«ЕСТIМЕГЕН ЕЛДЕ КӨП»

«ЕСТIМЕГЕН ЕЛДЕ КӨП»

«ЕСТIМЕГЕН ЕЛДЕ КӨП»
ашық дереккөзі
213

Жетiмiмiз бен жесiрiмiздi жарылқауға, телi мен тентегiмiздi тезге салуға дәрменсiздiк танытып жатқанда «жер астынан жiк шықты» тағы да: Алматыда қызтекелерге арналған алғашқы танысу салоны ашылды…

«Қылығын үйде емес, түзде» көрсететiн қыздарымыздың етегiне ие бола алмай қалатын сәттерi көп. Уызына жарымаған жаутаң көздердiң әке мейiрiмi мен ананың аялы алақанынан қағыс қалып, жетiмдер үйлерiн толтырып жатқаны да осының салдары. Өгей ата-ананың жетегiнде өгей өлкеге мұхит асып кете баратын да сол көкек-аналардың балапандары. Әрине, бұл туралы әңгiме бөлек. Бiрақ бiр анығы: жерiмiз ұланғайыр, санымыз аз. Бүгiнгi таңда ұлттың тұтастығы мен мемлекет қауiпсiздiгiнiң кепiлi — демографиялық ахуалды қайтсек жақсартамыз деген сауал кез келген қазаққа маза бермеуi тиiс. «Жығылған үстiне жұдырық», «елiмiздегi жезөкшелердi заңдастыру керек пе, жоқ па?» деген сұраққа әлi күнге кесiмдi жауап берiлген жоқ. Алматы қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов қызметiне тағайындала салысымен, «атақты» Саин мен Сейфуллин көшелерiн жезөкшелерден тазартуға құлшына кiрiскен. Әкiмнiң бұл әрекетiне көкiрегiнде намысы бар әр қазақтың кәдiмгiдей iшi жылып қалған едi. Өкiнiшке қарай, Алматы жолдары күл-қоқыстан тазартылғанмен, жезөкшелерден әзiрге арыла қойған жоқ. Жеңiлтек қыздардың жетi ұрпағыңның емес, жетпiс жетi ұрпағыңның сүйегiңе таңба болатын жетесiздiгi аз болғандай, Қазақстанның мәдени астанасына айналған Алматыда әлдекiмдер қызтекелерге арналған танысу агенттiгiн ашыпты! Өздерiн «Қызғылт арай» деп «аспандатқандар» өмiрден шаршап, адамдардан қағажу көрiп жүргендердi жарылқайды-мыс… Құдай қосқан қосақтарымен дәм-тұздары жараспаған бiрнеше келiншек бiр-бiрiне «үйленiп», бақытты отбасын құрып, бала тәрбиелеп отыр-мыс… Қалаға қонақ боп келген бiрнеше еркек «күйеулерiн» осы агенттiк арқылы тауып жатыр-мыс… Негiзi қазiр жарнамалық басылым беттерiнен, әсiресе, интернеттегi сайттардан бiрiн-бiрi iздеп, бiр-бiрiне үздiгiп жатқан түрлi адамдарды байқайсыз. Төсек ләззатын өз жарынан емес, өзгеден iздейтiндер, топ болып жын-ойнақ құруға машықтануды көздейтiндер, әйел жылуын сезiнгiсi келетiн қыз, еркектiң құшағын аңсаған жiгiт… Небiр имансыздық, арсыздықтың бәрi осында. Өкiнiшке қарай, олардың арасында қаймағы бұзылмаған қайран қазақ ауылдарынан күнi кеше ғана шыққан қарасирақтар да бар. Сiрә, «өркениетке қарай бой түзеген» қалалықтарға елiктегендерi шығар…

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары