«КҮН АСТЫНДАҒЫ КҮНIКЕЙ» МЕН «ҚЫЗ ҚҰРТҚА»

«КҮН АСТЫНДАҒЫ КҮНIКЕЙ» МЕН «ҚЫЗ ҚҰРТҚА»

«КҮН АСТЫНДАҒЫ КҮНIКЕЙ» МЕН «ҚЫЗ ҚҰРТҚА»
ашық дереккөзі
326

Қолаң шаш – сұлулықтың көркi. Қазақтың хас сұлулары ежелден тiлерсегiне түскен бұрымымен көздiң жауын алған. Лиро-эпостық жырлардың қайсыбiрiн алсақ та, бұрымсыз аруды кездестiрмеу мүмкiн емес. Кеңес үкiметi «шашы ұзын, ақылы қысқа» деп кемсiткеннен кейiн бе, әйтеуiр қазақ қыздары шаш кесуден алдарына жан салған жоқ. Қайта ел егемендiк алып, тәуелсiз ел болғаннан кейiн ғана, елiмiз етек жеңiн жинап, ұлттық салт дәстүрлерiне орала бастады. Соның бiр көрiнiсi ретiнде, сұлулықтың көркi шаш өсiрудi де қолға алды. Ұлттық қасиеттерiмiздiң бiрi саналатын тiлерсектi соққан бұрымдар ендi жарысқа түсе бастады. Бұл игiлiктi iстi қолға алған қазақ отбасыларына арналған басылым – «Ақ босаға» газетi.

«Ақ босаға» газетi бұл бастаманы 2003 жылдан берi қолға алған екен. Алғашқы екi байқаудың өзiнен-ақ елiмiзде қолаң шашты аруларымыздың аз емес екенiн байқадық. Оған себеп, өткен байқауларда бас жүлделердi иемденген аруларымыздың қолаң шашының ұзындығы екi метрге жуық екен. Оны бiз байқау барысында да көз жеткiздiк. Тiлерсектi соққан бұрымдарды көргенiмiзде көзiмiздi жұмып, аузымызды ашып, таңданған болатынбыз.

Биылғы байқаудың ерекшелiгi, қолаң шашты аруларымыздың әртүрлi номинациялар бойынша, жеңiске жетуiне мүмкiндiгi бар. Бұл байқаудың тағы бiр құндылығы, аруларымыз ешқандай орынға таласпайды. Олар тек «Қыз Жiбектiң», махаббатың символы болып саналатын «Баян сұлудың», «Қыз Құртқаның», «Күн астындағы Күнiкей» қыздың, «Ару Гүлбаршынның» сiңлiлерi екендiгiн танытады. Байқау барысында арулар өздерiн ұлттық киiмде үш рет шығып көрсетiп, мiншiл қазылар алқасының сұрақтарына жауап бередi.

«Қолаң шаш Аруының» демеушiлерi де осал жандар емес. «Қазкоммерцбанк» пен қазақстандық ұялы байланыс Кселл компаниясы Алматы қаласы әкiмдiгiмен бiрлесе отырып, осынау игiлiктi шараның өтуiне мұрындық болып отыр. Ару қыздардың ұлттық нақыштағы киiмдермен шығуына да, «Ерке нұр» фирмасының септiгi тиюде. Журналистермен өткiзiлген баспасөз мәслихатында «Қазкоммерцбанкiнiң» қоғаммен байланыс бөлiмiнiң бас маманы Гүлмира Мухсинова қолаң шашты аруларымыздың арасынан «Қазкоммерцбанк Аруының» да анықталатынын айтып, ескерттi. Аруды анықтайтындар да банк қызметкерлерi болмақ. Олар «Қазкоммерцбанк Аруын» сайттағы он бес арудың суретiне қарап, анықтамақ. Ал қазақстандық ұялы байланыс Кселл компаниясы ұлттық мәдени дәстүрлердi жаңғырту мақсатында көптеген шараларды жүзеге асыра бастапты. Соның алғашқысы ретiнде, қазақ аруларының «Қолаң шаш» байқауына демеушiлiк танытуды өздерiне мақсат тұтыпты. Әзiрге үздiк операторлық байланыс үшiн мұндай игiлiктi шараларды қолға алу бастама ғана. Олар бұдан кейiн де бiрқатар ұлттық мәдени дүниелердi жүзеге асыруды жоспарлап отырған көрiнедi.

Байқауды ұйымдастырушы «Ақ босаға» газетiнiң редакторы Шолпан Ұғыбайқызының айтуынша, бұл думанды кешке қатысуға ниет бiлдiргендердiң саны отызға жетiп жығылған екен. Отыздың iшiнен он бесi ғана думанды кешке қатысуға мүмкiндiк алыпты.

P.S. Бет қатталып жатқанда, Ғабит Мүсiрепов атындағы Жастар және балалар театрында өткен думанды кешке елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен жиналған он бес ару бақ сынап, сахналық қойылымдар көрсеттi. Залға жиналған көрермен «шашы да ұзын, ақылы да асқан» аруларымыздың өнерiн тамашалап, тәнтi болды.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары