ДЕПУТАТТЫҚ МӘЛIМДЕМЕ

ДЕПУТАТТЫҚ МӘЛIМДЕМЕ

ДЕПУТАТТЫҚ МӘЛIМДЕМЕ
ашық дереккөзі
467

Мұхтар ШАХАНОВ, Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты

ТАҒЫ ДА БАЛАБАҚШАЛАР ТУРАЛЫ

Депутат мырзалар!<br>«Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» деген мақалға айналған әзiл тiркестi тағы да еске алмасқа шара жоқ. Қазақстанда балабақша жыры әлi толастар емес. Бұл туралы қанша рет мәселе көтерiп билiк басындағыларға жек көрiнiштi болдық. Ақырында биылғы жылға балабақшаларды мемлекет есебiнен қаржыландыруға 1 миллиард теңге ақша бөлдiргенбiз. Сол үшiн Премьер-Министр Даниал Ахметовке арнайы алғыс та бiлдiрдiк. Мәселенiң байыбына тереңдей үңiлсек мұңлы, күлкiлi жайларға тап болатынымызды бұрын да айттық, бiрақ есiтуге тиiстi құлақтар құлықсыздық танытумен келе жатқандықтан тағы да қайталауға тура келедi.

1997 жылы бiздiң Үкiметiмiз қылмысқа пара-пар шараға жол бердi. Республикада орныққан жалған мәлiмет бойынша 1100 балабақша ғана жекешелендiрiлген. Яғни қалталы адамдарға бiр шиша коняктың құнына сатылып кеткен. Кейiннен бiз бұл мәлiметтiң өтiрiк екенiн әйгiледiк. Сол тұста Алматы облысына iс-сапарға барып осы мәселенi тексергенiмде 647 балалар бақшасының жекешеленгенiне көз жеткiздiм. Мынадай ой келдi. Егер бiр облыста осыншама бөбек үйлерi қолды болса онда облыс-қалалар үкiмет мүлкiн иеленбей бей-жай тыныш отыра берген бе? Астанаға оралысымен Бiлiм және ғылым министрi Б.Әйтiмова ханымға депутаттық сұраныс жолдап едiм, ол жекешеленген бөбектер үйi 1100 емес, 2601 деген жаңа мәлiмет ұсынды. Өкiнiшке қарай, арамыздағы жасырынбақ ойыны әлi жалғасып келедi. Жуырда ғана бiр мәлiмет қолыма түстi. 1991 жылы Қазақстанда 8881 мектеп жасына дейiнгi бүлдiршiндер тәрбиеленетiн орын болған екен. Яғни балабақшалар сол тұстағы бөбектердiң 46,6 пайызын қамтыпты. Бұл мәлiметтi жасыру кiмге тиiмдi? Мемлекеттiк тiлiмiздiң қазiргi мүшкiл халге келiп тұмсық тiреуi балабақшалардың жойылуына тiкелей байланысты екенi даусыз.

Қазiр республикамызда 700-800 мыңнан астам жас өскiндер бөбектер үйiнiң жоқтығынан немесе төлем ақының тым асқақтап кетуi себептi үйiнде отыр. Оның үстiне қазiр перзентiңiздi парасыз балабақшаға орналастыра аласыз ба? Кезiнде мен «Парақорлық эпидемиясы» атты мәлiмдеме жарияладым. Бiрақ ол проблемаға шындап назар аударған басшыны кезiктiрмедiм. Үкiметiмiздiң келесi жылға балабақша салуға бөлген қаржысы күлкi шақырады. Тiптi Ұлы Отан соғысы жылдары, яғни, елiмiз үшiн ең қиын сәтте Қазақстанда 188 бөбектер үйi ашылған екен. Көңiл көтеретiн сауық-сайран, казино-мазиноға арналған үй-құрылыстарын азайтып, осы салаға ерекше назар аудармасақ – елдiгiмiзге сын.

Мектепке дейiнгi жас өскiндердi тәрбиелеу iсiнде мемлекеттiк жүйе жоқ. Бұл мiндет негiзiнен жергiлiктi билiкке ысырыла салынған. Аталмыш салаға жауапты деп саналатын Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң күнi бүгiнге дейiн қанша балабақшаның жекешеленгенiн бiлмей бас қатыруында, немесе түлкi бұлаңға салынуында да осы жүйесiздiктiң әсерi жоқ емес. Сондықтан менiң ұсынысым мынау:

Жергiлiктi жерлердегi бала бақшаға деген сұранысты зерттеп және оны дәйектi түрде бiр орталықтан бақылап, басқарып отыру үшiн Бiлiм және ғылым министрлiгiнен арнайы департамент немесе комитет ашу керек. Ұзын сөздiң қысқасы бұл салада проблема шаш-етектен. Сондықтан Парламент қабырғасына Бiлiм және ғылым министрi Бiрғаным Әйтiмова ханымды шақырып осы елiмiз үшiн аса маңызды өзектi мәселе төңiрегiнде жан-жақты талқылау ұйымдастыруды ұсынамын.

6 желтоқсан 2006 ж.

Астана, ҚР Парламент Мәжiлiсiнiң үйi.

Серіктес жаңалықтары