«МҰСЫЛМАН» КЕЙПIНДЕГI КАТОЛИК ПЕ, ӘЛДЕ «КАТОЛИК» КЕЙПIНДЕГI МҰСЫЛМАН БА?

«МҰСЫЛМАН» КЕЙПIНДЕГI КАТОЛИК ПЕ, ӘЛДЕ «КАТОЛИК» КЕЙПIНДЕГI МҰСЫЛМАН БА?

«МҰСЫЛМАН» КЕЙПIНДЕГI КАТОЛИК ПЕ, ӘЛДЕ «КАТОЛИК» КЕЙПIНДЕГI МҰСЫЛМАН БА?
ашық дереккөзі
194

Жасы 45-те. Иллинойс штатынан сайланған АҚШ Конгресiнiң сенаторы. Бiлiктi саясаткер. Анасы – аққұбаша американдық. Туған әкесi – кениялық мұсылман. Бала кезiнде Джакартаның медреселерiнiң бiрiнде азды-кемдi бiлiм алғанға ұқсайды. Дегенмен, анасының ықпалы болды ма, әйтеуiр ержете католик дiнiне иланған сияқты. АҚШ-та мұсылман болу – «құбыжық» болумен бiрдей. Бұл – Американың керiтартпа саясатының «жемiсi». Сондықтан протестанттар мен иудейлердiң елiнде мұсылманның президенттiкке үмiткер болуы, тiптен, қияли дүние. Содан болар, Барак Обаманың бар үмiтi – қаранәсiлдi сайлаушыларда ғана. Жас саясаткердiң: «АҚШ қаранәсiлдi президентке дайын» – деген сөздерi өзiндiк ұранға айналып үлгердi. Бiрақ АҚШ бала кезiнде мұсылман елiнде 4-5 жылдай тұрған католик президентiн қабылдауға дайын ба? Бар мәселе осында.

Аққұбаша Хиллари және қараторы Барак: немесе «католиктен» – «мұсылман», «мұсылманнан» – «құбыжық» жасаудың жолы

Соңғы 80 жыл көлемiнде АҚШ президентi атануға ылғи бұрынғы президенттер мен вице-президенттер бақ сынасып келген. Америка тарихында алғаш рет қазiргi президент те, оның оң қолы да президенттiк сайлаудан тыс қалмақ. Әлемдi бiраз дүрлiктiрiп үлгерген Джордж Буштың «президенттiк мерзiмi» 2008 жылы бiржолата аяқталмақ. Бұған «Құдайға шүкiр» – дейтiндер де бар. Және олар аз емес. Бос орынның қаңырап қалмасы анық, қазiрдiң өзiнде президенттiк бәйгеге қатысуға 20 шақты американдық ниет бiлдiрiп, билiктен дәмелi екенiн көрсетiп отыр. Дегенмен, түрлi саяси технологиялар мен PR-кампаниялардың арқасында көптiң iшiнен дауыстары айқынырақ шығып жүргендер – АҚШ-тың бұрынғы президентi Билл Клинтонның зайыбы Хиллари Клинтон мен жас сенатор Барак Обама. Бәсекелестiк, аяқтан шалу, қара PR… АҚШ-тағы кезектi президент сайлауына дайындықтың сипаты осындай. Демократиялық партияның мүшесi Хиллари Клинтон партия iшiндегi бақталастықта соңғы кездерi жас сенатор Барак Обамадан қалыс қалып барады. Содан болар, Клинтонның командасы Обаманы қаралап, абыройын айрандай төгудi көздеп отыр. Тiптен, олар Обамаға қарсы қара PR акциясын бастап та кеттi. Клинтон командасы жас сенаторға «мұсылмандықты» таңып, баспасөзде дау-дамай көтерiп үлгердi. Жоғарыда айтқанымыздай, Барак Обама Индонезиядағы медреселердiң бiрiнде бiлiм алғанға ұқсайды. Ол Джакартада өгей әкесiмен 4 жылдай тұрыпты. «Ал, бұл – үлкен мәселе» – деген пiкiрде Клинтон командасы. Ал, Барак Обаманың өзi: «Менiң 7-8 жасымда Индонезияда бiлiм алғаным американдықтарға қауiп төндiрмейтiн шығар» – деп, бiр қайырды. Кiрпиаз саяси технологтар болса, бiрқатар ақпарат құралдарын Обамаға қарсы бағыттап, бар мәселенi «мұсылмандыққа» таңып келедi. Мәселен, FOX News телекомпаниясы таңғы жаңалықтарында: «Барак Обама – жасырын ислами фундаменталист» – деп, АҚШ-ты дүр сiлкiндiрдi. Артынша CNN телекомпаниясы Джакартаға барып, Обама оқыған медресенi «тексерiп», өздерiнше журналистiк зерттеу жүргiзгендей болды. Журналисттiң таңырқағаны – Обама оқыған медресе Пәкiстан немесе Ауғанстандағы медреселерге мүлдем ұқсамайды екен. Тiлшi былай дейдi: «Бастауыш сыныптың ауласында 6 мен 12 жас аралығындағы ұлбалалар мен қызбалалар асыр салып ойнап жүр. Бәрi де жақсы киiнген, бiрге ойнайды. Осыдан 40 жыл бұрын мұнда Барак Обама ойнаған». Дәл осы сюжеттен кейiн Обаманы «ислами фундаменталист» деп айыптаған FOX News телекомпаниясы өз ақпаратын жоққа шығаруға мәжбүр болды. Ал, баспасөзбен қастасудың жөн болмасын бiлетiн Обама телекомпания өкiлдерiн сыпайы түрде кешiре салды.

Рас, АҚШ-та мұсылман болу оңай емес. Американың кейбiр сарғыш басылымдары Обаманың отбасындағы мұсылмандар басын санап шығыпты. Кейбiр басылымдар, тiптен: «Обаманың өзi, оның әкесi де, өгей әкесi де, атасы да, бауыры да – мұсылмандар» – деп таңдай қағып отырғанға ұқсайды. Дегенмен, оның анасы – американдық-христиан. Обаманың қол астындағы қызметкерлерi де оның мұсылман еместiгiн растайды. Әйтеуiр, Барактың аяғынан шалар бiр ғана «мiнi» – оның кезiнде мұсылман елiнде 4 жылдай өмiр сүргенi ғана болып отыр. 11 қыркүйек оқиғасынан кейiн Америкада зұлмат ақпараттық, дiни-экспансиялық саясат өрши түстi. Бар мақсат – исламды керiтартпа дiн ретiнде, ал мұсылмандарды «лаңкес», «құбыжық» етiп көрсету. Содан болар, тырнақ астынан кiр iздеген саяси технологтар католиктен – «мұсылман», ал мұсылманнан – «құбыжық» жасаудың амалдарын барынша жақсы ойластырған сияқты. Тiптен, олар мұсылманның өзiн исламнан жиiркенетiндей күйге түсiруден де жалтармайтын сыңайлы. Күллi әлемнiң мұсылманданып бара жатқаны Ақ Үйдi қатты мазалап отыр. Бұл орайда Америкада жауыңның аяғынан шалғың келсе, оған «мұсылман» деп айдар тақсаң болғаны: «мұсылман» сөзiнiң өзi – балағат сөз боп бiр-ақ шығады. Осы саясаттың басы-қасында жүрген де – тым оңшыл христиандар мен асыра иудейлер емес пе деп қорқасың. Себебi АҚШ-тың бүгiнгi саясатын жүргiзiп отырғандар осылар ғой.

Соңғы кездерi Обама Американың қаранәсiлдi сайлаушыларына ерекше үмiт артып келедi. Қара нәсiлдiлердiң патриоттық сезiмдерiн көтерiп, афроамерикандықтардың мәселесiн күн тәртiбiне қоймақ. Таяуда ол афроамерикандық студенттердiң алдында сөз сөйлеп: «Бiздiң тарихымыздың әрбiр кезеңiнде бiзге: «Сендердiң қолдарыңнан ештеңе келмейдi» – дегендер болды. Бiрақ егерде сендер менi өздерiңнiң жылы ықыластарыңмен әрi идеяларыңмен қолдасаңдар, мен: «Бiздiң де қолымыздан көп нәрсе келедi» деп айта аламын» – деп, қаранәсiлдi американдықтарды бiр сiлкiп қалды. Аудитория ду қол шапалақ соқты.

Қара PR технологтардың Обамаға тағар ендiгi мiнi – оның таза афроамерикандық еместiгi. Оның үстiне Баракты Голливуд магнаттарынан бастап, бүкiл жұлдыздар қолдап отыр. Себебi Барак Обаманың өзi Голливуд жұлдыздарынан аумайды. Содан болар, әйелдер қауымы iшiнде Обаманы қолдаушылар өте көп. Голливуд демекшi, Обаманы қолдап жүрген продюсер Дэвид Геффен бiр сөзiнде: «Хиллари Клионтонның амбициялары қаншалықты екенi бiр Құдайға аян. Саясатта жүргендердiң бәрi өтiрiк айтады, ал Клинтондар ауыздарын аша қалса, өтiрiктiң көкесiн танытады» – деп қалды. Бұл орайда Клинтон командасы Барактың Голливуд қаржысынан бас тартуын талап еттi.

Барак Хусейн Обама: «Хусейн», «Обама», «Осама»…

Барак Обаманың командасы көбiне христиандардың көңiлiн де өздерiне аудартуды көздейдi. Себебi АҚШ, ең алдымен, протестант-христиандар елi. Бiр қызығы, ресейлiк немесе жалпы орыстiлдi басылымдарды шолып көрсеңiз, Барак Обаманың мұсылман екендiгi айтылады. Дегенмен, АҚШ-тың кейбiр ақпарат құралдары оның католик екенiне шүбә келтiрмейдi. Оның бауыры Рой – нағыз ислами жолға түскен жан. Барак Обама бауыры жайлы: «Мен Ройды мақтан тұтам, бiз оны Абонго деп атаймыз. Ол ислам жолына түскен соң, доңыз етiн жеудi қойды, шылым шегудi доғарды, iшiмдiк те татып алмайды» – дейдi. Обама «оңшыл христиандардың дiни абсолютизмiн» жиi сынайды. Ирак соғысын да ауыр қабылдапты: «Бұл американ әскерiнiң мұсылман елiне қарсы бағытталған және жаман дайындалған шабуылы» – дептi.

Орыстiлдi басылымдарға сенсек, ол АҚШ мұсылмандарының құқын жиi көтередi екен. «11 қыркүйектен кейiн мен көптеген арабтар, пәкiстандықтармен кездестiм. Олардың әңгiмелерi ФБР-дың тұтқындау әрекеттерi мен көршiлердiң жаман көзқарасы жайында болды. Бұл олардың бойына бөтендiк сезiмiн ұялатты. Мен олардың қатарынан табыламын, егерде саяси дауыл жамандыққа қарай соғып жөнелсе…» – деген. Бұл орайда кейбiреулер Обаманың «Хусейн» деген екiншi атына дейiн шүйлiгiп отыр. Тiптен, Обаманы «Осама» деп мазақтап жүргендер де табылады. Бұл да оны «мұсылмандандырып», артынша «құбыжық» етiп көрсетудiң амалдары болса керек.

Бiр айта кетерлiгi, Обаманы қолдап жүргендердiң денi – еврейлер. Голливудтағы мықтылар, Джордж Сорос та Обаманың кампаниясына жанын салып келедi. Бұл жәйт өз кезегiнде еврей қауымы арасында дүрдараздық тудырып отырғанға ұқсайды. Мәселен, «Еврейский мир» басылымында Нехама Шварц: «АҚШ-тың келесi президентiне Израиль мен Батысқа қауiп төндiретiн Иран мәселесiмен айналысуға тура келедi. Обаманы қолдап жүрген еврейлер алдымен оның кiтабын оқып шықсын, сонда олар Обаманың кiм екенiн түсiнедi» – дей келе, Обаманың кампаниясына Сауд Араб әмiрлiктерiнiң қаржысы құйылып жатқанын да тiлге тиек етедi. Еврей басылымдарының бар айтары: «Мұсылман мұсылман болып мәңгiлiкке қала бермек» – дегенге саяды. Дегенмен, АҚШ-тағы еврейлер қауымы да Обаманың кампаниясына тектен-тек қаржы құймаса керек. Олардың да өз көздегенi бар. Олар Обамаға «мұсылман» кейпiндегi католик ретiнде емес, «болашақ қолшоқпар» ретiнде қараса керек.

АҚШ-тағы арабтар Обаманы христиандыққа қимайтын сияқты, әйтеуiр оны мұсылман деп санайды екен. Ал, саясаттың даңғыл жолына түскен Барак Обама екi қайықтың басын бiрдей ұстап тұруды көздейтiн сияқты. Христиандар мен еврейлерге де көзқарасы оң. Шiркеулерге қол ұшын жиi созып тұрады. Мұсылмандар мәселесiн де оңтайлы көтере бiледi. Дегенмен, оның бар үмiтi – афроамерикандық сайлаушыларда. Ал, афроамерикандықтардың барлығы дерлiк «мұсылман» деуге болмайды. Құлдық дәуiрде олар Құранды Iнжiлге «ауыстыруға» мәжбүр болған. Дегенмен протестант елiнiң халқы католик президентiне дайын ба?!

Мұртаза БҰЛҰТАЙ, дiнтанушы:

АҚШ қаранәсiлдi президент түгiлi, ақнәсiлдi католик басшыға дайын емес

– Мен АҚШ-тың президенттiгiне Демократиялық партиясынан ұсынылатын үмiткердi iрiктеу жарысына қатысып жатқан Сенаттың Иллинойс штаты бойынша сенаторы Барак Обама жайлы Интернеттен бiраз зерттеулер жасадым. АҚШ Конгресiнiң өмiрбаяндық деректер сақталған қоры, АҚШ сенатының Интернеттегi сайты мен Барак Обаманың жеке ресми сайттарынан алынған мәлiметтер бойынша, Барак Обама 1961 жылы дүниеге келген. Туған жерi – Гавайи аралдары. Әлемге әйгiлi Гарвард университетiн бiтiрген. Америка тарихындағы Гарвард университетiнiң құқық-бақылау бөлiмiн бiтiрген үш африка-тектi азаматтың бiрi. Бiр айта кетерлiгi, оның өзi шығарған кiтаптары мен жеке сайтында да «Барак Обама – мұсылман» деген әңгiме жоқ. Есесiне ол – ресми түрде Чикаго қаласындағы католик шiркеуiнiң мүшесi. Әйелi, екi қызы бар. Яғни, бұл кiсiнiң мұсылмандыққа қатынасы ресми түрде анықталған жоқ. Рас, мұның әкесi мұсылман болған. Бiрақ ол мұсылман болғанда да, кереметтей оқымысты, дiн жолындағы адам болмаған. Обама екi жасқа толғанда, әке-шешелерi ажырасып кеткен. Күнi бүгiнге дейiн ол өз әкесiн көрмеген. Индонезияда 5 жыл бойы оқығаны рас. Мектеп болғанда, мәселен, бiзде де шетелдiктер балаларын қазақ мектептерiне бередi ғой. Сол сияқты ол арнайы ислами бiлiм алу үшiн оқуға түспеген екен. Мұның бәрiн неге анықтап айтып отырмын, жалпы Американы көпконфессиялы демократиялық ел деп айтқанымызбен де, Барак Обама соңғы өмiрiнiң 16 жылын шiркеу қызметiне арнап, барлық ресми кiтаптарында, берген сұхбаттарында өзiнiң сенiмдi католик екенiн мойындағанына қарамастан, оның өмiрiндегi бiр мұсылмандыққа қатысы бар мәселелердi күн тәртiбiне енгiзу арқылы оның АҚШ президенттiгiне түсуiне кедергi келтiру әрекеттерi жасалып отыр. Бұл ненi бiлдiредi? Бұл Америка қоғамында мұсылманға деген, мұсылман басшыға деген дайындықтың жоқтығын көрсетедi. Тiптi, мұсылман болмаса да, бiрақ ата-тегiнде немесе өмiрiнде бiр мұсылман елiнде өмiр сүрген болса, бiр-екi жыл бiлiм алса да, оны күн тәртiбiне әкелiп: «Шын мәнiнде ол католик емес, ол жасырын түрдегi мұсылман» – деп, өсек таратып, қоғамда дабыра көтеру әрекеттерi байқалады. Ол ресми түрде шiркеудiң мүшесi, шiркеу жиналыстарынан да қалмай жүр екен, жазған кiтаптарының өзiнде Библиядан мағлұматтар алған. Бiрақ оған «құпия мұсылман» дегендей «айдар» тағылып келедi. Сондықтан мұның барлығы да Американың басқа ұлттарға, әсiресе Барак Обама сияқты әкесi Африкадан шыққан қаратектi және өмiрiнде мұсылман елiнде бiрнеше жыл тұрған адамға қарсы бағытталған әрекет десе де болады. Ол Ирактағы соғысқа қарсы шығып: «Әскерилер қайтарылсын, Иракты басып алу заңсыз әрекет» дегендей оңды сөздердi айтқан екен. Мұнда қайткен жағдайда да оны президенттiк додаға өткiзбеу мәселесi көрiнiп тұр.

– Мүмкiн, Америка қаранәсiлдi президентке дайын емес шығар, әлде бар мәселе «мұсылмандық» айдарда болып тұр ма?!

– Америка қаранәсiлдi президент тұрмақ, ақнәсiлдi католик президентiне дайын емес. Себебi бар. Қателеспесем, АҚШ 1774 жылы негiзiн қалаған болуы керек. Содан берi қарайғы тарихта Америкада 42 президент болған екен. Сол 42 президенттiң бiрi ғана католик уәкiлi болса, қалған 41 президент – ақнәсiлдi англосаксон протестант ағымынан болған. Протестант ағымының өзiнен көбiне евангелистiк ағымдар билiк жүргiзген. Кiшкене талдап айтатын болсақ, Америка халқының 25 пайызы католик дiнiн ұстанады, бiрақ күнi бүгiнге дейiн бiр ғана президент католик дiнiнен болған. Ол – атақты президент Кеннеди. Оның өзiн президент болған тұста атып кеткенiн барша жұрт бiледi. Бүгiнге дейiнгi Америка тарихында англосаксон нәсiлiнен шыққан протестант президенттерiнiң билiк жүргiзгенi анық. Қалған 41 президенттiң 11-i – эпископтық протестанттар, 10-ы – пресветриан шiркеуiнiң мүшесi, 5-i – методист шiркеуiнiң мүшесi, 4-i – баптист шiркеуiнен, 4 – унитариан шiркеуiнен, 3-уi – Христостың шәкiрттерi шiркеуiнен, 2-i – реформаланған голланд шiркеуiнен, 2-уi – куапер шiркеуiнен, 2-i – конгрегат сценаристер және 1-i «Иегова куәгерi» болған. Мұндағы бiр қызық мәселе, Америка халқының 0,2 пайызын құрайтын унитариан шiркеуiнен төрт бiрдей президент шыққан. Мысалы, епископтық шiркеуден шыққан атақты президенттер – Джордж Вашингтон, Томас Джеферсон, Джеймс Мэдисон, Теодор Рузвельт, Франклин Рузвельт, Джеральд Форд және үлкен Джордж Буш. Кiшi Джордж Буш методист протестанттар шiркеуiнен шыққан. Пресветриан шiркеуiнен шыққан атақты президенттер – Рональд Рейган, генерал Айзенхауер, т.б. Ал, Билл Клинтон – баптист.

– Яғни, Обаманың қарсыласы Хиллари Клинтон да – баптист шiркеуiнен ғой…

– Иә, ол да протестант. Оның қарсыласы Барак Обама католик болғандықтан, оны өткiзбеу үшiн ар жағынан iлiк iздейдi ғой. Жоғарыда айтқанымыздай, оның арғы жағы – мұсылман. Өгей әкесi мұсылман болса да, оның Баракқа көп әсерi бола қоймаған сияқты.

– Негiзi Барак Обаманың мұсылмандарға жаны ашитын сияқты. Себебi ол 11 қыркүйек оқиғаларынан кейiн жергiлiктi мұсылмандар қауымымен кездесiп: «Егерде оларға (мұсылмандарға К.Т.) қарсы жел соқса, мен осылардың қатарынан табыламын» – дептi.

– Негiзi бұл ресми түрде анықталған ақпар ма, онысы белгiсiз. Себебi бiреулердiң жазғаны – бiр басқа да, ал өзiнiң өзi туралы айтуы бiр басқа. Бiз бұл кiсiнiң тiкелей ресми сайтындағы ақпаратына сүйенiп отырмыз.

– Сонда «протестанттық» Америка католик дiнiнен неге соншалықты қауiптенедi? Бұлар – бауырлас дiни ағымдар емес пе?!

– Бұл дiни ағымдар iшiндегi өзара талас-тартыстар болса керек. Жалпы, қазiр Америкада англосаксондық протестант-христиандар мен Израиль лоббиi қоян-қолтық араласып кеткен. Әу бастан Америка құрлығына барып, орналасып, билiктi алғашқы ұйымдастырған да – осы протестанттар болған. Олар Еуропадағы католиктердiң қудалануынан жапа шеккен. Себебi католиктер 100 мыңдаған протестанттарды қырған, Еуропада протестант дiнiне кiрген халықтар арасында 50 жылдай соғыс та болған. Ең ақыры, Вестмалия келiсiмiне келiп, тынышталған. Еуропада көп қысым көрген протестанттар Америкаға қашып, билiк құрған.

2005-2006 жылғы Конгресс мүшелерiне келетiн болсақ, мұнда да католиктер азшылықта. Жалпы, 100 сенатор, 435 Конгресс мүшесi болса, олардың 28,8 пайызы – католик дiнiнде. Еврейлер – 7 пайыз. 64,2 пайызы – протестанттар қолында. Бұл Америкадағы билiктiң протестанттар мен еврейлердiң қолында екенiн көрсетедi. Негiзi демократиялық партия да, республикалық партия да – өзара бақталас, қарсылас емес. Олар алма-кезек ауысып тұрады, бiрақ билiкте қай партия өкiлi отырса да, халықаралық саясатта америкалық саясаттың үстемдiгi, американ империализмiнiң кең етек жаюы, америкалық экспансиянизм, әлемдегi америкалану процестерi, т.б. бағыттарды ары қарай жүргiзiп отырады.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары