ҚЫМСЫНБАЙ-АҚ «ҰЛЫ» ДЕЙМIЗ ПЕНДЕНI

ҚЫМСЫНБАЙ-АҚ «ҰЛЫ» ДЕЙМIЗ ПЕНДЕНI

ҚЫМСЫНБАЙ-АҚ «ҰЛЫ» ДЕЙМIЗ ПЕНДЕНI
ашық дереккөзі
221

Осы күнi не көп – газет–жорнал көп. Электронды ақпарат құралдарын көрiп тауыса алмайсыз. Сонда ненi оқып, ненi көру керек дейсiз ғой. Әлбетте, өзектi мәселелердi көтерiп, тереңнен ой толғайтын мақалалар мен хабарларды оқып, көру керек. Өкiнiшке қарай, сондай салиқалы да санаға салмақты ой саларлық дүниелерден құлаққа түрпiдей тиiп, «астапыр Алла!» дегiзетiн сөздер мен сөйлемдер ұшырасып, мазаңды алады. Дәлiрек айтар болсақ, «ұра берсе Құдай да өледi» деген сөйлем мен «Ұлы» сөзi баспасөз беттерiнде, радио телевизия хабарларында жиi қолданылып жүр. Осы бiр сөздер Кеңес одағы күлi көкке ұшқаннан кейiн де сөздiк қорымыздың «қорасынан» шықпай-ақ қойды. Сөзiмiз дәлелдi болуы үшiн мысалға жүгiнелiк.

Қостанай облысындағы қазақ тiлiнiң жайынан хабардар етiп, бiрде журналист, ендi бiрде ақын, жазушы деп мақала жазып жүрген кiсi тамыз айында «Қазақ әдебиетi» газетiнде жарияланған «Батаны да орысша беремiз бе?» деген мақаласында: …«Шамасы, жұртшылық «ұра берсе Құдай да өледi» деген қанатты қазақ сөзiн көк байрақтай көкке көтерiп жүрсе керек», – деп пәлсапалайды. Бiрiншiден, мұндай «қанатты» сөз қазақта бұрын болған емес. Бұл кешегi құдайсыз Кеңес заманында шен-шекпен мен лауазымға үмiттенген жағымпаз ақынсымақтың аузынан шыққан балдыр-батпақ. Ендi келiп қанатты сөзге айналғаны ма?! Өзге бiр жас талапкер жазса бiрсәрi, сөздiң парқын бiледi деген журналист, ақын, жазушымыздың сол деңгейде қалғаны өкiнiштi-ақ.

Рас, бұл сөйлемдi Кеңестiк дәуiрде қолына қалам ұстағандардың қолданып, эфирде сөйлегендерi болды. Солардың арасында мақала авторы да қалыс қалмас. Комсомол болдық, Құдай жоқ дедiк. «Дiн –апиын» деп хабар да жүргiздiк.

Болар iс болды. Ал ендi бүгiнгiмiзге жол болсын? Дүйiм жұрт имандылыққа бет бұрып, жанын да, тәнiн де тазартуға әрекет қылып жатқанда маңызды мәселе көтерген тәп-тәуiр мақалаға қайдағы бiр бұралқы сөйлемдi қыстырғанына қайран қалдық. Қазақта «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледi»деген сөз бар. Мүмкiн мақала авторы сол баяғы атеист күйiнде қалған болар.

Электронды ақпарат құралдары мен баспасөз беттерiнен күн құрғатпай айтылып та, жазылып та жатқан бiр сөз бар. Ол – «Ұлы» сөзi.

Кеңестiк дәуiрде де айтылып, жазылып жүрген осы бiр сөздiң де шежiресi ерекше. Егемен ел болып, есiмдерi ұмыт қалған хандарымыз бен билерiмiз, батырларымыз бен шешендерiмiздi ұлықтап ұлыға теңедiк. Ол аз болғандай, ақындар мен жазушылар, әншi-күйшiлердiң иығына шапанымен қоса «Ұлы» сөзiн қоса кигiзетiн болдық.

«Ауру қалса да әдет қалмайды» деген осы болса керек. Мысал дейсiз бе? Мысал жетiп артылады. «Егемен Қазақстан» газетiнде өткен жылдың 26-мамырында жарияланған Оңалбек Сәпиев пен Жандар Кәрiбайұлының «Тiлiмiздiң бағын жандыру өзiмiзге байланысты» деген мақаласында «…73 баптан тұратын нұсқасын «Ұлы» Абай жазған» десе, 7-қазан күнгi нөмiрiндегi «Ұлы тұлғаны ұмыт қалдырмайық» деген айдармен берiлген Уәлихан Қалижанның мақаласынан бiртуар композитор Нұрғиса Тiлендиевтiң есiмiн мәңгi есте қалдыру жөнiнде ой толғаған. Бiз газеттiң тұрақты авторларының мақалаларына тоқталғандағы мақсатымыз – ел танитын естi азаматтардың беделiн төмендету емес, керiсiнше, осы төңiректе олармен ой бөлiсiп, көтерiлген тақырыптың дұрыс-бұрыстығына көз жеткiзу, сөйтiп шындыққа жүгiну едi.

Ал ендi «ұлы» сөзiн адамға телу қай заманда қалыптасқан деген сауалдың жауабын қайдан iздесек екен? Бiздiңше, бұл сөз халқымыздың дiнсiздену дүрбелеңi басталған Кеңестiк дәуiрдiң «жатырынан» жаралған ба деген ой туады. Олай деп топшылауға себеп – мiнбеге көтерiлген партия, совет қызметкерлерi бастап, қалғанымыз қоштап, баяндамамыздың бiсмiлләсi «Ұлы совет халқы», «Ұлы орыс халқының арқасында» деп бастамаушы ма едiк. Осы бiр сөз тiркестерi 70 жыл бойы сан мың мәрте қайталанып, санамызға сiңгенi сонша, бүгiнде сол сөз тiркестерi Кеңес өкiметiнiң тәбәрiгiндей сөздiк қорымыздан қалар емес. Алайда қылышынан қан тамып тұрған қаһарлы кездiң өзiнде дiнi мен дiлi берiк азаматтар бұл сөздi орынсыз қолданған емес. «Ұлы» деген сөз Жаратушының теңеуi екенiн, оны жер басып жүрген жұмыр басты пендеге телу – күпiршiлiк болатынын бiлдi. Бiлген соң өздерi құлай сүйген атақты азаматтарына өзге теңеу тапты. Өлеңдерi ойға толы Абайды Ахмет Байтұрсынов өзгелерден биiкке көтерiп, «халқымыздың бас ақыны» десе, Мағжан Жұмабаевты «хакiм ақын» деп бағалады. Мұны көзi ашық азаматтардың бәрi бiледi. Әттең, не керек, бiлу бар екен де, оны мойындай отырып, қолдап әкету қиынның қиыны екен.

Жоғарыда әңгiме болған бiр жәйтке қайта оралар болсақ, христиан дiнiндегiлерге «ұлы» сөзiнiң сөкеттiгi жоқ па деп қалдық. Өйткенi, олардың құдайлары – Иса (Иисус) с.ғ. пайғамбар кәдiмгi жер басып жүрген пенде Мәриямнан туды емес пе. Яғни, Иса (с.ғ.) пайғамбар да пенде. Сондықтан орыстардың «Ұлы Петр», «Ұлы Толстой» деп айтуы орынды болар.

Сөз орайы келген соң айта кетер бiр жәйт – Иса (с.ғ.с.) пайғамбар мақтау-марапатты жақтырмаған. Әсiресе, өзiн Құдайға теңеп жалбарынғандарға жиiркенiшпен қарап тұрып, көктегi Әкеге («Отец более меня») табыну керектiгiн ескерткен ғой.

Осы әңгiмеге қатысты көз көрiп, құлақ естiген бiр жайдың еске түсiп тұрғаны. 90-жылдың орта шенiнде апасына көңiл айтпақ ниетпен елiмiзге белгiлi ғалым, педагог, 70-жылдары қазақ политехникалық институтының ректоры болған профессор Әшiм Омаров ағаның үйiне бардым. Сәлем берiп, төрге бөлмеге кiрсем Әшкең Асқар Қонаев екеуi әңгiмелесiп отыр екен. Студенттiк шақты Мәскеуде бiрге өткiзген ескi достар өткен күндi еске алып, шүйiркелесiп қалған сәттерiне қызыға қарап, сөздерiн ұйып тыңдай бердiм, құлағыма құя бердiм. Сонда ел аралап келген Димекеңе сәлем берiп, амандық-саулық сұрауға барады Асқар iнiсi. Аз-кем әңгiмеден кейiн Димаш аға: «Асқар, елдiң адамдары менi «сiз ұлысыз, сiз ұлы адамсыз» дей бередi, сонысы қалай өзi?»– деп бiртүрлi ыңғайсыздана ойға шомады. Аяқ астынан айтылған бұл сөзге iнiсi де кесiмдi пiкiр айта алмай: «Ендi халық солай деп жатса, ұлы болғансыз да»,– деп жауап бередi. Осы бiр өткен әңгiменi еске алған екi аға бiраз үнсiз отырып қалды.

Осынау «ұлы» деген ұлағатты сөздi көбiне қаламгер ағайындар еншiлеп алғалы қашан. Олардың мүшел тойларында ат-шапанымен қоса «ұлысыз» деген марапат сөздi естiмесе ұйқысы қаша ма деп қалдық.

Өткен жылы Астанада ақын Серiк Тұрғынбековтың 60 жылдығы «Конгресс-Холлдың» кең сарайында салтанатпен аталып өттi. Елдiң жас-кәрiсi бас қосқан осынау кеште талантты ақынның атына қаламдастары ыстық ықыластарын бiлдiрiп, сый-сияпаттарын тапсырып жатты. «Апырай-ай, шамасы бұл сөз бұйырмады-ау, ә?» деп желке тұсымызда отырған екi жiгiттiң қағытып отырғаны сол-ақ екен, келесi кiсi сахнаға көтерiле бере қаламдас iнiсiнiң иығына шапанын жауып жатып, осыным аздық етiп тұр-ау дегендей той иесiнiң Сәкен мұражайын жандандырып жатқан игiлiктi iсiн атап өттi де: «Сен ұлысың, Серiк» деп ақын iнiсiн аспанға бiр-ақ көтергенi бар емес пе?! Залда отырғандар бiр-бiрiне жымия қарап, дуылдата қол соғады. Сахна төрiнiң бiр бүйiрiнде отырған юбиляр лып етiп микрофонға таяу келдi де: «Тұрсынбек Кәкiшев аға сәл артықтау айтып жiбердi-ау деймiн. Шерағаң, Қадыр, Фаризалар тұрғанда бiзге ұлылық қайда әлi, дегенмен айтылып қалды»,– деп орнына беттедi.

– Осы ақын-жазушыларға «пайғамбар» да жетпей ме-ей?

– О-о, пайғамбарлықты Жамбыл атама еншiлеп, өздерi ұлы болудан үмiткер емес пе шетiнен,– деп қауқылдасты желке тұсымызда отырғандар. Ал мен болсам: «Ұлы сөзiне кезiнде Мұхтар, Сәбит, Ғабит ағалар қалай қарады екен?»,– деп iштей күбiрледiм.

Осы ойларымды ортаға салуға бата алмай, дуалы ауызды азаматтар айтсыншы деп тартыншақтап жүргенiмде өткен жылдың 4-тамызы мен 21-қазанында «Егемен Қазақстанда» академик-философ Ғарифолла Есiм: «Шәкәрiм өз бойындағы барлық мүмкiндiктi толық iске асырған адам» және «Ұлы» деген сөз Жаратушының эпитетi, ол– жалғыз, ешкiмге теңдесi жоқ деген мазмұнды бiлдiретiн сөз. Пенделерге ұлы деуге болмайды»,– деп жазды. Ислам дiнiнiң мән-маңызы турасында көрнектi драматург-жазушы, марқұм Қалтай аға Мұхаметжанов: …«Ислам дiнiн уағыздау–мемлекетiмiздiң iргесiн бекiтудегi үлкен бiр саласы»,– деп тұжырымдайды. Расында да, егер Қазақстанда ислам дiнi ұлттық дәстүрге айналып, қоғамнан берiк орын алып отырған жағдайда мен мұсылманмын дейтiн азаматтар тарапынан әбден қолдау табуға тұрарлық жәйт. Қолдау дегенде, ең алдымен «ұлы» сөзiне байланысты мақалада есiмдерi аталып, қазақ халқының жыртысын жыртып жүрген аузы дуалы азаматтар тарапынан «иә, бәсе» деген ишарат бiлiнiп жатуын қалар едiк. Өкiнiшке қарай, Ғарифолла Есiмнiң жоғарыда тiлге тиек еткен мақалаларынан бiр апта өткеннен кейiн, яғни 2006 жылғы 28-қазанда «Егемен Қазақстанда» жарияланған философ Әбдiмәлiк Нысанбаевтың «Қазақ филосифиясы» атты мақаласында: …«Ал, ХIХ-ғасырдағы қазақ филосфиясының ұлы ойшылдарына Ш.Құдайбердiұлы, Ә.Бөкейханов және басқалары жатады» дептi. Әрiптесiнiң пiкiрiне құлақ түрiп, кейiнгi ұрпақты имандылыққа тәрбиелеуде қосыла қолдамауы өкiнiштi-ақ. Мүмкiн «ұлы» сөзi Ғарифолла Есiм баяндағандай емес, өзге мағынаны бiлдiретiн болар. Болмаса жөн сөздi естiп бiлмегендей мiнез таныту зиялы қауымның қатарынан саналатын азаматқа жараса қояр ма екен?

Үнсiздiк дегеннен шығады. «Егемен Қазақстанда» (25-қазан, 2006 ж.) Арқа өңiрiнде ел басқарып, азаматтығымен көпшiлiк құрметiне бөленген Қасым Тәукеновтың «Неге үнсiзбiз?» деген мақаласы жарияланған болатын. Онда соңғы жылдары қазақ тарихына байланысты тың дерек, жаңа пайымдауларын ортаға салған жазушы, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi Қойшығара Салғариннiң шығармалары жайлы осы күнге шейiн бiрде-бiр тарихшы ғалымдардың жақ ашпай отырғанына қайран қалады мақала авторы.

Мақалаға арқау болған бiр сөйлем мен бiр сөз төңiрегiндегi әңгiменiң тоқ етер түйiнi мынау: Бiрiншiден, мерзiмдi баспасөз бен электронды ақпарат құралдарының тұтқасын ұстап отырған басшылары Құдайға тiл тигiзетiн балдыр-батпақ мәтел сымақтардың айтылып, жазылуына тиым салулары керек. Екiншiден, «Ұлы» сөзiнiң орынды қолданылуын қадағалап, оны пендеге телудi үзiлдi-кесiлдi тоқтату керек. Ал, айтылған не жазылған жағдайда автордың немесе хабарға қатысушының атеист екендiгi ескертiлуi тиiс.

Сөз соңында айтарымыз – «адамзат баласы жоқшылықтан бұзылмайды, имансыздықтан бұзылады» деген әлiмсақтан белгiлi қағиданы әрқашан есте сақталық.

Егемен елiмiздiң ендi-ендi ес жиып, имандылыққа бет бұрған шағында тал шыбықтай жетiлiп келе жатқан жас ұрпақ жүрегiне жылылық дәнiн дарытып, арлы азамат болып жетiлуiне зиялы қауым уәжге тоқтап, сөзiмен де нақты iсiмен де үлгi болғаны абзал деп бiлемiз.

Қажы ҚОРҒАНҰЛЫ, журналист,

Қазақстанның еңбек сiңiрген мәдениет қызметкерi

Серіктес жаңалықтары