Кәмел ЖҮНIСТЕГI: ТӘУЕЛСIЗДIКТЕН КЕЙIН ҒАНА ҚУДАЛАУДАН ҚҰТЫЛДЫМ

Кәмел ЖҮНIСТЕГI: ТӘУЕЛСIЗДIКТЕН КЕЙIН ҒАНА ҚУДАЛАУДАН ҚҰТЫЛДЫМ

Кәмел ЖҮНIСТЕГI: ТӘУЕЛСIЗДIКТЕН КЕЙIН ҒАНА ҚУДАЛАУДАН ҚҰТЫЛДЫМ
ашық дереккөзі
248

Қарағанды облысының Шет ауданында табиғаты қызық бiр жан тұрады. Есiмi – Кәмел, тегi –Жүнiстегi. Өзi бiлдей жазушы, әрi бiрнеше кiтаптың авторы. Халқымыздың көбi ұмыта бастаған, ұмыт болуға айналған қазақтың талай мұрасын зерттеп жүрген азамат. Кезiнде КСРО сияқты алып аждаһаның аузына от лақтырған, сол үшiн саяси қылмыскер атанып, талай жыл өмiрiн саяси лагерде өткiзген Кәмел ағаның көрген қиындығы мен шеккен азабы жетерлiк. Таяуда Кәмел ағамды Қарағандыға арнайы iздеп барып, жолығып, әңгiмелескен едiм.

– Адамды Жаратушының өзi, тағдырдың өзi бейiмдейдi ғой деймiн. Жетiншi класта оқып жүргенiмде қазақ әдебиетiнен Бұқар жырауды, Шортанбайды жамандаған бiр сабақ өттi. Сол күнi осыған бола мұғалiммен келiспей қалдым. Мұғалiм әлгi екеуiн «керiтартпа, зарзаман ақындары, қазақ халқын жаманшылыққа шақырған, өзге ұлтты сүймеген адамдар» деп жамандады. Ол кiсiнiң бұл пiкiрiн жоққа шығаруға тырысып, мен де өзiмше дәлелдеп жатырмын. Тағдырдың өзi бейiмдейдi дейтiн себебiм, Шортанбай жыраудың мұраларымен бала кезден таныс едiм. Шортанбай жыраудың шәкiртi болған кiсi бiздiң үйге жиi келетiн. Өзi жүзден асып барып қайтыс болды. Сол кiсiнiң қолында Шортекеңнiң кiтаптары да болды. Арабша жазылған. Солардың бәрiн оқып, естiп өскен соң, мұғалiмге қарсы шықпағанда қайтем…

Менiң Ғазиза дейтiн үлкен шешем бар едi. Сол кiсiден 32-нiң қырғынын, ашаршылық жылдардағы қиындықтарды сұрай беретiнмiн. Әкем болса, ол кезде журналист болып қызмет атқарады. Ол кiсi мұндай әңгiмелердi естiгеннен көп қорқатын. Үлкен шешеме: «Балаға ондай әңгiменi неге айтасың? Сен айтпа, ертең не болатынын бiлесiң бе?» деп ренжитiн. Осындай дүниелердiң бәрi менiң ерте оянуыма себепкер болды.

«ПАРТИЯМЫЗ «ЕСЕП» БОЛҒАНЫМЕН, «ЖАС ҚАЗАҚ» ДЕП ТАРАТТЫҚ»

Тоғызыншыда оқып жүргенiмде, бiзге «Дарвинизм» деген сабақ жүрдi. Мұғалiм өте жақсы, бiлiмдi кiсi болатын. Сол кiсi Дарвин iлiмiн мақтап, Мендельдiң теориясын жамандайтын. Мендельдiң теориясын жамандағанына мен қарсы болам. Мендельдiң жазығы, иттен ит, жылқыдан жылқы туатындығы ма деймiн. Дарвиндi дұрыс десек, иттен маймыл туғанын дәлелдеп берген де, көрген де ешкiм жоқ. Неге бiз дәлелсiз ғылымды мойындауымыз керек деп мұғалiммен қатты айтысқа түсiп қалдым. Тiптi сол айтыстан кейiн, әлгi мұғалiм бiзге сабақ өтпей қойды. Сосын мектептiң директоры шақырып алды да: «Ей, Кәмел, сен құрып кетейiн деп жүрсiң.. Сен соны бiлесiң бе?» дедi. Сол кездiң өзiнде-ақ, осының бәрi хатқа түсiп кеткен екен ғой. Жалпы, мен социализм идеясын жамандаған емеспiн. Тек орыстардың шовинистiк пиғылына қарсы болдым. Өйткенi 1954 жылы тың игеру басталды. Тың игеремiз деп, бiздiң совхозға бiр жарым мың орысты алып келдi. Орыс пен украиннен басқа ұлт жоқ. Күнде көше бойында гармондарын көтерiп жүретiн орыстарды көретiн едiк. Ол уақытта бас көтеретiн жастар әлi жетiле қойған жоқ. Соғыстан кейiнгi уақыт. Бiрлi-жарым кемпiр-шал, жастардың көбi әлi бала, жеткiншек. Сол кездегi үлкендер: «Ендi бiз құрыдық. Бұлар ертең бiздi жерлегенде иманымызды да шығартпайтын шығар. Ең болмаса, қарағайға қақпай жерлеңдер» деп жылайтын. Қарағай дегенi, табыт қой. Тағы бiр қызығы, сол жылдары райсполкомда, исполкомда жұмыс iстеген қазақ азаматтарын «орыс тiлiнiң грамматикасын дұрыс бiлмейдi» деп жұмыстан шығарып жiбердi. Бiз осындай зорлық-зомбылықты, жылап-сықтауды, езгiнi көрдiк. Осының бәрi көз алдымызда болып жатқан соң, он сегiзге келген соң ойлана бастадым. Елдiң көзiн ашайық деп ойладым. Зейнолла деген жолдасымның әскерден жаңа ғана келген кезi. Екеумiз ақылдастық та, бiрге обкомға келдiк. Сондағы ойымыз, сол жердегi көзi ашық азаматтардың көкiрек көзiн ояту. «Қазақтардың тарихы неге оқылмайды? Құжаттардың бәрi неге қазақша жазылмайтын болды? Әдебиетiмiз неге оқылмайды? Қазақ мектептерiнiң барлығы неге жабылып жатыр?» деген мәселелердi қозғап бардық. Тың көтерудi көтердiк. «Бұл қазақтың табиғатына өте зиян келтiретiн нәрсе» дедiк. Олар бiздiң сөзiмiзге үрпиiсiп-ақ қалды. Бiрiнен соң, бiрiне апарды. Соңында олардың бiзге айтқан ақылы: «Ей, жiгiттер, бұларың болмайды. Бiзге тезiрек ассимляция жасау керек екен. Әйтпесе құримыз» дедi. Бiржола түңiлiп қайттық. Содан Зейнолла екеумiз ақылдасып, ұйым құруымыз керек деген шешiм қабылдадық. 1949 жылы Бүркiт Ысқақовтар (кейiн белгiлi балалар ақыны) «ЕСЕП» деген ұйым құрған екен. Бар-жоғы жиырма шақты күннiң iшiнде қолға түсiптi. Қарағандыдағы «Жамбыл» мектебiнде құрған ғой. Олар Сәкеннiң, Iлиястың өлеңдерiн оқыған. Бiрақ, олардың ұйымын бiреу жектiзiп қойып, қолға түсiп қалады. Солардың «ЕСЕП» деген идеясы менiң жадымда қалып қойыпты. Соны еске алдым да, жолдасыма: «ЕСЕП» деп құрсақ қалай болады?» дедiм. Мақсатымыз – халықтың көзiн ашу, санасын ояту, үркiп қалған жүрекке от тастау. Неден бастауымыз керек? Сосын әуелi «студенттердiң арасына үнпарақтар таратайық» деп шештiк. Бастапқысында бес-алты-ақ адам болды.

– Ол кездерi сiздiң бұл iсiңiзден әкеңiз хабардар болды ма?

– Бiлмейдi ғой. Қалай айтасың? Егер айтсам, олар маған жол бермейтiн едi ғой. Үнпарақтардан бастадық. Зейнолла маған: «Бұл парақтардың астына «ЕСЕП» деп жазбайық. Одан да «Жас қазақ» деп жазайық. Өйткенi, «ЕСЕП»-тiң Қарағандыдан шыққанын бәрi бiледi. Қолға тез түсiп қаламыз» дедi. «Жас қазақ» деп жазғанымыздың арқасында екi жылдай өмiр сүрдiк. Оның үстiне, «Мен сенi бiлем, сенiң кiмдi тартқаныңда жұмысым жоқ» деген қағиданы берiк ұстандық. Қолға түспеу үшiн осылай жасадық. Бiрақ, түптiң түбiнде бәрiбiр ашылатынын сездiк. Атылсақ та, асылсақ та, халықтың құрбаны болуға бел байладық. «Мал екеш мал да тұяғын бiр серпидi ғой». Бiз де тым болмағанда халықтың серпер тұяғы болайық дедiк.

– Бiрақ алып державаға, яғни алып аждаһаға шамаларыңыздың келмейтiнiн бiлдiңiз ғой…

– Бiлiп отырмыз. Оны құлатайық та деп отырған жоқпыз. Бiздiң мақсатымыз – қазақ халқының халық екендiгiн түсiндiру, үркiп, сөнiп қалған жүректерге от тастау. Өзiмiздiң жеке жазу машинкемiз болды. Сол машинкемен үнпарақтарды басып дайындадық. Үнпарақтарды таратқанда да, қулық жасадық. Ол парақтарды ашық тарату қорқынышты болған соң, әрбiр пойыздарға салып жiберетiнбiз. Бiздiң Қарағандыдан ұшақ ұшатын. Ұшақ ұшатын аэропортқа барамыз да, ұшайын деп жатқан адамдарға өтiнiш жасаймыз. Ол адамдар өздерi түскен жерден пошта жәшiктерiне салып жiберiп отыратын. Өзiмiздiң ұйымымызды партия деп есептедiк те, оның арнайы Жарғысын жасап қойғанбыз. Бiрақ, соңында қолға түсетiнiмiздi бiлдiк. Оның себебi, бiр қате жiберiп алған едiк. Бұрынырақ, «Қарағандыдан жiбермеңдер» дейтiнбiз. Бiз жақта Ақшатау деген бөлiм бар. Сол Ақшатаудан барып, бiр жiгiт хат салып жiберiптi. Соны естiген соң: «Жiгiттер ендi бiттi. Ендi қолға түсемiз» дедiм. Соның алдында ғана он шақты қол жинап, «партия құрдық» деп жариялап жiберейiк деп ойлағанбыз. Әрине, жасырын. Әлгiндей жағдайдан кейiн, мүмкiн болмай қалды. Бiрден iзге түстi. Алдымен, Шет ауданынан шыққан азаматтарды тексере бастады. Амандықов Көшкiн деген азамат бар едi. Аудандық комсомол комитетiнде iстейтiн. «Кәмел, сенiң сыртыңнан бақылау қойылды, байқа. Бiр-бiрiңмен байланыстарыңды үзiңдер» дедi. Алдында өзi де бiзге тiлеулес боп жүретiн. Рымқұл Сүлейменов деген жолдасым бар едi. Онымен мен қатынаспай қойдым. Бiр көшеде кездескенiмiзде: «Рымқұл, сен менiмен ешуақытта сөйлесушi болма» дедiм де өте шықтым. Көзi бадырайып, жолда қалып қойды.

«АУРУХАНАСЫ АУРУХАНА ЕМЕС, ТӘЖIРИБЕ ОРТАЛЫҒЫ СИЯҚТЫ»

Алғашында КГБ менен ешнәрсе таба алмаған. Соңыра Зейноллаға жазған хатымды тауып алыпты. Ол сол хатты сақтап қойған екен. Зейнолла менен үш күн бұрын ұсталды. Оны Қарағандыда ұстады. Зейноллаға тiнту жасаған уақытта жаңағы хатты тауып алады ғой. Содан кейiн мен ұсталдым. Оған дейiн Зейнолла мен танымаймын, ол өркөкiрек, ешкiммен сөйлеспейтiн тәкаппар жiгiт деп мойындамай қойған екен. Сөйтiп, менi де ұстады. Бiздi тергеген кезде орыстың бiр прокуроры қатысып отыратын. Ананы бiр, мынаны бiр сұрайды. Жауап бермеймiн. Үн жоқ. Алғашында ұрып-соққан жоқ. Алдыма Зейнолла екеумiздiң бiрге түскен суреттерiмiздiң бәрiн әкелiп жайып салған соң, амал-жоқ, мойындауыма тура келдi. Ендiгi мақсат, ұйымның өзге мүшелерiн сақтап қалу. Өйткенi, ұйым құрарда, «мүмкiндiгiмiз келгенше, ұйымның басқа мүшелерiн бермеймiз» деп уағдаласқанбыз. Содан кейiн, ұрып-соғу басталды ғой. Жиырма күннен кейiн, тiптi жүрiп-тұруға жарамай қалдым. Сосын менi олар ауруханаға әкелiп жатқызды. Ауруханасы аурухана емес, ауруларға тәжiрибе жасайтын орталық десек те болады. Құдай сақтасын, неше түрлi операция жасайды. Мәселен, өкпеге операция жасайды. Өкпеге барады да, санының етiн жапсырады. Аурухананың хирургын қасапшы деп атайтын. Сұмдық едi. Сол ауруханада жатқанымда, үйге жасырын хат жазып жiбердiм. Ол ертесiне үйге келiптi. Iнiм мен жұбайым ауруханаға келiп тұр. Екеуiне жасырын тапсырма бердiм. Ең бастысы, «ешкiм мойындамасын» дедiм. Содан ауруханадан шыққан соң, менi қайта жауапқа ала бастады. Өзiм де тыныш тұрмай: «Сендер неге тiрiдей адамдарға тәжiрибе жасап жатырсыңдар?» дедiм ғой. Жаңағы жерде менi сiлейткенде, «әй, өлген шығармын» дегем. Ақсақ керуеттiң үстiне қалай әкеп тастағанын бiлмеймiн?! Соған қарамастан, әр тергеу сайын «Егiндiбұлақта атом бомбасын жарып жатырсыңдар. Америкада елсiз аралда жарады. Олардың халқына зиян болмасын деп, жергiлiктi халықтың бәрiн бес жүз шақырым жерге көшiрiп жiбердi. Ал, бiз атом бомбасын Егiндiбұлақтың төбесiнде жарып жатырмыз. Бұлардың халыққа ешқандай зияны болмай ма?» деп мысқылдаймын. «Зиянсыз болатын болса, онда неге атом бомбасын жасап жатырсыңдар?» деймiн ғой. Не бәлем бар, десеңшi?! Бiр күнi осындай айтқандарымның барлығын протоколға түсiрiп алды да, қол қойғызды. Сосын жоғары жаққа кеткен. Бiраз уақыттан соң, қайта келiп тұр. Түрi түтiгiп кеткен. Ол уақытта ертең КГБ-ның атына зиян келмеу үшiн, құжаттарды өзгеше дайындайтын. Өйткенi, 37-нiң қырғындарын үкiмет ашқаннан кейiн, олай болмасын деп қорыққан ғой. Хрущевтiң шығарған заңы бойынша, түрмеге түскен адамға обкомның адамдарының қолы қойылуы керек. Дәрменов деген тергеу бөлiмiнiң бастығы болды. Ол кезде обкомдағы ауыл шаруашылығы секретары Бәйкен Әшiмов болатын. Сол кiсiге қол қойдыру керек болып, бiздiң құжаттарымызды Дәрменов алдына апарған ғой. Ол кiсi: «Ей, жiгiттер, мыналарың не? Алып кетiңдер»–деп, қол қоймай шығарып салыпты. Бастығы еврей. Ол еврей «қайтадан барыңдар» деп қайта жiберiптi. Әшiмовтың алдына қайта келедi. Бәйкен аға: «Ей, өрiмдей қазақтың жас жiгiттерiн қалай қиып отырсыңдар? Қазақ үшiн басын тiккен азаматтар қазаққа ертең керек емес пе?» деп айтыпты. Тағы бұрылып, кетiп қалады. Соңында еврей «жүрiңдер» Әшiмовке өзi алып барады. Әшiмов: «Мұрны қоңқиып алып, қыр соңымнан қалмай қойды ғой. Ендi қоймасам, өзiме де қатер болар» деп қол қойып бередi. Бiздi түрмеге жөнелтердiң алдында бiздi шақырып алып, Дәрменовтiң өзi айтты.

«АБЫЛАЙХАННЫҢ ХАН САРАЙЫН ТҮРМЕ ЖАСАПТЫ»

Жолда Петропавлдың түрмесiнде болдық. Ол уақытта Абылайханның ақ үйi екенiн бiлмеймiн ғой. Өзен бе, жар ма, бiрдеңенiң жағасы. Бiздi сонда алып келдi. Қолымыз байлаулы. Әлгi түрменiң есiгiнiң бәрi оюлы, ағаш есiктер. Қазақы оюлар салынған. Iшiне кiрсек, күмбезделген. Қалыңдығы бiр елi. Зейнолладан «бұл не нәрсе?» дегендей таңданыспен сұрап қоям. Екеумiз «Камера смертников» деген бөлмеде жатырмыз. Күнiне бiр рет сыртқа шығарады. Сыртта жүргендермен шүйiркелесiп қаламыз. Олар бiздiң бөлмемiздiң атын естiсе, зәрелерi ұшады. Содан орыстың бiр күзетшiсiнен, ақырындап, тамырын басып, сұрап көрдiм. «Мына түрме ескi көне дүние сияқты ғой» десем, «Конечно. Это же дворец какого то казахского хана» деп жауап бердi. Мәссаған.. Ол жөнiнде бала кезiмнен естуiм бар едi. «Абылайхан сарай салдырды» деп үлкендер айтып отыратын. Кейiнiрек, Чалябнскiнiң түрмесiнде 33 жыл бойы отырған қариямен жолықтым. Есiмi –Құнанбай екен. Өзiнiң туып өскен жерi Ақмоланың маңайы. Бүкiл аймақты кезiп жүрген адам болыпты. Көрген-бiлгенiмiздi айтып едiк: «Тәубе, Құдай Абылайханның хан сарайы бар екен ғой. Мен оны өртеп жiберген шығар десем» дедi.

Челябнскiде неше түрлi қорлықты көрдiк қой. Күнiне бiр мезгiл далаға алып шығады. Бiр күнi серуеннен соң, менi өз камерама емес, өзге камераға қарай алып кеттi. «Менiкi онда емес едi ғой» десем, қақпайлап әкелдi де кiргiзiп жiбердi. Кiрсем, iшiнде үш орыс отыр. Бiреуi еңгезердей. Орыстар тиiсе бастады. Мен де қарап қалам ба, әлiм келгенше тойтарыс берiп жатырмын. Iс насырға шапты. «Сендерге не керек?» десем, «Өлтiремiз» дейдi. Сосын амал-жоқ: «Сендер жабылмаңдар, одан да бiреуiң шығыңдар» дедiм. Еңгезердейi қарқылдап күлдi. Өзiмдi-өзiм қорғап жүрмiн. Аздап бокспен шұғылданғаным бар едi. Еңгезердей болғанымен, бокстан еш хабары жоқ боп шықты. Ұрып жүр. Екеумiз алысып жүрмiз. Шамам таусылып барады. Ақырында «өлдiм» деп ойладым. Бiр кезде ол еңкейiп қалып, қонышынан бiрнәрсенi шығарып, сермеп қалды. Алғашында пышақ шығар деп ойлағам, сөйтсем бiз екен. Сермеп қалғанында, қолымды тоса қойдым. Сарт ете қалды. Қан бұрқ етiп, атыла жөнелдi. «Оһ» дедiм. Ол менi өлтiрдiм деп ойлады. Олардың ойы менi өзi асылып өлдi дегендi жасағасы келiп тұр. Ол өз iсiне мәз болып, масайрап тұрғанында оқыстан, шықшытынан перiп кеп жiбердiм. Ол құлап бара жатып, басын батереяға қатты соғып алды да, жерге етпеттей құлады. Үстiне қарғып мiнiп алдым да, қалған екеуiне «убит его» деп едiм, әлгi екеуi «керегi жоқ» дедi. «Онда көмектесiңдер» дедiм. Көйлегiмдi жыртып, қолымның қанын тоқтату үшiн, қатты етiп байладым. Ертесiне Зейнолла көрiп, шошып кеттi. Оған «Бiр өлiмнен қалдым. Келесi ажалдың қашан болатынын, Құдай бiлсiн?!» дедiм. Бұндай азаппен, төрт жылды өткердiк қой.

«86-НIҢ ОҚИҒАСЫ МЕНЕН АЙНАЛЫП ӨТПЕДI»

Елге келген соң да, қиындықтан құтылмадым. Еш жерге жұмысқа алмайды. Соңында орыс мектебiне физрук болып қызметке орналастым. Мектеп директорының орынбасары қызметiне дейiн көтерiлдiм, одан ары қарай көтермейдi. Жылына екi рет директор ауысып кетедi, бiрақ менi сайламайды. Өйткенi, «халық жауымын». Ал, Зейнолланы бес рет жұмыстан бостаты. Ешқандай кiнә жоқ. 1982 жылы үйiмiздi тiнткенде, балам мен жиенiмдi дәрi берiп, естен тандырып, тергеу жүргiзген. Балама жасаған қиянатын көргенде, шыбын жаным әзер қалды. Өзiме-өзiм қол жұмсауға дейiн бардым. Соңында милицияға өзiм барып: «Менi жау десеңдер, бүгiннен бастап, ұстап әкетiңдер. Тек балама тиiспеңдер» дедiм. Сондағысы, тыныш жүрмеймiн. Шортанбайдың, Қыздарбектiң мұраларын зерттеймiн. Зерттеген дүниелерiмдi үйге сақтауға да қорқам. Тiнтiсе, тауып ала ма деп, айдалаға тығатынмын. Орыс мектебiнде жүргенiмде «Қоғамтану» деген сабақ жүрдi. Сол сабақты бергенiмде, балаларға айтатыным – қазақтың мәдениетi, қазақ тарихы. 1984 жылы олар маған қайта бақылау жасай бастады. Мектептiң жоғарғы класының оқушысы сияқты, КГБ-ның адамдары келiп, сабаққа қатыса бастады. 1983-84 жылдары. Сосын амал-жоқ, 84 жылы мектептi тастап кетуiме тура келдi. Оқу бөлiмiне әдiскер болып орналастым. Талды деген жерде бiр мектепте тоғызыншы кластың бiр оқушысы босанып қалыпты. Соның жазасы бiзге жабылды ғой. Ол уақытта Зейнолла да аудандық оқу бөлiмiнде iстеп жүрген. Сондағы бiзге тапқан айыбы: «Аудандық оқу бөлiмiн Алашордашылар басып алды» дейдi. Содан «ертеңнен бастап, отбасыларымен жұмыстан шығарылсын» деген бюроның қаулысы шықты.

–Соншама қиындық көрген ауылдан неге кетiп қалмадыңыз?

– Нағыз далада өскен адаммын ғой. Қалаға да сiңiп кетуге болар едi. Бiрақ, мен даланы қимаймын. Даланың иiсiн иiскемей, отыра алмаймын. Мұхтар Мағауин «Жұлдыз» журналына қызметке шақырды. Соған бармай қалдым.

Тiптi, 1986 жылғы оқиғаның да шарпыны тидi ғой, маған.

– 1986 жылғы оқиғаның ауылда жүрген сiзге қандай қатысы бар едi?

– Оның қатысы, мен «халық жауымын» ғой. 87-нiң наурыз айында ғой деймiн, министрлiкте мұғалiмдердi жетiлдiру институты деген бар. Содан «Кәмел Жүнiсовтi жетiлдiру институтына жiберiңдер» деген қағаз келдi. Ауданнан емес, облыстан емес, сонау министрлiктен. Сосын мен әдейi үш күн кешiгiп бардым. Төртiншi күнi бардым. Жатақханаға барып, алыстан келгенiмдi айтып едiм, олар маған «неге кешiгiп келесiңдер» деп ұрсып жатыр. Iшiмнен қуанып тұрмын. Орын жоқ болса, кетсем кетiп қалайын деп тұрмын. Содан тағы бiреусi келдi де, менiң қолымдағы қағазымды қарап, менiң фамилиямды көрдi де: «Да, для него есть место» дедi. Жатақхананың екiншi қабатынан бiр бөлме дайындап қойыпты. Бiр бөлмеде екi-ақ орын. Басқаларында төрт-бес, кемi алты адам жатыр. Қабылдандым, көршiм жоқ. Кеш болды, әлгi көршiмнiң келетiн түрi жоқ. Түннiң бiр уағында бiреу есiк қағады. Жарықты сөндiрiп қойғам. Жеңiл киiмде жатқам. Есiктi ашып кiре бергенiнде, жағадан шап берiп ұстай алдым. «Қайда iстейсiң?» дедiм. Ол қылғынып барып, «о-о-органда» дедi. Сөйтiп, ол маған ештеңе iстей алмады. Тiкелей сұрақ-жауапқа шақыра алмайды. Ол уақытта КГБ-ның жiгiттерiнiң маған бетi бұрыла бастаған кезi едi. Бiр күнi бiреу түн iшiнде келiп, есiгiмдi қағып тұр. Таңата ғой деймiн. «Кәмеке, сiздiң үйiңiз күндiз-түнi бақылауда. Екеуiңiздi де он жылға жiберетiн болды» дейдi. «Не себептi?» десем, «1986 жылғы оқиғаны идеямен дамытушы деп танып отыр. Менiң сiзге айтып тұрғаным, сiзде көп қағаздар бар, соның бәрiн тығыңыз» дедi. Ол жiгiт әлi тiрi. Оның аты-жөнiн айтқым келмейдi. Өзiмiз де осылай боларын бiлiп, күтiп жүргенбiз. Кешке күнде дайындалам. Күнде сөйтем. Үйдегiлерге ешнәрсе айта алмаймын. Ерте бастан уайымдамасын деп ойлаймын. Сөйтiп жүргенде, мемлекеттердiң арасында iрiткулер басталып кеттi де, КГБ-нiң бiзбен шаруасы бола алмай қалды. Сөйтiп аман қалдық. Егер тағы бiр рет бiздi түрмеге салса, онда аман қалмайтын едiк. Тепкiлеуден шықпаймыз ғой. Онда баяғыдағыдай, жиырма жастағы денсаулығымыз жоқ.

Менiң кiтаптарымның бәрi сұмдық қудалауға ұшырады. Менiң кiтабыма Зейнолла Серiкқалиев бiрiншi рецензия жазған кiсi. Маған кездесiп: «Кәмел, тым ашық кетпе. Құрисың» дедi. «Көксеу» деген кiтабым он үш-он бес жыл жатты. Қыздарбек күйшi туралы ғой. «Көне хикая» Мұхтар Мағауиннiң күшiмен шықты. Қудалаудың ең соңы –1991 жылы болды. Сол жылдың наурыз айында менiң үстiмнен арыз жазып жiберiптi. «Бұл әлi де ұлтшыл. Бұрынғы өзiнiң идеясын көксейдi» дептi арызда. Содан КГБ: «Бiздiң ол кiсiнiң алдындағы кiнәмiз жетедi» деп, әлгi арызды обкомға жiбере салыпты. Обкомда соңын аяқсыз қалдырды ғой…

Әңгiмелескен Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары