АҚПАРАТ КЕҢIСТIГI ҚАЗАҚҚА БҰЙЫРМАЙ ТҰР

АҚПАРАТ КЕҢIСТIГI ҚАЗАҚҚА БҰЙЫРМАЙ ТҰР

АҚПАРАТ КЕҢIСТIГI ҚАЗАҚҚА БҰЙЫРМАЙ ТҰР
ашық дереккөзі
168

«Ақпаратқа ие болсаң, бүкiл әлемге қожа болғаның» деген жапон мәтелi бар. Осы сөз тұп-тура қазiргi қазақ қоғамына қатысты айтылғандай көрiнедi де тұрады. Тек бiздiң бұл мәтелден тағылым алып жатқанымыз шамалы. Бiз үшiн қазiр Мұрат Мөңкеұлынша айтқанда «… ақпаратыңды алғаны – жағаңа қолды салғаны» болып тұр. Өйткенi, қазақ өз ақпарат кеңiстiгiне өзi ие емес. Бұл қанша көзжұмбайласаң да, қашып құтыла алмайтын ақиқат.

Былтыр «Қазақстан» телеарнасындағы кадрлық өзгерiстерге байланысты Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрi Ермұхамет Ертiсбаев «Страна и мир» газетiне берген сұхбатында былай деген: «Бiрiншiден, «Қазақстан» қазақтарға арналған жалғыз телеарна деу, бiз қазақтар үшiн намысқа тиетiн жайт. Бiзде оннан астам телеарналар бар, олардың бәрi қазақтардiкi, қазақстандық. Қазақ және орыс тiлдерiндегi хабарлардың саны 50 де 50 болу керек деген заңымыз бар, ал мен Мәдениет және ақпарат министрi ретiнде заңның орындалуы үшiн барлық жағдай жасаймын. Жақында бiз мониторинг өткiздiк: бiр телеарнада заң талабы орыс тiлiнiң пайдасына 70 те 30, ал екiншiсiнде 70 те 20 т.с.с. барлық арналарда осындай. «Қазақстан» телеарнасында пропорция керiсiнше: қазақ тiлiнiң пайдасына – 20 да 80. Менiңше, бұл дұрыс емес. 50 де 50 деген заң бар, оны бәрi орындау керек. Бiз бiр арнаны қазақша етiп, қалғанының бәрiн орысша қылып, оларды бiр-бiрiне қарсы қоймауымыз керек. Бұл өте зиянды саясат. Утопиялық, болашағы жоқ, ең бастысы мемлекеттiкке қарсы саясат. Барлық телеарналар қазақ тiлiне, қазақ тiлiндегi бағдарламаларға көңiл бөлуi керек. Бiз бюджеттi көбейтуге мүдделiмiз, бiздiң министрлiк мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс арқылы барлық телеарналарға қазақ тiлiн дамыту үшiн ақша бөлудi жоспарлап отырмыз».

Министрдiң мемлекеттiк тiлдi дамытуға жұмсалатын қаржыны көбейтуге қатысты сөзi уәде үдесiнен шықты. Биыл бюджеттен осы мақсатқа арнайы 2 миллиард 700 миллион теңге бөлiндi.

«Бәрiмiз қазақша үйренейiк, мiне, мен бастап та кеттiм» деген министр мемлекеттiк тiл туралы заң талабын онша жете түсiңкiремейтiн сияқты. Себебi министрдiң «барлық телеарналар қазақ тiлiндегi хабарларға көңiл бөлуi керек» деген сөзi көкейге қонса да, «Қазақстан» телеарнасында пропорция керiсiнше: қазақ тiлiнiң пайдасына 20 да 80. Менiңше, бұл дұрыс емес. 50 де 50 деген заң бар, оны бәрi орындау керек» дегенi несi? Шын мәнiнде, заңға жүгiнсек, онда былай делiнген: «мемлекеттiк тiлдегi хабарлардың жиынтық саны басқа тiлдегi хабарлардың жиынтық санынан кем болмауы тиiс». «Түркiстан» газетi бұл мәселенi талай мәрте жазды да. Сөздiң анығына келгенде заңда 50 де 50 деген норма жоқ. Қазақ телеарнасы 100 пайыз мемлекеттiк тiлде хабар жасаса да артық емес.

Алматыдағы мемлекеттiк тiлге қатысты атышулы сот процестерiнiң дабыры басылғалы да екi жыл болып қалыпты. Қарапайым кәсiпкер Кенесары Қаптағаев «31 арна», «КТК», «НТК» телеарналарын мемлекеттiк тiл туралы заң талабын орындамай отыр деген айып тағып, сотқа берген болатын. Бiрақ Ақпарат министрлiгiнiң ақпарат және мұрағат комитетi араласып, iс аталмыш телеарналардың пайдасына шешiлдi. Яғни комитеттiң сол кездегi басшыларының сөзiне сенсек, «бұл телеарналарға заң талабына байланысты тағылар айып жоқ». Қаптағаев мырза аудандық сот пен қалалық соттың арасында сабылып жүрiп, шаршады ма – ол да қойды.

Былтыр бiр сөзiнде «мен қашанға дейiн соттаса беремiн, мен бастап бердiм, ендi басқалар да соттассын» деген болатын.

Әрине, мемлекеттiк тiл туралы заң талабы орындалмады деп сотқа беруге әр азаматтың құқы бар. Себебi Қазақстан республикасында Қазақстан заңдарының сақталуын, орындалуын қадағалау әрбiр азаматтың мүддесi үшiн керек нәрсе. Бұл заңдардың орындалмауы азаматтардың құқығы бұзылды деген сөз.

Бiрақ Кенесары Қаптағаевтың iзiн қуушылар табылмады. Неге? Тау қозғалса қозғалмайтын салқынқандылық па, қазақы самарқаулық па? Әйтеуiр бұл iс те аяқсыз қалғандай көрiндi.

Кеңес одағы тараған тұста белгiлi саясаттанушы Збигнев Бзежинский жаңадан пайда болған жас мемлекеттерге мемлекет құруды орыссыздану саясатынан бастауды ұсынып едi. Бұл ақыл бiреудiң есiнде бар, бiреудiң есiнде жоқ. Бзежинский орыссызданбаудың салдарынан жас мемлекеттердiң ұлттық қауiпсiздiгiне қауiп төнуi мүмкiн деген болатын.

Бұл ақылдан өзiне сабақ алған да бар, алмаған да бар. Қазақстан әзiрге екiншiлердiң қатарында.

Орыстанбақ түгiлi, бiз әлi де орыс тiлiн оқып үйрету сабақтарының санын азайта алмай келемiз. Бұған Президенттiң «қазақ тiлiнiң дамуына жағдай жасау орыс тiлiнiң қолдану аясын азайту деген сөз емес» деген сөзi дәлел.

Америкалық саясаттанушының сөзiнде өз елiнiң мүддесiн көздеген ой жатуы да мүмкiн. Қанша дегенмен, АҚШ-тың бұрынғы Кеңестер елiндегi орыс ықпалының азаюын көксейтiнi жасырын емес. Бiрақ «орыссызданудың» өзге халықтарды қайдам, тап қазақ халқына қажет екенiн түсiнетiн уақыт жеттi.

Белгiлi саясаткер Дос Көшiм «бiз мемлекет құруды отарсызданудан бастауымыз керек едi» дейдi. Оның айтуында «отарсыздану» мен «орыссыздану» ұқсас ұғымдар.

Жақында қабылданған ақпарат кеңiстiгi туралы тұжырымдамаға сәйкес, ақпарат қоры меншiк түрi болып табылады. Аталмыш құжат осы қорға иелiк етушiлердiң, оны таратушылардың құқығының жүзеге асырылуын қадағалайды. Аталмыш құжаттың авторларына жүгiнсек, Қазақстанның ақпарат қауiпсiздiгi адамның да, қоғамның да, мемлекеттiң де мүддесiне сай емес. Оған қауiп төндiретiн факторлардың бiрi ретiнде интернет аталады.

Тұжырымдама ақпараттық кеңiстiкке төнген қауiптi мына салаларда: саяси, экономика, қорғаныс, төтенше жағдайлар кезiнде, бүкiлмемлекеттiк ақпараттық және телекоммуникациялық жүйелерде, жеке тұлғаның рухани өмiрi мен ақпараттық қауiпсiздiгi саласында қорғауды көздейдi.

Бiздiңше, Қазақстан ақпарат қауiпсiздiгiне шет елдiк телеөнiмдердiң келтiрер нұқсаны аз емес. Мысалы, осыдан бiрнеше жыл бұрын НТВ телеарнасына жүргiзiлген мониторинг нәтижесiнде бұл арнадағы телефильмдердiң басым көпшiлiгi ұрыс-соғыс, қатыгездiктi насихаттайтынын анықтаған ресейлiк сарапшылардың өздерi жағасын ұстапты. Бiрақ сол НТВ арнасы қазақстандық көрерменге өз өнiмiн тықпалаудан тыйылар емес.

«Независимая газетаның» мәлiметiне сәйкес, ТМД елдерiндегi 100 млн. адам орыс тiлiн бiледi екен. Ал Ресейден басқа бұрынғы кеңестiк елдердiң халқының саны 140 млн.-ға жуық.

Латвия, Литва, Эстонияның ұлттық саясатын Ресей өзiне қарсы бағытталған саясат ретiнде қарастыруда. Биылғы жылды Ресейдiң орыс тiлiнiң халықаралық жылы деп жариялауы тегiн емес. Бұл жылы Ресей кешегi кеңестiк елдерде орыс тiлiнiң аясын кеңейту бағытындағы шаралар өткiзудi жоспарлап отыр. Оның қатарында мектеп оқушыларының арасында олимпиада өткiзу, әр түрлi байқаулар, көрме ұйымдастыру т.с.с. шаралар бар.

Қазақстанға қатысты жағдайды сөз етсек, мұнда орыс тiлiнiң жағдайы мемлекеттiк тiлге қарағанда көш iлгерi екендiгi баршаға аян. Ал «орыс тiлiнiң аясы тарылып барады» дегендердiкi қазақша айтқанда «жауын жаумай су болатындардың» тiрлiгiне ұқсайды.

Мемлекеттiк ұйымдарда мемлекеттiк тiл мен орыс тiлiнiң қатар қолданылу мәселесi халық депутаттарының да басын қатырды. Бiрқатар Мәжiлiс депутаттары жақында Конституциялық Кеңеске мемлекеттiк тiл мен ресми тiлдiң мемлекеттiк, қоғамдық маңызы бар жиындарда, мемлекеттiк қабылдаулар, құрылтай, жиналыс, дөңгелек үстелдерде қолданылу тәртiбiн анықтап берудi сұрап, хат жолдаған болатын. Конституциялық Кеңес екi тiл тең дәрежеде қолданылады деп жауап берген.

Депутаттарды мазалаған тағы бiр мәселе: «мемлекеттiк ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен қатар қолданылады» деген конституциялық норманы «орыс тiлi екiншi мемлекеттiк тiл» деп қабылдауға бола ма деген сұрақ. Бұл сұраққа Конституциялық Кеңес орыс тiлi мемлекеттiк ұйымдар мен жергiлiктi органдарда мемлекеттiк тiлмен қатар қолданылса да мемлекеттiк тiл бола алмайды деп жауап бердi. Өйткенi мемлекеттiк тiлдiң мәртебесi Конституцияда бекiтiлген.

Осы жерде бiр қайшылық туындайды: Қазақстанның мемлекеттiк тiлi ретiнде мемлекеттiк маңызы бар жиындар қабылдаулар, құрылтай, жиналыс, дөңгелек үстелдер мемлекеттiк тiлде өтуi керек. Ал Конституциялық Кеңестiң жоғарыдағыдай жауабынан кейiн қазақ тiлiнде әлде орыс тiлiнде сөйлеудiң айырмасы болмай қалатын сияқты. Оның үстiне, «қай тiлде де сөйлесем де өз құқығым емес пе!» дейтiндердiң қолтығына су бүркитiн шешiм емес пе бұл? Мұндай жағдайда мемлекетiк тiл туралы заң нормасының орындалуын қалай талап етемiз?

Тоқсан ауыз сөздiң тобықтай түйiнi: мемлекеттiк тiлдiң дамуы шын мәнiнде ұлттық-патриоттық жанашырлықпен ғана оң шешiлетiн мәселе. Әзiрге, сөз жүзiнде «жүзеге асып» жатқан «iсiмiз» көп. Мемлекеттiк тiлдi дамыту ұлттық саясаттың бiр бағыты болмай нәтиже болмайды.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары