САКСОФОНДА ОЙНАҒАН ИНЖЕНЕР «ДОС-МҰҚАСАННЫҢ» АЛҒАШҚЫ ЖЕТЕКШIСI

САКСОФОНДА ОЙНАҒАН ИНЖЕНЕР «ДОС-МҰҚАСАННЫҢ» АЛҒАШҚЫ ЖЕТЕКШIСI

САКСОФОНДА ОЙНАҒАН ИНЖЕНЕР «ДОС-МҰҚАСАННЫҢ» АЛҒАШҚЫ ЖЕТЕКШIСI
ашық дереккөзі
223

Аты аңызға айналған «Дос–Мұқасан» ансамблiнiң негiзiн қалаушы және бiрiншi жетекшiсi, композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген қайраткерi, белгiлi ғалым, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетiнiң ректоры Досым Сүлеев бүкiл ғұмырын техника саласына арнап келедi. Досым аға талантты композитор ретiнде Қазақ радиосы мен телевизиясының алтын қорына 20-дан астам танымал әндерi мен шығармаларын сыйлады. Бүгiнде алпыстың асуына шыққан Досым ағамен мерейтойы қарсаңында жолығып, сұхбаттасқан едiк.

– Досым аға, Мұрат Құсайынов, Бақытжан Жұмадiлов туралы әңгiме бiр басқа, ал, сiздiң ән салып, ансамбльде өнер көрсеткенiңiз бiз үшiн жұмбақ болатыны рас. Оның себебi, ол кiсiлер өмiрбақи өнерде жүр, ал, Сiз техника ғылымдарының докторы боп кеттiңiз.

– Алғашқы кезде ешқайсымыз да өнерде болатынымызды бiлген жоқпыз. Тiптi, өнерге кетемiз деп те ойлаған жоқпыз. Бала кезiмнен әке-шешем менiң инженер болғанымды қалайтын. Ол уақытта автоматика, энергетика салалары ендi-ендi дами бастаған кез. Оның үстiне, менiң математикам, физикам да өте жақсы болатын. Төртiншi класта оқып жүрген кезiмнен бастап-ақ, «инженер боласың» деп құлағыма құя бердi, құя бердi. Сондықтан ба екен, менiң ойымда инженерлiктен басқа ешнәрсе болмайтын. Кентау деген ол кезде шағын ғана қала болатын. Сол жылдары бiздiң Кентауда музыкалық мектеп ашылып, ата-анам бiздi, яғни қарындасым екеумiздi әлгi мектепке оқуға бердi. Қазiр ойласам, әке-шешем үлкен ақылдылық жасаған екен. Сөйтiп, мен баян класына, қарындасым фортепьянаға барды.

– Ата-анаңыз сiздiң өнерге бейiмдiлiгiңiздi байқаған шығар…

– Бiлмеймiн. Ол кезде кiшкентай болдық қой. Мектепке қабылдау үшiн арнайы байқау өткiзiлдi. Байқаудың не екенiн түсiнбеймiз?! Екi нотаны көрсетедi де, соны қайта көрсетiп беруiмiздi сұрайды. Бiз оны қайта көрсетiп бердiк. Сонымен, комиссия мүшелерi «сен қабылдандың» дедi. Сөйтсем, музыкаға қабiлетiм бар екен. Сөйтiп жүрiп баянды үйрендiм. Онда музыкалық аспаптар кiшi қалаларға квотамен ғана түседi. Мәселен, биыл бiр мектепке екi баян, бiр фортепьяна деген сияқты қабылдап отырады. Оның көбiн бастықтар алып қояды. Мен үшiн әкем баянды Полтоваға тапсырыс берiп жүрiп алдыртты. Оның өзi үш айдан кейiн ғана келдi. Ал, қарындасыма фортепьянаның суретiн сызып берген. Сегiз айға дейiн соны сызып, үйренiп жүрдi. Сөйтiп жүрiп музыкалық мектептi бiтiрдiк қой. Бала кезiмдегi әке-шешемнiң айтқанымен, инженерлiк мамандықты таңдадым. Инженер болу үшiн техникалық оқу орнын таңдайсың ғой. Мен де политехникалық университетке құжат тапсырдым. Бiр орынға он үш адамнан екен. Оқуым жақсы болған соң жолым болған шығар, сол жылы оқуға түсiп кеттiм. Автоматика және есептеу техникасы факультетiнiң студентi атандым. Онда музыкант боламын деген ойымда да жоқ. Рас, Кентауда музыкалық мектепте оқып жүргенiмде, кластағы балалардың көбi үрмелi оркестрге барып, өнер көрсететiн. Жолдастарым маған да «жүр-жүр» деп қоймаған соң, бiрге барып, сол жерде кварнет үйрендiм. Кварнет пен саксофонның механизмi бiрдей. Сөйтiп жүрiп, саксофонды да үйренiп алдық қой. Оркестрде мен де ойнаймын. Ол кезде Кентауда тұратындардың көбi орыстар мен гректер. Солардың арасында жалғыз қазақ, кiп-кiшкентай боп, мен саксафон ойнап тұратынмын. Университетке оқуға түскеннен кейiн, күздiң алғашқы айларында студенттердi құрылыс отрядтарына жұмысқа жiбередi. Қостанай, Орталық Қазақстанға бидай жинауға барамыз. Сол жақта жүргенде, Мейiрбек пен Мұрат гитара ойнауды сәл-пәл үйренiп алыпты. Гитарамен ән салып көрсек, бiрдеңе шығатын сияқты. Оның үстiне, араларында менiң ғана музыкалық қабiлетiм бар. Сөйтiп бiрiгiп, қазақша ән сала бастадық. Әуелде жатақханаларда ән айтып жүрдiк. Қыздардың бөлмелерiне барып, ән салып беремiз. Сөйтiп жүргенде бiздi басқа университеттерге шақыра бастады. Сосын бiз шындап дайындалып, екi дауыспен, үш дауыспен ән айта бастадық. Телеарнадан жарияланған байқауларға қатысып, бағымызды сынап көрiп едiк, алдыңғы жүлделi орындарды иемденiп, жеңiмпаз атандық. Ол кезде гитарамен ән айтатын қазақтар көп емес. Сөйтiп жүрiп, музыкалық аспаптар сатып ала бастадық. Әуелi, Мейiрбекке гитара сатып алдық. Сосын жiгiттер картошка жинап, содан тапқан ақшасына маған саксофон сатып әпердi. Барабан алып бердi. Бес аспабымыз сай болған соң, әртүрлi байқауларға қатысатын болдық. Халық та сондай бiр ансамбльдi аңсап күтiп жүрдi ме, бiлмеймiн, бiрден көтерiп әкеттi. Ал, «Той жыры» шыққаннан кейiн, тiптен дүркiреп кеттiк қой.

– Онда әлi ансамбльдiң аты «Дос-Мұқасан» бола қойған жоқ шығар…

– 1967 жылы Баянауылға құрылыс отрядына бардық. Саня онда тау-кен факультетiнде оқитын. (Александрды бәрiмiз Саня деп атап кеткенбiз) «Ансамбльдегiлер бәрiң бiрге болыңдар» деген соң, бәрiмiз бiрге барып, ХСО да жұмыс iстедiк. Әуелi мәдениет үйiн салдық. Ол үйде алғашқы концерттi де бiз қойдық. Онда ансамбльдiң құрылғанына бiр жыл болған. Репертуарымыз бар. Сахнаға шығып, өнер көрсетiп едiк, бүкiл зал дүркiреп, қол соғып шу болып кеттi. «Тағы айтыңдаршы, тағы қойыңдар» деп қайта-қайта сұрап, тағы да бiр концерт қойғызды. Бiздiң құрылысымыз халықаралық деңгейде болған соң, шет елдiк жастар да жұмыс iстедi. Сол шет елдiк студенттердiң басшысы бiзге келiп: «Жiгiттер, тамаша ансамбль екен. Мен сендерге ат таптым» дейдi. «Қандай?» десек, «Дос-Мұқасан» дейдi. Орысшаға келмейдi. Қазақшасы да бiртүрлi. «Ешқандай мағынасы жоқ, сендердiң есiмдерiңнiң бiрiншi буындарынан құралған. Дос-Досым, Мұ-Мұрат, Қа-Қамит, Сан-Саня. Араларыңда сызықша болуы керек» дедi. Онда не жаспыз? Сызықша қойылып, аттарымыз бадырайып тұрған соң, ұнамаушы ма едi. Атымыз ұнап тұр. «Дүниежүзiндегi аттары белгiлi, дүркiреп тұрған ансамбльдердiң көбi «Лос-Парагвай», «Лос-Анжелес» деп жазылған. Солардың жолын берсiн деп, осылай деп қойдым» деп қояды. Содан, ансамбльдiң атын осылай атадық. Сөйтiп, «Дос-Мұқасан» боп жүргенiмiзде, қалалық партия комитетiнiң хатшысы шақырып алып: «Досым, «Дос-Мұқасан» деген не пәле? Одан да, «Юность» «Жастар», «Тұлпар» деп қоймайсыңдар ма?», дейдi. Жаспыз ғой, атымыз дүркiреп тұр. «Жоқ, ендi болмайды. Бiздi көпшiлiк «Дос-Мұқасан» деп таниды» деп бiз де бой бермеймiз. Содан ол кiсi «Ендi не iстеймiз? Осылай тарап кетiптi» деп ректорға хабарласты. Сөйтiп жүргенде университет бiтiретiн уақыт та келдi. Ансамбльдiң мүшелерiнiң бәрi жақсы оқимыз. Мейiрбек «Ленин» стипендианты болатын. Университеттiң сахнасында өмiрбақи жүрмеймiз ғой. Әркiм өз жолымызды табуымыз керек қой.

– «Анамның инженер бол» дегенi тағы бар дейсiз ғой.

–Иә. Бiрақ, ансамбльдi де қимаймын. Бәрi таниды. Көшеге шыға алмайсың. Пластинкаларымызға дейiн шығып кеткен. Өздерi жаздырып, бiр сомнан шығарады. Ой-сұмдық пайда тапты ғой.

– Сiздер қандай пайда таптыңыздар?

– Ол кезде пайда табу дегендi бiлмеймiз ғой. Бiзге атақ қымбат. Жаспыз ғой. Комсомол «концерт бересiңдер» деп шақырып, әр концертке алты сом төлейтiн. Алты сом дегенiңiз, бiрталай ақша, ол кезде. Күнiне бес-алты рет концерт беремiз. Сонда барлығы 30 сом болады.

– Ол уақытта дыбыс жазу, фонограмма деген мүлдем жоқ шығар..

– Әрине, жоқ. Аспаптарымызды аламыз да, концерт қоя беремiз. Айтып отырмын ғой, онда бәрi таниды. «Дос-Мұқасан» десе, елдiң бәрi елең ете қалатын кез ғой. Қазақша бiлмеймiн. Мектепте бiр класта жалғыз қазақ баласы мен болдым. Қалғанының бәрi орыстар мен гректер. Қаланы салған да сол гректер ғой. «Дос-Мұқасан» шыққаннан кейiн, әр-әр жерлерге шақырады. Ансамбльдiң жетекшiсi ретiнде, маған сөз бередi. Алғашында, сөйлей алмай қиналатынмын. Кейiн намыстанып жүрiп, қазақшаны үйренiп алдым. Сөйтiп, ансамбльдi қимай, тағы бiр жылға қалдық. Университетке аға инженер ретiнде жұмысқа қалдырды. Онда университетке де атақ керек қой. Қайда барсақ та, «политех, политех» деп шулап жататын. Университетке жұмысқа қалардың алдында ректорға: «Бiр жылдан кейiн, Мәскеуге аспирантураға жiберсеңiз» деп өтiнiш жасадым. «Жарайды, бiр жыл өткеннен кейiн жiберейiн» дедi. Бiрақ, бiр жылдан соң, тағы бiр жылға қалуымды өтiндi. «Жарайды» дедiм де, «Бiрақ, келесi жылы қалайда аспирантураға жiбересiз» деген уәдесiн алдым. 1973 жылы Мейiрбек пен Хамит Мәскеуге кеттi. «Жан досым« деген әндi сол кезде жазғам. Тағы бiр жылға қалдық. Минскiде өткен кәсiпқой ансамбльдердiң бүкiлодақтық фестивалiне қатысып, кәсiпқой ансамбль болмасақ та, екiншi орынды иемденiп қайттық. Берлинде өткен халықаралық конкурста лауреат атандық. Одақта танымал болған кезiмiз. Менiң Мәскеуге сұранып жүргенiмдi естiген, сол кездегi мәдениет министрi Еркiнбеков шақырды. «Өнерде қала берсеңшi, атақ беремiз, жағдайыңды жасаймыз» дедi. «Жоқ, болмайды» дедiм. Қимаймын, дегенмен өзiмше шешiм шығаруым керек қой. Жолдастарыммен қимай қоштастық. Мен Мәскеуге аттанардан бiр күн бұрын жiгiттер автобусқа тапсырма берiп, тауға шығып қайттық. Ансамбльдiң жетекшiсi қылып, Мұратты сайладық. Сол күнi түгелiмен менiң әндерiмдi орындады. Жылап, бiр бiрiмiздi қимай қоштастық. Осылай тағдырымыз шешiлдi. Басында ансамблiмiздiң осындай танымал болатынын Мұрат та, Бақыт та бiлген жоқ. Кейiн бiр жылдан кейiн, намыс болды, ұмтылыс, мақсат болды. Шынын айтқанда, танымал болуға тырыстық. Бiрақ, әрқайсымыздың жолымыз әртүрлi. Әрқайсымыз өздерiмiздiң тағдырымызды ойлай бастадық. Менен кейiн бiр жылдан соң, барабаншы жiгiтiмiз кеттi. Мұрат пен Бақытжан кәсiпқой ансамбльге кеттi. Мәскеуге барсаң, бiрден кандидат болып кетпейсiң ғой. Мәскеуде оқыдық, ғылым жолына түстiк. Қорғадық. Мiне, содан берi жоғары оқу орында келе жатырмын.

– «Инженер болады» деген баласының ансамбль құрып, ән айтып жүрген сәттерiн ата-анаңыз қалай қабылдады? Ауылдағы ата-ананың психологиясы белгiлi, ауылдағылардың әртiстiк деген шайтанның iсi дейтiнi тағы бар.

– Оның рас. Бiрақ, менiң сахнаға шығып, өнер көрсетiп жүрген кездерiмде ата-анам да риза болып жүрдi. Арнайы Кентауға барып, орталық алаңда ән салғанымызда, бүкiл аудан, ауыл басшылығы ата-анамды көтерiп әкеттi. Әке-шешемдi бүкiл кентаулықтар танитын болды. Бiрақ анам бiр күнi демалып жатқанымда жаныма келiп: «Ендi әртiс боп қаласың ба?» деп сұрады. «Әртiс болайын ба?» десем, «Балам, әртiс болған соң, отбасын құру деген өте қиын. Уақытыңның көбi гастрольмен өтедi. Бiздiң немере сүйгiмiз келедi» дедi. Күлдiм де: «Жарайды» деп уәде бердiм. Ансамбльдi тастауыма осы да себепкер болған шығар…

– Кейiн өкiнiш болған жоқ па? Ансамбльде қала бермеппiн ғой дегендей…

– Өкiнiшiм жоқ. Техника саласында жүргенде де, абыройсыз болған жоқпын. өз бағымды таптым десе де болады. Егер жолым болмай, сәтсiздiктер боп жатса, өкiнер ме едiм. Әрнәрсе өз кезiнде болуы керек. Бүгiнгi өмiрiме қанағаттанам.

– Сол бiр кездердi әлi де сағынатын шығарсыз…

– Әрине, сағынбағанда ше… Нағыз жастық шағымның қайнаған уақытында ансамбль құрдық. «Ай-хай жиырма бес» деп жүрген шағымыз ғой. Ол кезде бiр күнде, он-он бес, тiптi жиырма бес концертке дейiн өткiзетiнбiз. Қазiр әншiлер бiр концертке адам жинай алмайды. Ал, екi концерт өткiзуге тiптен де шамасы келмейдi. Бiздiң концерттерiмiзге ауылдардан автобуспен адамдар келiп көрушi едi. Әлi есiмде, сарайдың жаңадан ашылған кезi. Алғашқы концертiмiздi өткiзейiн деп жатырмыз. Сарайдың есiктерiн Чехиядан алып келген. Iшке кiре алмаған көрермен сол есiктердi сындырып кiрiптi. Бiр күнде он концерт берген шығармыз. Сөйтсек, билеттерiмiз студенттерге жетпей қалыпты.. Обкомның, горкомның басшылары билеттердiң бәрiн ағайын-тумаларына таратып берген ғой. Содан студенттер «Искусство принадлежит народу» деген лозунг алып, алаңға шығыпты. Сөйтiп, комсомолдың бiраз қызметкерлерiн орындарынан алып тастапты. Оның бәрiн ол кезде бiлмеймiз. Кейiнiрек естiдiк қой. Сыртымыздан адамдардың тағдыры шешiлiп жатыпты ғой. Әрине, ол кездер ешқашан да ұмытылмайды ғой.

– Ән шығардым деп жатырсыз, демек, композиторлық қасиетiңiз де болғаны ғой, шамасы.

– Музыкалық қабiлетiм болды. Оның үстiне, нота бiлем. Ең алғаш 1968 жылы «Ғашықпын» деген ән жаздым. Сөзiн Лұқпан жазды. Лұқпан бiздiң ансамблiмiздiң ақыны. Кейiнiрек «Той жыры» шықты. Бұл да екеумiздiң бiрлескен туындымыз. «Той жыры» қалай шықты? Алғашында танымал ән болады деп ойлағам жоқ. Мұрат Құсайынов арамыздан ең бiрiншi болып үйленетiн болды. Бiр айдан кейiн той болады. «Не сыйлаймыз?» деп ақылдастық. Жiгiттердiң бiреуi: «Ең дұрысы, ән сыйлайық» дедi. Сөйтiп, бәрiмiз бiр ауыздан осыған келiсiп тарқастық. Кейiн ұмытып кетiппiз. Той болатын күнi жанталасып, «Қайда?» десем, Лұқпан: «Сөзi, мiне» дейдi. Сөйтiп отырдым. Ән жарты сағатта шықты. «Той үстiнде» деп бердiк. Бiрақ, айтылды да, ұмытылды. Репертуарды әр жылы ауыстырып отырамыз. Жаңа репертуар дайындап жатқан кезде, баяғы «Той жырын» еске алдық қой. Оны да еске түсiрген Мұраттың өзi. Мұрат: «Сендер маған ән сыйлап едiңдер ғой. Соны орындап көрейiк» дедi. Аранжировкасын жасадық. Қалай болатынын бiлмеймiз? Өзiмiзге ұнап тұр. Сахнаға алып шықтық. Көрерменге бiрден ұнап, ел арасына тарап кеттi. Қай жерге барсаңыз да «Той жыры» орындалатын болды. Авторлардың құқығын қорғайтын басқарма бар. Сол жерге барып, композиторлар, авторлар әр айдың ортасында қаламақы алатынбыз. Басында он сом болатын, кейiн одан екi есе, тiптi үш есе өсе бастады. Бiр-екi жылдай алып жүрдiм. Бiрде тiптi төрт жүзден аса ақша алдым. Барсам марқұм Әсет Бейсеуов пен Нұрғиса Тiлендиев те алайын деп тұр екен. Нұрғиса ағамыздiкi екi жүз сом, менiкi төрт жүзден асып кеткен. «Ей, балам, бөлiсу керек қой» деп қалжыңдайды. Одаққа танымал әр ансамбль әр республиканың әндерiнен репертуарларын толықтырады. Сонда Қазақстанда қандай ән бар деп iздейдi ғой. Көбiсiнiң алатыны екi ән. Латиф Хамадидiң «Қазақ вальсi», екiншiсi – «Той жыры». Кейбiрi «Қазақ вальсiн» классикалық дейдi де, «Той жырын» ұнатады. Сосын сол әндi шығарған адамға ақша төлейдi. «Той жырын» Одақ көлемiнде орындайды. Көбiнде музыкасын орындайды. Кейбiреулер орысша орындайды. Грузиндер қазақша орындап шықты. Ритмi, музыкасы жақсы, сосын орындайды. Сөйтiп жүрiп, танымал ақын ағаларымыздың өлеңдерiне де ән жаза бастадым. Тұманбай Молдағалиев, Мұхтар Шаханов сияқты ақындардың өлеңдерiне ән жаздым. Мұхтардың да ол кезде жас кезi. Тамаша бiр ән болып шықты. Кейiн жинағына енгiзiп шығарды. Қазiр Мұхаңның өлеңiне ән жаздым деп мақтанамыз да.

– Аспирантураны бiтiрiп, ғылыммен айналыса бастаған кезде де ән жазып жүрдiңiз бе, әлде жұмысбасты болған соң, оның бәрi екiншi кезекте қалып қойды ма?

– Ән жазбай кеткенiм рас. Партияда жұмыс iстедiм. Күндiз-түнi жұмыста жүресiң. Кейде мерейтой кезiнде ақсақалдар жолығып тұрамыз. Он бес жылдан кейiн ансамбльдiң жиырма бес жылдығында жиналдық. Жиырма бес жылдықта саксафонды орындағанымда, жiгiттер «қалай ұмытпайсың?» деп күледi. Саксафонды түнде ұйқыдан тұрып та орындап бере алам.

– Бос уақыттарда аспабыңызды қолыңызға алып ойнайтын шығарсыз?

– Бос уақыт деген болмайды. 9-10-ға дейiн жұмыс iстейсiң. Қайдағы өнер? Қазiр қайта ептеп болса да, уақыт табатын болдық. Қазiр үш-төрт ән жаздым. Соны шығарсам ба деп жатырмын.

– «Дос-Мұқасаннан» ескерткiш ретiнде бейнефильмдер, таспалар сақталмады ма?

– «Қазақтелефильм» деректi фильм шығарған. Содан бiразы қалған. Бiрақ, сапасы өте нашар. Бәрi бұзылып кеттi. Көп әндерiмiз жоқ. Уақыт болса, соның бәрiн ретке келтiрiп, қайта жазайық деп едiм. Тiптi, суреттер де көп қалмапты. Жинап-жинап бiр нәрсе шығармақпыз. Биыл ансамбльге қырық жыл толады екен.

– «Дос-Мұқасанға» арнап, ескерткiш ашылады екен деп естiп едiк…

– Ансамбльдiң туған жерi – Баянауыл. Сондықтан, сол жерде ескерткiш қоймақшы. Қырық жылдығымызға орай, күз айында тұсауы кесiлмек. Сонда шақырып жатыр. «Дос-Мұқасан» ән фестивалi биыл үшiншi рет өткiзiлгелi жатыр. Фестивальдiң жүлдегерлерiне сыйлықты өзiмiз тапсырамыз. Үлкен концерт қоямыз. Осы жылы үш концерт бермекпiз. Астанада, Алматыда, Павлодарда алғашқы құраммен бермекпiз.

– «Дос-Мұқасанның» iзбасары ретiнде жаңа «Дос-Мұқасанды» құру ойларыңызда жоқ па?

– Мiндеттi түрде құрсақ, ол ансамбльден ешнәрсе шықпауы мүмкiн. Дұрыс қабылданар-қабылданбас, алғашқы ансамбльмен салыстыруға болмайды. Ең қызығы, бұйрықпен ешнәрсе жасауға болмайды екен. Оның да өз уақыты болады. Ансамбль деген өзiнен-өзi шығуы керек. Бiзден кейiн де қанша ансамбльдер шықты. Бiрақ, олар бiр жыл ары кетсе, үш жылдан кейiн тарап кетiп жатты. Сондықтан, мiндеттi түрде шығарамыз деген болмайды. Аспаптарын түгелдеп, барлығына қаржы бөлiп, арнайы ансамбль құрсаңыз да, адамдардың бiр-бiрiне үндестiгi сәйкес келмесе, оның болашағы болмайды. Ол үшiн екi адам бiрге туылуы керек. Осы ситуацияда, туылуы керек. Көп болғанда да, бiр-бiрiмен үндесiп жатуы керек шығар.

– Өзiңiз басқарып отырған университеттен ше? Өнерпаз жастарымыздың арасынан таланттар шығуы мүмкiн ғой…

– Таланттар бар. Бiз университетте бiрталай ансамбль құрдық. Олар не? Университеттiң құрамында жүргенде шығады. Бiтiрген соң, кетiп қалады. Әншiлер көп шықты. Дәл «Дос-Мұқасандай» болу, мүмкiн қиын шығар.

– Ансамбльден кеткен соң, ғұмырыңыздың көбi университетте өтiп келедi екен. Одан басқа салаға барып көрмедiңiз бе?

– Одақ тарап, егемен болдық ғой. Алғашқы кездерi көп ғалымдар жалақының аздығынан бизнеске кеттi. Мен де сол уақытта бизнес жасап көрдiм. Қазiр миллион келедi деп жүргенде, соңында болмай қалады. Осы саладан басқа нәрсе қолымнан келмейдi екен. Осы жұмыстың ең биiк шыңы, ректорлық қой. Маған ең лайық жұмыс осы деп ойлаймын.

– Сiздi, яғни «Дос-Мұқасандықтарды» көбiне орыстiлiнде сөйлейдi деп кiнәлап жатады? Сол рас па?

– Мен оған келiспеймiн. Орысша оқып, орысша тәрбие алғаным рас. Бiрақ, қазақшаны да бiр кiсiдей бiлем.

– Кеңестiк тәрбиенiң арқасында орысша бiлiм алдыңыз, орысша тәрбиелендiңiз де. Қазiр бұрынғы заман келмеске кеттi. Бүгiн Сiздiң балаларыңыз қай тiлде тәрбиеленiп жатыр?

– Балаларымыз үш тiлде сөйлейдi. Қазақша жақсы сөйлейдi. Орыс, ағылшын тiлiн жақсы бiледi.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары