ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚ: КҮНГЕЙI МЕН КӨЛЕҢКЕСI

ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚ: КҮНГЕЙI МЕН КӨЛЕҢКЕСI

ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚ: КҮНГЕЙI МЕН КӨЛЕҢКЕСI
ашық дереккөзі
623

Жарты ғасырлық тарихы бар Еуропалық Одаққа кәрi құрлықтағы 27 мемлекет мүше. 40 жылдан астам уақыттан берi түрiктердi мүшелiкке қабылдамай, тамақ жыртатын құрғақ уәдемен емексiтiп келе жатқан Еуроодақ Қазақстан тарапынан қойылған талаптарды орындай ма?

27 МЕМЛЕКЕТ – 27 МҮДДЕ
 

Осыдан 50 жыл бұрын Рим Келiсiмiне қол қойылды. Бұл құжат Германия, Франция, Италия, Бельгия, Нидерланды, Люксембург, Ұлыбритания, Дания, Ирландия, Греция, Испания, Португалия, Австрия, Финляндия, Швеция, Венгрия, Кипр, Латвия, Литва, Мальта, Польша, Словакия, Словения, Чехия, Эстония, Болгария мен Румыния сияқты 27 мемлекет мүшелiкке өткен Еуропалық Одақтың құрылуына себеп болған. Өткен аптада Берлинде ұйымдастырылған салтанатты шараға ЕО-ға мүше елдер мен әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен жиылған жоғары шендi шенеунiктер қатысты. Қонақтардың жалпы саны 500-ге жуық болатын. Ал Еуроодақтың аса маңызды құрылымдары – Министрлер Кеңесi, Еуропалық Комиссия, Еуропалық парламент ғимараттары орналасқан Бельгияның Брюссель қаласында көрмелер, концерттер мен ЕО-ға мүше елдердiң елшiлiктерiнде қонақта болу сияқты түрлi мерекелiк шаралар ұйымдастырылды. 2 күнге созылған шара қорытындысында ЕО-ға мүше елдердiң басшылары мен премьерлерiнiң Берлиндiк деклорацияны қабылдауымен аяқталды. ЕО, Еурокомиссия мен Еуропарламент бiрiгiп қабылдаған бұл құжатта аталған ұйымның жарты ғасырлық жұмысына есеп берiлiп, алда атқарылуға тиiс шаралар бекiтiлдi: «Еуропаның бiрiгуi нәтижесiнде өткен ұрпақтың ежелгi арманы орындалды. Бiздiң тарихымыз осы бақытты келешек ұрпаққа аман жеткiзуiмiздi мiндеттейдi. Ол үшiн бiз Еуропаның саяси келбетiн дер кезiнде жаңартып отыруымыз керек. Сондықтан бүгiн, Рим Келiсiмiне қол қойылғалы 50 жыл өткенде, алға қойған мақсат жолында – 2009 жылғы парламенттiк сайлауға дейiн Еуропалық Одақты жаңа әрi бiрiккен негiзге орайластыру жолында iргемiз бiрге екенiн дәлелдедiк». Жыл сайын тойланатын мұндай шараға Венгрия, Кипр, Латвия, Литва, Мальта, Польша, Словакия, Словения, Чехия мен Эстония Еуроодаққа мүшелiкке қабылданған 2004 жылы бiз де қатысқан едiк. Германияның Берлин, Келн, Бонн, Франкфурт, Потсдам қалаларын, Бельгия астанасы Брюссель мен ЕО-ға сол жылы қабылданған Венгрияның Будапештiн аралап, түрлi мемлекеттiк және ЕО-ға тиесiлi құрылымдар өкiлдерiмен кездесу барысында кәрi құрлық өкiлдерi Еуропалық Одақтың маңызы мен мiндетi туралы жан-жақты мәлiметтер берген болатын. Менi Қазақстанның ЕО-ға мүшелiкке қабылдану мүмкiндiгi қызықтырған едi. Алайда, сөзге тартқан еуропалық шенеунiктердiң басым бөлiгi: «Егер Қазақстан орталықазиялық аймақтағы жетекшi елге айналса, үлкен жетiстiкке қол жеткiзер едi» деп «жұбатумен» болды…

ТАРИХҚА ШЕГIНIС
 

Ғұмыры ұзаққа созылған ЕО-ның iргетасы Екiншi Дүниежүзiлiк соғыстан кейiнгi дағдарыс кезеңiнде қаланған. Интеграцияның оңтайлы жолдарын қарастырған кәрi құрлық II Дүниежүзiлiк соғыс сияқты кең ауқымдағы қантөгiс пен дауларды болдырмауды көздеген. 1946 жылы Ұлыбританияның премьер-министрi Уинстон Черчилл Еуропада да Құрама Штаттар сияқты ұйымның құрылуы мүмкiн екендiгiн айтты. Сол жылы желтоқсанда Париж қаласында Федералистердiң еуропалық одағы құрылды. Бiрақ бұл ұйымның тағдыры ұзаққа созылмаған. Ал ЕО-ны құру бастамасын француз дипломаты Жан Моне мен Францияның сол кездегi премьерi Робер Шуман көтерген болатын. 1950 жылдың 9 мамырында ресми мәлiмдеме жасаған Шуман: «Франция үкiметi Франция мен Германиядағы көмiр мен болат өндiру саласына қатысты барлық өндiрiс ошақтарын бiрiккен ұйымның бақылауына беруге ұсыныс жасайды. Аталған ұйымға Еуропадағы басқа да мемлекеттер мүше бола алады. Көмiр мен болат өндiрiсiнiң бiрiктiрiлуi экономикалық дамудың жаңаша негiзiн қалап, соғыс өртiне шарпылған аймақтардағы ахуалды жақсартуға ықпал етедi» дедi. Осының нәтижесiнде 1951 жылы Бельгия, Люксембург, Нидерланды, Франция мен Германия Федеративтiк республикасы мүше болған Еуропалық көмiр мен болат қауымдастығы (ЕКБҚ) құрылды. Осы алты мемлекетте көмiр мен болат саудасына қатысты барлық тарифтiк және сандық шектеулер алынып тасталды. 1957 жылдың 25 наурызында ЕКБҚ мен Еуропалық атом энергиясы жөнiндегi қауымдастығының негiзiнде Еуропалық экономикалық қауымдастықтың құрылатындығы туралы Рим Келiсiмiне қол қойылды. Осы аталған 3 ұйым 1967 жылы Еуропалық Қауымдастыққа бiрiктi. 1968 жылы болашақ ЕО iшiнде экономикалық және валюталық одақтың қалыптасуына негiз болған Кедендiк одақ құрылды. Еуропалық экономикалық қауымдастықтың дүниеге келуiне мұрындық болған алты ел – Германия, Франция, Бельгия, Нидерланды, Италия мен Люксембург 1968 жылдың 1 шiлдесiнде үшiншi мемлекеттерге арналған бiртұтас кедендiк тарифтi енгiздi. 1973 жылы Ұлыбритания, Дания мен Ирландия ЕЭҚ-ға мүшелiкке өту туралы шешiм шығарғандықтан, «алтылық» «тоғыздыққа» айналды. 1981 жылы Греция, 1986 жылы Испания мен Португалия Қауымдастыққа қосылды. 1985 жылдың 14 шiлдесiнде тауар, қаржы мен адамдардың еркiн әрi кедергiсiз қозғалысын қамтамасыз ететiн Шенгендiк келiсiмге қол қойылды. Еуропалық Одақтың iшкi шекараларындағы бақылауды күшейте отырып, ЕО iшiндегi кедендiк кедергiлердi алып тастау туралы келiсiм 1995 жылдың 26 наурызында күшiне ендi. 1992 ж. 7 ақпанында Нидерландының Маастрихт қаласында еуропалық елдердегi қаржы және саяси жүйенi реттеу жолдарын қарастыратын Еуропалық Одақты құру жөнiндегi келiсiмге қол қойылды. Бұл құжат заңды түрде 1993 жылдың 1 қарашасында күшiне енген болатын. 1999 жылдың 1 қаңтарында ЕО-ға мүше мемлекеттер аумағында бiртұтас ақша бiрлiгi ретiнде (қолма қол ақша айырбасы емес түрiнде) еуро енгiзiлдi. Ал банкноттар 2002 жылы жарыққа шықты. 2004 жылдың 1 мамырында Венгрия, Кипр, Латвия, Литва, Мальта, Польша, Словакия, Словения, Чехия мен Эстония ЕО-ға мүшелiкке өттi. Ұзақ уақытқа созылған тартыстан кейiн 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап Болгария мен Румыния да одақтың құрамына ендi. Еуроодаққа мүшелiктiң алғашқы үш жылында екi тарапқа да кейбiр шектеулер қойылуы мүмкiн. Мысалы, жалпыеуропалық бюджеттен қаржы бөлiну, Болгария мен Румыния сияқты мемлекеттердiң сапасыз ауылшаруашылық өнiмдерiнiң еуропалық нарыққа енгiзiлуiне тыйым салу сияқты т.б. шектеулер. Негiзi осы екi елдiң ЕО-ға қабылдануынан кейiн Еуроодақтың саяси құрылымына өзгертулер енгiзу мақсатында Одақты кеңейту процесi уақытша тоқтатылды. Әйтпесе, мүшелiкке өтетiндер тiзiмiнде 40 жылдан астам уақыттан берi кәрi құрлықтың «бабын таба алмай» келе жатқан түрiктер тұрғаны мәлiм. ЕО-дан Украина мен Преднестровьенiң де дәмесi бар.

«ДАУДЫҢ БАСЫ» – ЕУРОКОНСТИТУЦИЯ
 

ЕО-ға мүше мемлекеттер арасындағы негiзгi ынтымақтастық саласын шартты түрде былайша қарастыруға болады: бiртұтас нарықты қалыптастыру мен жүзеге асыру; кедендiк одақ қызметiнiң механизмдерi; бiртұтас валюта мәселелерi (кейбiр мүше елдердiң ұлттық валюталарын сақтай отырып); бiртұтас ауылшаруашылығы мен балық шаруашылығы саясатын қалыптастыру. Бүгiнгi таңда Еуроодақ басқару органдарымен бiрге бақылаушылық қызметiн атқаратын құрылымдары бар аймақтық ұйымға айналған. Еуропалық Одақтың ең жоғарғы саяси органы – 27 мемлекет басшыларының кеңесiнен тұратын Еуропалық Кеңес. Кеңес ЕО-ның мiндетi мен мүше мемлекеттермен қатынасын анықтайды. Одақтың ең жоғарғы атқарушы органы – 27 мүшесi бар Еуропалық комиссия. ЕО-ның күнделiктi қызметiн жүзеге асыруда Комиссияның атқаратын рөлi зор. Еуроодаққа қабылданған мемлекеттердiң азаматтары тарапынан 5 жылға сайланатын 786 депутаты бар Еуропалық парламент кәрi құрлық өкiлдерiне тиiмдi заңдарды қабылдаумен шұғылданады. Ал Еуропалық Қауымдастықтың Сотына 27 мемлекеттен 27 судья мен 9 Бас адвокат сайланады. Соттың мiндетi – мүше мемлекеттер арасындағы және ЕО мен мүше мемлекеттер арасындағы, ЕО құрылымдары арасындағы дауларды реттеу, халықаралық келiсiмдердi қорытындылап беру. Сонымен қатар ЕО iшiнде бiртұтас валюталық-қаржылық саясатты енгiзу және түрлi аймақтардағы экономикалық даму деңгейiн теңестiру мақсатында Бiртұтас орталық банк, Еуропалық инвестициялық банк, Еуропалық есеп палатасы, Еуропалық даму қоры, Экономикалық және әлеуметтiк комитет, Аймақтар комитетi құрылған. Кейiнгi кездегi Еуроодақты кеңейту үрдiсiнiң әсерi болар, ЕО-ға тиесiлi негiзгi «ойын ережесi» кез келген жағдайда iс жүзiнде сақтала бермейдi. Бiрақ 2005 жылы Франция мен Нидерландыда жоспарланған Еуропалық конституцияны қабылдауға қатысты референдум өткiзгенде ЕО-ның жарты ғасырлық тарихындағы шешушi әрi сын сағаты соққан. Екi елдiң де халқы Конституцияға қатысты бастаманы құп алмады. ЕО-ның бүкiл қалыптасу кезеңiндегi көлеңкелi тұс та осы болатын. Мемлекеттiк қарыз көлемi жағынан жалпы iшкi өнiмнiң 120 пайызын құраған (бұл бекiтiлген нормадан екi есе көп) Италияның еуроаймаққа қабылдануы да сарапшылар тарапынан сынға ұшыраған. Бiрақ ЕО шенеунiктерi көздеген басты мақсат одаққа мүше мемлекеттерге бiртұтас еуропалық валюта – еуроны қабылдату болатын. Кейiннен мүшелiкке өткен мемлекеттердiң еуроаймаққа енуi күмәндi. Өйткенi, қойылатын талаптар мен бақылау күшейтiлген. 50 жылдық мерейтойға байланысты өткiзiлген Берлиндегi басқосу ЕО Конституциясына қатысты мәселенi шешуге деген ұмтылыстан туындады. Еурокеңiстiктi мекен еткендердiң «конституция» сөзiнен жүректерi шайлығып қалғаны соншалық, Ұлыбритания басқосуда қабылданған ресми құжатта «конституция» туралы жақ ашпауға ұсыныс айтты. Франция Еуроодақтың басты құндылығы ретiнде еуропалық әлеуметтiк қамсыздандыру моделiн енгiзуге мүдделi болса, өзге мүше мемлекеттер мұны құптамайды. Польша Конституцияда христиандық жайлы ескерудi қаласа, өзге мүшелердiң барлығы дерлiк поляктардың пiкiрiне қарсылық танытып отыр. Бүгiнгi таңда ЕО-ға төрағалық ету құқығы бар Германия осы мәтiннiң енгiзiлу-енгiзiлмеуi туралы өзгелермен келiсiп алуы шарт. «Берлиндiк деклорацияда бекiтудi қалап отырған құндылықтарды келiссөздер нәтижесiнде құптату өте қиын» деп Еуропалық парламент депутаттарының алдында ағынан жарылған Германияның сыртқы iстер министрi Франк-Вальтер Штайнмайер түйiннiң оңайлықпен шешiле қоймайтынын меңзеген. Әрине, кейiнгi 1-2 жылда кәрi құрлықтың күн тәртiбiнен түспей келе жатқан энергетикалық қауiпсiздiк мәселесiн Берлиндiк деклорацияны қабылдаушылар айналып өте алмады. Осыдан жарты ғасырдай уақыт бұрын кәрi құрлық өкiлдерiнiң көмiр мен болат саласын тiзе қоса отырып игерудi мақсат етудiң астарында қоғам дамуына негiз болатын әрi әскери қажеттiлiктердi қамтамасыз ететiн саланы бақылауда ұстау саясаты жатқан. Осылайша Германия мен Франция арасында туындауы мүмкiн жаңа соғыстың алдын алу көзделген. Оның үстiне, былтыр Ресейдiң қыстың көзi қырауда көршiлес елдерге тасымалданатын табиғи газды тоқтатып тастап, Еуропалық Одаққа мүше елдерге қауiп төндiруi шаңырағы кеңейген Одақтың мақсаты мен мiндеттерiн қайтадан айқындауына және энергетикалық қауiпсiздiк туралы бас қатыруына себеп болған. Алайда кейбiр сарапшылар пiкiрiнше, ЕО-ның бiрiгуiне кремльдiк саясат әлемдi дүр сiлкiндiрген екi соғыс сияқты ықпал ете алмайды. Өйткенi, Еуроодаққа мүше кейбiр елдер тұтынып отырған табиғи газдың 100 пайызын Ресейден тасымалдаса, кейбiр елдер орыс газынан мүлде «татып» алмайды. Франция өзiнiң электрэнергиясын атом электр стансаларында өндiрсе, Австрия ядролық энергияға үзiлдi-кесiлдi тыйым салды. Польша мен Латвия, Литва, Эстония орыстардың энергоқорына деген тәуелдiлiктен құтылуға барынша тырысып бағуда. Ал Германия Ресейге тiкелей баратын жаңа газ құбыры құрылысын салуда. Энергетикалық қауiпсiздiк саясатында ауызбiршiлiктiң болмауы салдарынан еуропалықтар осы айға жоспарланған ЕО саммитiнде ғаламдық ауа-райының күрт өзгеруiне көңiл бөлмек.

КӘРI ҚҰРЛЫҚ ПЕН ҚАЗАҚСТАН
 

Мемлекеттiк құндылықтарға келгенде тым кiрпияз кәрi құрлық орталықазиялық аймақтағы елдер iшiнен Қазақстанға көбiрек бүйрек бұрады. Бұған бiр мысал, бiр жарым жылдан берi ЕО мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңi басталды. Табиғи ресурстарға бай Қазақстанмен достық әрi ынтымақтастық қатынастар орнатуға ЕО мүдделi. «Күлшелi бала сүймекке жақсы» деген. Былтыр Еуропалық Комиссиядағы энергетика саласына жауапты қызметкер Қазақ елiне арнайы ат басын бұрып, бiздiң Үкiметпен бiрқатар құжаттарға қол қойды. 2006 жылдың желтоқсанында ҚР Президентi Назарбаевтың Брюссельге жасаған ресми сапары барысында ЕО-мен арадағы саяси, экономикалық, ғылыми зерттеу мен ғарышты зерттеу мәселелерi талқыланды. 2008 жылғы оқу жылында студенттер мен оқытушылар арасындағы тәжiрибе алмасу бағдарламасына сәйкес, ЕО тарапынан 4,4 млн. еуро бөлiнбек. Алайда ресми Астана қазақтардың энергоқорына қызығып отырған еуропалықтарға бiрқатар талаптар қойды. Кейбiр сарапшылар «қазақстандық билiк қойған талаптарды ЕО ескермесе, Қазақстан каспийлiк энергоқорды Еуропаға тасымалдаудан бас тартады» деген пiкiрде. Талаптар дегенiмiз – Брюссельдiң Ресей мүдделерiне қарсы келетiн әрекеттерден бас тартуы. ЕО Мәскеудi «Бұрғас-Александруполис» мұнай құбыры жобасынан шеттетпеуге және осы бағытта жұмыс iстеуiне кедергi жасамауға мiндеттi. Екiншiден, егер 2005 жылы Әндiжандағы қантөгiске жол берген өзбекстандық билiктi, анығында, ресми Ташкендi қуғынға ұшырататын болса, Астана Брюссельге қырын қарамақ. Мамандар пiкiрiнше, 2010 жылы Қытайға тартылатын газ құбырына түркiмендер мен өзбектер жерiндегi кен орындарының шикiзаттары тартылу көзделiп отырғандықтан, қазақтар өзбектердi серiктес ретiнде қарастырады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары