Ұлттық бiрыңғай тестiлеу: ТАҒЫ ДА ӨЗГЕРIС

Ұлттық бiрыңғай тестiлеу: ТАҒЫ ДА ӨЗГЕРIС

Ұлттық бiрыңғай тестiлеу: ТАҒЫ ДА ӨЗГЕРIС
ашық дереккөзі
435

Бiлiм және ғылым министрi Ж.Түймебаевқа Елбасы Н.Назарбаев бiраз мәселе жүктедi. Ол өзiнiң Халыққа арнаған Жолдауында бiлiм саласы төңiрегiндегi ушығып кеткен жәйттерге тоқталып, тез арада ретке келтiрудi айтқан болатын. Өйткенi, мемлекеттiк саясат бiлiм беру деңгейiн әлемдiк стандарттарға сай етуге бағыттамақ. Ал бiлiм реформасының нәтижесi маманға деген сұраныспен ғана өлшенедi. Осыған байланысты, Елбасы жоғары оқу орындарын аттестациялау жүйесiн енгiзудi ұсынды. Осы аталған бағыт-бағдардан кейiн Ж.Түймебаев та дереу iске кiрiсе бастады.

Министрдiң өзi атап өткендей, халықаралық аккредитация бес ұлттық жоғары оқу орындарында, айталық әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнде, Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетiнде, Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетiнде, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетi мен Қазақ ұлттық аграрлық университетiнде жүргiзiледi. 2008 жылы 7 бiлiм беру бағдарламасы бойынша халықаралық аккредитация өткiзу үшiн бюджеттен 136,5 млн. теңге, ал 2009 жылы үш бiлiм беру бағдарламасы бойынша – 58,5 млн. теңге бөлу көзделуде. Биылдан бастап жоғары оқу орындарында сырттай оқитын студенттер де аралық бақылау тапсырады. Сол сияқты биыл елiмiздiң жоғары оқу орындарын аттестациядан өткiзу де күн тәртiбiнен түспек емес. Ж.Түймебаевтың айтуынша, бiлiктiлiк талаптарына лайық емес жоғары оқу орындары бiртiндеп жабылады. Яғни, жоғары оқу орындарының бөлiмшелерi қысқартылып, университеттердi бiрiктiру қолға алынады. Биыл 51 жоғары оқу орын аттестациядан және 22 университет арнайы тексеруден өтедi екен. Қазiрдiң өзiнде тоғыз оқу орнының 21 бөлiмшесiн жабу туралы шешiм қабылданып үлгерiптi. Министрлiктiң айтуынша, бұл оқу орын басшылары аталмыш мәселеде сең қозғалғандықтан, бөлiмшелерiн өздерi-ақ жабуға тiлек бiлдiрiп жатқанға ұқсайды. Сондай-ақ осымен төртiншi рет өткiзгелi отырған ҰБТ-да да айтарлықтай өзгерiс бар. Мектеп бiтiрушiлердiң мемлекеттiк қорытынды аттестациялауы мен жоғары оқу орындары және колледждерге қабылдау емтихандарын бiрiктiретiн ұлттық бiрыңғай тестiлеудi (ҰБТ) өткiзу нәтижелерi бойынша талап жылдан-жылға күшейтiлiп келедi. Әу баста ең төменгi балл – 40 болса, былтырғы жылы – 50-ге көтерiлген-дi. Ендi ағымдағы жылы бұл көрсеткiш, яғни, ұлттық бiрыңғай тестiлеуден өту деңгейi 60 балл болмақ. Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң баспасөз қызметiнiң хабарлауынша, ең төменгi деңгей былтыр да медициналық жоғары оқу орындарында 60 баллға жеткен. Алдағы уақытта да мұны ары қарай жоғарылату көзделiп отыр. Министр Ж.Түймебаевтың айтуынша, 2007 жылы ҰБТ-ға қатысушылар үлесi 85,4 пайыздан 87 пайызға дейiн, ал ҰБТ қорытындысы бойынша орташа балл 63,3-тен 65-ке дейiн өспек. Сондай-ақ, министр 2008 жылдан бастап қазақ тiлi ҰБТ-да қамтылатын мiндеттi пәндердiң тiзiмiне енгiзiледi. Бастауыштан бастап доктарантураға дейiнгi бiлiм алудың барлық сатысында азаматтардың мемлекеттiк тiлдi меңгеру деңгейi мiндеттi түрде тексерiлетiн болады дегендi айтты.

Елбасы сондай-ақ өзiнiң Жолдауында 100 мектеп салу жөнiнде тапсырманы нықтап айтты. Себебi, 100 мектеп салынса, бiлiм саласында қордаланып қалған мәселелер түбегейлi шешiлмек. Бүгiнде елiмiздiң қай облысында болсын оқушы мектепте орын жетiспеушiлiгiнен зардап шегiп жүр. Мәселен, шамамен 115 мектеп үш ауысыммен оқиды екен. Олардың 55-i Оңтүстiк Қазақстан облысында, Атырау, Алматы облысында 9 мектептен, Қызылордада 11 мектеп, Батыс Қазақстан облысында 8 мектеп бар болса, ал үлкен мегаполис Алматы, Астана қалаларында да үш ауысыммен оқитын мектептер баршылық. «Бұдан былай мұндай үш ауысыммен оқитын мектеп болмайды»,– дейдi министрлiктергiлер. Ал ОҚО, Маңғыстау, Атырау, Астана, Алматы, Қызылорда қаласында мектеп жетiспеушiлiгi бар десек, алдағы үш жылда осының орнын толтыратын бiрдей 100 мектеп құрылысын бастайды. Қазiрдiң өзiнде 60 мектеп салынып жатқанға ұқсайды. Сонда бар-жоғы үш жылда 160 мектеп елiмiздегi бiлiм ошақтарының саны мен сапасын өсiрiп, бiлiмдi ұрпақ тәрбиелеуге кiрiспек. Әрине, бұл қомақты қаржыны талап ететiнi белгiлi. Министрдiң айтуынша, шамамен 90 миллиард теңге жобада қаражат бөлiну қарастырылған.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары