МҮЛIКТI ЗАҢДАСТЫРУҒА КIМ ҚҰЛЫҚТЫ?

МҮЛIКТI ЗАҢДАСТЫРУҒА КIМ ҚҰЛЫҚТЫ?

МҮЛIКТI ЗАҢДАСТЫРУҒА КIМ ҚҰЛЫҚТЫ?
ашық дереккөзі
216

Көлеңкедегi дүние-мүлiктi жиi заңдастырудан бiз әлемдегi бәсекеге қабiлеттi 50 ел түгiлi, 20 елдi де әлдеқашан басып-озған шығармыз. Бұл акцияның жиi өтуiне мұрындық болатын шенеунiктер ендi акция мерзiмiн ұзартуға мүдделi болып отыр. Әдiлет министрi Зағипа Балиеваға мүлiктердi заңдастыру iсi ұнап қалды ма, әйтеуiр ол Парламент депутаттарынан акцияның мерзiмiн осы жылдың тамыз айына дейiн созуды сұрап отыр. Естерiңiзге сала кетейiк, былтырғы жылдың шiлде айында басталған акция 24 күннен кейiн бiтуi керек. Бiрақ, Үкiмет сарапшылары заңдастырылуы тиiс дүниенiң 50 пайызы ғана амнистияланды деген ақпар таратты. Ендi акцияның тамыз айына дейiн созылуы мүмкiн.

Үкiмет жиылысында «Жұрт меншiк заңдастыруда күрт белсендiлiк танытты. Соңғы аптада бiзге 80 мың өтiнiш келiп түстi» деген Балиева мұның бұрынғы айлардағы көрсеткiшпен салыстырғанда өте көп екенiн «түйсiнiптi». Желтоқсан айының iшiнде мүлiгiн амнистиялауға небары 100 мың өтiнiштiң түскенiн ескерген Балиева үшiн бiр аптадағы 80 мың өтiнiш өте көп екен .

Парламентте екi рет қатарынан өтпей, үшiншi рет әрең дегенде қабылданған «Мүлiктi жария етуге байланысты рақымшылық жасау туралы» Заң аясында жүзеге асып жатқан бұл акция әуел басында бюджеттi қарық қылатындай әупiрiмге ие едi. Әдiлет министрлiгi заңның негiзгi лоббисi болса, Экономика және бюджетттi жоспарлау министрлiгi де қалыспай, «көлеңкедегi мүлiктiң 30 пайызын заңдастырғанның өзiнде бюджетке 3,7 млрд. теңге түседi» деп ақпарат таратқан. Алайда, былтырғы жылдың 3-шiлдесiнде басталған акция аясында бюджетке бары 555 млн. 962 мың теңге келiп түскен. Демек, акция бюджеттi анау айтқандай жарылқай қоймаған. Билiк өкiлдерi ақшаны долбарланған саннан 6 есе аз түсiргеннiң өзiне шүкiршiлiк десiп отыр. Акция мерзiмiнiң ұзаруына мүдделi Үкiмет ендi жеке секторды да iске қоса бастапты. Әр аймақтың кәсiпкерлерi бiрiгiп, Үкiметке мүлiктi заңдастыру акциясын соза түсудi сұрапты-мыс. Олардың пiкiрiнше бiрiншi сәуiрге дейiн бүкiл құжаттарды қарап шығуға комиссияның уақыты жетпейдi-мiс.

Негiзi, амнистия жасау дегенiмiздiң өзi әдiл жолдан сырғақтау яки, салықтан жалтарғандардың қолтығына су бүркiп, сыбайласқан жемқорлыққа жол беру деген сөз.

Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты Михаил ТРОШИХИН:

МЕНIҢ ЗАҢДАСТЫРАТЫН ДҮНИЕМ ЖОҚ

– Михаил Васильевич, Үкiмет мүлiктi заңдастыру акциясын тағы да созуға ниет танытып отыр. Тiптi араға бизнес өкiлдерiн араластырып бастады. Қалай ойлайсыз, мұның сыртында не тұр?

– Ой, бизнесмендер өздерiнiң мүлiктерiн әлдеқашан заңдастырып қойған ғой. Менiңше, бұл ең алдымен шаруаларға, ауыл адамдарына керек нәрсе. Қарапайым адамдар үшiн аудан орталығына барудың өзi проблема. Жол нашар, көлiк жоқ. Оның үстiне ауылдық жерлерде «бiр терезеден» қызмет көрсету жүйесi қалыптаса қоймаған. Тұрғындарға қызмет көрсету орталықтарының (ЦОН) өзi әлi аяғынан тiк тұрып кете алған жоқ. Ұйымдастыру шаралары сылбыр. Үкiмет осы заңды Парламентке әкелген кезде-ақ «Мүлiктi заңдастыруға бiр жыл мерзiмiн берейiк» деп бастама көтергенбiз. Үкiмет ол кезде ұсынысымызға құлақ аспаған. Ендi мерзiмiн созуға өздерi мүдделi болып отыр. Олай жасағаны да жөн. Ауыл адамдарына мүмкiндiк туды. Ал меншiгiн заңдастырғысы келмейтiн адам онсыз да заңдастырмайды. Ең ақыры дүниесiн бiреудiң атына тiркете салады.

– Михаил Васильевич, сiз өзiңiздiң қандай меншiгiңiздi заңдастырдыңыз?

– Менде заңдастыратын ештеме жоқ. Өйткенi, пәтерiм мен көлiгiмнен артық дүнием жоқ. Ешуақытта бизнеске араласпағанмын. Өмiр бойы мемлекеттiк қызметте жүрмiн.

Экономист Қанат БЕРЕНТАЕВ:

БҰЛ ӘЛЕУМЕТТIК ШАРА ЕМЕС

– Акцияны тамыз айына дейiн созуды немен байланыстырасыз?

– Осы акция кезiнде дүниесiн шет елдерде тiркеп, құнды қағаздарға салғандарға көңiл бөлiнуде. Ортанқол кәсiпкердiң немесе бизнесменнiң шетелде жылжымайтын мүлiк ұстап, құнды қағаздарға ақша салмайтыны белгiлi. Бұл әлеуметтiк акция емес. Керiсiнше, қожайындар класын қалыптастырады. Немесе, өзi атқарған қызметтi пайдаланып, пара алып соның арқасында байыған билiктiң азаматттарын қорғайтын акция.

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары