ТАБАНДАРЫНДА БYР БОЛСА…

ТАБАНДАРЫНДА БYР БОЛСА…

ТАБАНДАРЫНДА БYР БОЛСА…
ашық дереккөзі
388

Депутаттар басында тiрескен болады, ақырында көнiп шыға келедi

ДЕПУТАТТАР ЭСТОНИЯҒА ҚАРАЙЛАП ОТЫР

Парламент Мәжiлiсiнiң жиылысында депутат Серiк Әбдiрахманов эстон депутаттарына бағыттап хат ұйымдастыру жайлы ұсыныс жасады. Соңғы кезде эстондардың Ұлы Отан соғысы құрбандарына арналған ескерткiштi сыпырып тастауға дайындалып жатқаны белгiлi. Ал Серiк Әбдiрахманов: «Бұл қазақстандықтарға да қатысты дүние. Бiз Қазақстан парламентiнiң атынан үн қатайық» — десе, оны iле қолдай жөнелген М.Трошихин: «Қазақстаннан соғысқа аттанған 2 млн. солдат эстондардың да жау қолынан азат болуы үшiн күрескен. Эстонияның қазiргi халқының саны сол 2 млн. адамға жетпейдi де. Мен Әбдiрахмановты қолдаймын. Эстон парламентiне хат жазайық», — дейдi.

СОНДА, «ДВК»-НЫҢ ЖАЗЫҒЫ НЕ?

Депутат Е.Әбiлқасымов «Алға, ДВК» партиясының тiркеле алмай жатқандығын Әдiлет министрi З.Балиеваға депутаттық ұсыныс ретiнде арнап, «Әдiлет министрлiгi социал-демократиялық партияны тiркедi ғой, ал неге «ДВК»-ны тiркемеске? Социал-демократтар билiкке қолайлы болып қалып па? Барлық партия да тiркеуден өтуге құқықты» деп билiкке қолайсыз партияның мүддесiн жақтады.

«ҚАЗАҚША БIЛМЕСЕҢ, ПАРЛАМЕНТКЕ КЕЛМЕЙ-АҚ ҚОЙ»

Депутаттар алдына Энергетика және минералды ресурстар министрлiгiнiң дайындап әкелген заң жобасы келгенде, олар бар өнерiне салды. Үкiмет әкелген заң жобасын алдымен сүрiндiруге тырысып, кейiннен бәрiбiр мойынсұну парламентарийлерге тән қасиет секiлдi. Таратыңқырап жазайық: мәселе, ядролық қару жөнiнде едi. Қазақстанда ядролық қару сынағын бақылап отыратын 5 станция бар. Ал әлем бойынша олардың саны – 175. Елдiң әр аймақтарында орналасқан осы станциялар қай елде қандай ядролық қару сыналғанын дәлме-дәл есепке алып отырады. Мәселен,1998 жылы Пәкiстан заңсыз түрде өз ядролық қаруын сынап көргенде, Мақаншыда орналасқан станция ақпараты ең алғаш болып есепке алған екен. Мiне, сол станциялардағы қадағалау қызметiн арттыру үшiн министрлiк заң жобасын Парламенттен ратификациялап алуы керек екен. Бiрақ, министрдiң өзi болмауы себептi, аузынан уызы кеппеген жас вице-министр баяндама жасауға келiптi. Депутаттар бар ақысын сол вице-министрден алды. А.Сәтқалиевтiң қазақшасы нашар екен. Депутат Айталының қойған сауалдарын дұрыс түсiнбей, өзге арнаға ауытқып кеткен едi, мұны дер кезiнде аңдаған депутат Тито Сыздықов спикерге қазақша бiлмейтiн баяндамашылардың баяндамасын күн тәртiбiнен алып тастайық деген ұсыныс жасады. «Бұл ұят қой. Коржова келiп, қазақша бiлмей отырса, кешiрiммен қарауға болады. Ал қазақтардың түсiнбеуi сұмдық емес пе? Баяндама жасауға ендiгәрi қазақ тiлiн бiлетiн адамдар келсiн» деген Сыздықовтың ұсынысын спикер Мұхамеджанов жауапсыз қалдырды. Дәл осы пiкiрталас кезiнде, Қазақстан аумағындағы полигондардың қараусыз жатқаны, бұрын ядролық қару сыналған аймақтарда қазiргi күнi мал жайылып, егiн егiлiп, жұрттың өмiр сүрiп жатқаны да әңгiме болды. Космонавт-депутат Әубәкiров, тiптi, Азғыр полигонының еш қараусыз жатқанын да айтып қалды. «Ертеңгi күнi бiз осы келiсiмдi ратификациялап жiберсек, жағдай қиынырақ болуы мүмкiн. Өйткенi, Азғырдағы ядролық құрылым жұмыс iстеп кетсе, бұл Семей полиганынан да қиынға түседi. Ресей кезiнде техникалық алмаз өндiремiз деп жұмыс iстеген полигонды кейiнiрек тастап кеткен. Ал қазiр ол полигон қараусыз жатыр. Неге бақылау жоқ?» деп вице-министрдi бiраз сарсылтты.

Бiрақ, депутаттар қанша шу көтергенiмен, дауысқа салғанда, жиынға қатысып отырған 56 депутаттың бiрi де қалмай, Үкiмет ұсынысының ратификациялануын жақтап дауыс бердi. «Бұлар қашанда сөйтедi. Алдымен бәлсiнiп алады, сосын дауыс бередi» дейдi әрiптестерiм. Кей депутаттар тiптi, өзi қойған сауалын өздерi түсiнбейтiн секiлдi. А.Айталы: «Бұрын бар жоғы бес мемлекеттiң ядролық қару иеленуге мүмкiндiгi бар едi. Қазiр, елу мемлекет ядролық қару ұстауға дайын болып отыр. Неге? Соған жауап берiңiзшi?!» дейдi. Бұл сауалға жаңадан тағайындалған вице министр қайдан жауап берсiн. Тiптi, Айталы осылай деп сұрағанда, әрiптестерiнiң өздерi езу тартты.

«Үкiмет бiздi менсiнбейдi. Бiзбен санаспайды» деп шулағанды ұнататын парламентарийлер сондай қарым-қатынастың түзiлуiне өздерi «еңбек сiңiрген секiлдi». Табанының бүрi жоқ депутатты Үкiмет не қылсын?

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары