ШЫРҒАЛАҢ

ШЫРҒАЛАҢ

ШЫРҒАЛАҢ
ашық дереккөзі
422
ЖАЗУШЫ ОРАЗАНБАЙ ЕГЕУБАЕВТIҢ «КӨКБӨРI НЕМЕСЕ ТАҒДЫР ТӘЛКЕГI» АТТЫ РОМАН-ЭССЕСI ХАҚЫНДА
 

Бiрде солтүстiктен, ендi бiрде оңтүстiктен қандай дауыл соғады екен деп ұзақ жылдар екi алып империяның қас-қабағына қарап ғұмыр кешкен алаш жұртының тұрмыс-тiршiлiгi үнемi бейжай, жайбарақат болған емес. Ресей құрамындағы қазақтардың қал-жағдайынан бiраз хабарымыз болса да, қыр асқан, Аспантау аясындағы қандастарымыздың жат елде басынан өткiзген оқиғаларын, қиямет-қайымдарын көп бiле бермейтiнiмiз шындық.

Мiне, мәселеге осы тұрғыдан келгенде жуырда Дүниежүзi қазақтарының қауымдастығы бас болып жарыққа шығарған Шыңжаң қазақтарының танымал жазушысы, белгiлi әдебиетшi-ғалым, ҚХР Мемлекеттiк сыйлығының иегерi Оразанбай Егеубаевтың «Көкбөрi немесе тағдыр тәлкегi» деген роман-эссесiнiң бiздiң мәдени өмiрiмiздегi алатын орнының ерекше екендiгiн мойындауымыз қажет. Жаңа шығарманың тағылымы мол. Қытайдың қоғамдық-саяси өмiрiнен, оның iшiнде қазақ қауымына тiкелей қатысты дүниеден көп мағұлымат аламыз. Халқының рухани төл байлығын бойына еркiн сiңiрген жазушының жаңа кiтабының тiлi шұрайлы, әшекейлi, кестелi, бояуы қалың. Романның шым-шытырық оқиғасы оқушыны ерiксiз өзiне тартады, қызықтырады, көп ойға қалдырады. Кiтапта сөз болған хикая жазушының ойдан құрастырған қиял-ғажайып әңгiмесi емес – бәрi Оразанбай мырзаның басынан кешкен, дүниеде болған оқиғалар. Осыны оқып, ой елегiнен өткiзгенде өмiрдiң өзi тұнып тұрған тарих-шежiре екендiгiне көзiңiз жеткендей болады. Дей тұрсақ та, автор мұны жалаң баяндауға ұрынбайды, шым-шытырық, бытықы-шытықы деректердi бiр жүйеге келтiрiп, көркем шығармаға қойылатын биiк талаптар тұрғысына көтере бiлген. Мұның құндылығы да осында жатса керек. Кiтаптың негiзгi өзегi басты кейiпкер Ошан (Оразанбай) төңiрегiнде өрбидi. Оқырман Ошанның соқтықпалы, соқпалы өмiр жолын байқайды. Әуелде ол Шәуешектегi Тұрсын Мұстафин гимназиясының табалдырығын аттаған балауса бал бөбек едi. Сосын ер жеттi, толысты, оқу-бiлiм айдынына сүңгiп, тәп-тәуiр қызмет атқарып, оңы мен солын ендi бiле бастағанда саяси айып тағылды, бас еркiнен айырылды. Аса қауiптi қылмыскер қамауға алынып, жазасын өтейтiн аты шулы Тарымға айдауға жiберiлдi. Мiне, негiзгi кейiпкердiң осы екi аралықтағы басынан өткiзген қым-қиғаш оқиғаларын Ошанның көзiмен көрiп, жүрегiңiзбен сезесiз. Билiктiң жан түршiгерлiк жайпау, жамсату, жайрату сияқты iс-әрекеттерiн байқайсыз, соның куәсi болғандай әсер аласыз. Роман-эссенi оқи отырып, отаршыл ел басшыларының аз халықты тұқыртып, оларға қарсы жасалған зорлық-зомбылықтың, қаскүнемдiктiң бiр-бiрiне өте ұқсас екендiгiн көресiз. Мәселен, осы шығармада сөз болған «ұлтшылдармен күрес», «стильдi түзету», «зор секiрiс», «мәдениет төңкерiсi» сияқты аты әртүрлi болғанымен, негiзгi мақсат-мiндетi, алға қойған нысанасы бiр әртүрлi қимыл-айлалар бiзге белгiсiз дүниелер ме? Қытай елiнде кең өрiс алған осы науқанды «оңшыл ағымдармен», «троцкийшiлермен», «буржуазиялық ұлтшыл-фашистермен» күресейiк, «меңдешевшiлердi», «сейфуллиншiлердi», «рысқұловшыларды», «сәдуақасовшыларды» әшекерлейiк, «халық жауларын» ашық айыптап, көзiн құртайық деген ұранмен совет өкiметi де кең көлемде жүргiздi емес пе? Жазушы Оразанбай Егеубаев Аспантау аясындағы елдегi осынау саяси қуғын-сүргiннiң қалай жүргiзiлгендiгiн, бұдан алаш азаматтарының көрген қорлығын, түрмедегi, айдауда болған кездегi аянышты хал-ахуалын нақтылы деректермен нанымды, көркем суреттей бiлген. Қолыма дегеннiң не екенiн барып көрмесек те оның сонау Қиыр шығыстағы итжеккендер тұратын аймақ деп аталатындығын естiп-бiлгенiмiз, оқығанымыз бар. Негiзiнен саяси қылмыс жасап, қырып-жоюдан аман қалған, бiрақ 58-статьямен сотталған «халық жауларының» жазасын өтейтiн көп жерiнiң бiрi. Ал Қытайдағы Тарым дегенiңiздi бiздегi сияқты аса қауiптi қылмыскерлер айдауға жiберiлетiн аймақ деп естiгенiмiз болмаса, оның не қылған мекен екендiгi бiзге беймәлiм. Кiтап кейiпкерi Ошан жазасын осында өтейдi. Танымдық тұрғыдан алғанда бiздiң бiлгенiмiз артық болмас деген оймен ол туралы автордың түсiнiктемесiне назар аудара кеткенiмiз жөн сияқты. Сөйтiп, Тарым деген не қылған жер? Жазушы оны былай суреттейдi: «Шетсiз, шексiз меңiреу құм. Мына түскен жерiмiз ну орман. Құм мен орманнан қашып шығу мүмкiн емес. Ондай қиялдар тек есалаңдарға тән. Еспе-есерлiк шөлден қурап өлесiң. Құмға көмiлiп қаласың. Бiтеу орман адым аштырмайды. Аттап басып iлгерiлесең-ақ қозғалған орныңды қайта таба алмайсың. Адасып аштан өлесiң. Орманның қарға-құзғынына жем боласың. Көзiңдi ойып, iшегiңдi шұбатып кетедi» (227-б). Жазушы лагерьдегi тәртiп ережесiнiң де қатаң екендiгiн ескертедi. Қия бассаң, қыл аяғы дәрет жеңiлдетпек болсаң да «баугау баңжаң, рұқсат па?» дейсiң. Рұқсатпен қимылдайсың. Жұмысқа тiзiлiп барып, тiзiлiп қайтасың. Аттап сыртқа шықпайсың – атыласың. Тамақ берiлiсiмен iшiледi, кейiнге қалдырмайсың. Сырттан нәр алмайсың. Сотталғандар бiр-бiрiмен сөйлесiп, бас қосуға, мұң шағуға құқы жоқ. Бұл орынның құпиялығы сақталуға тиiс. Әшекерлесең – қолма-қол атыласың. Басқарушылармен еңбек қажетi туралы ғана сөйлесуге болады. Мiндет – бұрын айтылмаған қылмысыңды мойындау, басқалардың кемшiлiгiн әшекерлеу, саяси белсендiлiк таныту. Бойындағы арам тердi аянбай ағыл-тегiл төгу, соның бодауына жаңа клеткалар қабылдау, терiлерiң ғана емес, қандарыңды да жаңалау, өмiрге шыт жаңа адам болып тыңнан келу. Мiне, осындай хал-ахуал жағдайында барлық зорлық-зомбылықты басынан кешiре отырып, «ұлтшылдығы» үшiн жер ауған Ошан қандай жағдайда болса да «қазақ деген ұлтыңның қажырын көрсет. Арына, зердесiне зәредей кiр жұқтырма» (8-б.) деген ұстаз тiлегiн естен шығармайды. Ол өзiнiң ұлтын, елiн, жерiн сүйген ұлтжандылығын жасырмайды, керiсiнше, оны мақтан етедi. «Менiң ұлтшылдығым өзiн-өзi тұйықтап алатын, өзiнен өзгенi сыртқа тебетiн, көне дәстүрге өмiр бойы жерiк – мешеу ұлтшылдық емес, –дейдi автор. –Басқамен тең жасауды, қатар құдыреттенудi, күллi жаңалық атаулыға құштар ұлтшылдық. Мен тегiне тартуды қателiк деп мойындай алмаймын. Тегiм – түрiк, нысаным – Көкбөрi. Әр адам өз ұлтын жанындай сүюi, жаным деп бiлуi, қызғыштай қоруы, барлық күш-қуатын ұлтын өркендетуге арнауы керек. Ұлтын сүймейтiндер – мәңгүрт. Ата-анасын да, өзге халық ұлыс, ұлттарды да сыйламайды. Ұлтшыл адам Отанын нағыз сүйедi» (107-б.). Бiздiңше, әуелi Құдай десек, сонан соң Ошанды (Оразанбайды) осы қиямет-қайымнан, тамұқтан аман-есен, тiрi алып шыққан да сол ұлтына, халқына, елiне деген шексiз махаббаты, оның ертеңiне, болашағына деген үлкен сенiмi, асқақ арманы, ата-баба аруағының желеп-жебеп жүруi болса керек. Оразанбай Егеубаев мырзаның жуырда жарық көрген «Көкбөрi немесе тағдыр тәлкегi» деген роман-эссесiнiң бiрiншi кiтабы, мiне, сондықтан да оқырмандарды, әсiресе жастарды, отансүйгiштiкке, патриотизмге тәрбиелеуде маңызы зор еңбек екендiгiн атап өткiмiз келедi. Кейiн Орекең, Оразанбай Егеубаев, «қылмысынан» мүлде арылып, толық ақталды. Бұрынғы қызметi, атақ-абыройы орнына келiп, алаш жұртының ұлттық құндылықтарын аспандата түсуге бiлек сыбана кiрiскен. Қол жеткен жетiстiктерi, табыстары да ұшан-теңiз. Бұл жөнiнде, амандық болса, роман-эссенiң екiншi кiтабынан оқитын болармыз.
Амантай Кәкен  

Серіктес жаңалықтары