ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ ҚАЗАҚ ТIЛIН МОЙЫНДАМАЙДЫ

ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ ҚАЗАҚ ТIЛIН МОЙЫНДАМАЙДЫ

ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ ҚАЗАҚ ТIЛIН МОЙЫНДАМАЙДЫ
ашық дереккөзі
217

Өздерiңiзге белгiлi, елiмiздiң облыс аймақтары өз кезегiмен iс-қағаздарын қазақ тiлiне көшiруге кiрiскен. Бұны бiр облыс дер кезiнде жүзеге асырып жатса, ал Павлодар облысы, оның iшiнде Павлодар қаласы әлi күнге қозғалар емес.

Жуырда Керекудiң тiл жанашырларынан хат келдi. Хатқа «Егемен Қазақстан» газетiнде Фарида Бықайдың жазған «Қалалық мәслихатта қазақша сөйлемеу керек пе?..» деген мақаласы арқау болыпты. Қысқаша мазмұны: Павлодар қалалық мәслихатында бұрын-соңды болмаған жәйт–баяндама бастан-аяқ қазақша жасалыпты. Оқыған Алма Арынова деген «Космос» жастар үйiнiң директоры екен. Осындай жиындарда қазақ тiлiнде баяндама естiмек түгiл, сөйлемеген қалалық депутаттар – орысы бар, ең жанға бататыны ұлты қазақ депутаттардың кейбiреулерi күлiп, ендi бiреулерi «Тоқтатыңыз, кiмдi мазақ қылып тұрсыз?» деп айқайлаған. Олардың көш басшылары: Сергей Тупицын, Сiләмбек Әкiмов, Асқар Бахралинов, тағы басқалар.

Осындай масқаралық жағдайдың болуына жол салған «халық қалаулыларын», әңгiме болып отырған жағдайға байланысты ең басты мына екi ғана қағиданы еске ала отырып:

– бiрiншiсi – тiл өлсе ұлт өледi;

– екiншiсi – өз тамырынан, яғни тiлiнен, дiлiнен, дiнiнен сусындамаған олар ешқандай да халыққа жақсылық жасамайды деп ойлаймыз.

Қанша уақыт 10 млн.-нан асатын бүкiл бiр ұлттың тiлiн аяққа таптап баса беруге болады? Мәселен, Павлодарда вокзалдан қазақ тiлiнде билет сұрасаң, «ұятсыз, неге қазақша сөйлеп тұрсың?», – десе, ал қазақ отырған кассаға барсаң: «Бiз орысша ғана қызмет көрсетемiз» деп шығарып салады. Сондай-ақ, қала дүкендерiнде (жалпы, қызмет көрсету орындарында) жағдай тап солай. Сонда бұл не масқара, неге бiздiң құқығымыз аяқ басқан сайын тапталады? Конституция бойынша Қазақстан халқы тең. Ал менiң адами құқығым аузымды қазақ тiлiнде ашқан сайын өрескел бұзылады. Екiншi бiр масқара мысал, белгiлi себептермен облгоссанэпиднадзорда болғам. Жұмысшыларының 80-90 пайызы – қазақ. Бастықтарына кiретiн кезде маған: «Сiз онымен орысша сөйлеңiз!» деген ескерту алдым. Ол қазақ бола тұрып, мейлi қай тiлде сөйлесiн, мейлi түсiнбесiн, бәрiбiр,табиғатым басқа тiлде сөйлеуге жiбермейдi.

Мемлекеттiк тiлдiң Павлодардағы мұндай бейшаралығына жоғарғы айтқан шенеунiктермен қатар, қалалық депутаттар да жол салып берiп отыр. Сондай-ақ, осы секiлдiлердi пiр тұтып, арқасын кеңге салған халыққа қызмет көрсету, тағы басқа салаларда iстейтiн Павлодар азаматтары қазақтың тiлiн (ұлтын дегенмен парапар) қорлап отыр.

Руза БЕЙСЕНБАЙТЕГI
Павлодар қаласы.

(хатқа 30 адам қол қойған)

Серіктес жаңалықтары