iшiнде орын алған алауыздық пен бақталастық кесiрiнен Бюффэ өзге солшылдар сияқты дауыс беру процесiнiң алғашқы кезеңiнде-ақ шаң қауып қалмақ. Қорытындылап айтқанда, француздық солшылдар бұл жолғы сайлауға «әдеттегiдей» «саяси науқаннан шет қалмады» деген атақ үшiн барады. Сондықтан олардың жеңiске жетуi былай тұрмақ, екiншi кезеңнiң маңайына да жуый алмайды. Маңыздысы бұл емес. Ең маңыздысы, солшылдар социалистерге қолдау көрсетуден бiрауыздан үзiлдi-кесiлдi бас тартып отыр. Демек, солшылдардың кесiрiнен екiншi кезеңге өтуге қауқарлы социал-үмiткер Сеголен Руаяльдiң жеңiске жету мүмкiндiгi азаймақ. Ал оған берiлген сайлаушылар дауысы босқа күйiп кетедi. Өйткенi, Руаяльдi жақтаушылар дауыстарын оңшыл Николя Саркозиге немесе Франсуа Байруге бермесi анық. Егер саяси додада қарсыластарынан үстем шығуды мақсат етпесе, солшылдардың көздегенi не? Сарапшылардың көпшiлiгi бұл сұраққа ойлана келе, «Франциядағы солшылдар үшiн билiк пен саяси мансаптан жоғары тұратын нәрселер бар. Олар: өз-өзiне деген сенiм мен бастаған негiзгi iстi жалғастыру» деген ұйғарымға келдi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары