Бейсенбек ЗИЯБЕК: БАНКИРЛЕР ӨЗДЕРIНЕ ЫҢҒАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАУДА

Бейсенбек ЗИЯБЕК: БАНКИРЛЕР ӨЗДЕРIНЕ ЫҢҒАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАУДА

Бейсенбек ЗИЯБЕК: БАНКИРЛЕР ӨЗДЕРIНЕ ЫҢҒАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАУДА
ашық дереккөзі
543

Әдетте, банк құрылымында жүрген қаржыгерлер банк жұмысына сын айтпайды. Банктегi қызметiмен қош айтысқан экс-қаржыгерлер де дәл сондай. Ал бiздiң сұхбаттасымыз, қарапайым қаржыгерден банктiң Директорлар Кеңесiнiң Төрағалығына дейiн көтерiлген Бейсенбек Зиябек «мақтанымызға айналған» банк саласындағы кемшiлiктерге «банкирдiң» емес, халықтың көзiмен қарайтындығымен ерекшеленедi.

ҚАРЖЫ ЖҮЙЕСIН ШЫЛҚЫТЫП ОТЫРҒАН МҰНАЙДЫҢ АҚШАСЫ

— Бiздiң банктер ТМД-дегi теңдессiз жүйе деген теңеуге үйренiп қалды. Сiз кезiнде банктiң басшысы болдыңыз. Қазiргi банктердi дамудың дұрыс жолында деп толық айтуға бола ма?

— Бiз қазiр «ТМД-дегi ең мықты банк жүйесi Қазақстандiкi»- деп мақтанамыз. Оның мықтылығының астарында бiздiң ата-бабамыздан қалған жердiң байлығы: мұнай факторы жатыр. Банктердiң айналымындағы ақшаны сол мұнайдан түскен ақша көбейтуде.

Соңғы 15 жылда бiзде банк жүйесi емес, ақша жүйесiнiң ғана пайда болғанын айту керек. Ал, банк жүйесi бұрыннан да дамыған, мықты жүйе едi. Себебi, мамандары мықты едi. Қазақ ССР Мемлекеттiк Банк мекемесiнiң басшысы болып 27 жыл iстеген В.Бондаренко деген қаржыгер бар едi. Сол Бондаренко шалғайдағы бөлiмшелердегi ахуалға шейiн алаңдап отыратын едi.

— Қазiргi банкирлердiң жұмысына көңiлiңiз толмайды ғой деймiн…

— Қазiргi банкирлердi халықтың ахуалы, тiптi, алаңдатпайды. Олардың мақсаты тек пайда табу. Бiздiң банктер тек алып-сатумен айналысады. Алып-сату да керек шығар. Бiрақ, банк саласының негiзгi қызметi экономикаға тiрек болу. Ал бiздегi банктер соңғы 15 жыл бойында бұрынғы Кеңес үкiметiнен қалған мемлекеттiк компаниялар (қазiргi ұлттық компаниялардың) ақшасын айналдырумен келедi. Мемлекеттiк компанияларға қызмет көрсетушi банктер мықты да, қалғандарының жағдайы керемет емес. Елдегi өнеркәсiптi дамытпайынша, банк саласы бұдан әрi дамымайды. Қаржы саласында уақытша тұрақтылық болатын шығар. Алайда, ұзақ мерзiмге қанат жая алмайды. Банк активтерiнiң көбейгенi, қайталап айтамын: мұнайдың буы, шикiзаттың ақшасы.

— Алайда, банктер: «Өндiрiстi дамытып жатырмыз» дейдi. Өткенде, Қаржылық ұйымдарды бақылау Агенттiгi (АФН) Қазақстан банктерiнiң шетелден қарыз алуына шектеу қойған едi. Банк басшылары: «Бiз Қазақстанның өндiрiсiн несиелеудi жолға қойып едiк. Ендi жұмысымыз тоқтап қалатын болды» деп ұлардай шулап шыға келдi.

— Мемлекеттiк органның қолға алған шарасына бұлайша қарсылық таныту үшiн банктердiң билiгi керемет болуы керек. Ал бүгiнгi банктердiң билiгi Үкiметтiң билiгiнен артық болмаса, кем емес. Олар өздерiнiң қандай рөлге ие болып үлгiргенiн де жақсы түсiнедi. Қазақстан банктерiне мемлекеттiң қауiпсiздiгi, елдiң тұрмысы аса маңызды емес. Банктер несиенi қарша боратуының кесiрiнен қалған-құтқан тауарға, (әсiресе, автөкөлiктер) сұраныстың молынан туғанын түсiнгiсi келмейдi. Елдi тiптi, металлоломдар орталығына айналдыратын болды. Үкiмет заң дайындап жатқанда «Алдымен менiмен ақылдасып ал» деп қай кәсiпкер айтушы едi? Ал бiздiң банк басшылары солай деп айта алады. Билiк оларға кезiнде еркiндiктi молынан берiп қойды. Ендi, тоқтау сала алмай отыр. Бiздiң Үкiметтiң мiндетi банктердiң барлығына бiрдей жағдай жасау керек едi. Мәселенi былай қойған дұрыс секiлдi: Бiздiң банктер неге шетелдiң қаржысынсыз өмiр сүре алмайды? АФН тыйым салып отырған жоқ қой. Ол бар болғаны шектеу қойды: «Өз меншiк капиталыңның көлемiндей ақшаны ғана шетелден қарыз ретiнде алуға мүмкiндiгiң бар» дейдi. Яғни, банктердi өз капиталын жоғарылатуға шақырып отыр. Банктердiң капиталын көбейтуге кiм кедергi? Шетелден әкелген ақшаны осы жерде жаратсын. Қазақстанға келген бiр тиын осы Қазақстанда қалуы керек. Ол ақша халыққа, өндiрiске жұмыс iстеуi керек. Шетелден әкелген ақшаны неге қайтадан шетелге шығарады? Сол бiздiң банктер ақша салып жатқан елдердiң банктерiнiң де қарыз алуға мүмкiндiгi бар. Қазақстан банктерiнiң арада делдал болуының аса қажетi де жоқ.

— Шетелге жiберетiн ақшаның iзiнен жымқыру фактiлерiмен қатар қандай нәрсенi аңғаруға болады?

— Банктер өз бизнесiн диверсификациялап, бөлiп жатыр. Қазақстандағы капиталы кейiннен ыңғайсыз жағдайға тап болатын күн туса, соның алдын алайын деген ой бар. Ертеңгi күнi елдегi банкке бiрдеме болса, арғы жақтағы капиталы аман қалады емес пе? Олар ең алдымен өздерiне ыңғайлы жағдай жасауда. Бүгiнгi бизнестiң деңгейi сондай. Бәлкiм, ұрпақ ауысқан соң, жағдай басқаша болатын шығар. Әбден қарыны ашқан адамды дастарханға жiберсе, ол ондағы тамақты таңдап iшпейдi ғой, қолына келгеннiң бәрiн ала бередi. Бiздiң бизнес те сондай. Шүкiршiлiк жоқ. Үкiметтiң кезiнде мемлекеттiк банктердi жекешелендiргенi үлкен кемшiлiк болды ма деп ойлаймын. Мемлекетке кейiннен жеңiл несиенiң керек болатынын үкiметтегiлер қаперден шығарған. Яғни, қолындағы өз құралынан айрылып қалды. Қазiр Үкiмет банктердi «шағын бизнеске көмектеспейсiң» деп жазғырады. Ал нарықтық тұрғыдан қарасақ, жекеменшiк банк не iстесе де өз шаруасы. Сондықтан, банктер мен халық арасында алшақтық пайда болды. Мемлекеттiк банктердiң жекешеленуiнен халық еш пайда көрген жоқ. Қазiр несиенiң пайыздық көрсеткiшi төмен түсетiн емес. Ол инфляцияға қатысты мәселе. Ал инфляция мәселесiн шешпей, Үкiметтiң жоспары орындалмайды.

Инфляцияны жеңу үшiн алдымен ақша-несие саясатын дұрыстауымыз керек. Ақша-несие саясаты дәрежесiн көтеру қажет. Өйткенi, бұл мемлекеттiк саясат, бюджеттiк саясаттың бiр элементi. Қазiр елдегi ақша-несие саясатын өзi жасап, өзi тiркетiп, өзi қолдайтын бiр-ақ ұйым бар. Ол

— Ұлттық банк. Ақша-несие саясатын Ұлттық банктен өзге ешкiм тексермейдi.

Ал инфляцияны Ұлттық банк ешуақытта да жалғыз шеше алмайды. Оны жеңу үшiн Үкiметпен бүкiл қаржы жүйесi бiрiгiп жұмыс iстеуi керек.

Мемлекеттiк ақша-несие саясаты соңында Мәжiлiстiң бекiтiлуiне жiберiлуi тиiс. Ақша-несие саясатын бiз әлi күнге дейiн бюджеттiң элементi деп қарастырмаймыз. Бұл арада мынадай бiр қайшылықтың iзi көрiнедi: егер бiз ақша-несие саясатын бюджеттiң элементi деп есептемесек, бiз бюджеттi де экономика министрлiгiнiң коллегиясында бекiте салуымыз керек. Мәселен, соғыс жариялау мәселесiн де Қорғаныс министрлiгiнiң коллегиясында шеше салуымызға болады. Айтайын дегенiм, ақша-несие саясаты да бюджет секiлдi маңызды құжат. Ал бiзде оны Ұлттық Банктiң ғана қарамағында қалдырып, үстiрт қарайды.

Инфляцияны жеңу үшiн бүкiл ақша-несие саясатын өзгерту керек.

— Бiздiң ақша-несие саясатының өзi мұнайға байланысты ғой. Оның сценариiнiң өзi: шикiзат бағасы жоғары болған жағдайда, шикiзат бағасы төмен болған жағдайда және шикiзат бағасы қалыпты болған жағдайда деп түзiледi.

— Иә, ақша-несие саясаты сол баяғы миниоритарлы жүйемен келе жатыр. Ақшаның көлемiн көбейтуге ғана көңiл бөлiп отыр.

АЙМАҚТЫҚ БАНКТЕР ҚҰРҒАН ЛӘЗIМ

— Қазақстан банктерiнiң арасында өндiрiске жақыны бар деп айта аласыз ба?

— Жоқ, айта алмаймын. Өйткенi, олардың өздерi мұндай ақпарат таратпайды. «Бiздiң бөлген несиемiзге мынанша зауыт салынды»- деп мәлiмдеген бiрде-бiр банкирдi көрген жоқпын. Қазiр мына банктердiң арасында тұтыну несиесiн беру оңайлап кеттi. Бұл өте қауiптi жағдай. Несиенiң сапасы төмендеген сайын, банкке ауыр болды. Бұны олардың ақшаға жеңiл қарауы деп түсiну керек. Ақшаның киесi болады. Ал бұлардың ақша беретiн орталықтары тiптi, аялдамаларда орналасқан. Ақшаға деген сый болуы керек. Ақшаның бәрi көшеде жатса, ол ақшада қадiр қала ма?

Қазақстан банктерi арасында дұрыс бәсекелестiк жоқ. Егер бiр банк қиындыққа тап болса, ол бүкiл банк жүйесiне әсер етедi. 1998 жылы Ресейде қаржы дағдарысы болған кезде, iрi банктерi банкрот болып, банк жүйесiн аймақтық банктер сақтап қалды. Ресей банктерiнiң 56 пайызы аймақтық банктер. Ал бiздегi банктердiң 95 пайызы Алматыда орналасқан.

—Аймақтық банктер арасында көзге iлiнетiнi «Иртыш банк» едi. Ол «Альянс банк» болып қайта құрылды. «ВалютТранзитБанктiң» жағдайы белгiлi. «Нұрбанк» кезiнде Атырауда құрылған едi. Қазiр Алматыда. Тiптi, жақында «Нефтебанк» Ақтаудан Алматыға көшiп келдi.

— Банктерге арналған саясатты өзгерту керек. Аймақтық-әлеуметтiк корпорациялардың жанынан аймақтық банктер мен қаржылық жүйенi құрған ләзiм.

Аймақтық банктер көш соңында қалған. Елде 10-15 жылдан берi бiр жаңа банк ашылды ма? Ашылған жоқ. Өйткенi, бiздiң елде банктi ашу үшiн 2 миллиард теңгелiк жарғылық қоры болуы керек. Бұл шамамен 10-11 миллион еуро.

Бұл — жоспарлы түрде банктердiң ашылуына кедергi қойылып отыр деген сөз. Ресейде, Еуропада банк ашу үшiн 5 миллион еуро болса жетедi. Жаңа банктер көбiрек ашылса, бәсекелестiк те артар едi.

— «Тұран Әлем Банкi» Қытайда банк ашпақшы болып едi, жарғылық қорының жеткiлiктi болмауына байланысты Қытай Үкiметi рұқсат бермей жатыр.

— Шетелдiк банктерге осындай саясат ұстанған дұрыс. Қытайлар өзге елдердiң экспансиясын қаламайды. Сондықтан да осындай қадамға барады. Ал бiзде кез келген шетелдiк банктiң елге кiрiп, жұмыс iстей беруiне жағдай жасап қойған. Бiздiң елдiң банктерi әлi орнынан тұра алмай жатқанда, басқа елдiң банктерiнiң келуiнен отандық банктер зардап шегедi. Бәсекеге шыдай алмай қалады.

— Алайда, жақында, Марченко:«Шетелдiк банктер бiздiң елге келуге жүрексiнiп отыр. Өйткенi, олар бiздiң банктерге бәсеке туғыза алмайды» деп сұхбат берiптi…

— Ендi Марченко «бiздiң банк жүйесi керемет» дегеннен басқа жаңалық айтып жүрген азамат емес. Сол Марченко Қазақстан банктерi қай көрсеткiштерiмен керемет деп толығырақ айтса, тiптi жақсы болар едi. Банктердiң халыққа берiп отырған пайыздық көрсеткiштерi керемет пе? Бiздегi аймақтық банктердiң дамымай отырғаны керемет пе? Бiздегi 43 пайыз халық, әсiресе, қазақтар тұратын ауылдарда оларға қызмет көрсететiн аймақтық банктiң болмауы керемет пе? Бәлкiм, мен кереметтi басқаша түсiнетiн шығармын. Ол басқаша түсiнетiн шығар.

БАНКТЕР АУЫЛҒА БАРҒАН ДА ЖОҚ

— Ауыл демекшi, мен банктердiң аграрлық секторға бөлген ақшасы жайлы ақпарат iздеп едiм. Өкiнiшке қарай, көп ақпарат таба алмадым.

— Жақында Президент «Банктер ауылдардан кетiп жатыр» дедi. Менiңше, олар ауылға барған да жоқ. Ауыл шаруашылығы Кеңес кезiнде несиенi ең көп алатын сала едi. Ауыл шаруашылығындағы мекемелердiң барлығы дерлiк табысты болып шығатын. Ал қазiр оларлың 47 пайызы жыл соңында шығынмен шығады.

Орта есеппен алғанда, мұндай жағдайда, ол жаққа банктердiң бара қоюы екiталай. Осы ретте билiк ауылшаруашылығындағы мекемелердiң нелiктен шығынмен шығатынын есептеуi керек. Ауылға жекеменшiк банктiң баруы үшiн, алдымен мемлекеттiң өзi сол ауылға дұрыстап көз салуы тиiс. «Мүлiкке рақымшылық жасау туралы» акция жөнiнде бүкiл министрлер Президент алдында ауық-ауық жиналып, есеп берiп жатыр ғой. Ауылды жақсарту мәселесiн де сондай екпiнмен көтеру керек.

— Билiк пен банктер арасындағы қарым-қатынасқа параллель жүргiзiп көрдiңiз бе?

— Дүниежүзiлiк тәжiрбиеге қарасаңыз да, банктер мен билiк арасындағы қарым-қатынас жолға қойылған. Тiптi, «теория срастания» деген теория бар. Джордж Сигал деген ғалым осы теориясы үшiн Нобель сыйлығын алды.

Қазақстанда да дәл солай. Үкiметтiң шешiмiне қарсылық танытып жүргендiгiне қарамастан банктер қазiргi жағдайына сол билiктiң қолдауы арқылы жеттi. Себебi, билiкте олардың өз өкiлдерi де болуы мүмкiн. Үкiметтегi қызметi бiткен кезде олар баяғы өздерi көмектескен банктерге, қаржылық жүйелерге ауыса салады. Банк секторында да дәл осындай жағдай орын алған десем, қателеспеймiн. Сәниев деген ұстазым бар едi. Сол кiсi былай деп айтатын: «Бiзде кадр ең алдымен «бiреудiң адамы» болғандығымен бағаланады. Оның кәсiби қабiлетi кейiнгi орында».

— Соңғы кезде Алматыда өңiрлiк қаржы орталығын дамытатын шаралар қолға алынып жатыр…

— Мен Алматы қаласы Өңiрлiк Қаржы орталығын құру туралы Агенттiгiнiң концепциясын оқығанда: «Қызметкерлердiң атақ алу мәселесi бойынша, агенттiк басшысы Президентке ұсыныс жасай алады» деген жолдарға тап болдым. Бұл не сұмдық? Олар құрылмай жатып, неге атақ жайын қозғайды? Бұған қоса, «Алматы-Бiшкек, Алматы-Ташкент жолдарында жымқырылған ақшаның жүруiне жол берiлмейдi» деп жазылыпты. Сонда қалған бағытпен жүруге, ақшаны ала беруге болады деген сөз ғой.

Әңгімелескен Гүлнәр МҰҚАНОВА

Серіктес жаңалықтары