МӘСIМОВ IСКЕ КIРIСТI

МӘСIМОВ IСКЕ КIРIСТI

МӘСIМОВ IСКЕ КIРIСТI
ашық дереккөзі
237

Қалай дегенмен де, Қазақстанның VII үкiметi жасақталды. Сондай-ақ, өзге Үкiметтермен салыстырғанда, бұл Министрлер кабинетi аса тез жасақталғанымен ерекшелендi. Сонымен қатар, Елбасы Премьер-министр кандидатурасын Парламентте басым дауысқа ие «Нұр-Отан» партиясы фракциясы мүшелерiмен ақылдасты. Ұсынылған кандидатура бiреу, жақтап дауыс берушiлер – 100%. Демек, сайлау баламалы түрде өткен жоқ. Парламентарийлер алдында да, партия өкiлдерi алдында да таңдау құқы болған жоқ. Бiрақ, соған қарамастан, шетел ақпарат құралдары Президенттiң Премьер-министрдiң кандидатурасын жетекшi партия өкiлдерiмен ақылдасуын саяси реформада жасалған алғашқы қадам деп қабылдады. Шетелдiң көптеген ақпарат құралдарында Қазақстанның жаңа саяси бағытқа бет бұрғандығы жайында сүйiншi мақалалар жарияланып жатты.

Сонымен жаңа-Премьер кiм? Саясаткерлердiң ең алдымен тiлге тиек еткенi оның Қазақстан тарихындағы Премьерлердiң iшiнде ең жасы болғандығы. Кәрiм Мәсiмов 41-де. Екiншiден, оның экономиканың бiлгiр маманы екендiгi, сондай-ақ, 5 тiлдi еркiн игергендiгi сөз болды. Бес тiлдi еркiн игередi демекшi, Кәрiм Мәсiмовтiң өмiрбаян беттерiне үңiлсек, бiлетiн бес тiлiнiң бiрi – қазақ тiлi екендiгi айтылған. Алайда, оның қазақшасының түрiн Елбасы сенiм бiлдiрiп, Парламент палаталарының отырысында 100% қолдауға ие болған кезде сөйлегенiнен аңғардық. Егер, қалған үш тiлдi (орыс тiлiн қоспағанда) осындай дәрежеде меңгерген болса, оны бiлгенге қоспай-ақ қойған дұрыс болар. Кәрiм Мәсiмов жазып берген бес ауыз сөздiң өзiнiң басын қосып, жарытып оқып бере алмады. Керiсiнше, орысшаға су жорға екендiгiн танытты. Дегенмен, жаңа Премьердiң бiсмiлдасы «мемлекеттiк тiлдiң көсегесiн көгертемiн» дегеннен басталды. Бұған үмiт артсақ та, Премьердiң алдымен өзiнiң мемлекеттiк тiлдi меңгергенi жөн болар едi. Онсыз қазақ үкiметi қазақша сөйлейдi дегенге илана қою қиын. Қош сонымен, Премьердiң сарапшылардың назарына iлiгетiн тағы бiр ерекшелiгi тұлғалық қасиетi. Бұл тұрғыдан келгенде осы уақытқа дейiн бiрнеше билiк баспалдақтарын ауыстырған Кәрiм Мәсiмов тұлғалық қасиетiмен ерекше көзге түсе қоймаған адам. Көбiне-көп көлеңкеде жүрген, аз сөздi. Сол себептi болар, кейбiр саясаткерлер оны «жұмбақ адам» деп бағалап та үлгердi.

Ахметов үкiметiнен жаңа премьерге қалған мұра көп. Соның ең бастысы әрi шулысы – Тұрғын үй бағдарламасы. Ахметов үкiметi Тұрғын үй бағдарламасын жасағанда, қазақстандық қарапайым тұрғындардың төлем мүмкiндiгiн ескермегендiгi белгiлi болды. Сондай-ақ, 150 миллиардты асаған Ауыл жылдарының да берген нәтижесi шамалы, ал инновациялық-индустриялық бағдарлама да алға жылжыған жоқ. Бәлкiм, экономиканың негiзгi салалары жанданбай, оған арнайы қабылданған бағдарламалар iске аспағаннан кейiн де жаңа Премьерге экономист таңдалған болар.

Премьер-министрдiң жалғыз орынбасары және Экономика және бюджеттi жоспарлау министрi болып Аслан Мусин тағайындалды.

Сөйтiп, отставкаға кеткен Даниал Ахметов құр қол қалған жоқ. Ол ендi бұрын өзi басшы болған Кәрiм Мәсiмовтiң қол астында министр болып қызмет атқармақ. Даниал Ахметов Қазақстан тарихында Қорғаныс министрi болып отырған алғашқы азаматтық тұлға. Бiзге белгiлi болғаны Даниал Ахметовтiң отставкадағы полковник шенi бар екен. Ал, бұрынғы Қорғаныс министрi Мұхтар Алтынбаев осы министрлiктiң вице-министрi және Армияның Бас штабын басқаратын болды. Бұған дейiн Сыртқы iстер министрлiгiн басқарып келген белгiлi дипломат Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат спикерлiгiне сайланып, Сенаттың бұрынғы спикерi Нұртай Әбiқаев өз өтiнiшi бойынша, отбасы жағдайымен Ресей Федерациясында елшiлiк қызметке тағайындалды. Президенттiң ең сенiмдi серiктерiнiң бiрi, бұған дейiн «сұр кардинал» атағына ие болып келген Нұртай Әбiқаев үшiн Ресей Федерациясында елшi қызметi карьерасының соңы болуы да ғажап емес.

Ал, Ресей Федерациясындағы бұрынғы елшi, филолог Жансейiт Түймебаев Бiлiм және ғылым министрi Бiрғаным Әйтiмованың орнына келдi. Әйтiмованың қандай лауазымға ие болғаны әзiрге беймәлiм. Төтенше жағдайлар министрi Шалбай Құлмахановты Шығыс Қазақстан облысының әкiмi Виктор Храпунов алмастырса, Шығыс Қазақстан облысына Қытайдағы Қазақстан Республикасының төтенше және өкiлеттi елшiсi болған Жәнiбек Кәрiбжанов әкiм болып тағайындалды. Ал, Сыртқы iстер министрлiгiне бұған дейiн Қазақстан Президентiнiң Әкiмшiлiгiн басқарып келген Марат Тәжин басшы болды.

Басқа министрлiктер мен ведомстволар басшылары бұрынғы орындарын сақтап қалды. Конституция бойынша, отставкаға кеткен үкiмет мүшелерiнiң барлығы да жұмысынан босайды. Ал, Премьер тағайындалғаннан кейiн Үкiмет құрамы он күннiң iшiнде жасақталуы тиiс. Бiз Конституцияның бұл талаптарын орындап келсек те, тәуелсiздiктiң 15 жылдық тарихында әлi күнге дейiн барлық құрамымен жаңарған Үкiмет болған емес. Басшы ауысқанымен оның командасындағы қосшылардың көбi орнын сақтап қалады, ал кейбiреулерi өзге лауазымға ауысып жатады. Кәдiмгi арифметикадағы «қосылғыштардың орны ауысқанымен қосынды өзгермейдi» деген қағида секiлдi, Премьер өзгерiп, Министрлер кабинетi жасақталғанымен, Үкiмет құрамы 1991 жылдан берi анау айтты iрi өзгерiске ұшырай қойған жоқ. Олардың көбi, тiптi, Кеңес одағы кезiнен берi қарай билiк тiзгiнiн ұстап келе жатқандар. Сол себептi де бiздегi экономикалық реформалардың сәттi жүрiлiп жатқанына қарамастан, жоспарлы экономикадан нарыққа көшкенiмiзбен, саяси жүйе, саяси басқару әлi күнге бiр сарынды, өзгерген жоқ. Сол кеңестiк жүйеден қалған стеротип, ескi сүрлеуден аса алмай келемiз. Қазақстанға ендiгi қажетi саяси реформа.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары