ҚАЗАҚ YШЕУ ЕМЕС, БIРЕУ ЕДI

ҚАЗАҚ YШЕУ ЕМЕС, БIРЕУ ЕДI

ҚАЗАҚ YШЕУ ЕМЕС, БIРЕУ ЕДI
ашық дереккөзі
345

«Сенбесең, әжекемнен сұра» дегендей сенбесеңiз әйтеуiр, Тарих деп аталатын қарияның iшкi-сыртқы қалтасын, етек-жеңiн, қойны-қонышын түк қоймай, үшеуiң жабылып тiнтiп шығыңдаршы, Атаң қазақ қазақ атанғалы «мен – үлкенмiн, мен – ортаншымын, мен – Кiшi жүзбiн» деп бiр–бiрiмен айтысып–тартысқаны, қырық пышақ болып қырқысқаны туралы бiр ауыз дерек таппайсың. Жоқ! Оның есесiне, қазiр: «Бұл қазақтың қашаннан әдетi ғой жүзге бөлiнiп, басы бiрiкпейтiн» дегендi лақ еткiзiп айта салатындар көп. Оны неге айтып отыр, кiмдерден естiдi, соған дәлел-дерек бар ма оны өзi де бiлмейдi. «Қожақай айтты, бiттiнiң» керi.

Тiптi, ешқашан мемлекет болып бiрiгiп көрмеген үш жүздiң басын бiрiктiрiп мемлекет құрдық деп жүргендер де табылып жатыр.

Рас, бiр атадан тараған рулардың арасында құдыққа таласу, жерге таласу дегендер ара-тұра ғана болып тұрған. Мұндай талас-тартыстар ықылым заманнан күнi бүгiнге дейiн кез келген ұлтта кездесiп келе жатқан жәйт. Қазақ соның бәрiн, «бас жарылса, бөрiк iшiнде, қол сынса, жең iшiнде» деп, ыдыс-аяқтың сылдыр-сыңғырын сыртқа шығармай, өз iшiнде шештi. Бұған керiсiнше, бiр кездерi орыс князьдiктерi өзара қызылала қырғын болып, князь болып таласқандары бiрiнiң үстiнен бiрi арыз жазып, бiрiн-бiрi жамандап, Алтын Орданың хандарының аяғына жығылып жатпайтын бе едi. Ал жесiр дауының өз алдына жеке талдауға тұрарлық қоғамдық, әлеуметтiк, салт-дәстүрлiк сипаттары өте маңызды. Қалыңмал берудiң, бай мен бай, жарлы мен жарлы ғана құда болудың көкесi кез келген халықта, орыста да дәстүрге айналған едi Осының бәрi кейбiреулер демократиялық, өркениеттi қоғам деп атап жүрген бүгiнгi қоғамда көбеймесе азайған жоқ. Мысалы, осы күнi бiр облыс әкiмi тұрмақ, аудан деңгейiндегi байшiкештiң қызын базардағы арбакеш алғанын кiм көрген?

Рас, қазақты жүзге бөлу хандық, одан кейiн аға сұлтандық басқару жүйесi кезiнде Ресей отаршылдық саясатының ең бiр тиiмдi әдiсi болды. Бұл әдiс Кеңес Одағында да кеңiнен пайдаланылды. Бiрақ жәй халық, қазақ халқы басына қандай ауыртпалық түсiп, билеушi топ қаншалықты жымысқы саясат жүргiзгенiмен, ешқашан да тұтас бiр ру немесе жүз болып бiр-бiрiмен жүз шайысқан емес. Мiне, ата-бабалардан қалған сол ұлы жолдан, ұлы тағлымнан таймаудың арқасында бiз тағдырдың кейбiр соры қалың соқпақтарынан аман өтiп келемiз.

Бiрақ әлi де болса, күнделiктi тiрлiктiң кейбiр қиюы қашып, адамдар бiр-бiрiне қатты назырқанған шақтарда осы бiр «анау – ана жүздiкi», «мынау – мына жүздiкi» деген сияқты қия тартатын қысыр сөздердi естiп қалатынымыз рас қой. Рас. Мұның аржағында бiреулердiң мына қоғамдағы кейбiр әдiлетсiздiкке деген наразылығы жатса, ендi бiреулердiң iшкi арам пиғылы жатады. Ал түптеп келгенде, қай заманда да, қай қоғамда да жәй халықтың ауызбiршiлiгi бұзылмапты. Ал, билiк басындағылардың көшелерге жазып қойған «Жүзге бөлгеннiң жүзi күйсiн» «Бiрлiк болмай тiрлiк болмайды» деген сыңайдағы ұрандарының ұлттық сананы бекiтiп, бекемдей түсетiн пәрмендiлiгi бар дей қою да қиын. Ал үш бидiң тас мүсiнi кiмгi қалай әсер ететiнiн кiм бiлсiн, бiрақ бұл мүсiндер әркiмнiң өз жүзiн қайыра бiр есiне түсiрiп, жiкке бөлiп тұруы үшiн жасалған емес пе деп те қаласың?

Жасыратын дәнеңесi жоқ, қазақтың жүзге бөлiнуi соңғы 13-14 жылда, тiптi өршiп кеттi. Қазiр мектепте оқып жүрген балалардың өзi қазақша бiлмесе де, қай жүз, қай ру екенiн жақсы бiледi.Бұрын осының бәрi отаршылардың арандатуынан болып келдi десек, елiмiз Тәуелсiздiк деп аталатын қасиеттi ұғымның шыңына шыққаннан кейiн ұмыт болуы керек едi. Осындайда елдiң, ұлттың басын бiрiктiрiп, сүттей ұйытудың басты құралы дiн, оның iшiнде ата-бабамыз тұтынған ислам дiнi екенiне тағы да көзiң жете түскендей боласың. Бiр-бiрiмен атысып-шабысып, қырғи-қабақ болған араб тайпаларының басын бiрiктiрiп, өз заманының ғылымы, әдебиетi, өнерi қарыштап дамыған ел етуге Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың қасиеттi ислам дiнiн уағыздауы басты себеп болған жоқ па едi? Ал, бiздiң демократ, глобализатор, «өркениеттi» реформатор басшыларымыз Қазақстанға жан-жақтан ағылып келген өзге дiндердi тайраңдатып қойып, ислам атаулыдан «террорист», «экстремист» iздеуiнен ұлтымыз қандай күйге душар болып бара жатқанын қазiр екiнiң бiрi бiледi. Қазақтардың жүзге бөлiнуi өршiп кеткенiн iштегi-сырттағы орыстарға шейiн жақсы бiлiп алған. Олар да жымысқылана жымиып: «Осы сен қай жүзсiң?» – деп сұрайтын болыпты. Қазақтарға теледидар арқылы «Қай дiндесiң?» деген сұрақтар да қойылып жатады.

Ендi қараңыз: Желтоқсан Көтерiлiсiнiң 20 жылдығы атап өтiледi дегелi де бұл қазақтың рушыл, тайпашылдығы әр тұстан қылаң берiп қалып жүр. Сол тұста ең алғашқылардың бiрi болып ақын Жұбан Молдағалиевтың шындықты Колбиннiң бетiне шыжғырып басқанын осы күнi бiреулер жоққа шығаруға тырысса, ендi бiреулер оның сөзiн тым ұяң, жұбау қып көрсетпек болып, халық санасына басқаша жеткiзбек болып әуреге түсiп жүр. Ал, ақын Мұхтар Шахановтың Желтоқсан көтерiлiсi туралы кейiн Мәскеуде Жоғарғы Кеңестiң сессиясында сөз сөйлеуiне түрткi болып, соны неге айтпайсыз деп сол кезде жазушы Кәкен Хамзин, ақын Байбота Серiкбаев, Бейсебай Кiрiсбаев (мархұм), Қайрат Әлiмбеков (мархұм) және осы мақаланың авторы телеграмма жолдағанбыз. Мұхаң бүгiнде оны айтқанын да бiр естiмей-ақ келемiз. Ол бiздiң сол телеграммадан кейiн сөйлеген болатын. Сосын бұл көтерiлiске Олжас Сүлейменовтi де қатыстырмақ болу күнә. Әшейiнде ана жерден бiр, мына жерден бiр күркiреп жүретiн Олжекеңнiң Желтоқсан көтерiлiсi кезiнде үнi де шыққан жоқ. Оның есесiне Әнуар Әлiмжанов, Қалтай Мұхаметжанов және Әбдiжәмiл Нұрпейсов үшеуi барғанда Олжас мiне, сендердiң кесiрлерiңнен алаңда қан төгiлдi деген сыңай байқатқан.

Дүниеде ең жаман нәрсе – ауруыңды жасыру. Бiздiң кейбiр ғалымдарымыз, тарихшыларымыз, қолына газет шиыршықтап алған кешегi коммунист ақсақалдарымыз, әйтеуiр, үкiметтiң саясатын қолдаймыз деп, тәнiмiздi iрiтiп бара жатқан жараны да жасырмақ болады. Осыдан бiраз бұрын «31» телеарнасында өткен «Қазақта жүзге бөлу бар ма?» деген пiкiрталаста Мәмбет Қойгелдi деген тарихшы: «Нарықтық экономиканың» арқасында руға, жүзге бөлiну жойылады» деп сәуегейсiдi. Бұл өзi Үкiмет басындағылардың кейбiр әнжi де алакүлiк саясатын, солар жүргiзiп жатқан кейбiр шетелге елiктеу реформаларын қолдау үшiн айта салынған жәй сөз едi. Әйтпесе, Мәмбет мырза жақсы бiледi; базар экономикасы деген қиқу басталғалы ашылған акционерлiк қоғам, ЖШС, жеке шаруашылық атаулыдан бастап, үлкен-кiшiлi әкiм-қаралар өз маңайына тек рулас, тайпаластарын ашықтан-ашық жинап алатын болды. Аудан әкiмi қай тайпадан, қай рудан болса, сол аудандағы басшы орындарының денiн сол тайпаның, сол рудың өкiлi басқарады. Бұл заң жүзiнде болмаса да, iс жүзiнде солай болып, әбден бекiдi. Осыдан бiраз жыл бұрын мынандай оқиғаның куәсi болдық.Қазақ пен Жоңғар соғысы кезiнде қазақтың 15-17 жас аралығындағы бозбалаларын Жақайым руының Байжан биiнiң баласы Сартай батыр (ол да 16-17 жаста екен) ұйымдастырып, мың баладан қол жинап, Әбiлқайырдың әскерiне келiп қосылады. Бұл қолдың iшiндегi Сартайдың өзiнен бастап, Жылқаман, Жылқайдар Арғынбай, Тойғожа сияқты хас батырлардың бәрi тарихта болған, орыстың тарихшы, этнограф ғалымдарының еңбектерiнде есiмдерi жиi кездесетiн атақты батырлар. Осы мың батыр бозбаланың Жоңғарларға қарсы соғыста жасаған ғажап ерлiгi туралы дастан да бар. Күндердiң күнiнде осы мың бала туралы Алматы облыстық әкiмшiлiгiне емiс-емiс бiр нәрсе шалынады. Облыс орталығы ол кезде Алматыда. Дереу «Мың бала» деген қозғалыс ашылды. Б.Дәлденбаев деген сазгер ән шығарып, оған өзiм қатты құрметтейтiн ақын Б.Мәжитұлы сөз жазды. Тiптi, бiрер мектепке ме, жастар ұжымына ма, Сартай батырдың есiмi де берiлген дейдi бiлетiндер. Әлқисса, күндердiң күнi болғанда ол мың бала да, олардың қолбасшысы Сартай батыр да Алматы облысына қатысы жоқ, Кiшi жүз Әлiмнiң Жақайым руынан екенi «ашылып қалады». Сөйтiп, Сартай батырдың аты да, «Мың бала» деген қозғалыстың да аты да Алатаудың төбесiнде бiраз уақыт жұлдыз болып жанып тұрды да, кенет көзден ғайып болып жүре бердi. Сонда Сартай батыр мен мың баланың кiнәсi не екенiн өзiңiз түсiне жатарсыз! Бiздiң айтпағымыз халықты жүзге бөлетiндер тек билiк басындағылар ғана екендiгi.

Иә, қазақ ешқашан үшке бөлiнiп, талас-тартысқа жол берген емес. Бұл ауру қазiр ел iшiн жайлап барады. Екi сөздiң басын құрап шығара алмайтындар, өз руын, өз тайпасын, насихаттап кiтап шығаратын болды. Қазiр Қазақстандағы аудан әкiмдерiн шетiнен жазушы, шетiнен ақын десе де, болады. Жүзшiлдiк ұлтымыздың тарихының талай беттерiн бұрмалап, былапыт қып жiбердi. Ешбiр тарихи құжатта жоқ, дерегi жоқ батырлар шықты. Жақында «Көшпендiлер» фильмiн талқылау барысында бiреулер: «Мұнда Төле би, Қазбек би, Әйтеке билер неге жоқ» деп дау шығарды.Тiптi, сол билер бiр-бiрiмен жолығысып, ақылдасып, кеңес өткiзгенi туралы бiр ауыз жазба дерек жоқ. Әрi-берiденсiн, тарихшыларымыз Төле бидi бiресе қалмаққа қарсы ұлтты ұйымдастырушы деп көрсетсе, ендi бiрде сол кездегi Шаш, яғни Ташкент шаһарын басқарып тұрған дейдi. Оны Ташкентке билеушi етiп Қалдан-серен, яғни қалмақ қонтайшысы қойған деушiлер де бар.

Шетiмiзден тарихшы, шетiмiзден шежiрешi болдық. Әл-Фараби атындағы Ұлттық университет «Шапырашты Наурызбай батыр» деген кiтап шығарды. Аруағыңнан айналайын Наурызбай батыр тарихта болған адам екенiн бiлiктi тархшылар айтып та жүр. Бiрақ, осы кiтапты оқып отырғанда хронологиялық жүйесiздiктер көзге ұрады да тұрады. Наурызбай бабамыз бiр жерде 1730 жылы Бас батыр болып тағайындалса, ендi бiр ғалымның мақаласында 1750 жылдары ел бастаған, қол бастаған сардар болып көрiнедi. Тарихтан бiзге белгiлiсi, 1726 жылдары қазақтардың Жоңғарларға қарсы шайқасында бас қолбасшы болып Әбiлқайыр тағайындалған сияқты едi. Ал қазақ әскерлерiнде сол кезде Бас батыр деген шен болған ба, оған қандай дәлел бар? Бұған да келiсейiк. Ендi, Шапырашты Наурызбай бабамыздың үш жүз жылдығына орай өткiзiлген жиында ҚазМҰУ ректоры Т.Қожамқұлов бастап, өзге де әртүрлi мамандық иелерi сөйлеген сөздерден, мақалалардан құрастырылған бұл кiтапты қарап отырып, осы университетте дәрiс беретiн ұстаздар шетiнен Наурызбай бабамыздың өмiрi туралы емтихан тапсырған екен деп қалуға болады. Тiптi, әр нәрсеге ой көзiмен қарайтын, жаны таза жiгiттiң бiрiндей көрiнетiн ақын iнiмiз;

«Көп айласын қолданып,

Көк найзасын қолға алып,

Қаскелендi шаншып ап,

Шөмеле шөптей лақтырды,

Сенген бiр Шамал батырын,

Көк шоқпармен бiр ұрып,

Түсiрдi аттан ұшырып…»

деп жырлайды. Паһ, шiркiн! Адам, оның iшiнде ақын, не айтса да бiр нәрсеге сүйенiп, дерексiз, тиянақсыз әр нәрсенi айта салудан аулақ болуы керек қой. Бiреулерден ауызекi ести сала, оны жалма-жан ғылыми-теориялық конференцияда өлеңмен оқып беру кiмге абырой әпередi? Ел қорғаған аруақты бабаларымыздың атын өшiрмей, ұрпақтан-ұрпаққа, үлгi-өнегелеу – киелi борышымыз. Бiрақ олардың осы ерлiктерiн тiлге тиек еткенде шектен шығып, андамай айтылып кететiн сөзден аулақ болу керек. Ал осы университет ректорының кiтапта; Шапырашты Наурызбай жетпiс бес жасқа келдi. Қаншама шайқасқа түсiп, оқ пен оттың ортасында жүрiп жетпiс бес жасқа жету оңай олжа емес. Жиырма жасында оқ пен қылыштан мерт болып, қыршын кетуi мүмкiн едi ғой.Ол ненiң арқасы? «Ол – батырдың ақыл-парасатының арқасында 75-ке жеттi» деудiң өзi де асқан парасаттылық емес. Ау, оқ пен оттың ортасынан аман шығып,95-ке келгендер де бар ғой…

Иә, қазiр әр жүздiң, әр рудың өзiн өзi дәрiптеп, марапаттап, қолына қалам алып азды-көптi сөз саптай бiлетiн бiреуге кiтап жаздыруы әдетке айналды. Бiз жоғарыда батыр бабамыздың ғұмырнамасы iспеттес бiр ғана кiтапқа тоқталдық. Оның кейбiр кемшiлiктерiне тоқталдық. Ал бiрыңғай рудың, тайпаның iшiнен шыққан тоқыма фабрикасының директоры, мектеп директоры, Социалистiк Еңбек Ерi туралы «шығармалар» қаншама! Тiптi, мұндай «шығармалар» жазғандардың iшiнде Журналистер, Жазушылар одағына мүше болып алғандар да бар! Ел боламыз, жұрт боламыз деген халық үшке бөлiнген емес: тұтас бiр қазақ боламыз десек, ең алдымен кейбiр билiк басындағылар әрнәрсенi сылтау етiп, қазақтың үш жүзден тұратынын жымысқылықпен еске салып отыру саясатын дереу тоқтатуы керек.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

Серіктес жаңалықтары