СЫР ЕЛI ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫ – ТӘУЕЛСIЗДIККЕ ТАРТУ

СЫР ЕЛI ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫ – ТӘУЕЛСIЗДIККЕ ТАРТУ

СЫР ЕЛI ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫ – ТӘУЕЛСIЗДIККЕ ТАРТУ
ашық дереккөзі
364

Жақында «Қазақ энциклопедиясы» редакциясы «Сыр елi» (Қызылорда облысы) энциклопедиясын баспадан шығарды. Бұл аталған энциклопедияда Қызылорда облысының ежелгi замандардан бастап, бүгiнгi күнге дейiнгi аралықтағы бай тарихы жазылып, қала, облыс аумағындағы тарихи, мәдени ескерткiштер, көне қалалар орны, облыстың қазiргi экономикалық, әлеуметтiк бейнесi түрлi мәлiметтер мен карталар арқылы көрсетiлген. Сонымен қатар есiмi тек Сыр бойы ғана емес бүкiл қазақ халқына белгiлi тарихи тұлғалар мен қайраткер азаматтардың өмiр жолдары, Сыр сүлейлерiнiң өсу жолдары, бүгiнмен байланысы тартымды баяндалған. Кiтап облыс әкiмi И.Адырбековтың ақ тiлегiмен ашылып, өнер, бiлiм, мәдениет, өнеркәсiп тағы басқа да шаруашылық түрлерi жалпы сипаттама бөлiгiнде түрлi-түстi карталар және суреттермен көмкерiлген. Кiтап негiзiнен қалың оқырман қауымға, туған өлке, ел мен жер тарихы, мәдени мұраларды бiлем деушi оқырмандарға, бiлiм, ғылым жолындағы жас буын жеткiншектерге әмбебап дүние болмақ. Бұдан он шақты жыл шамасында «Атамұра» баспасынан «Сыр өңiрi» атты көлемдi, танымдық кiтап баспадан шыққанда осы жолдардың авторы өзiнiң мақаласында «Сыр өңiрi тарихын бiлгiсi келген бүгiнгi ұрпақтардың сонау бағзы заманға жетелеп, тарихи танымымызды, рухани дүниемiздi дамыта түсерi анық. Бұл тарихи еңбек энциклопедияға барар жолдағы бедерлi туынды» деген едiм. Сол айтқанындай бүгiнгi күнгi шығып отырылған Сыр елi энциклопедиясы сол кемшiн тұстардың орнын толтырған кiтап болып отыр. Кiтаптың түрлi-түстi суреттермен көркемделуi, мақалалардың жүйеленуi, әлiпби тәртiбiне келтiрiлiп, энциклопедиялық жинақтар құрылымына сай шығарылған.

Республика Президентi Н.Ә.Назарбаев Сыр елiн «Сыр – Алаштың анасы», – деп тегiннен-тегiн айтпаса керек. Шынында да Сыр бойында ежелгi және ортағасыр қалалары Шiрiкрабат, Жетiасар, Алтынасар, Жанкент, Жент, Сауран, Сығанақ, Асанас атты қираған қалалар мен 40-тан астам асарлар бар. Ұлы Жiбек жолының үлкен iзi жатыр. 7-11-ғасырларда Оғыз хандығының орталығы болған өңiрде Қорқыт ата бабамыздың өмiрлiк жыры жырлануда. Кеңестiк кезеңде республика астанасы болған да – Сыр өңiрi.

Сыр бойы небiр батырлар мен Сыр сүлейлерiн, есiмдерi республикаға танымал ғана емес, дүние жүзi бiлетiн Сералы Лапин, Мұстафа Шоқай шыққан алтын аймақ. Осынау өлкеден шыққан небiр тұлғалы тұлғаларды, колхоз құрылысының ардагерлерiн, ел басқарған, халық қалаулыларымен кең көлемде оқырманның танысуына мүмкiндiк туды.

2006 жылы Қызылорда облысы әкiмiнiң шешiмiмен «өнер жолы» белгiленген аз уақыт iшiнде көптеген мәдени шаралар атқарылды. «Сыр елi» энциклопедиясы да сол өнер жылының төл туындысы демекпiн. Облыс әкiмi И.Адырбеков өзiнiң алғы сөзiнде: «Осындай тамырын тереңнен тартқан тарихы бар облыс, оның даладай дархан мiнездi, ер көңiлдi еңбеккер адамдары, iрi тұлғалары туралы шежiренi жинақтайтын энциклопедия шығаруды мақсат еттiк. Бiздiң бұл пiкiрiмiздi жұртшылық, қоғамдық ұйымдар да қолдады», – деп жазғандай энциклопедиядан оқырман қауым қоғам дәуiрiнiң әр кезеңдерiнен мол хабардар болған.

Аталған кiтапта Қызылорда облысындағы тарихи қалалар мен облыстың өркендеуi жайындағы суреттер мен Сыр бойындағы көне ескерткiштердiң суретi берiлуiмен де құнды. Сырдария өзенiнде жүзген пароход, ресей патшасы салған қорған-қамалдар, көпшiлiкке көп таныс емес Қорқыт ата бейiтiнiң алғашқы суреттi, тағы басқа да суреттер мен карталар берiлген.

Сыр елi энциклопедиясын шығаруға Қызылорда мемлекеттiк университетiнiң ғалымдары, өлке танушылар, көнекөз қариялар және Алматыда тұратын Сыр бойының зиялы қауым өкiлдерi Қазақстан энциклопедия қызметкерлерiмен бiрлесе отырып шығарысты. Әрi жауапты, әрi қиын 4 мың тиражбен 60 баспа табақтан асатын, 545 беттi құрайтын бұл кiтап – барлық талаптарға келетiн шығарма болып табылады.

Кiтаптың шығуына жер-жерден үш мың атауды жинауға облыс әкiмшiлiгiнде құрылған арнайы комиссия жұмыс iстедi. Әрине, комиссия мүшелерiнiң арасында бұл тұста толық араласып өзiнiң аудандарындағы энциклопедияға енуге лайықты деген тұлғаларды iрiктеуде енжарлық танытқан комиссия мүшелерi де болды.

Әрине, мұндай жүгi ауыр, салмақты кiтапты шығаруға көп тер төгiлдi. Әсiресе Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттiк университетiнiң ғалымдары айрықша еңбек ете бiлдi. «Бiткен iске сыншы көп» демекшi орын алған кемшiлiктерге сын да, мiн де айтылар, бiрақ «Сыр елi» энциклопедиясы» толымды еңбектер қатарына жататын кiтап.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ, зерттеушi, этнограф

Серіктес жаңалықтары