ТАҒЫ ДА «СҰРМЕРГЕННIҢ» ЖҰЛДЫЗЫ ЖАРҚЫРАДЫ

ТАҒЫ ДА «СҰРМЕРГЕННIҢ» ЖҰЛДЫЗЫ ЖАРҚЫРАДЫ

ТАҒЫ ДА «СҰРМЕРГЕННIҢ» ЖҰЛДЫЗЫ ЖАРҚЫРАДЫ
ашық дереккөзі
172

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында ине шаншыр орын жоқ. Қазақтың қаршадай баласы чемпиондық атақ үшiн рингке шығатын болған соң, үйде жайбарақат жата алмаған сыңайлы. Тайлы-таяғы қалмай сарайға тегiс жиналыпты. Дәл сол күнi спорт сарайы ғана емес, орталық стадионда көрерменге лық болы болды. Бiрiнде – былғары қолғап шеберлерi күш сынасса, бiрiнде – Қазақстан құрамасы шаршы алаңда өнер көрсетiп жатты. Наурыз мерекесiнiң қарсаңында кәсiпқой бокстан өткен жарыста сегiз бiрдей жұп сынасты. Спорт додасының өтуiне тiкелей мұрындық болған «TSC group» корпорациясы.

«TSC group» корпорациясының бастамасымен, Алматы қаласының әкiмшiлiгiнiң мұрындық болуымен өткен бокс мерекесiнде көпшiлiк Қазақстанда дүниеге келiп, Ресейде өмiр сүргенiмен, Америкада тұрып жатқан ауыр салмақтағы жерлесiмiз Денис Бахтов WBO тұжырымы бойынша әлем чемпиондығына таласып және PABA тұжырымы бойынша белдiгiн қорғау үшiн шаршы алаңға шықты. Қазақтың жас қыраны, осыдан бiр жыл бұрын дәл осы сарайда елiне үлкен жеңiс сыйлаған батыр ұлымыз Марат Мәзiмбаев IBF тұжырымы бойынша құрлықаралық әлем чемпиондығына, GBU тұжырымында әлем чемпиондығы мен Паназиялық белдiктi тартып алуға келдi.

Кәсiпқой бокста өнер көрсетiп жүрген қазақ жiгiттерi аз емес екен. Тiптi, жасөспiрiм жiгiттердiң кейбiрiнiң тұңғыш бақ сынауы. Ержан Сұлтанбеков, Ғани Спатаев, Бекзат Набиев, Қанат Кәртенбаев сияқты кәсiпқой бокс шеберлерiнiң ойыны сарайға жиналған көрерменнiң көңiлiнен шықты. Жас қырандар Алматыға алыстан ат арытып келген тайландтық, индонезиялық, кениялық, ирандық қонақтарымызға жеңiстi қолдан бере қойған жоқ. Бiрiнен-бiрi озық тұрған жас қырандардың қарсыластарының есiн жиғызбай соққыға алуы, тiптi алғашқы раундттың өзiнде нокаутқа түсiруi, жаңа жылдың–әз Наурыздың алдындағы кәсiпқой боксшыларымыздың елiне тартқан алтын сыйы десек те болады.

Алғашқы кезекте рингке шыққан Бекзат Нәбиев пен Понгсак Риантуантонгтың алты раундттық шайқасы Бекзаттың қанжығасына байланды. Ұпай жағынан озық шыққан жерлесiмiз тайландтық боксердi елiне жеңiлiспен қайтарды. Алғашқы жеңiстi де бастап берген Бекзаттың нақ өзi. Бұдан кейiн рингке көтерiлген Ержаннның тұңғыш жекпе-жегi. Бар-жоғы жиырма жаста. Ал оның қарсыласы Мохаммед Омин әжептеуiр төселген жiгiт. Бұдан бұрын да талай жарысқа қатысып, шаршы алаңның қыр-сырын үйренiп алғандығы жүрiс-тұрысынан көрiнiп-ақ тұр. Ержанның қимыл-қозғалысы, өзiн-өзi ұстауы әлi де бала екендiгiн көрсетiп тұр. Күле бередi. Ержанға жанашырлық танытып жатқандарда шек жоқ. Жан-жақтан қаумалаған көпшiлiк «Ержан жинал. Ержан дұрыстап ойна» деп кеңестерiн берiп қояды. Елдiң ықыласы жеңдi ме, елдiң ақыл-кеңесiнен өзiнiң де арқасы қозған болар, әйтеуiр ақырында ирандықты омақаса қаптырып, жеңiспен аяқтады-ау. Бала жiгiттiң балаң қимылдарына разы болып, күлiп жатырмыз.

Ержаннан жасы бiр жас кiшi Ғани Спатаевтың ойыны тiптi сәттi өттi. 1988 жылы дүниеге келген он тоғыз жастағы жiгiттiң кәсiпқой бокстағы тұңғыш жекпе-жегi. Оның қарсыласы индонезиялық Бамбанг Русиади Ғаниға қарағанда ұзын бойлы, төбесiнен қарап тұрады. Ұзын қолдарымен Ғанидың төбесiнен қойып қалса да, ғажап емес. Бiз ойлағандай емес, Ғанидың қимылы ширақ көрiндi. Ауыр соққының астына алып, қарсыласын алғашқы шабуылдардың iшiнде-ақ есеңгiретiп тастады. Бiрiнен соң, бiрi соғылған соққылар Бамбангтың есiн жиғызбай, әлсiретiп-ақ тастаған. Теңселiп тұрған Бамбангтың шабуылға шығуға мұршасы болмайтынын байқаған соң, төрешi ойынды тоқтатып, нокаут деп шештi. Сөйтiп, Ғани алғашқы раундта-ақ қарсыласын нокаутпен жеңiп, жеңiс тұғырына көтерiлдi. Ендiгi кезек ресейлiк Вячеслав Гусев пен кениялық Маурисио Кулдың жекпе -жегiне ұласты. Кениялық жiгiттiң жанкүйерлерге қарап, күлiмсiрей қарағаны көрерменнiң күлкiсiн тудырды ма екен, жан-жағымыздан ел әзiлдеп, «Маурисио алға» деп айғайлап қояды. Тiлiн түсiнбесе де, өзiнiң аты айтылып жатқанын сезген болуы керек, Маурисио да қолын бұлғап қояды. Оған көрермен қыран-топан күлiп жатыр. Ресейлiк Вячеслав та осал емес екен. Тең дәрежедегi жекпе-жекте Вячеслав жеңiске жеттi. Арасында өзiмiздiң қарсыласымыз болмаған соң ба, көрермен бұған аса ықылас бiлдiре қойған жоқ.

Ендiгi кезек Қанат Кәртенбаев пен Санан Саланың жекпе-жегi. Алты раундттан тұратын жекпе-жектi ұзағырақ тамашалаймыз ба деген көрерменнiң ойы жүзеге аспады. 66 келi салмақтағы жерлесiмiз Қанат ә дегеннен-ақ, қарсыласын жер жастандырды. Омақаса құлаған тайландтық жiгiт бiразға дейiн есiн жия алмай жатты. Алғашында не боп қалды екен қорыққанбыз. Әйтеуiр дәрiгерлердiң дер кезiнде жеткен көмегiнiң арқасында тайландтық боксшы есiн жинады-ау.

Қызықтың көкесi бұдан кейiн басталды. Қазақстандық ауыр салмақтағы боксшы Денис Бахтов пен танзаниялық Авад Тамимудың жекпе-жегi осал болмауы тиiс. Бiр күн бұрын журналистермен өткiзген баспасөз мәслихатында екi боксшы да өздерiне сенiмдi екендiгiн айтқан. Тiптi, танзаниялық боксшының жеңiске деген құлшынысы айқын сезiлiп тұрды. «Шыңғысхан» деп айдар тағып, ат қойған жерлесiмiз Денистiң сүйiктi кiтабы Омар Хаямның жырлары екен. Қарсыласына қарағанда алып денелi жерлесiмiздiң жеңетiнiне алғашында сенiмiмiз мол болған. Авадтың өлермендiгiн көргенде сенiмiмiз азая бастады. Төпелей жөнелген ауыр соққылар бiрiнен кейiн бiрi Дениске қарай бағытталып жатыр. Денис те ер екен. Авадтың соққыларын елеместен, қарсыласын ретiн тауып сұлатып тастауға бар. 12 раундттық кездесу үшiншi раундта-ақ шегiне жеттi. Денистiң күрзi жұдырығынан есеңгiреп қалған танзаниялық боксшы жекпе-жектi доғаруды жөн көрдi. Төрешi де ойынды тоқтатуды жөн көрдi бiлем, жерлесiмiздiң қолын жоғары көтердi.

Ендiгi кезек жанкүйерлер асыға күткен Мараттың жекпе-жегi. Бәрiмiздiң де көңiлiмiз күптi. Iштей қорқыныш та бар. Әрi Мараттың қарсыласы Энтони Матиас та осал жан емес. Талай-талай жекпе-жектерде жеңiске жеткен боксшы. Бұл жекпе-жекте кiм жеңiске жетсе, сол үш бiрдей белдiктiң иегерi болмақ.

Сонымен, жекпе-жек басталды. Мараттың жұдырығы тиген сайын елең етiп жүрген Матиас жоқ. Бұраң-бұраң етiп билеп қояды. Боксшы емес, тұп-тура әртiс пе дерсiң. Әрбiр раунд бiткен сайын, Матиас әлсiреп шаршаудың орнына екi қолын жоғары көтерiп, бұраңдап билегенде бәрiмiздiң есiмiздi шығарды. «Әй, мынау қайтедi-ей» деп, жан-жағымыздан естiлген дауыстар да жанымызды алқымға тiреген. Марат ер екен, қарсыласының бауырына сiлтеген жұдырықтары дөп тиiп, соққының астына алуда. Раундттар бiткен сайын, жүрегiмiз аузымызға тiреледi. «Не болар екен?» деген қорқыныш басым. Мараттың жұдырықтары, соққылары дөп тиiп жатса да, оның ұпай бойынша алда келе жатқанын бiлсек те, қорқа беремiз. Тоғызыншы раундт басталғанда да дәл осылай қорықтық. Бiрақ, Мараттың сақтағаны iшiнде екен. Құлақ шекеден тиген сол қолдың қатты соққысы Матиасты еденге алып ұрды. «Әй, әртiс, аяғың аспаннан келдi-ау»..

Нокаут. Жеңiс. Жанкүйерлердiң бәрi орнынан түрегелiп кеткен. «Жаса қазақ, жаса Марат» деген ұраннан құлақ тұнады. Бiрiн-бiрi құшақтап, бiрiн-бiрi бауырға басып жатқан қазақ. Көптен берi дәл осылай қуанбаған да шығар. Екi бiрдей жеңiс. Қазақстан құрамасы футболдан сербтердi жеңiп жатқанда, қазақтың нарқасқа жiгiттерi бокстан жеңiс сыйлап жатты. Бөркiмiздi аспанға атып жатып, «Ұзағынан сүйiндiрсiн!» дестiк. Лайым солай болғай!

Едiге БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары