ҚАШАНҒЫ ВАЛЕНТИНГЕ ТАБЫНАМЫЗ?
ҚАШАНҒЫ ВАЛЕНТИНГЕ ТАБЫНАМЫЗ?
Махаббаттың шоғын маздатып, қылын шертетiн кезең негiзiнен жастық шақтың еншiсiнде екенiне ешкiм қарсы дау айтпаса керек. Алайда, қазақ жерiнде Қозы мен Баянның ғашықтық жырымен ұштасып келген сол нәзiк сезiмдi бүгiнгi буын Батыстың дiни түсiнiгiнен бастау алатын Валентин оқиғасымен алмастыруы ойыңды сан саққа жетелейдi.
Ақпан айының 14-не белгiленген Валентин күнi жастардың асыға күтетiн «айтулы» күнiне айналғалы аз уақыт болған жоқ. Әсiресе студенттер мен мектеп жасындағы жасөспiрiмдер бұл күндi айрықша атап өтудi дәстүр еткен. Бiлiм ордаларының дәлiздерiнде махаббат жәшiктерi қойылып оған жүрек оты шыдатпаған жастардың хаты салынады. Сол күнi сезiмiңдi оятатын жөн жосықсыз ойындар ойналып, ұзақ сүйiсуден конкурс өткiзуге құлшыныс танытушылар да табылып жатады. Валентиндi пiр тұтатындар алдын-ала бұл күндi жарнамалап, бұны жылдық iс-шаралар жоспарына енгiзген кейбiр жоғары оқу орындары мен мектептер дайындықты әлден-ақ бастап жiберген.
Егер ЖОО-лар тәлiмiмен қоса тәрбиесiне де мән беретiндiгi риясыз болса неге Валентиндi дәрiптегенше, Қозы Көрпеш–Баян сұлу күндерiн атап өтпеске. Елiмiзде 11 наурызды Қозы Көрпеш, 19 мамырды Баян сұлу махаббат күндерi ретiнде белгiлеу идеясы көтерiлгелi көп болды. Бiрақ сезiм оты, жүрек шоғы Валентинге бұрылады да тұрады. Бiлмесе кiмдi кiнәлайсыз? Ұлттық рухы төмен басшы, жетекшiлердi ме әлде қоғамдық насихаттың аздығын ба?
ЖОО — болашақ қоғамның белдi мүшелерiн жасақтайтын үлкен мекен. Бiрақ олар сол ортадан ұлттық таным-түсiнiкпен емес, бөтен пиғыл, жат сенiмдi санасына сiңiрiп шықса не шара?!
Байыппен парқына жете бiлсек Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың махаббаты Валентин оқиғасын он орап кететiндiгiне дау жоқ. Әрi қос ғашықтың махаббаты бүгiнгi ұрпақты ұяттылыққа, нағыз ерлiкке, шынайы сүйiспеншiлiкке шақырып, намысқойлыққа жетелейтiндiгiне ешкiм қарсы уәж айта қоймас. Оған қоса мұнда ұлттық ерекшелiктердiң де иiсi аңқып тұр.
Осыдан бiрер жыл бұрын сол кездегi Оңтүстiк Қазақстан облыстық iшкi саясат департаментiнiң директоры Дархан Мыңбайдың ұйтқы болуымен Шымқаладағы Абай саябағында Баян сұлу күнi аталып өткен-дi. Онда ғашықтарға арналған жылы лебiздер, сүйiспеншiлiк жайындағы тамаша ән-жырлардан бастау алған мерекелiк шара «Соқыр теке», «Белбеу тастау», «Жүзiк салу» сынды бойына ұлттық нақыш тұнған, тәрбиелiк мәнi зор ойындарға ұласқан болатын. Бiрiн бiрi сүйген қос жүрекке жазбаған бақытты бiздiң замандастарымыз тебiренiспен еске алып, өздерiнiң ынтық көңiлдерi мен ыстық сезiмдерiн осы күнi жеткiзiскен едi. Ойға нанымды, көңiлге қонымды мерекелiк күн болған. Бiрақ, Дархан Хамзабекұлы Түлкiбасқа әкiм болып ауысқан соң аталған мереке жалғасын таппай қалды.
Десек те, Валентин күнiн қазақыландыруды тiлге тиек етушiлер кейiн де аракiдiк бой көрсетiп тұрды. Осындай жандардың бiр тобы ел болашағына жай қарай алмайтындықтарын бiлдiрiп, өткен жылы облыстық «Жастар орталығында» бас қосқан болатын. Нәтижесiнде барлығы бiрауыздан «Ғашықтар» күнiн сәуiр айының 14-не белгiлеп Валентин күнiн шеттеуге күш жұмсамаққа уағдаласқан едi. Бiрақ бұл бастаманы қуана қолдап, сәуiрдiң 14-iн күткен ұлт жанды жастар жерге қарап қалды. Ол күнi ешқандай шара ұйымдастырылмады. Алайда, ұлттық танымының тереңдiгiмен ел аузына жиi алынатын Дархан Мыңбай жуырда облыс әкiмiнiң идеология жөнiндегi орынбасары болып тағайындалды. Әлгi жастар ендi қазаққа үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын Валентин күнiнiң орнын Қозы көрпеш–Баян сұлу күнi басады деп үлкен үмiтпен қарап отыр.