ҚҰЛҚЫНҒА ҚҰЛ БОЛFАН ДӘРIГЕРЛЕРГЕ ДЕ СЕНIМ АЗАЙЫП БАРАДЫ

ҚҰЛҚЫНҒА ҚҰЛ БОЛFАН ДӘРIГЕРЛЕРГЕ ДЕ СЕНIМ АЗАЙЫП БАРАДЫ

ҚҰЛҚЫНҒА ҚҰЛ БОЛFАН ДӘРIГЕРЛЕРГЕ ДЕ СЕНIМ АЗАЙЫП БАРАДЫ
ашық дереккөзі
169

Қазiр елiмiзде сын көтермейтiн салалардың бiрi – медицина саласы. Сыбайлас жемқорлық та, науқастарды бопсалау мен адам өмiрiне жауапкершiлiксiз қарау да қазақстандық дәрiгерлер еншiсiнде. Аталған келеңсiздiктердi қоғам алдында ашық мойындаған Денсаулық сақтау министрi дәрiгерлер тарапынан жiберiлген келеңсiздiктер мен заң бұзушылықтарға жуық арада тыйым салынатынын мәлiмдедi. Әрине, мұндайда «бiр қарын майды бiр құмалақ шiрiтедi» деген қағиданы естен шығармаған абзал. Дегенмен, адамдар психологиясындағы «дәрiгерге күнiңдi түсiрмесiн» деген түсiнiк, ақ халаттыларға сенiмсiздiкпен қарау күн сайын нығайып келедi.

Жуырда ҚР Денсаулық сақтау министрi Анатолий Дерновой Үкiметтен медицина саласына қомақты түрде қаржы бөлiнiп жатса да, халыққа көрсетiлiп жатқан көмектiң мардымсыз, сапасыз екендiгiн сынға алды. Мысалы, былтыр бiр ғана Алматы қаласында басы ауырып, балтыры сыздай қалғандарға арналып республикалық бюджеттен бөлiнген 27 миллион теңге игерiлмей қалған. Министрдiң осы пiкiрiне сабақтас ой айтқан Мәжiлiс депутаты Бекболат Тiлеухан мемлекет тарапынан халықты тегiн емдеуге бөлiнетiн дәрi-дәрмектiң «ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында» кетiп жатқанына наразы. Үкiметке депутаттық сауал жолдаған халық қалаулысының айтуынша, бақылаудың жоқтығын құлқыны мен қарнының мүддесiне сай пайдаланатын кей «пысықай» мемлекет қаржысына алынған дәрi-дәрмектi дәрiханалар сөресiне самсатып қойып, пайдаға шаш-етектен кенелiп отыр. Оның үстiне, елiмiздегi құрт ауруына шалдыққан әр азаматқа республикалық бюджеттен 6000 АҚШ доллары бөлiнедi. Алайда осы қомақты қаржының науқастарға жеткен-жетпегенiн бақылап отыратын арнайы тетiк жоқ, сондықтан емделушiлерге қолданылған дәрi-дәрмекке арнап есептiк бланкiлер енгiзу керек.

Құрт ауруы демекшi, кейiнгi жылдары мыңдаған азаматтың өмiрiн жалмаған туберкулез қазақ қоғамын, әсiресе, ауылдағы ағайынды сорлатып-ақ отыр. Мемлекет тарапынан тегiн емделуге тиiс осы дерттi де бизнес көзiне айналдырған ақ халаттылар жетерлiк. Бiр ғана мысал, «екi асап, бiр биге шығуды» көздеген ақтөбелiк бiр дәрiгер құрт ауруына шалдыққан науқастан 300 доллар талап еткен. Құқық қорғау органдары өкiлдерi тұтқынға алған Ақтөбе облыстық Туберкулезге қарсы күрес диспансерi басшысының мiндетiн атқарушы Дәуiтовтiң үстiнен бүгiнде қылмыстық iс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргiзiлуде. Прокуратура қызметкерлерi соңғы кездерi дәрiгерлер арасында пара алу мен бопсалаудың, адам өмiрiне немқұрайды қарау мен жемқорлықтың жиiлеп кеткенiн айтады. Көздерiне ақша көрiнсе-ақ, Гиппократқа берген сертiнен танып шығатын кейбiр дәрiгер өлiм мен өмiр арасында арпалысып жатқандарға жедел медициналық көмек көрсетуден бас тартатын көрiнедi. Өкiнiшке қарай, науқастардың көпшiлiгi адам құқығын аяққа таптаған ақ халаттыларды заң жүзiнде тезге салуға емес, керiсiнше, қылмыскер дәрiгерлердiң сұрағанын берiп құтылуға асығады екен.

«Жығылған үстiне жұдырық», қазiр Африка елдерi сияқты экономикасы мен әлеуметтiк ахуалы тым төмен мемлекеттердi иектеп жүрген СПИД дертi қазақ қоғамы үшiн де үлкен қауiп төндiрiп тұр. ВИЧ iндетi әсiресе, Қарағанды, Павлодар, Солтүстiк Қазақстан мен Оңтүстiк Қазақстан облыстары, Алматы қаласында кеңiнен етек алған. Өткен аптада Астанада арнайы мәлiмдеме жасаған ҚР Денсаулық сақтау министрiнiң орынбасары, республикалық бас санитарлық дәрiгер Анатолий Белонг Қазақстандағы СПИД-пен күрес жұмыстары оң нәтиже бермей отырғандықтан, аты жаман ауруды ауыздықтауды Үкiметтiң ұлттық қауiпсiздiк тұрғысынан қарастыруға мәжбүр екендiгiн жеткiздi. Вице-министрдiң айтуынша, елiмiздегi медициналық мекемелердiң санитарлық эпидемиологиялық ахуалы, оларды материалдық-техникалық базамен жабдықтау мәселесi өте нашар. Республикамыздың кез келген аймағынан жұқпалы аурулар ошақтары табылады. Медицина саласына жауапты министрлiк өкiлдерi Қазақстанда СПИД ауруының өршiп бара жатқанын, сондықтан емдеу-сауықтыру мекемелерiнiң жұмыстарын бақылауға алуды күшейту керектiгiн айтып дабыл қағуда. Шымкенттегi шудан соң әбiгерге түскен отандық дәрiгерлер жаппай арнайы аттестациядан өткiзiле бастады. Алайда бейресми деректерге сүйенсек, пара берудiң арқасында аттестациядан «сүрiнбей өткен» ақ халаттылар көп көрiнедi. Ал, Алматы қаласы бойынша бiлiктiлiгiн таразылаған дәрiгерлердiң 40 пайызы сыннан сүрiнiп кетiп, олардың 200-ге жуығы қызметтен босатылған. Оның үстiне, отандық медицина саласы бүкiл республика бойынша, 4 мыңға жуық бiлiктi де бiлiмдi маманға зәру. Тағы бiр маңызды жайт, Қазақстанда ана мен бала өлiмiнiң жиiлеуi. Бұл мәселе өткен аптада Үкiмет басшысы Мәсiмовпен кездескен Қызылорда облысының әкiмi Мұхтар Құл-Мұхаммед те қозғады. Ресми деректерге жүгiнсек, Сыр өңiрi ана өлiмi мен нәрестелердiң шетiнеуi жағынан республика бойынша бiрiншi орында тұр. Экологиясы сын көтермейтiн, ол аз десеңiз, бүгiнде уран өндiруге ден қойылған Қызылорда аймағында кейiнгi жылдары жаңадан туылған сәбилер арасында түрлi аномалиялық ауытқулар көбейген. Бұл мәселенi шешудi премьер-министр Дерновойға тапсырды. Жаңа министрдiң Мәсiмов тапсырмасын қалай орындары белгiсiз. Әзiрге. Бiрақ бұған дейiн қызылордалық құбыжық балалардың аянышты тағдыры туралы Мәжiлiсте жиi мәселе көтерген Мұхтар Шаханов Үкiметке бiрнеше рет депутаттық сауал жолдаған болатын. Шыққан нәтиже: «баяғы жартас, сол жартас»…

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары