ШIРКIНДЕ ЕС БОЛСАШЫ СЕЗЕД ДЕГЕН

ШIРКIНДЕ ЕС БОЛСАШЫ СЕЗЕД ДЕГЕН

ШIРКIНДЕ ЕС БОЛСАШЫ СЕЗЕД ДЕГЕН
ашық дереккөзі
271

Қазақ жастарын қанға бояп, ұлтымызға «қазақ ұлтшылдары», «маскүнем», «нашақорлар» деген айдар таққан орыс ұлығының алдында мәймөңкелеп, жағымпазданған, құлдық психология шырмауындағы кейбiр қазақ шенеунiктерi қазiр де билiк тiзгiнiн берiк ұстап отыр.

Желтоқсан жақындаған сайын олардың зәре құттары қалмай, аты-жөнiм аталмаса екен деп бұқпантайлайды. Бұрын атақ, дәреже алса, ендi өтiрiк болса да Алланы ауыздарына алып, өздерiнiң қара бастарын сақтап қалудың қамын ойлауда. Олай дейтiн себебiмiз, осы күнге дейiн бiрде-бiр шенеунiк немесе сол кезде орыс ұлығының сойылын соққан және рупоры болған идеологтар әлi күнге дейiн халықтан кешiрiм сұраған емес. Тiптi, «қазақ ұлтшылдары» деген сөздi Орталық Комитеттiң қарау қаулысына енгiзген қазақтар шалқақтап жүр. Оның қолымен жазылған сол қаулы архивтерде сақтаулы. Оны қазiр айту әлi ертерек, әлi оған алдағы уақытта баға берiледi, аты аталады.

Жас ұрпақ Желтоқсан туралы мүлдем бiлмейдi. Қазақстанның тарихында оған бес-алты сөйлем ғана бұйырған. Осыған байланысты желтоқсанға қатысты мәселелердi ашу, кiмнiң кiм екенiн анықтау бәрiмiздiң тарих, ұрпақ алдындағы патриоттық борышымыз.

Сол Желтоқсан оқиғасына өздерiнiң «ғылыми бағасын» бергендердiң бiрнешеуiн атап кеткiм келедi. Олардың сол кезде орыс ұлығына жағымпаздану мақсатында айтқан сөздерiне ертелi-кеш баға бермей iлгерi баса алмаймыз. Ащы шындық тарихтың айнасы, ұрпақ тәрбиелеудегi баға жетпес рухани қазына. Ұлтымыздың көсемi Ахмет Байтұрсынов:

«Үндемей өлсек,

Сүйекпен көмсек,

Кейiнгiлер не демек?!

Мен бұқтым – жаттым,

Сен бұқтың – жаттың,

Кiм iстемек қызмет?!» – деп бiзге өсиет қалдырып кеткен жоқ па?! Әрине, Желтоқсан оқиғасын тұмшалаушылар, жабулы қазан күйiнде қалдыруға тырысып бағатындар әлi де аз емес. Бiрақ, ежелгi грек қайраткерлерi айтқандай: «Платон маған дос, бiрақ ақиқат қымбат» демекшi, қазақ халқы кiмнiң кiм екенiн бiлуi тиiс. Тәуелсiздiк жолында қан төккен айбынды, қайсар ұл-қыздарымыздың әруақтары соны қалайды. Әдiлеттiлiк салтанат құрады.

Атап айтатын болсақ, Қазақстанға жiберiлген орыс ұлығы келе сала халқымыздың бiртуар ұлы Д.А.Қонаевты қызметтен тайдырғаннан кейiн Желтоқсан оқиғасын әшкерелейтiн бiрнеше конференциялар ұйымдастырылды. Кейбiреулер мiнберге жұлқына шығып, өз халқын, отанын шамалары келгенше даттаумен болды. Олар сол кезде бiр күндiк өмiрлерiн ғана ойлады, қара бастарының қамы өз ұлтының мүддесiнен де биiк тұрды. Сол конференцияларда сөйлеген, орыс ұлылығының сойылын соққан адамдардың сөздерiне баға берiп көрелiк. Сол кездiң «бас идеологы» болған Зақаш Камалиденов қазақ ұлтына, оның тарихына қара күйе жағып, тарихта қалғысы келдi! «На ее территории… проживают… свыше ста наций и народностей. Среди них – 38,6 процента казахов, 40,8 процента русских… назрела необходимость планомерно регулировать социальный и национальный состав студенчества… в вузах республики…обучались преимущесттвено молодежь коренной национальности!» З.Камалиденов мырза қазақтың өз жерiнде, өз елiнде оқуын сынға алған. Сонда қазақ қайда баруы керек?! Миға сыймайтын пiкiр, орысқа жағымпазданған адамның сөзi. Осындай пiкiрлердi оқығанымызда Талейранның да мынандай ұлағаты ойға оралды: «Егер бiрсыпыра халықтар оларға қандай ұсақ адамдардың билiк ететiнiн бiлсе, зәрелерi ұшқан болар едi».

Ол ол ма, З.Камалиденов қазақ жазушыларының тарихи тақырыпқа қалам тартуларын ешқандай негiзсiз, жөнсiз сынға алмақ болып: «Под флагом национального самосознания в литературе и искусстве в 70-80-е годы наблюдался заметный крен в историческую тематику…», – деп көсемсiдi.

Ана тiлiн бiлмей, орыстандыру саясатының нәтижесiнде мәңгүрттерге айналып бара жатқан қазақтардың рухын, намысын көтеру үшiн жазған Б.Қанапияновтың өлеңiн З.Камалиденов былай деп сынамақ болды: «А вот какие стихи Б.Канапьянова «Простор» … печатает в то время, когда в республике проявляется особая забота о двуязычии как норме нашей жизни:

Позабытый мною с детства язык,

Пресловутое двуязычие,

При котором теряю свой лик,

И приобретаю двуличие…»

(Қараңыз: кiтапта: «Ленинские принципы национальной политики КПСС и актуальные задачи интернационального воспитания». Алматы, 1987 год).

Белгiлi тарихшыларымыздың бiрi — сол кездегi коммунистiк идеологияның жетегiнде кетiп, былай деп жазды: «В литературе все еще недостаточно раскрыта и реакционная сущность Алаш-Орды, и националистической идеологии… в литературе недостаточно показана антирусская, антисоветская направленность… казахских буржуазных националистов… Так, в книге «Библиографический словарь отечественных тюркологов. Дореволюционный период» (М, 1974) под редакцией и с введением академика А.Н.Кононова опубликована биографическая статья о Байтурсунове. В ней А.Байтурсунов предстает перед читателями как участник революционного движения, издатель «пользовавшейся известностью» первой Казахской газеты «Казах»…»

1983 жылы барлық басылымдар бас тартқан Алаш-орда қайраткерлерi туралы жазылған мақаламды «Бiлiм және еңбек» журналына алып келдiм. Сол кезде бас редактор Бейбiт Қойшыбаев ағамыз болатын. Мақаламды мұқият оқып шығып; «Тәуекел, таяқ жесек, бiрге таяқ жермiз», – деп №3 санына жариялап жiбердi. Артынан мақала үлкен дау-дамай туғызып, «ұлтшылдарды басып шығарғаны үшiн» Бейбiт Қойшыбаевты жұмыстан кетiрдi, менiң мақала жариялауыма көптеген кедергiлер қойды. Осы атышулы мақала туралы әлгi тарихшылар мынандай пiкiр бiлдiрдi: «Участниками» революционного движения оказались видные реакционные деятели Алаш-Орды Б.Сырттанов, Б.Кульманов, Б.Мамбетов, И.Кашкенбаев, А.Темиров, Р.Марсекова… были попытки обелить А.Букейханова, Х.Досмухамедова и других лидеров Алаш-Орды». (164 бет).

Ал, 1988 жылы 11-шi мамырда Алматыда өткен конференцияда қазақ ұлтына, Д.А.Қонаевтың жүргiзген саясатына қарсы жағымпаздық мағынадағы сөздер де көп айтылды. Солардың iшiнде кейiн сенатор болған Жабайхан Әбдiлдин бар. Ол өзiнiң «Негативные факторы и их отрицательное влияние на межнациональные и внутринациональные отношения» деп аталатын мақаласында Д.А.Қонаевтың саясатын жан аямай сынады: «Нарушался принцип социальной справедливости, на руководящие посты зачастую выдвигались кадры по родственным и региональным признакам!».

Ж.Әбдiлдин Желтоқсан оқиғасына қатысып, ұлт намысын ту етiп көтерген қазақ жастарын «экстремист-қылмыскерлер» деп айғай салды: «В конкретных условиях этой ситуацией воспользовались экстремистски настроенные преступные элементы, которые, боясь наказания за прежние грехи, решились на крайний шаг… этим экстремистским элементам удалось обьединить все негативные обстоятельства…»

Сонымен қатар, Ж.Әбдiлдин мырза қазақтардың өзiн «оңтүстiк», «солтүстiк», «батыс» деп бөлiп қарап, Ұлттық бiрлiктi нығайту туралы сөз айтудың орнына жiкке бөлiп, жағдайды одан сайын ушықтыра түсiп, былай деп жазды: «Так, протекционистам из южных областей не было никакого дела до широкого круга населения этих областей, их интересовали только те, которые способны оплатить за «добро»… В результате у южных казахов стало формироваться повышенное самомнение…» Бұл сөз шала сауатты шенеунiктiң аузынан шықса назар аудармаған болар едiк. Ал, академик Ж.Әбдiлдиннiң бұл сөзiн қалай бағалауға болады?!

Жалпы қазақ халқының тарихында өз ұлтына сатқындық жасағандардың саны саусақпен санаулы. Ақиқатына келсек, сатқындық Ресейдiң отарлық саясатымен бiрге келдi, оның саяси негiзi «бөлiп ал да, билей бер» идеясы. Бiрақ, Желтоқсан оқиғасы кезiнде ешқандай сатқындыққа бармай, өз ұлтының басына қауiп-қатер төнгенде нағыз патриот, азамат болып қалғандарының санына С.З.Зимановты, Ж.Молдағалиевты, М.Шахановты жатқызған болар едiк. Ел басына күн туған сәтте, қабырғамыз қайысып, зар тартып жатқанымызда аталмыш азаматтарымыз сөздерiмен де, iстерiмен де орыс ұлығын тәубесiне келтiрдi.

Мысалы, М.Шаханов орыс империясының өктемдiгi еңсемiздi басып-жаншып тұрған сәтте Мәскеу шовинизмiне қарсы былай деп батыл үн қатып, сес бiлдiрдi: «Встречаются факты, прямо-таки не способствующие укреплению межнациональной дружбы. И оставлять это вне поля зрения тоже нельзя. Мало ли в нашей республике руководителей различных рангов, проживающих здесь более двадцати-тридцати лет, даже родившихся в республике, работающих бок о бок с казахами и не знающих пары слов на языке коренной нации… Ежедневно в больших и малых концертных залах, на телевидении и радио выступают тысячи именитых русских певцов. Я много слышал в их исполнении песен на английском, французском, немецком языках, что конечно, похвально, но ни разу не удалось услышать, чтобы они исполняли песни на киргизском… казахском и других языках…»

Қазақ тарихы аталмыш тұлғаларды әлi бағалайтыны, асқақтататыны ешқандай дау туғызбайды. Қазақ азаматтары аман болса елiмiздiң бiрлiгi ыдырамай, ұлттық санамыз патриотизммен жiгерленген сайын әлi де дүниежүзiлiк қауымдастықтан ойып орын алатынымыз хақ. Бiрақ, осы үлкен мақсат жолында субъективтiк жағдайлар да орын алып, Абай айтқан «бойы бұлғаң, сөзi жылмаңдар» бас көтерiп те жатқанын көрiп жүрмiз. Теңгеге байланысты дау-дамайда Кенжеғали Сағадиев: «Теңгенiң екi тiлде жазылуының әлеуметтiк-экономикалық маңызы зор», – деп өзiнше жiберiлген қателiктердi түзеудiң ешқандай қажетi жоқ екенiн айтқанда төбе шашымыз тiк тұрады. М.Шахановтың шырылдаған сөзiне қарсы болып, Зәуре Қадiрованың айғай шығарғаны, этиканы сақтамағаны бүкiл қазақ халқын дүр еткiздi. Зәуре Қадiрованың бұл жағымсыз әрекетiн iрi ойшыл-философ Бенедикт Спинозаның «билiк басындағы әйел – бүкiл әлемге қатер» деген сөзiн есiмiзге түсiрдi.

Желтоқсан көтерiлiсiнiң 20 жылдығы таяп қалды. Кезiнде үш күн бойы алаңда жүрдiк, көппен бiрге қызыл империяның қазақ жастарын қанға бояғанын өз көзiмiзбен көрдiк. Сол кезде халқына қарсы жамандап сөз айтқан және бүкiл қазақ атынан ұлтымызды жерден алып, жерге салған, үндеуге қол қойған пенделердiң көбi әлi арамызда жүр, атақ-дәрежелердi иеленген. Олар халықтан әлi кешiрiм сұраған жоқ. Сұраулары керек!

Себебi, желтоқсан көтерiлiсiне байланысты қазақ жастарына қарсы 2117 қылмыстық iс қозғады, 8 мың 500 адам әр түрлi жауапқа тартылды.

1500 адам солдаттардың соққыларынан ауыр жарақат алды. Ләззат Асанова, Сабира Мұхамеджанова, Кенжегүл Молданазарова, Ербол Спатаев, Қайрат Рысқұлбеков сияқты қайсар, ержүрек ер түрiктiң ұрпақтары тәуелсiздiк үшiн күресте құрбан болды.

Бiр қорқатынымыз, жоғарыда аттары аталғандар сияқты және басқа да табаны тайғанақтар желтоқсан көтерiлiсiнiң 20 жылдығына марапатталып, орден, медальдарға ие болып кете ме деймiз. Әдiлеттiң салтанат құруы қашанда тар жол, тайғақ кешу арқылы мойындалады. Уақыт, келер ұрпақ бәрiн ретiмен өз орнына қояды.

Сонымен қатар, сол кезеңде ел аузында жүрген танымал адамдардың пендешiлiк танытып, орыс ұлығының репрессиялық саясатына қарсы бiр ауыз сөз айтпай бұғып қалған адамдарды қалай бағалауға болады?! Қазiр бәрi батыр. Азаматтың ұлтжандылық қасиеттерi мен белсендiлiк позициялары ел басына ауыр күн туғанда көрiнбей ме?! Дауылда әрқашан биiк бәйтеректер құлайды. Аласалар күнiн көре бередi.

Сәкен ӨЗБЕКҰЛЫ,

Заң ғылымдарының докторы, профессор

Серіктес жаңалықтары