325
БОТАГӨЗ УАТҚАН, Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы ұйымдастыру бөлiмiнiң меңгерушiсi, II дәрежелi «Достық» орденiнiң иегерi:
БОТАГӨЗ УАТҚАН, Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы ұйымдастыру бөлiмiнiң меңгерушiсi, II дәрежелi «Достық» орденiнiң иегерi:
— Ботагөз апай, Сiздiң Дүниежүзi қазақтары қауымдастығында жұмыс iстегенiңiзге бiрталай уақыт болды. Жалпы, Сiздiңше, осы ұйымның алға қойған мақсаты не болды деп ойлайсыз?
— Егемендiк алғаннан кейiн дүниежүзi қазақтарының басын қосу негiзгi мақсат болғаны белгiлi. Осы мақсаттың үдесiнен шығу үшiн 1992 жылғы Дүниежүзi қазақтарының алғашқы құрылтайынан кейiн Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы дүниеге келдi. Биыл 15 жылдығымызды атап өтейiк деп отырмыз. Негiзгi алға қойған мақсаты – шетелде жүрген қазақтарға мәдени-рухани жағынан қолдау көрсету. Егемендi Қазақстанда қазақ халқының ұлттық қайта түлеуiне, Қазақстаннан сырт жерлерде өмiр сүрiп жатқан қазақтардың еркiн де жан-жақты дамуына жәрдемдесу, олардың ұлттық салт-дәстүрлерi мен әдет-ғұрыптарын бүкiл дүниежүзiне нәсихаттау. Әсiресе, шеттегi қандастарымыздың өз ана тiлдерiн сақтап қалуы үшiн қазақ тiлiн үйретуге қатысты СД дискiсiн және кiтаптар шығарып, газет, журналдар жiберу жағынан көмектесiп жатырмыз. Шетелдегi қазақ мәдени орталықтарының ашылуына қол ұшын созып, олардың басқа да ұсыныс тiлектерiн тиiстi орындарға жеткiзушi өзара дәнекер қызметiн де атқарамыз. — Жалпы, әлемнiң 40-тан астам елiнде қазақ барын бiлемiз. Олардың ең көп шоғырланғаны – Ресей, Қытай, Өзбекстан және Моңғолия. Осы мемлекеттердiң iшiнде сiздерге ең көп ұсыныс пен тiлек бiлдiретiнi қайсы? — Ең көп ұсыныс-тiлек бiлдiретiнi — Еуропа қазақтары. Олар өздерiнiң салт-дәстүрлерiн бiлмейтiндiгiн, жас өспiрiмдердiң ана тiлiн бiлмей өсiп келе жатқандығын алға тартады. Өткен жұмада бiз көшi-қонға байланысты халықаралық конференция өткiздiк. Сонда сөз сөйлеген Еуропа қазақтары көшi-қонның өздерiне қатысы жоғын айтты. Өйткенi ол жақта әлеуметтiк мәселелер негiзiнен шешiлген. Негiзi көшiп келудi қалап отырған жоқ. Бiрақ жастарды жiберуге пейiлдi. Жастарымыз осында оқу оқып, мекендеп қалса дейдi. Сондықтан да жыл сайын дәстүрлi кiшi Құрылтай өткiзiп келе жатқанымыз белгiлi. Бұл олар үшiн үлкен рухани азық. Ал, Қытай мен Моңғолия қазақтары өзiнiң салт-дәстүр, тiлiн жақсы сақтаған. Олар көшiп келуге ғана тiлектерiн бiлдiредi. Қазақстан мен Қытай арасында көшi-қон бойынша келiсiм-шарт жасалса дейдi. Ал, Өзбекстандағы әлеуметтiк мәселе – олардың өздерiнiң деңгейiнде оңтайлы болып отырса да, ұлттық ерекшелiктi сақтауға келгенде проблема жеткiлiктi. Бұл туралы көп айтылмай жатса да, қазақ мектептерi жабыла бастағаны жайлы ақпаратты естiп-бiлiп отырмыз. — Сондай-ақ, Ресейдегi қазақтармен қандай деңгейде байланыс жасап отырсыздар? — Ресейде 1 миллионға жуық қазақ тұрады. Бiздiң олармен байланысымыз өте жақсы. Соңғы жылдары Самарада Ресей қазақтарының бас қосуы екi мәрте өтiп үйлестiру кеңесi құрылған. Ресейдегi 22 аймақтың мәдени орталықтары бiрлесiп Самарадағы үйлестiру кеңесiнде жұмыс жасап жатыр. Бiз жалпы Ресей қазақтарымен жұмысымыз бiржола жолға қойылды деп толығымен айта аламыз. Қазақ тiлiне деген сұраныс өте көп. «Қазақша бiлетiн, үйрететiн кiсi тауып берiңiзшi» деп бiзден өтiнедi. Сондай адамды iздестiрiп жатырмыз. Әзiрге таба алмай отырмыз. Ресейдегi қазақтар ана тiлiн бiлмейдi. Қарттары болмаса, жастары ана тiлiнен мақұрым. Мектепте үйретiлмейдi. Әрбiр облыста факультатив ретiнде 1-2 сағат қазақ тiлi үйретiледi. Мұның шамасы белгiлi ғой. Өткенде осы мәселеге байланысты Мәдениет және ақпарат министрлiгiне ұсыныс енгiздiк. Жақында елiмiзге Ресей Федерациясының Премьер-министрi Фрадков келмек. Осы ресми сапарды пайдаланып, Ресейде қазақтар көп шоғырланған аймақтар пен облыстарда қазақ мектебiн ашу, тiптi болмаса, қазақ тiлiн ресми түрде пән ретiнде үйрету мәселесiн Ресей Үкiметiне қою қажет. Ресей Қазақстанның талап-тiлектерiн орындайды деген үмiттемiз. Ресейдiң Орынбор, Қосағаш секiлдi қала, аймақтарында бұрын қазақ мектептерi болған. Сол мектептердi қайта жандандыратын болса, оның еш қиындығы болмас едi. Бүгiнгi күнде шекаралас облыстарда да бiр-бiрiмен байланыс өте тығыз. Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының ең басты қызметi де осы – шетелдегi ағайындардың қазақ тiлiн ұмытпауына ықпал ету. — Мына көршi Қытайдағы қазақтардың санын да нақты бiлмеймiз. Әркiм әртүрлi айтады. Бiреулерi – 1,5 миллион десе, екiншiлерi – 2 миллионға тарта қазақ бар деседi. Осы Қытаймен арадағы көшi-қон келiсiмiнiң болмауы ондағы қазақтардың көшiп келуiне әжептәуiр кедергi келтiрiп отыр. Бұны шешудiң қандай жолы бар деп ойлайсыз? — Жалпы, қай елде болсын статистикалық мәлiмет тым құпия сақталынады. Өз iшiндегi аз ұлттар санын толық көрсетуге қай ел де пейiлдi емес. Бұл бұрыннан солай болып келген, солай болып қала бермек те. Ал, бiздiң өзiмiздiң дерек көзiмiз бойынша, Қытайда 2 миллионға жуық қазақ бар деп есептеймiз. Бұны Қытай жағы айта бермейдi. Осы Қытай мен Қазақстан арасында мемлекетаралық көшi-қон келiсiмiнiң болмай отырғандығына бәрiнен бұрын өзiмiз кiнәлiмiз. Бұл проблемаға байланысты бiз Сыртқы iстер министрлiгiне талай рет мәселе қойдық. Нәтижелi жауап әлi жоқ. Бұған не кедергi боп отырғанын бiлмеймiз. Сол жақта Заң универститетiн бiтiрген заңгер жiгiттер Алматыда жұмыс iстейдi. Солардың әңгiмесiне қарасаңыз, Қытай заңдарының бұған қайшы келетiн түгi жоқ көрiнедi. Негiзiнен бiздiң Үкiмет пен Сыртқы iстер министрлiгi тым құлықтылық танытпай отыр ма деп ойлаймын. — Шеттегi қазақтарды қазақ ақпаратымен қамтамасыз ету жағы қалай жүзеге асуда? — Жалпы, ақпарат құралдарын шетелдерге жеткiзу жағы қиын. Оны негiзiнен Бiлiм және ғылым министрлiгi өз мойнына алатын. Бiз дәл осы мәселенi бiрнеше жыл бойы айтып келемiз. Егер, осы мiндеттi бiзге жүктесе, шеттегi қазақ мәдени орталықтары арқылы газет-журналдарды тарату мүмкiндiгiн табар едiк. Бiрақ, неге екенiн қайдам бiздiң өтiнiшiмiз тағы аяқсыз қалып отыр. Дегенмен, бұл шеттегi қазақтар мүлдем хабарсыз отыр дегендi бiлдiрмесе керек. Бiз Моңғолияда «Хабар» және «Қазақстан» телеарналарының көрсетiлуiне тiкелей мұрындық болдық. Ондағы қазақтар 1995 жылдан бастап осы екi телеарнаны көру мүмкiндiгiне ие болып отыр. Сондай-ақ, Моңғолияда қазақтар тұратын Баян-өлгий аймағындағы теле-радио жабдықтарын жаңалап бердiк. Ал, газет-журналды жеткiзу жағы шынымен де қиынға айналып кеттi. Жазылу мүмкiндiгi де шектелдi. Бұл мәселенi бiз «Қазақтелекомның» құлағына да жеткiзгенбiз. Дегенмен құлақ асқан ешкiм жоқ. Ал, бiз өзiмiз тарапымыздан кiтаптарды, журналдарды, газеттердi кейбiр елшiлiктер мен мәдени орталықтары арқылы таратып отырмыз. Осы мақсатпен бiз биыл Атырауда, Оралда Қауымдастықтың филиалдарын аштық. Ал, Павлодар мен Өскеменде бұрыннан бар. Ресейдегi қандастарымызға кiтап-журналдарымызды жiберудi көздеудемiз. Қытайға ақпарат құралын жiберу жағы аса күрделi. — Көшi-қон сiздердiң құзырларыңызға кiрмейдi ғой? Дегенмен қанаттас. 1991 жылы алғаш Моңғолиядан көш басталғанда, сiз соның басы-қасында жүрген адамдардың бiрiсiз. Сол кездегiмен салыстырғанда, қазiргi көшi-қонның барысы қалай? — Керiсiнше, көшi-қонды квотаға байламаған кезде, көш өте қарқынды едi. Қалай квота берiп, шектеу қойылды, сол кезден көшi-қон тоқырады деуге болады. Жалғыз мысал келтiрейiн, 1991 жылы Моңғолиядан 45 мың қазақ көшiп келдi, оның өзi айналасы бес-ақ айдың iшiнде. Ал, қалған он жылда сол Моңғолиядан 25 мыңдай қазақ келдi. Демек, көшi-қон үрдiсi баяулады. Қазiр ең жақын мемлекет Өзбекстаннан ғана қазақтарды көшiрiп алып жатырмыз. Квота сонымен ғана орындалып жатыр. — Сонда қай жол тиiмдi? — Квотасыз келгендердi сол алғашқы жылдардағыдай қарқынмен қабылдау керек деп ойлаймын. Барлық әкiмшiлiктерге арнайы тапсырма берiлiп, олардың жергiлiктi қазыналарында оралмандарға деген арнайы бюджет болуы қажет. Сонымен қатар, жыл сайын көшi-қон квотасына бөлiнген көп қаржы игерiлмей жатады. Неге осы қаржыны квотадан тыс келiп, квотаға енудi сарылып күтiп жатқандарға жұмсамасқа. — Алғаш көшiп келген оралмандарды кезiнде баспанамен қамтамасыз ету жолға қойылған едi. Қазiр ондай жүйе жойылды. Әрбiр отбасы мүшесiне 1 мың доллар сыйақы беремiз де, осыған мәз боламыз. Ал, жер телiмдерiн беру мәселесiн неге жолға қоймасқа?.. — Жердiң жекеменшiк нысанға өткенiнiң өзi көңiлге қонбайды. Бүгiн ол Қазақстан азаматтарының қолында тұр дегенмен, ертең бiр iрi алпауыттың шеңгелiне түспесiне кiм кепiл. Сол себептi де ең әуелi Жер кодексiнiң өзiне өзгерту енгiзу қажет. Яғни, жердi бұрынғыдай жалға беру iсiн алға қойған абзал. Ал, тұрғын үй бағасын жасанды түрде шарықтатып жiбердiк. Ол үшiн банкiлерге шетелден келген қазақтарға өз бағасымен тұрғын үйдi сатуды мiндеттесе жақсы болар едi. — Сiз жоғарыда бiрнеше министрлiкке ұсыныс бiлдiрiп, қолдау таба алмай отырғандығыңызды айттыңыз. Жалпы, бұл қоғамдық ұйым. Оның құзыры тым үлкен емес екенi де айқын. Дегенмен, Елбасы бастап отырған Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының өкiлеттiгi жайында айтып өтсеңiз… – Бiздiң ұсыныстарымыздың денi қолдау таппай жатқанымен, бiзбен барлық министрлiктер санасады. Әсiресе, соңғы Қазақтардың III Дүниежүзiлiк Құрылтайынан кейiн бұл мәселе жолға қойылды деуге толық болады. Мемлекеттiк хатшы Оралбай Әбдiкәрiмнiң басқаруымен Қауымдастықтың жұмысына өзге құзырлы мекемелер мен министрлiктер қалай көңiл бөлетiндiгiн бақылау мақсатында комиссия құрылған. Демек, ендi бұдан былай көтерген бастамаларымыз жерде қалмайды ғой деп ойлаймын. Қауымдастық Үкiметтiк iс-шаралар жоспарына қатынасып, көптеген мәселелерi шешiмiн тауып жатыр. Iс-жоспарларымызды Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң Тiл комитетiмен бiрлесiп жүзеге асырудамыз. Сондай-ақ кейбiр министрлiктермен келiсiм-шартқа отырдық. Қазiр елiмiзде 7 мыңға тарта қоғамдық ұйым бар екен. Көбiсiнiң аты бар да, заты жоқ. Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы қанша қоғамдық ұйым болып есептелгенiмен, кейбiр iстеп жатқан iс-шараларымыз атағы таудай министрлiктердiң деңгейiне дейiн жетедi деп толық айта аламын. Мысалы, шетелдегi қазақ балаларының Қазақстанда оқуына мүмкiндiк жасап жатырмыз. Басқа мемлекеттермен арнайы көшi-қон келiсiмi болмаған кезде, оған да бiз тiкелей араластық. Ауғанстан, Иран, Түркия, Сауд Арабиясы елдерiмен келiсiм-шарт орнай қоймады. Сол кезде осы елдердегi қазақтардың көшiп келуiне бiздiң Қауымдастық тiкелей мұрындық болды. Шетелдегi барлық қазақтың қара шаңырағы. Бiрғаным Әйтiмова ханым Бiлiм және ғылым министрi болып тұрған кезiнде Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының жұмысына бiрталай кедергi келтiрдi. Айталық, осы қауымдастықтың жанындағы ғылыми орталықты аккредитациядан өткiзе алмай екi жыл жүрдiк. Тек өткен жылдың желтоқсан айында ғана оның жұмысын заңды түрде тiркеттiк. Бiздiң атқарар жұмысымыздың ауқымы өте үлкен. Мысалы шетелдегi қазақтардың арасындағы таланттылар мен дарындыларды айқындау үшiн зерттеу жұмыстарын жүргiзуiмiз қажет. Ал, осы iс дәл 2 жылға шегерiлдi десе де болғандай. Болашақта шеттегi қазақтар мен келiп жатқан оралмандар арасында әлеуметтiк зерттеу жүргiземiз бе деген ойдамыз. — Қазiр жұрт арасында, әсiресе, зиялы қауым арасында оралмандар туралы жел сөз қаптап кеттi. Бiреуi «масыл» деп даттаса, екiншiсi – «мал айдап қашқан қашқын» деп тiлдеуге дейiн барды. Сiздiңше, осы оралманның саяси-рухани бет-бейнесiн жасауда белгiлi бiр деңгейде жұмыстар жасалынбай жатқан сияқты. — Расында да, менi осындай сөздер бей-жай қалдырмайды. Тiптi, оны өзге емес дипломат тұлғалар айтып жүрсе амалың нешiк. Мұндай пiкiр таратушылар оралманның тарихи рөлiн бағалай бiлмегендiктен, екiншiден тарихтан мақұрым болғандықтан тiл безейтiн сияқты. Қазiр Өзбекстандағы, Ресейдегi, Қытайдағы қазақтардың барлығы өзiнiң тарихи отанында, империялардың үстемдiкпен тартып алған жерлерiнде отыр. Шетелге кеткендердiң саны небәрi 200 мыңның айналасында делiнiп жүр. Бұндай әңгiмелерге тосқауыл қою үшiн Қауымдастық тарапынан көп жұмыс атқарып жатырмыз. Әртүрлi деңгейдегi жиындар мен дөңгелек үстелдер жиi ұйымдастырамыз. «Халықтың көшi-қоны туралы» заң қабылданар тұста «оралман» деген терминге қарсы шыққандардың бiрi едiм. «Оралман» дегенiмiз қазақтарды бiрiне-бiрiн айдап салу үшiн, бөлiнiп-жарылу үшiн ойлап табылған сөз сияқты болады да тұрады. Мысалы, немiстер шетелдерден келiп жатқан немiстерiн немесе Израиль еврейiн, Ресей орысын «оралман» деп айдарлап, ат қойған жоқ. Онда дәл бiздегiдей проблема болып жатқан да жоқ. Бiзде шетелден келген қазақтардың арасында «сен тұр, мен атайын» дегендей сайдың тасындай небiр мақтаулы тұлғалар көп. Олар туралы әңгiме аз естимiз. Қоғамдық пiкiр оралман туралы тек жағымсыз түрде қалыптасқан. Менiңше, бұл Парламентте немесе мемлекеттiк қызметте шеттен келген қандастарымыздың болмауынан туындап отырған сынды. — Оралман проблемасының туындап отырғаны қазақ проблемасына байланысты деп ойламайсыз ба? — Әрине, ұлттық проблемадан оралман проблемасы туындап отыр. Бiзде ұлттық саясат бiрiншi деңгейден емес. Тiлiмiз әлi жетiм баланың күйiн кешiп жүр. Қазақстан Халықтары ассамблеясының ХII сессиясында Елбасы мемлекеттiк тiлдiң көсегесiн көгерту жайында қандай керемет сөйледi. Бiрақ, аз өткен жоқ, Конституциялық кеңестiң төрағасы Роговтың заңнама берген түсiнiктемесi басқаша болды. Қазiр осы Рогов пен Мусиннiң тапсырмасы бойынша, iс-қағаздардың бәрiн екi тiлде жiберетiн болды. Президенттiң айтқаны неге далада қалады? Мен осыны түсiнбеймiн. — Оралмандардың бейiмдеу орталығын ашу туралы мәселеге көзқарасыңыз қалай? — Бейiмдеу орталықтары бiзге ауадай қажет. Былтырғы Мемлекеттiк комиссияның жиылысында Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Қарағұсова ханымның өзi бiрнеше бейiмдеу орталығын ашамын деп уәде берген екен. Қазiр Маңғыстау облысында ашылып жатқан көрiнедi. Германия мен Израильден бiздiң табиғи ресурстарымыз да, байлығымыз да артық болмаса кем емес. Олардағы бейiмдеу орталықтары туралы бiз ежелден айтып келемiз. Бiрақ, iс жүзiнде жүзеге асыра алмай отырмыз. Алғаш Қазақстан топырағын басқан ағайындардың әуелi баратын жерi жоқ. Бейiмдеу орталықтары осы үшiн қажет. Мұнда жаңа келген қандастарымыздың денсаулығын тексерiп, мамандығын анықтап, тiлдi бiлу деңгейiн ескерiп, жұмыс iстелсе, қазiргi қордаланған проблемалардың көбi болмас едi. Жаңағы елдердiң тәжiрибесi бойынша, жаңа келген немiс немесе еврей 6 айдан 1 жылға дейiн бейiмдеу орталықтарында тiрлiк етедi. Осы уақыт аралығында тiл үйренуiне де, белгiлi бiр мамандыққа, кәсiпке баулуына да мүмкiндiк болатын көрiнедi. Сосын қолына төлқұжатын ұстатып, мамандығына сай жұмыс бередi. Тұратын баспанасын да шешiп бередi екен. Бiзде шеттен келетiн қазақтардың iшiнде қазақша бiлмейтiнi жоқ. Ал, алфавиттi үйрету мәселесi туындайды. Тiл үйреткеннен гөрi алфавиттi үйреткеннiң жарасы жеңiл ғой. Қытайдан келгендер қазақша сайрап тұр, кириллицаны бiлмейдi, Еуропа қазақтары латын жазуымен оқиды. Жалпы, осы тұста латиницаға көшу туралы бастаманы өз басым қос қолдап тұрып қолдаймын. Қазiр бiзге келген хаттардың денi латын харпiмен келедi. — Демографиямызды сауықтырудың басты жолы ретiнде – шеттегi 5 миллион қазақты көшiрiп әкелу мәселесiн айтып жүрмiз. Бұған сiздiң қосарыңыз бар ма? — Бұл үшiн шетелден Қазақстанға келiп оқып жатқан қазақ жастарының Қазақстанда қалуына жағдай жасау керек. Сондай-ақ, қазақ диаспорасының балаларына жыл сайын бөлiнетiн 2 пайыздық бiлiм гранты тым аздық етедi. Осы грантты көбейтiп, оқуға ынталы жастарымызды елiмiзге көптеп әкелу мәселесiн қолға алған жөн. Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы дәл осы мәселеге байланысты Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiне өз ұсыныстарын жiберген. Бұнда шетелден еңбек күшiн алу барысында, сол мемлекеттегi маманды қазақ жастарын көбiрек тартуға көңiл бөлiнсе. Бұл да демографиямызды оңдаудың оңтайлы шараларының бiрi болар едi. Бiзге шетелдiк маман иелерiнiң атынан талай хат келiп түстi. Олардың айтуынша, Қазақстан шеттен жұмыс күшiн шақырған кезде қазақ ұлтының өкiлдерiнiң болу-болмауына аса мән бермейдi екен. Соның салдарынан талай шетелдiкке пана болып жатқан Қазақстанға өз қазағымыз келе алмайды. Бұл ұсынысымызға да жауап күтiп отырмыз. — Ботагөз апай, әңгiмемiз демография, көшi-қон туралы болып отыр ғой. Өзiңiз демографияға қандай үлес қостыңыз? — Қауымдастықтың қолдауымен биыл тәуелсiздiктiң 15 жылдығына орай, мемлекет тарапынан жоғары сыйлыққа, II дәрежелi «Достық» орденiмен марапатталдым. Бұл менiң көшi-қон саласындағы еңбегiмнiң еленгенi болар деп ойлаймын. Осы орайда менiң еңбегiмдi жоғары бағалаған Қауымдастыққа алғысымды бiлдiремiн. Сондай-ақ, өзiм 4 бала тәрбиелеп өсiрдiм. Бұл менiң жеке үлесiм болмақ. — Рахмет!Әңгiмелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ