№1-2(651-652)____________ПРЕМЬЕР БОЛДЫМ, МIНЕКИ!

№1-2(651-652)____________ПРЕМЬЕР БОЛДЫМ, МIНЕКИ!

№1-2(651-652)____________ПРЕМЬЕР БОЛДЫМ, МIНЕКИ!
ашық дереккөзі
230

Қазақстанның жетiншi премьер-министрi болып Кәрiм Мәсiмов тағайындалды. Елбасы Парламент депутаттарының бiрлескен жиынында Мәсiмовтiң кандидатурасын ұсынып едi, депутаттар қолдады.

Кәрiм Мәсiмов өзi өте әмбебап маман. Алмаған бiлiмi, бiтiрмеген университетi жоқ. Мәскеуде де, Пекинде де бiлiм алған. Жасы бар-жоғы 41-де. Бiрнеше университеттi қай уақытта бiтiрiп үлгiрген деп таң қалуыңыз да мүмкiн.

Заңгер, экономист, қаржыгер Мәсiмов банкте де жұмыс iстеген. Нарықтық экономика ендi қалыптасып келе жатқан кезде АТФ банкi мен Халық банкiн басқарған. Елдiң Көлiк және коммуникациялар министрi қызметiн атқарған. Соңғы бiрер жылдан берi премьер-министрдiң орынбасары едi. Ендi премьердiң орнын басты. Оның орынбасар болып тағайындалуының өзi қызықты. Мәсiмовтiң қарасы көрiнген кезде, бұрыннан шұбырып жүрген орынбасарлар қысқарып кеттi. Ал оның бiр жағынан Экономика және бюджеттi жоспарлау министрi, екiншi жағынан жалғыз орынбасар болып бiраз еңбектенгенi бар. Бiр өзiне соншама жұмыстың көп болатынын бiлдi ме, әйтеуiр Елбасы жақында Мәсiмовтiң министрлiк креслосына Аслан Мусиндi апарып, болашақ премьердiң қызметiн сәл жеңiлдеткен. Негiзiнде, алғаш тағайындалған кезде «Мәсiмов стратегиялық жұмыстармен айналысады» деп Елбасы оның жұмысын айшықтап-ақ қойған-ды. Бiрақ, сол стратегиялық жұмыстарын аса аңдай қоймадық. Мейлi, асықпай-ақ қоялық. Бәлкiм, оның сол шаруалары әлi алдымыздан кезiгетiн шығар.

Бiрақ, орыс, қытай, араб, ағылшын тiлдерiн меңгерген осы премьерiмiздiң Мемлекеттiк тiлге шорқақтығы бар. Алдындағы баяндамасын оқыған кезде, акцентi көзге ұрып-ақ тұрады. Бiздегi бiраз премьер-министрдiң Үкiмет басшысы болғаннан кейiн қазақша тiл сындырғанын есепке алғанда… «Үйренедi ғой» деп үмiт артуымызға да болады, әрине. Бiрақ, министрлер кабинетiн басқаратын адамның креслосына отырғаннан соң ғана тiлдi үйренетiнi бiздiңше қызықты жағдай. Өзге елде бұлай болса, жұрт ду көтерiлер едi. Бiздiңше, Үкiметтi басқаратын адам Мемлекеттiк тiлден емтихан тапсыруы керек. Президенттiкке кандидаттардың өздерi де емтихан тапсырады емес пе? Премьер дегенiмiз ендi, президенттiң жанында лауазымы төмендеу адам ғой!

Мәсiмовтiң мемлекеттiк тiлдi тез үйренетiнiне сенгiмiз келедi. Өйткенi ол басқаны былай қойғанда, премьерлiк жалақысына үстеме ақы алуы мүмкiн. Бiзде, шенеунiктердiң мемлекеттiк тiлдi үйренуге ден қойып отырғанынан хабардар болар.

Мәсiмовтiң тағы бiр кемшiлiгi харизмасы жетiспей тұрғандай болып көрiнедi. Бiр депутатымыз айтады: «Харизманың керегi жоқ. Ол президенттiң бойынан табылса, жетер. Премьерге харизманың не керегi бар?». Мейлi, бұған да көз жұма қарайық. Тағайындалған премьер Мәсiмов ендi команда жасақтай бастайды. Бiрiншi вице-премьер болып, Аслан Мусин тағайындалды. Қалған министрлердiң есiмдерi ендi белгiлi болады.

ДАНИАЛ АХМЕТОВ ҮКIМЕТI ҚАЗАҚҚА НЕ БЕРДI?

…Ол алғаш тағайындаған кезде төңiрегiндегi ақпараттар сан-саққа жүгiретiн. «Белгiлi топтың сойылын соғады» деп бәрiмiз Ахметовтiң алғашқы қадамдарына үрке қарағанбыз. Алайда, ол «ешкiмнiң де сойылын соқпайтындай» етiп өзiне имидж қалыптастыра бiлдi. Тiптi, кейiннен бара-бара «оның кiмнiң адамы екенi» ұмытылып та кеттi. Бойына ешнәрсенi дарытпай ең ұзақ жұмыс iстеген мұндай адамды сужорға десек артық айтқандық емес шығар. Ауық-ауық қаржыгерлерге тиiскенi болмаса, тып-тыныш, ешкiммен қақ-соғы жоқ адамдай моп-момақан түрде қызмет атқарды.

«Iскер екен» дедi айналасындағылар. «Көп нәрседен хабары жоқ» дедi қарсыластары. Алайда, Қазақстанның 6-премьерi Даниал Ахметов ел премьерлерi арасында сол қызметте ең ұзақ отыруымен ерекшелендi…

… Премьерлiк қызметiн 1304 тәулiк бойы атқарған Даниал Ахметов 1305-күнi, яғни, 8-қаңтарда Президенттiң атына қызметтен кету жөнiнде өтiнiш түсiрдi. Президент оның өтiнiшiн қабыл алды. Көп жылдардан берi бiз Қазақстан премьерлерiнiң бұлайша қызметiнен мамыражай түрде кеткенiн көрмеп едiк. Таң қалғандар болды. Шындығында, таң қалатын ештемесi жоқ. «Даниал Ахметовтiң командасы ауыстырылады екен» деген қаңқу сөздiң Астананың жоғарғы лауазымдылары жүретiн дәлiздердi аралағанына осымен жарты жыл өткен.

Естерiңiзге салсақ, былтыр инаугурациядан кейiн Президент Даниал Кенжетайұлы басқаратын Үкiметтiң жұмысын «үштiкке» бағалап, күзге дейiн жұмыс iстеп, кемшiлiктердi жоюға уақыт берген. Бiрақ, күзде Даниал Ахметов өз орнынан жылжи қойған жоқ. Сол күзден бергi басталған әңгiмеге Ахметовтiң өзi басу қойғысы келген сыңайлы.

Даниал Ахметов Үкiметi осы үш жыл iшiнде ұлт үшiн, қазақ үшiн не iстедi деп үш жылдағы қазаққа жасаған игiлiгiн көз алдымызға елестеткiмiз-ақ келген. Амал не, көз алдымызға ешнәрсе келе қоймады. Басында қазақ тiлiнде екi әлiптiң басын қоса алмайтын Даниал Ахметов кейiннен бiздiң мемлекеттiк тiлде «шалдыр шатпақтап» сөйлейтiн де болған. Бiрақ, оның сөздiк қоры 5 минуттан әрi аспайтын. Үкiмет жиылысын қазақ тiлiнде бiрер рет өткiздi де. Бiрақ, сiз бен бiздiң өкiнiшiмзге қарай, ол әрi жалғаспай қалды. Үш жыл iшiнде «бiрсыпыра» деген фирмалық сөзiн айтқаны ғана болмаса, Үкiметтегi қаулылардың денi ресми тiлде жүрдi. Бiр сөзбен, Үкiмет (бүкiл министрлiктердi қоса есептеп отырмыз) қазақ тiлiне толық өткен жоқ. Ахметовтiң кейбiр мәлiмдемелерiне қарағанда, ол қазақ тiлiн аттап өтiп, ағылшын тiлiне ден қойған екен. Павлодар облысындағы бiр ауруханаға барған сапарында премьерiмiз «Ағылшынша үйренiп жүрмiн» деп ағынан жарылған. Ол Қазақстан премьерi болды. Бiрақ, қазақ премьерi деген лауазымға жете алмады.

Бiз Ахметовтiң атқарған iстерiне бiраз сипаттама берiп көрелiк:

ПРЕМЬЕР АХМЕТОВ ҚАНДАЙ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ ЕДI?

Ұйымдастырушылығы жөнiнен Даниал Кенжетайұлын шашасына шаң жұқтырмады деп айтуымызға болады. Ол премьер болып тұрған кезде қабылданған бағдарламалардың өзi-ақ оның командасы қалай жұмыс iстегенiн көрсетедi. Алайда, Д.Ахметов үш жарым жылдың iшiнде өзi бас болып қабылдаттырған екi-үш бағдарламаны ғана қорытындылай алды. «Шағын кәсiптi қолдауға арналған», «Мәдени мұра» cекiлдi Мемлекеттiк бағдарламалар ғана оның премьерлiк жұмысы кезiнде аяқталды. Ал, қалғандары, мәселен, «Тұрғын үй құрылысын дамыту» жайлы, «Электронды Үкiмет», «Ғарышты дамыту» мемлекеттiк бағдарламалары биылдан бастап қорытындыланады. Ал «Индустриялық және инновациялық даму», «Денсаулық сақтау саласын реформалау және дамыту», «Ауылдық аймақтарды дамыту», «Коррупциямен күрес» тағы да басқа бағдарламалар 2010 жылдан кейiн қорытындылана бастайды.

Даниал Ахметов өзi басқаратын кабинетiне бiраз кадрларды жинай алды. Олардың арасында әрине, Қ.Тоқаев, М.Алтынбаев, Қ. Келiмбетов секiлдi салмақты, бiлiктi мамандар да бар едi. Б.Әйтiмова, Е.Ертiсбаев, Г.Қарағұсова секiлдi дау-дамайдан көз ашпағандар да болған.

ПРЕМЬЕР АХМЕТОВ ЖӘНЕ ЭКОНОМИКА.

Премьер Ахметовтi ел экономикасын өте жақсы бағытта жүргiздi десек, бiздiң қаржыгерлер «Сiздiкi жөн емес» деп айта алады. Әрине, қазiр кейбiр сарапшылар «Ахметов премьерлiктi жақсы атқарды. Өйткенi, оның кезiнде зейнетақы көбейдi, жалақы көбейдi» дей бастады. Бiздiңше, бұл атүстi пiкiр. Премьердiң жақсы жұмыс iстеуiн жалақының көбеюiмен әрi зейнетақының артуымен өлшеп, үстiрт қарастыруға болмайды. Мәселен, Қажыгелдин мен Балғымбаевтың кезiнде жалақы мен зейнетақы мөлшерiнде еш өзгерiс болған жоқ қой. Көбеюдi былай қойғанда, азайып кеттi. Әлемдiк коньюнктурадағы мұнай бағасы құлдырап кеткен кездер едi ол. Балғымбаев тiптi, Азиядағы iрi дағдарысқа тап келдi. Дегенмен, олардың атқарған жұмысы экономика үшiн жағымды болған.

Ал Ахметовтiң сәттiлiгi сол, ел экономикасын алға жылжытып отырған мұнай бағасы дәл осы 2003-2006 жылдар аралығында өте жоғары болды. Әрине, осы мұнайдың арқасында бiраз қор жинап алған мемлекет ендi әлеумет алдындағы мiндеттерiн орындай бастады.

Алайда, инфляцияны ұстап тұру секiлдi әлеуметтiң тiкелей қалтасына түсетiн жағдайларды Ахметов үкiметi еш шеше алмады. Оның басқаруындағы экономика министрлiгi мен Ұлттық банк арбаны екi жаққа тартумен болды. Тiптi, соңғы екi-үш жылдың iшiнде банктер мен Д.Ахметов арасында бiраз текетiрестер орын алды. «Банктер бiр бiрiмен сыбайласып келiсiп алған. Несиенi қымбат пайыздармен бередi. Рефинансированиенiң дәрежесiн түсiргiсi келмейдi» деген Ахметовтiң сөзi қаржыгерлер арасында бiраз дүрбелең де туғызды.

ПРЕМЬЕР АХМЕТОВ САЯСАТПЕН АРАЛАСТЫ МА?

«Жоқ!»-дейдi саясаттанушылар. Ол саяси пiкiр айтып ешкiмнiң қорасына кiрген жоқ. Әрине, премьердiң ешбiр партияны қолдап немесе саясатқа араласуына бiзде жол берiлмейдi. Бiз Парламенттiк республика емеспiз ғой. Саясатқа араластым дегенше, қызметпен қоштастым дей бер. Даниал Ахметов өзiне дейiнгi кейбiр премьерлердiң тiкелей саясатқа араласып, қызметiмен қоштасқанын бiледi. Сондықтан, ондай қылтың-сылтыңға жол берген жоқ.

ПРЕМЬЕР АХМЕТОВТЫҢ ҚОЛ -АЯҒЫ БАЙЛАНҒАН КЕЗ…

Соңғы бiрер жылдың төңiрегiн премьер Ахметовтiң қол аяғының байланып қалғандығымен де байланыстыруға болар. Өйткенi, Президент былтыр оның шұбырып жүрген орынбарларын қысқартып, жалғыз орынбасар ретiнде Кәрiм Мәсiмовтi тағайындаған. Кәрiм Мәсiмов стратегиялық жобалармен айналысып, ал Ахметовке тек күнделiктi шаруаларды қадағалауда ұстауды тапсырғанда, «Өлдiң Мамай қор болдың» деген осы екен ғой деген ой келген. Д. Ахметовтiң позициясы тiптi босаңсып кеткендей болып көрiнген. Содан-ақ, Ахметов әне кетедi мiне кетедi деп, Астана жаққа елеңдейтiн болғанбыз. Бiрақ, көптi көрген Д.Ахметов премьерлiк орнында орынбасары болып Мәсiмов келгеннен кейiн де бiр жылдай отырды.

Ахметовтiң қызметiн қысып бастаған екiншi кезең деп, «Самұрық» пен «Қазына» холдингтерiнiң құрылуын айтуға болар. Үкiметтiң қарамағында болған iрi компаниялардың барлығын да мемлекеттiк активтердi шоғырландырған осы холдингтерге қаратқанда, Даниал Кенжетайұлының өкiлеттiгi тағы да әлсiреп қалған.

Ендi мiне, мамандығы құрылысшы, экономика ғылымдарының докторы Даниал Ахметов Қорғаныс министрi болып тағайындалды. М.Алтынбаевтың орнын ауыстырған Д.Ахметов қорғаныс саласын басқарып отырған алғашқы бей-жай адам. Айтқымыз келгенi, әскери салаға қатысы жоқ министр.

Оның бұл арада не тындыра алатынын тiптi көз алдымызға елестете алмай отырмыз. Бәлкiм, құрылысшы мамандығы пайдаланар. Бәлкiм, экономикадан алған ғылыми дәрежесiн пайдаға асырар.

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары