12 ЖЫЛ ОҚИМЫЗ. КӨШ ЖҮРЕ ТҮЗЕЛЕ МЕ?

12 ЖЫЛ ОҚИМЫЗ. КӨШ ЖҮРЕ ТҮЗЕЛЕ МЕ?

12 ЖЫЛ ОҚИМЫЗ. КӨШ ЖҮРЕ ТҮЗЕЛЕ МЕ?
ашық дереккөзі

Негiзi бiлiм саласына келе қалған министр өзiне тиесiлi аз уақыттың iшiнде әкелген жаңа реформасын тықпалай беретiнi бар. Тiптi, министр бұл бағдарламасын бiрнеше жыл аралығына бiр-ақ жасақтайды да, бiр немесе бiр жарым жыл, ары кетсе, екi жылдан кейiн қызметiмен қош айтысады. Айналып келгенде, "тер төгiп" жасаған бағдарламасы немесе тұжырымдамасы аяқсыз қалады. Министрлiк тағына судай жаңасы келсе де, ол әлгiнiң бағыт-бағдарын менсiнбейдi, өзiнше бiрдеңе жасағысы келедi. Келесiсi де сондай. Сонда бұл не?! Әлде, Бiлiм және ғылым министрлiгiне қонжия отырғандар бiлiм саласын әлдебiр эксперимент алаңына теңей ме?

Дәлiрегiнде, жасап жатқандары ауыз толтырып айтарлықтай емес. Қазақ қоғамында, тiптi, бiлiм ошақтарында үш тiлдiлiктi ұстанғысы келген басшылар осы уақытқа дейiн мемлекеттiк тiлдiң үстемдiк орнауына аса көңiл бөлмедi. Табанды түрде талап етпедi. Нәтижесiнде, қазақ тiлiнiң қолдану аясы тарылып кеттi. Сол баяғы қостiлдiлiктiң салдарынан, кейiнгi ұрпақ шалажансар күйде баз кешiп, өз тiлiнен мақұрым қала жаздады. Аралас мектептiң санын қысқартып, қанша жерден бiртiлдiлiкке бағыттаймыз десе де, жасалынып жатқан шаруа шамалы. Бәз баяғы басқа тiлдiлердiң бағы жанып тұрған кез немесе "ұлтаралық татулықты үлгi ету". Тек кейiнгi кезде жаңа Премьерден бастап билiк тiзгiнiн мығым ұстанғандар қазақ тiлiнiң көсегесiн көгертемiз деп зырылдап жүр. Бiздiң айтпағымыз бұл емес, министрлiкке тағайындалғандар қазақ тiлiнiң қамын тек сөз жүзiнде жеп жүрген сияқты. Тiптi, кейде "Орыс тiлiн ұмыт қалдырмайық, бiздiң мәдениетiмiз — осы тiлде" деп жанашырлық кейiппен сөйлейтiндерiне не жорық? Әлi күнге дейiн қазақтiлдi мектеп, қазақтiлдi балабақша тапшы. Әйтеуiр, ақыр соңында реформадан реформаға көше бергiш министрлiктiң iс-әрекетi оқушының да жапа шегуiне әкеп соқпасына кiм кепiл?

Жоғары оқу орнына қабылдану үшiн ҰБТ жүйесiнiң енгiзiлгенi мәлiм. Кейiнгi кезде мұны да алып тастау сөз болды. Өйткенi, кемшiлiк көп. Бәрi сатулы. Мыңның бiрi де 120 балл алуы мүмкiн емес дейдi мамандар. Ендi келiп мектептi 12 жылдық бiлiм беру жүйесiне негiздемек. "Бұл жүйеге 2008 жылдан бастап көшемiз әрi бұл 2010 жылы түбегейлi аяқталуы тиiс" – деп, осы жолда бiршама "қара терге" түскен экс-министр Әйтiмова да алғашқы жемiсiн көрмей кеттi-ау.

"12 жылдық бiлiм беруге бiз дайынбыз ба?" деген мәселе кез-келген бiлiм саласына қатысты басқосуда сөз болып жүр. Жақында жоғары оқу орны оқытушыларымен тығыз қарым-қатынасты ұстанған Әуезов ауданындағы №13 орта мектебiнiң ұжымы ғылыми конференция өткiзiп, 12 жылдыққа өту жайында да өзара пiкiр алмасты. Дәйекпен келтiрген орынды ұсыныстарына құлақ ассақ, қалай болғанда да бiздiң әлi дайын еместiгiмiз аңғарылады. Оның себептерiн Абай атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң Химия және жаратылыстану пәндерiн оқыту әдiстемесi кафедра меңгерушiсi, педагогика ғылымының докторы, профессор, Қазақстан жоғары мектеп ғылым академиясының академигi Жеңiс Шоқыбаев пен Туризм кафедрасының меңгерушiсi, профессор Орденбек Мазбаевтан сұраған едiк.

– 12 жылдық бiлiм беру жүйесiн енгiзу үстiндемiз. Бiзге осы қажет пе? Нақтысы дайынбыз ба?

Жеңiс Шоқыбаев: – Соңғы кезде әсiресе, бiлiм саласында реформа көп жүргiзiлiп келедi. Бiр қынжылтарлығы, қай министр болсын, бiреуiн аяқтамай, екiншiсiн бастап кетедi. Қанша жерден, "12 жылдыққа көшемiз!", деп байбаламдасақ та, бәрiбiр дайын емеспiз. Ең әуелi оқу-құралдары жеткiлiксiз. Әр пән бойынша бағдарлама жасау қажет. Химия пәнiн алсақ, бiз 8-9 сыныптың химия оқулығын әрең дегенде бiтiрiп, уһ деп демiмiздi ала бергенде 10-11 сыныптың бағдарламасын өзгертiп жiбердi. Ендi осы сыныпқа арнап қайтадан оқулық жазу керек болады. Демек, 12 жылдыққа ертең көшсек, химиядан оқулық дайын емес. Бүкiл бағдарламаны түгелiмен өзгертiп жасау тиiс. Қысқасы, материалдық-техникалық базаның қауқары жетпейдi.

– Бiзде химия пәнi оқулығын дайындайтын химик-ғалым көп емес қой.

– Көп. Соны қазақ тiлiнде мағыналы етiп жазатын әдiскер аз. Негiзi химия пәнi үш бағытта өрбидi. Қазiр Нұрахметовтiң бiр бағыты бар болса, өзiм мәскеулiк авторлармен бiрiгiп жазып жатырмын. Құдайға шүкiр, балаларға ақпарат жеткiлiктi болғанмен, неғұрлым дүниежүзiлiк стандартқа сай оқулық жоқтың қасы. Менiңше, ол оқулық — ресейлiк оқулықтар.

– Сонда бiз кеңестiк оқулықтарды оқуымыз керек пе?

– Химия, биология, математикада өзгеретiн түк жоқ. Бәрi бiр есеп, бiр формула.

– Ендi 12 жылдық бiлiм беру жүйесiнiң кемшiн тұсы қайсы?

– Әуелi оқушының жас ерекшелiгiнде. Бала 6 жастан мектепке барғанмен, ол әлi жетiлмеген ғой. Былайша айтқанда, ойын баласы. Тек ойнатып жүрiп әлiппе үйретуге болар, бiрақ бiлiм алуға әлi ертерек. Бастауыш бiлiм беру жүйесi — 1-5 сынып аралығы, 6- 10 сынып орта бiлiмдi толық алады, ал 11-12 сыныпта оқушы белгiлi бiр мамандыққа бейiмделедi. Қараңыз, сонда оқушы 17-18 жасында мектеп бiтiредi екен. Ал бұл кезде кәмелетке толған қыз бой жетiп, ұл ер жетiп, алды отбасы құрады.

– Артықшылығы, кәсiптiк бiлiм алып шығуында деген-дi…

– Бұл бiздiң бұрынғы бағдарламада да болған. Қазiр 11 жыл оқығанның өзiнде орта мектептi 9-сыныпта бiтiредi. Осы кезде емтихан тапсырып, колледжге баратыны колледжге барады, оқымайтыны оқымайды.

– Жаңа министр Ж.Түймебаев экс-министр Әйтiмоваға қарағанда қаншалықты iс тындырады деп ойлайсыз?

– Әйтiмова ханым ренжiмесiн. Белгiлi бiр мерзiмде креслода отырды да, кеттi. Ол алғаш тағайындалғанда да, "Ештеңеге де тиiспеймiн!" деп айтқан болатын. Ал Түймебаев болса, жоғары бiлiм саласында бiраз нәрсе бiлгенмен, орта бiлiм саласынан хабардар ма? Өйткенi, жақында бiр газетке берген сұхбатындағы сөздерiне таңқалдым. "Неге қазақ мектептерiнде орыс тiлi мен әдебиетiнiң орнына араб әдебиетiн, дүниежүзiлiк әдебиеттi оқытпасқа?" деген сұраққа министр: "Жоқ, бiз қазақ, орыс, ағылшын тiлiн бiлуiмiз керек" деп қысқа қайырыпты. Ал ол негiзiнде "Бұл ойланатын мәселе екен" десе, көңiлге қонар едi.

– Негiзi шығыс әдебиетiн, мәдениетiн оқу бағдарламасына енгiзу керек дейсiз бе?

– Керек. Өйткенi, бiз бұрын-соңды араб тiлiнде жазып, араб әлiпбиiнде оқыдық. Бұл әлiпби 1930 жылға дейiн қолданыста болды ғой.

– Қазiр латын қарпiне көшу мәселесi қоғамда пiкiрталасқа айналды. Сiздiңше, латыншаға қашан көшуiмiз керек?

– Менiңше, латын қарпiне бүгiн, тiптi кеше көшуiмiз керек едi. Өйткенi, түрiк елiн Ататүрiк латыншаға бiр күнде көшiрген. 1-2 айдың iшiнде бүкiл Түркия латын қарпiне негiзделдi. Латын қарпi әмбебап қарiп болғандықтан, бұл тiлмен дүниежүзiлiк әдебиеттi оқи аласыз. Басқа ел де бiздiң әдебиетiмiз бен мәдениетiмiздi танып бiледi. Бiр айта кетерлiгi, кириллицамен қазақша жазғаныңызды бiр компьютер оқыса, екiншiсi оқымайды. Сондықтан, латын әлiпбиiне көшсек, бiлiм беру, ақпарат алу жүйесi де кеңейедi.

– Егер осы латын қарпiне көше қалсақ, оқулық жағы қиындық туғызбай ма?

– Әрине, қиындық болады. Бiрақ бұрынғы оқулықты қайта жазудың қажетi жоқ. Тек кейiнгi жарық көрiп жатқандарды да латынша жазу қажет.

Орденбек Мазбаев: – Елiмiзде 12 жылдық бiлiм беру жүйесiне көшу заман талабына сай десек те, айтылған сөз бен iстелiп жатқан iстiң бiр-бiрiмен үйлеспейтiндiгi бар. Өйткенi, 12 жылдыққа көшуге байланысты тетiктердiң негiзi бiзде қаланбаған. Алдымен оқулық мәселесi көлденең шығады. Сосын бiлiктi мамандар мәселесi мүлде сырт қалып отыр. Қазiргi педагогикалық жоғары оқу орнында мемлекеттiк стандарт ескi жүйемен жасалған. Оны бiтiрген маман мектепте 12 жылдық жүйеде сабақ беруге дайын ба, дайын емес пе? Мәселе сонда. Дәл осы жайт министрлiк тарапынан тыс қалып жүр. Оның үстiне маман орта мектеп бағдараламасын жақсы бiлетiн болса, сарапқа түсетiн мемлекеттiк 12 жылдық бiлiм беру стандартына сәйкес Бiлiм туралы заңға қазiргiдей кейбiр оқулық кiрмеген болар едi. Әсiресе, география пәнiнiң соңғы 10 жылда мектепте оқылу деңгейi құлдырып кеткендiгi рас. Бiз тестiлеу тәсiлiне көштiк. Жақсы. Бiрақ та, көптеген ұстаз тестiлеудi аралық бақылауға ғана қажет, қорытынды бақылауға қажет емес деп жүр. Қазiр Тестiлеу орталығына бiтiрушi маман өзi оқыған сегiз пәннен тест өткiзу керек деген ұсыныс келдi. Ал ол сегiз пәннiң қайсысы тестiлеуге жатады немесе жатпайды, онда шаруасы жоқ. Шынында да, тестiлеу аралық, яғни, бiр сессиядан екiншi сессияға өткен кезде пайдаланатын нәрсе. Кейiнгi кезде тестiлеу әдiсiне ғалымдар мен оқытушылардың өзi қарсы. Өйткенi, ҰБТ-ны енгiзген басқа батыс елдерi қайта құтылудың амалын қарастыруда.

12 жылдыққа өткен кезде оқушы 11-12- сыныпта кәсiби мамандығын алып, сонымен жұмыс iстеп кетуi мүмкiн. Қазiр ақылы оқу бөлiмi көбейiп кеттi. Жоғары оқу орнына түсудiң баллы 40 едi, ендi 60-қа көтердi. Оны неге 75-80-ге көтермеске?! Сонда 80 пайыздан жоғары балл жинағаны жоғары оқу орнында оқысын, ал одан төмен жинағаны басқа техникалық, кәсiптiк мамандыққа түсе алады. Бiзде техник қызметкерлерi жетiспейдi. Министрлiк тек соңғы кезде кәсiптiк бағдар берудi қолға алып жатқанға ұқсайды. Өйткенi, ертең елiмiздегi зауыт, фабрикаларда жұмыс iстейтiн маман тапшы болатын түрi бар. Ал жоғары оқу орнын бiтiрген маман ешқашан техниктiң жұмысын iстемейдi. Мәселен, химия саласына лаборант керек, оны жоғары оқу орнында дайындамайды ғой. Әрине лаборант мамандығын тәмамдап-ақ, доктор, ғылым дәрежесiне дейiн көтерiлуге шамасы жетедi. Мәселе көп, бiрақ оны шешу жолдарын iздестiру жағы нашар. Министрлiк тарапынан ұсынылған өмiр талабына сай жобалардың ұтпай, iске аспай, шаң басып қалуы көп.

Ендiгi бiр мәселе – оқулықтың жетiспеуi. Министрлiк 4-5 жыл бұрын оқулық жазудан тендер жарияланған едi. Бiздiң кафедрадан 10 оқулық тендерден ұтып алды. Сынақ ретiнде 30 дана шығарып, таратты. Жақсы пiкiрге ие болдық. "Тағы да шығару керек",- дегенмен, айтқан жерде қалып қойды. Ал қазiр сол оқулықтың авторлары өз ақшасына шығарып келедi. Сонда тендер жарияланғанда, оқулық кiмге шығарылады? Кемшiлiгi сол, тендер жарияланғанда көбiне-көп баспа ұтып алады. Негiзi сол оқулықты жазған ғалым ұтып алуы керек те өзi барып баспалардан шығартса, оқулық жеткiлiктi болып әрi сапасы да арта түседi. Бiзде керiсiнше, баспа алады да, өздерi автор iздеп: "Бiз ұтып алдық, сен мына кiтапты жазып бер!",- дейдi. Егер министрлiк осы жағын ретке келтiрмесе, "баяғы жартас сол жартас". Базарға бара қалсаңыз, бүгiнгi шыққан қазақстан тарихы сатылып жатыр. Өйткенi, толып жатқан жекеменшiк баспалар көшiрмесiн басып шығара бередi. Министрлiк елiмiзде қанша оқушы барын бiлiп, сонша оқулық шығарса, бөтен баспалар автордың кiтабын ұрлап шығаруды тоқтатар едi. Сондай-ақ, оқулық екi тiлде, қазақша, орысша жазылуы керек. Ал орыс тiлiндегi оқулықты қазақшаға аударғанда басқа мағына бередi. Тiптi, есепке негiзделген математиканың өзiн бұрынғысымен салыстырсаңыз, жер мен көктей. Кейбiрiн бала тұрмақ, өзiң түсiнбей қиналасың.

– Есiмiзде мектепте оқып жүргенде оқу жылының басында керектi кiтаптың бәрiн алып, қайта өткiзетiн едiк. Кiтап жетпейдi деген әңгiме болмайтын…

– Мiне, соны жеткiлiктi шамаға жеткiзу керек. Оқушыға кiтап тегiн берiлуi керек. Оған Үкiметтiң шамасы да, қаржысы да жетедi.

Жеңiс Шоқыбаев: – Кiтапты кiтапханадан беруге қарсымын. Кiтап кейде жетедi, кейде жетпейдi. Кейде оқымайтын кiтапты алдыруға мәжбүрлейдi. Баяғыдай кiтапты аямай шығару керек те, оны дүкеннiң бағасымен сату керек. Сонда кiтап шығаруға кеткен қаржы Үкiметтiң өзiне қайта оралады. Одан кейiн баспалар да қыбырлап жұмыс iстейтiн болады.

– Мұғалiм бiлiктiлiгi төмендеп кеттi деп жүрмiз. Бұл мәселе 12 жылдыққа аяқ басқалы тұрғанда ауыр тимей ме?

Орденбек Мазбаев: – Мұғалiмнiң әлеуметтiк-экономикалық жағдайы көп мамандықтарға қарағанда төмен. Өйткенi, ол бiр мезетте 40 оқушымен жұмыс iстейдi. Бiрақ алатын жалақысы 15 мың мен 20 мыңның арасы. Жыл сайын жалақы қосылады дегенде, базарда баға шарықтап кетедi. Бұрын жоғары оқу орындарында кандидат, доцент лауазымы бар оқытушының жалақысы көбiрек болды. Қазiр бұған қарамайды. Мәселен, география пәнiнiң маманы бола тұра биологиядан да сабақ берсеңiз, қосымша ақша төлемейдi. Қай пәннен аттестациядан өтсең, соған ғана берiледi. Егер ғылым кандидатына жалақысын жақсы төлесе, ол мектепке сабақ берер ме едi?! Оның үстiне мұғалiмнiң мойнына қоғамдық жұмыстарды үйiп беремiз. Бұл көше сыпырудан басталады да, саяси науқан кезiнде қағаз таратумен аяқталады. Сондықтан мұғалiмнiң жалақысы ең кемiнде 40-50 мың теңге болуы тиiс. Сонда ғана олар базар жағаламайды, басқа салада жұмыс iстемейдi.

Жеңiс Шоқыбаев: – Алдымен мұғалiмнiң статусын көтеру керек. Шәмшә Беркiмбаева министр болған кезде осы мәселенi көтердi. Рас қой, бұрын мұғалiм келе жатса анадай жерден тығылып қалып, қолымыздағы ойнап жүрген затымызды тыға қоюшы едiк. Ең сыйлы мамандық — мұғалiм болғандықтан сол кезде жастардың бәрi тек осы мамандық иесi болуды армандады. Ал қазiргi жастар бүгiнгi мұғалiмнiң жағдайын жете бiлгендiктен, ынты-шынтысымен оқымайды. Сондықтан мұғалiм беделiн көтеруге байланысты Заң қабылдау керек.

Бiздегi жоғары оқу орнында мұғалiм емес, бакалавр дайындайды. Ал еңбек жүйесiнде бакалавр деген жоқ. Бұл деген ары емес, не берi емес, екеуiнiң ортасы. Демек, лайықты маман дайындау үшiн баяғыдай 5 жыл оқыту керек және педагогикалық тәжiрибенiң аясын кеңейте түсу қажет. Бiрде жапон жiгiтi келiп, "Қазақстанда мұғалiмдi қалай дайындайды?", – деп сұрап жатыр. Ретi келгенде мен де сол жақтың әдiс-тәсiлiн сұрағанымда, ол: "Бiзде 4 жыл оқиды. Оны бiтiргеннен кейiн дипломды қолыңа бере салмайды. 2-3 жылдай жұмыс iстеп, тәжiрибе жинақтағаннан кейiн ғана мамандыққа ие боласың", – дейдi. Мiне, көрдiңiз бе, шет елде мұғалiмдi қалай сыйлайды!

– Елбасы ауылға бiлiктi мұғалiм мен дәрiгер жiберудi қолға алуды ұсынды. Жалпы, ауыл мен қала мектебiнiң немесе оқушысының бiлiм деңгейi қаншалықты?

Орденбек Мазбаев: – Бұрын жоғары оқу орнын бiтiрген маманды арнайы жолдамамен жiберетiн. Мұны да тоқтатты. Ауылда да қалалық мұғалiмнен асып түсетiн бiлiмдi ұстаздар жеткiлiктi. Небiр оқымысты, ғалым да ауылдан шығып жатыр. Байқасаңыз, бiр мектепте бiлiмдi, екiншiсiнде нашар ұстаз қауымы шоғырланған болып келедi.

Жеңiс Шоқыбаев: – Ауылда ертеректе физика, химия деген кабинет болатын. Оның iшi лабораториялық жұмыс көрсететiн құрал-жабдыққа толы едi. Қазiргi ауылдың мектебiнде мұның бiрi де жоқ. Бiрен-саран компьютер апарып қойды. Оны да үйрететiн маман болмаса, шаң басып тұрады. Сондықтан ауыл мен қала мектебiнiң арасы жер мен көктей. Соған қарамастан, ауыл балаларының ҰБТ-да жинаған баллы жоғары.

Орденбек Мазбаев: – Жақында елiмiзде 100 мектеп салыну керек дедi. Құп делiк. Бiрақ мектептiң жанынан мұғалiмдерге арналған баспана салсын да, бiлiктi ұстазды арнайы байқаумен iрiктеп алсын. Осындай жағдай жасаса, қазiргi жалақысымен-ақ жұмыс iстейтiн едi.

Жеңiс Шоқыбаев: – Естуiмiзше, 12 жылдық бағдарламаны жасаймыз, оқулық шығарамыз деп жүргендер 700 млн. теңгенi жеп қойыпты. Демек, бөлiнiп жатқан қаржы дiттеген жерiне бармай-ақ құрып кетуде. Кезiнде көрнектi құрал-жабдыққа жеке бөлiнетiн, бұл да жоқ. Керiсiнше, керек-жараққа ақшаны ата-аналардың қалтасынан жырып алуға тура келедi.

Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң 12 жылдық бiлiм беру жүйесiне көшуiмiз сәттi аяқталатын түрi бар дегенi есiмiзде. Бiрақ бұл қандай негiзге сүйенiп айтылған болжам екенi түсiнiксiз. Өйткенi, бiлiм жүйесiнен хабары жетiк қандай да бiр маман "12 жылдық бiлiм беруге бiлiм ошақтары дайын емес" деп шыр-пыр болады. Оған жоғарыдағы сарапшылардың ортақ дәлелi мысал. Қалай айтсақ та, сөздерiнiң жаны бар. Әлi қолға алынбай жатқан күрмеуi қиын мәселе жеткiлiктi. Соған қарамастан алдағы 2008-2009 оқу жылын аттайтын бүлдiршiндер эксперименттiң алғашқы қадамының тұсауын кеседi. Жемiсiн бере ме, әлде бермей ме? Бұл туралы айтуға мүлдем ерте. Өйткенi, бар-жоғы бiр жылдан соң, Қазақстан бiлiм ұялары 12 жылдық бiлiм беру жүйесiне есiк ашады. Бiз дайынбыз ба?

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ