АҚТӨБЕДЕ ШIРКЕУ САЛҒЫЗҒАНЫ ҮШIН...

АҚТӨБЕДЕ ШIРКЕУ САЛҒЫЗҒАНЫ ҮШIН...

АҚТӨБЕДЕ ШIРКЕУ САЛҒЫЗҒАНЫ ҮШIН...
ашық дереккөзі
200

МАШКЕВИЧ ОРЫС ПРАВОСЛАВИЕ ШIРКЕУIНIҢ ОРДЕНIН АЛДЫ

Өткен жылдың күзiне қарай Астанада өткен әлемдiк және дәстүрлi дiндердiң съезiнде белгiлi бизнесмен, «Еуразиялық банк» АҚ-ның төрағасы, «ENRC» компаниясы акционерлерiнiң бiрi Александр Машкевич бiздiң газетке берген сұхбатында Өскеменде синагога салдырып жатқанын мәлiмдеген едi. Сөйтсе меценат тек қана өз дiнiне емес, өзге дiндерге де қамқоршылық жасайды екен. Оның Қазақстандағы орыс православие шiркеуiнiң қызметiне барынша қол ұшын созып, Ақтөбеде шiркеу салуына демеушiлiк еткенi белгiлi болды.

Машкевичтiң омырауына тағылған дiни сыйлық: «Қасиеттi Сергей Радонежский атындағы Екiншi деңгейдегi орден» деп аталады. Бұл орден меценатқа Мәскеу мен Русь елiнiң патриархы Алексий Екiншiнiң атынан берiлдi. Тектен-тек берiлген жоқ. Александр Машкевич Қасиеттi Николай уағыздаушының атына берiлген Ақтөбедегi жаңа шiркеудiң бой көтеруiне демеушiлiк жасапты. Кейбiр деректерге сүйенсек, А.Машкевич Петропавл, Ақсу, Хромтау, Павлодарда, ендi, мiне, Ақтөбеде шiркеулер салғызған. Оның демеуiмен бой көтерген синагогалар да баршылық. Ал, мешiттер салғызды ма, жоқ па, ол жағын бiлмеймiз. Әйтеуiр, Машкевичтiң Ресейдiң жоғары деңгейдегi орденiн алуына қарағанда, оның еңбегi Қазақстандағы православие шiркеуiнiң қызметiне қатты сiңген сыңайлы. Израильге де еңбегi сiңiп жатыр. Қазiрше оның Израильде қанша синагога салғызғаны белгiсiз, бiрақ қазақ жерiне бiр емес, бiрнеше синагога сыйлады. Бұл орайда ол «ұлт пен дiн ұғымдарын адамдарды бөлу үшiн пайдаланбау керек» деген ойда. Ресейдегi Орыс православие шiркеуiнiң жоғары деңгейдегi орденiне қол жеткiзген меценат Патриарх Алексий Екiншiнiң сенiмiн жоғары бағалады. Өз сөзiнде ол: «Барлық дiндер бiздiң бiр-бiрiмiзге қол ұшын созып, бiрге болуымызға үндейдi. Әртүрлi дiндердiң болғаны жақсы. Әртүрлi ұлттардың болғаны да жақсы. Бiздi Құдай осылай жаратты, және бiз бiр-бiрiмiздi жақсы көрiп, сыйлауымыз керек», – дедi.

Астанада өткен дiнаралық жиында бiз Машкевичтi әңгiмеге тартып, одан әлемдiк және дәстүрлi дiндердiң съезiн Израильде өткiзуге қалай қарайтынын сұраған едiк. Әрине, дiнаралық басқосудың нағыз қақтығыс ошағы – израиль-араб аймағына өткiзiлуi дұрыс та шығар. Бiрақ белгiлi бизнесмен бұл идеяны қолдамай, дiнаралық жиынның Израильден тыс аймақта, әсiресе Қазақстанда өткiзiлуiн қатты қолдайтынын мәлiмдеген едi. Бұл орайда ол: «Мен бүгiнде Астананы өте актуальдi қала деп санаймын. Өйткенi Иерусалим – мыңжылдықтарға ұласқан теке-тiрестiң қаласы. Менiңше, бiрлiгi жарасқан Астана осы тектес съезд өткiзуге өте қолайлы» – деген едi. Әйтеуiр, Машкевичтiң ата-баба жерi – Израильдi әрқилы дiнаралық жиындардан арашалауында нендей кiлтипан жатыр екен, ә?! Айтпақшы, меценат Израильге де қамқоршылық жасап, ол жақта да православиелiк шiркеулердiң бой көтеруiне септесiп жүр ме екен?! Мұндай игi бастама Израильден де жалғасын табуы керек қой.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары