ХАЛЫҚТАР АССАМБЛЕЯСЫ 12 ЖЫЛДЫҒЫН ҚАЛАЙ ТОЙЛАДЫ?

ХАЛЫҚТАР АССАМБЛЕЯСЫ 12 ЖЫЛДЫҒЫН ҚАЛАЙ ТОЙЛАДЫ?

ХАЛЫҚТАР АССАМБЛЕЯСЫ 12 ЖЫЛДЫҒЫН ҚАЛАЙ ТОЙЛАДЫ?
ашық дереккөзі
157

Таяуда Қазақстан халықтары Ассамблеясына аттай 12 жыл толды. Осы уақыт аралағында «халықтар ассамблеясы» аталып жүрген құрылым қандай жетiстiктерге жеттi? Тiзiп көрелiк: Қазақстандағы диаспора өкiлдерiн «ұлт» деңгейiне жеткiздi, өзге ұлт өкiлдерiн қазақ пен мемлекеттiк тiлдiң аясында топтастырудың орнына, орыс пен орыс тiлiнiң аясында жинақтады, «қазақстандық ұлт» идеясын астыртын жүзеге асырып келедi, орыс тiлiне «халықтар арасындағы қатынас тiлi» деген мәртебе сыйлады, тағысын тағылары. Бұл құрылымның қайсыбiр «жетiстiгiн» айтайық, ең бастысы, ассамблеяға қарасты кейбiр орталықтар алдағы уақытта Парламентке өз ұлт өкiлдерiн жеткiзудi көздеп отыр. Әсiресе кейбiр орыс-славян ұйымдары Мәжiлiсте орыстардың аздығына қатты алаңдаулы.

«Бөлiп ал да, билей бер»…

Посткеңестiк елдерде «ұлттық мемлекеттердiң» қалай құрылып жатқандығын мақтаудан жалықпаймыз. Балтық жағалауы елдерi мен ТМД аумағындағы мемлекеттердiң барлығы дерлiк ұлттық негiзде, бiр тiл мен бiр дiннiң аясында қалыптасып жатыр. Қазақстан билiгi экономикалық жетiстiктерiн жырлап мақтанғанда, алдына жан салмайды. Бiрақ мемлекеттiң қалыптасуы тұрғысынан елiмiздiң артта келе жатқанын несiне жасырамыз. Ең алдымен, ұлттық тұрғыдан бiздiң басымыз бiрiкпеген. Нелiктен? Себебi Қазақстанда тұратын диаспора өкiлдерiн қазаққа жақындастырып, «қазақ ұлтының» қалыптасуы үшiн мемлекеттiк деңгейде тиесiлi шаралар атқарылып жатқан жоқ. Есесiне «қазақ боламын» деген өзге ұлт өкiлдерiн бөлiп-жарып: «Тоқтай тұр, сен – орыссың, сен – ұйғырсың, сен – сығансың, сен… (130 диаспораның атын толықтай бiлсеңiз, ары қарай жалғастыра беруiңiзге болады)» – деп, көздерiне шұқып, мәдени орталықтарын ашып берiп, қазақтан аластатудың амалдарын жасаған. Қазiргi күннiң ащы шындығы сол, Қазақстанда екiтүрлi ұлт қалыптасып жатқандай. Бiр жағында – ҚР-ның мемлекеттiк тiлiнде сөйлейтiн мемлекет негiзi қазақ ұлты болса, екiншi жағында – «ұлтаралық қатынас» тiлiнде сөйлейтiн ең iрi диаспора – орыстар мен оның жанында топтасқан өзге де 129 диаспора өкiлдерi. Қазақтар әу бастан елiмiзде тұратын түркi тiлдес диаспора өкiлдерiн өзiне тартуға тырысады. «Тiлiмiз – бiр, дiнiмiз – бiр» – дегендей бауырмалдық қой бұл. Бiрақ Теңiз бен Шелекте орын алған оқыс оқиғалар қазақтың қазақтан басқа бауыры жоқтығын аңғартқан жоқ па?! Бүгiнгi таңда күллi әлемде 15 миллионнан астам қазақ тұрса, Қазақстанда оның 9 миллионы тұрады. Яғни, қазақтың өзi қазақ тiлiн дамыту үшiн елiмiздегi азды-көптi түркi тiлдес диаспора өкiлдерiне тәуелдi болып отырған жоқ.

«Бөлiп ал да, билей бер» қағидасы – өте өмiршең саяси құралдардың бiрi. Егерде елiмiзде күнi бүгiнге дейiн «қазақ ұлты» толыққанды қалыптаспаса, бұған азды-кемдi диаспора өкiлдерiн кiнәлаудан адамыз. Себебi өзге ұлт өкiлдерiн қазақтан аластатып отырған да – мемлекеттiң керiтартпа саясаты мен осы саясат аясында дүниеге келген «халықтар ассамблеясы» сынды құрылымдар. Бұл құрылым – күнi бүгiнге дейiн билiктiң айтқанынан шықпай келе жатқан институт. Мемлекет қалыптастырушы – қазақ ұлты мен мемлекеттiк тiлдiң дамуына онша үлес қоспаған ассамблея кейбiр билiк өкiлдерiнiң «қолшоқпарына» айналып отыр. Содан болар, ассамблея құзырының арта түсуiне, ең алдымен, бiрқатар билiк өкiлдерi мүдделi сияқты.

Елбасы өзiнiң 2006 жылғы халыққа арнаған Жолдауында Халықтар ассамблеясының атын «Кеңес» деп өзгерту жөнiнде ұсыныс тастаған едi. Тiптен, қажет болса, заң қабылдау қажеттiгiн де екшеп айтқан. Жоғары мiнберлерден айтылған тағы бiр «жоғары ой» – билiк тармақтарында өзге ұлт өкiлдерiнiң тым аздығы. Елiмiз көпұлтты әрi көпконфессиялы болған соң, билiк те «көпұлтты әрi көпконфессиялы» болуы қажет екен. Бұған елiмiздегi бiрқатар ұлттық ұйымдар қарсы шыққанын бiлемiз. Қазақ зиялыларының бар ойы – «билiкке адам ұлты бойынша емес, елiмiз бен мемлекеттiк тiлдiң дамуына қосқан үлесi мен саясаткерлiк қасиеттерiнiң арқасында қол жеткiзуi керек» дегенге саяды. Осы орайда «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшiмнiң: «Аз ұлттардың 130-ға жуық екендiгiн ескерсек, барлық орынды соларға берiп, қазақтарды қой бағуға ғана жiберу керек» – дегенi орынды сияқты.

Ассамблеяның құзырының өсуiн осы құрылымның мүшесi, тiл жанашыры Асылы Осман да қолдап отырған жоқ. Кезiнде Асылы апай бiзге берген сұхбатында: «Ассамблеяның құзырын өсiргенде, бұдан артық не iстемекшi?! Мұнда қазақ – барлығының ұйытқысы. Қазаққа жақсы болса ғана өзгеге жақсы болады. Өзгеге жақсылық болып, қазаққа жақсылық болмаса, Қазақстанда да жақсылық орнамайды» – деген едi. Отандық саясаттанушылар да ассамблеяның құзырын қай бағытта өсiрмек дегендей сауалға шомып, бiр тоқтамға келмей отырған сияқты. Бiрақ ассамблеяның құзырын өсiрiп, оның өзге ұлт саясаткерлерiнiң түлеп ұшар «трамплинiне» айналуын «армандап« жүрген адамдар да бар. Қазақстандағы орыс мүддесiн қолдап жүрген орыс-славян ұйымдарын айтамыз. Билiктiң ұсынысын олар оң қабылдап, тiптен, Парламентке барар өкiлдерiн дайындауға да асығып отырған жоқ па?! Бiрақ мұндай саясат жүзеге асса, көпшiлiк «Қазақстанда аз ұлт өкiлдерiнiң өз күшiмен саяси деңгейде өсуiне жол жоқ екен, сондықтан билiк ассамблея iшiнен «болашақ саясаткерлер» дайындамақ» – дегендей ойға келмесiне кiм кепiл?! Ал, мұндай ой билiкке де, Қазақстанға да абырой әкелмесi белгiлi.

Түйiн. Қалай дегенмен де, қазаққа бiрде-бiр пайдасы тимеген Халықтар ассамблеясы 12 жылдыққа аяқ басты. Талай саяси-ұлттық ұйымдар тарих қойнауына енiп жатса да, ассамблеяның өмiршең болар түрi бар. Себебi ол – тiкелей билiктiң құзырында. Қазақстандағы «көпұлттылық пен көпдiндiлiктiң» символына айналған құрылымның әлемде аналогы да жоқ сияқты. Бiрiккен Ұлттар Ұйымының өзi – республика iшiндегi емес, әлемдiк деңгейде әрбiр елдiң өкiлiн жинаған құрылым. Ассамблеяны кейде БҰҰ-мен салыстырып отырады. Бiрақ қазiрше қазаққа Халықтар ассамблеясынан гөрi БҰҰ-ның еңбегi көбiрек сiңген сияқты. Себебi БҰҰ-ның қазақ пен қазақ тiлiне тигiзген зияны жоқ, яғни оның пайдасы да осында.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары