АБАЙ ИНСТИТУТЫН АШУ КЕРЕК

АБАЙ ИНСТИТУТЫН АШУ КЕРЕК

АБАЙ ИНСТИТУТЫН АШУ КЕРЕК
ашық дереккөзі
440

Адамзат баласының рухани жан-дүниесiн көркем сәулесiмен байыта аларлық мұра қалдырған Абайдың тiлiн– қазақтың тiлiн– қазақ ұлтын барлық жұрт тануға, мойындауға тиiс едi. Алайда, бүгiн елден елдiк кеткен бе, оның жасы да, мектебi де, Үкiметi де, қаласы да қазақша сөйлеуге енжар болды. Қазақ қазақша сөйлемеген соң, қазақ Абайды оқымаған соң, өзге жұрт бiздi не қылсын?! Қашан көрсең, билiк басындағылар тiлдi бұзып, ежiктеп, оны мазаққа айналдырып сөйлеп отырғаны. Бұл олардың қазақ тiлiн жастайынан «екiншi сортты тiл» деп өскендiгiнен. Шын мәнiнде қазақша бiлгiсi келмей, орысша сөйлеп, орысша өмiр сүрiп және сол орысша оқығанын мәдениеттiлiк деп сезiну – өзге ұлттың табанында құл болған елдердiң бойында жататын кембағалдық комплексi. Миларынан құлдық таңбасы кетпеген бiздiң шенеунiктердiң көбi әлi күнге қазақтың бостандыққа жеткенiн, мемлекеттiк бар шараның тек мемлекеттiк тiлде атқарылуын мойындамай жүр. Гетесi бар немiс халқы Гетесiн сүйетiн шенеунiгiн де тудыра бiлген. Қазiр олар өз елiнде немiсше сөйлегендерi былай тұрсын, Гете институты арқылы дүниежүзiне немiсше үйретiп жатыр. Француздар 140 жылдан берi Альянс Франсэз арқылы, ағылшындар Британ Кеңесi арқылы әлемнiң әр елiнде Орталық ашып, тiлiн, мәдениетiн үйретiп жатыр. Ал, бiзде қазақ тiлiн әлемге насихаттамақ түгiлi, премьерлерiмiз бен министрлерiмiз 1-сыныптың әлiппесiн ендi қолдарына алады. 1989 жылдан берi қазақ тiлiне байланысты қаншама заң, бағдарлама жасалды, қаншама уәделер мен ант-су iшулер болды. Бiрақ әлi тең жарты билiк, тең жарты Қазақстан орысша сөйлейдi. Орысша сөйлейтiн, қазақтың тiлiн, оның ұлттық сезiмдерiн ұғына алмайтын Үкiмет шетелдегi ағайынның хал-күйiн, қайғы-мұңын, сағынуын қалай бiлсiн?! 15 жылда Үкiмет үркiншiлiкте Тибет, Гималай асып, тау басында ауаның қысымынан жарылып өлген, қалғаны азып-тозып, Түркияға, күнiмдi көрем деп Еуропаға шашылған қазаққа пана боларлық бiрде-бiр құрылым жасалған жоқ. Дәл осы мәселеге келгенде, бiрi-бiрiне сiлтеп, жалтарма жауап айтып, жасырынбақ ойнап шыға келедi. Жердiң асты мен үстiнiң байлығын сатудан қолы босамайтын, босаса адам саудасымен айналысатын шенеунiкке қазақтың қайғысы әрi-берiден соң бөгет. Олар жасаған «Шетелдегi отандастарды қолдау» деп аталатын бағдарламасының бюджетi де жетiмсiз, ондағы шаралардың шетелдегi қазақтардың ұлттық тұрғыдағы мәселесiн шешетiн интерактивтiк қадамдары да жоқ. Сондықтан, мұнайдың ақшасы «күйiп кетпей» тұрғанда, бiзге қоғамдық негiздегi Абай институтын құру керек. өйткенi, ол Үкiметке бағынса, ол жерде мiндеттi түрде жемқорлық, тамыр-таныстық шығып, iсi еш алға баспайтын болады. Зиялы қауым айтқан талай-талай жақсы идеялар бiздiң жемқор шенеунiктердiң кесiрiнен қор болып кеткен. Абай институты ең әуелi шетелдегi қазақ бауырларымызға, олар отырған жерлердегi бар болса да қалт-құлт етiп жұмыс iстеп отырған мәдени орталықтарға пана болып, қазақ балалары мен жастарына қазақ тiлiн үйретiп, қазақша кiтап, кассета берiп, оларды болашақта елге қайтатындай ұлтшылдық рухтағы тәрбиенi қолға алуы тиiс.

Зиялы қауым арасында, ел iшiнде ауық-ауық айтылып қалатын Абай институтын құру идеясын Сыртқы iстер министрлiгi, шетелдегi елшiлiктер арқылы ұйымдастыру iсiне көмектесудi Үкiметке аманат еткенi жөн.

Болат МҮРСӘЛIМ

Серіктес жаңалықтары