Жұбан Молдағалиев: ЖЕЛТОҚСАННЫҢ КӨРГЕНШЕ ОН АЛТЫСЫН, БIР КҮН БҰРЫН БАТСАМШЫ БАТАР КҮНМЕН...

Жұбан Молдағалиев: ЖЕЛТОҚСАННЫҢ КӨРГЕНШЕ ОН АЛТЫСЫН, БIР КҮН БҰРЫН БАТСАМШЫ БАТАР КҮНМЕН...

Жұбан Молдағалиев: ЖЕЛТОҚСАННЫҢ КӨРГЕНШЕ ОН АЛТЫСЫН, БIР КҮН БҰРЫН БАТСАМШЫ БАТАР КҮНМЕН...
ашық дереккөзі
958

Осылайша тебiренген ақынның жаралы жүрегiн Желтоқсанның үсiгi шалды. Алаңдағы қантөгiстен кейiн-ақ оның денсаулығы сыр бере бастаған. Жұдырықтай жүрегi қара жердiң қойнынан тыныштық тапты. Мәңгiлiкке… Ел басына күн туған шақта ұлттың ұлы бола бiлген ұлы тұлға туралы 40 жыл отасқан қосағы София Мәлiкқызы Молдағалиева бiзге сыр шерткен едi.

«ҚАСТАНДЫҚ ЖАСАЛДЫ» ДЕП ЖИI ЕСТИМIН»
 

– София апай, алаңда болып жатқан жағдайды Жұбан аға қайдан естiдi?

– Жұбақаңның кiшкентай ғана радиосы болатын. Хабарды содан естiген болар. Әлде кешкiлiк жұмыстан қайтқан балалары айтып келдi ме. Ол уақытта Жұбақаң Қазақстан Жазушылар одағының бiрiншi хатшысы қызметiнен босап, үйде шығармашылық демалыста жүрген кезi едi. Екi баламыз Қуандық пен Азамат жұмыс iстейтiн. Ұжым мүшелерiмен бiрге кезекпен көше тәртiбiн күзетуге шығатын. Бiрi түнгi 12-ден таңғы 6-ға дейiн, бiрi таңғы 6-дан түнгi 12-ге дейiн. Балалар үйге келгенше әкелерi көз iлмейтiн. Қатты қиналды. Ұлдарына: «Қолдарыңдағы резеңке таяқшаны лақтырып тастаңдар. Жан баласына көтерушi болмаңдар» деп қайталай беретiн. – Ал Желтоқсан құрбандарын қорғаштап, Колбиннiң алдында сөз сөйлеуiне не себеп болды? – Жазушылар одағынан Олжас па, әлде басқа бiреу ме, үйге телефон шалып, «Колбиннiң алдында сөйлеп берiңiз» деп өтiнiш айтты. – Неге Жұбан аға сөйлеуi тиiс едi? – Бiлмеймiн… Анық бiлмегендiктен, кесiп-пiшiп ештеңе айта алмаймын. Бiрақ Жұбақаң да «Неге өздерiң сөйлемейсiңдер?» деп қарсы болды. – Бiрақ сөз сөйлеуге бәрiбiр келiстi. – Иә. Шамамен сағат кешкi ондарда жазу үстелiне отырды да, түнгi 2-3-терде сөйлейтiн сөзiн қағазға түсiрiп бiттi. Түсiрiп болысымен маған оқып бердi. Мен: «Артығырақ кетiп қалған жоқсың ба?» деп едiм. «Мейлi! Менiң қаламымыды тартып ала алмайды ғой. Осылай сөйлеп шығам» деп жауап бердi. Мiнезi тiк Жұбақаңды алған бетiнен қайтару қиын. Ертесiне Жазушылар одағына барып сөзiн машинкаға бастырып алды да, кешкiсiн Колбинмен кездесуге кеттi. – Кездесуден кейiнгi көңiл-күйi қалай болды? – Қатты шаршап келдi. Iштегi шерiн тарқатып тынғанмен, денсаулығына әсер еткенi анық. Оның алдында да денсаулығы онша емес едi. Қан қысымы, асқазаны жиi сыр берiп жүрген. – Естуiмiзше, Желтоқсан оқиғасынан кейн ағаның жағдайы күрт төмендеген көрiнедi? – Әрине, денсаулығын күрт төмендетпесе де, айтарлықтай әсер еттi. Ондай нәрселер әсер етпей қоймайды ғой. Колбиннiң алдында айтқан бүкпесiз ойын билiк пен жұрт қалай қабылдайды? Соңы не болады? Осы сияқты сауалдар маза бермегенi анық. Ауруханаға 1987 жылы жатты. Содан қайтып оңалмады. – Кездесу барысында және одан кейiн болған жағдайлар туралы сыр айтты ма сiзге? – Жоқ. Жұбақаң көбiне томаға-тұйық жүретiн. Iштегi сырын ашылып айта бермейтiн. Оның үстiне, мен: «Жазушылар одағында болып жатқан оқиғалардың маған қатысы жоқ. Сондықтан отбасымызға байланысты мәселелердi ғана шешiп алсақ, жетедi» дейтiнмiн. – «Ұзынқұлақ» Жұбан ағаның ажалына мүдделiлердiң себеп болғанын айтады. «Молдағалиевке қастандық жасалды» деген алып-қашпа әңгiменiң рас-өтiрiгi қаншалықты? – Келiнiм консерваторияда жұмыс iстейдi. Соған қызметтес бiр профессор: «Ой, Жұбақаңа қастандық жасалды. Әдейi өлтiрдi ғой» деген көрiнедi. Менiң өзiме де талай адам келдi сондай күмәндарын айтып. Бiрақ оны қалай дәлелдеймiз? Қолымызда нақты дәлел жоқ. Ауруханадан берiлген құжатта қайтыс болу себебi мүлде басқаша көрсетiлген.
«ҚАЗАҚ ТIЛIН КӨТЕРГЕНI ҮШIН ЖҰМЫСТАН ҚУЫЛДЫ»
 

– Жұбағаң қандай мiнездiлердi ұнатпайтын едi?

– Жағымпаздарды, жалтақтарды, өтiрiк айтатындарды ұнатпайтын. – Отбасына қалай едi? – Әкесiнен алты айлығында қалғасын ба, отбасына өте жайлы әрi балажан болатын. Енем марқұм маған: «Төркiнiңнен әкелген балаң жоқ. Бәрi де өзiмдiкi» деп отыратын. Құдайға шүкiр, Жұбақаңның маңдайына немерелерiнiң бәрiн көру жазылыпты. Ол кезде отағасы екеумiз Мәскеуге жиi сапарлайтын едiк қой. Жұбақаң Мемлекеттiк сыйлық тағайындайтын комиссияның мүшесi, оның үстiне, депутат. Әр барған сайын Мәскеудегi «Балалар әлемiнен» (өзi баратын 4 бөлiм болатын) немерелерiне киiмдер алып келетiн. Бiр қызығы, алған тауарлардың балаларға шақ болғанын ұнататын. Мен, керiсiнше, кеңдеу, жеңдерi ұзындау болғанын қалаймын. Сонда маған «Неге үлкен өлшемдi аласың» деп кейитiн. – «Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды». Бiр-бiрiңiзбен қатты ренжiскен кездерiңiз болды ма? – (Күледi). Бiрде мен партбилетiн қайда қойғанымды бiлмей, дал болғанда зәресi зәр түбiне кеткен. Ол кезде партбилеттi жоғалту ауыр қылмыспен тең едi ғой. Абырой болғанда, жоғымыз чемоданның түбiнен табылды. Сонда ол: «Есiң дұрыс па, менi өлтiре жаздадың ғой» деп маған қатты ренжiген. – Балаларыңыз қай тiлде бiлiм алды? – Орыс тiлiнде. Ол кезде саясат солай едi ғой. – Немере, шөберелерiңiз ше? – Олар да орыс тiлiнде тәрбиеленiп жатыр. Ендi әке-шешелерi қазақша бiлмесе, орыс тiлiнде сөйлесе, олар қайдан бiлсiн қазақ тiлiн? – Қазақтың тiлi деп жаны отқа күйген Жұбағаң мұны көрсе не дер едi? – Ол кiсi… Бiлмеймiн. Бiз Жұбақаңның жұмыс барысымен Мәскеуге жиi сапарлайтын едiк дедiм ғой. Сонда балаларға менiң анам бас-көз боп қалатын. Өзiм қалада өскем, тәрбиемiз – орысша. Анам қазақша бiлгенмен, балалармен орыс тiлiнде араласатын. – Аталарының ұлттың ұлы бола бiлгендiгiнен немере, шөберелерi хабардар ма? – Шөберелерi әлi кiшкентай ғой. Ал немерелерi ел басына күн туған сол кезде аталарының өзiн қалай ұстағанынын, қандай адам болғанын бiледi. – Отбасында патриоттық, ұлттық мәселелер туралы Жұбақаң сөз қозғайтын ба едi? – Әрине. Қай жерде де тiл мен ұлттық мүдденi ашық айтатын. Қазақ балабақшаларын көптеп ашу, мектептердегi қазақ тiлi сабағының ауқымын кеңейту мәселелерiн жиi көтеретiн. Ол кездерi орыс тiлi аптасына 10 сағат болса, қазақ тiлiне небәрi 1 сағат қана бөлiнетiн едi ғой. Орталық Комитет мүшелерiмен, Қонаевтың өзiмен жиi әңгiмелесетiн. 1953 жылы «Қазақ әдебиетiнде» жұмыс iстеп жүргенде қазақ тiлi мәселесiн көтергенi үшiн Сырбай Мәуленов екеуiн қызметтен босатты. Жұмыссыз қалдым екен деп сағы сынған жоқ. 1966 жылы тағы көтердi. Жоғары оқу орындарынан қазақ бөлiмдерiн көптеп ашу жайлы да жиi айтатын. – Онысы өзiне таяқ боп тиетiн… – Әлбетте! Бiрақ оған мойымайтын. Колбиннiң тұсында «қазақ балаларын жоғары оқу орындарына пайыздық көрсеткiштермен қабылдау керек» деген қыңыр, сыңаржақ саясатқа қарсы шыққан да – Жұбақаң. – Негiзi «жоғары оқу орындарында қазақ балалары көбейiп барады» деп «аттандағандардың» алдыңғы қатарында Камалиддинов жүрген… – Ол жағын мен анық айта алмаймын. Бiрақ Жұбақаң Колбиннiң арнайы қабылдауында болып, оған ескертiп шықты: «Елдiң балалары Балтық жағалауы елдерi, Мәскеу немесе басқа шет елдерге барып бiлiм ала алмайды. Қолдары қысқа. Сондықтан Қазақстандағы жоғары оқу орындарындағы қазақ бөлiмдерiн көптеп ашып, ауылдың балаларына жоғары бiлiм алуына жағдай жасалынуы тиiс» деп. Айтпақшы, Жұбақаң қайтқаннан кейiн «Жұлдыз» журналында Мұхтар Мағауин оның «Қазақ» деген поэмасын сынаған көрiнедi. – «Мен қазақпын мың өлiп, мың тiрiлген!»… – Иә, иә… – Неге сынапты? – Бiлмеймiн. Әйтеуiр, сынапты. Бiреулерден ести сала Жазушылар одағына, Нұрлан Оразалинге хабарласып едiм, «Ой, апа, көңiл бөлiп қайтесiз. Жұбағаңның қандай адам болғанын халық бiледi ғой» дедi. Ағаңның 80 жылдық мерейтойы қарсаңында болатын. Менiң қынжылатыным, дәл сол кезде сондай поэманы жазуға кез келгеннiң дәтi бара бермейтiн. Мен қазiргi адамдардың пейiлдерiнiң тарылып бара жатқанына қамығамын. Желтоқсан туралы сөз қозғалғанда кезiнде жанын шүберекке түйiп, халық үшiн шырылдаған Жұбан Молдағалиев туралы айтуға құлықсыз. Неге? Түсiнбеймiн. Кезiнде кiтабына жазған Коммунар (қазiр Қайым Мұнар деп жүр ғой) Табей де, Мұхтар Шаханов та бiрауыз айтпайды. Неге? – «Желтоқсанның» ызғарынан қаймықпаған Жұбан аға өзiнiң тиiстi бағасын алды деп ойлайсыз ба? – Сол кезде сөйлеген сөзiн халық бiледi. Халық үшiн, ұрпақ келешегi үшiн iстеген iсi болатын. Билiк тарапынан марапаттау болмады. Бiрақ елi риза. Ең басты сый – сол ғой. Халықтың пейiлi. Жұбақаң қайтқанда 5 томдық шығармасын басуға, ол тұрған үйге құрмет тақтайшасын iлiп, атына көше беруге» қаулы қабылданған. Бiрақ ол құжат жоғалып кеттi. Қалдарбек Найманбаев бiрiншi комиссия шығарған үкiмнiң орнына қайтадан құжат қабылдапты. 5 томдық шығарма 1 томдық деп өзгертiлiп, естелiк тақтайшасы туралы айтылыпты. Бiрақ тақтайша 8 жыл бойы iлiнген жоқ. Атына көше де кейiн берiлдi. Жазушылар одағына Нұрлан келгесiн барып. Бiрде өзiм кiрiп ескертiп шыққан болатынмын. – Жұбағаңның қатты жабыққан бiр сәтiн еске түсiре аласыз ба? – Тұрғын үй мәселесiн қатты қиындық көрдiк. Пәтер иелерi балаларың бар деп үйлерiн бiзге жалға беруден ат-тондарын ала қашатын. Құрманғазы мен Фурманов көшелерiнiң қиылысында барак типтес бiр қабатты үйлер тiзiлiп тұратын. Сол жерден пәтер тигенде қуанғанымыз рас. Алайда бұрынғы қожайын өзi Өскеменге көшсе де, заңды түрде бiзге тиесiлi үйге туыстарын тастап кетiптi. Сонда ағаң қатты күйiнген. Ол туралы «Социалистiк Қазақстанға» да жазды. Әйтеуiр, үйге көшiп кiрдiк. – Қазiргi кең үйге қалай қол жеткiздiңiздер? – Бiз ешқашан су жаңа үйге кiрген емеспiз. Өмiрi бiреуден босаған, бiреулерден қалған пәтерлерде жүретiнбiз. Қазiргi үйiмiзде кезiнде Асанбай Асқаров тұрған. Жұбақаң ұлтқа қатысты мәселелердi шешуде «бiрiншiге», Қонаевқа тiке кiретiн. Ойын ашық, бүкпесiз айтады да, шығып кетедi. Ал жеке басының мәселелерiне келгенде, кейiнге шегере беретiн. Ұялатын. Балалар болса өсiп қалған. Бiр күнi мен «Егер сен өзiң сұрамасаң, сен үшiн ешкiм жүгiрмейдi» дедiм. Сол сөзiм қамшы болса керек, 1963 жылы Батуров деген энергетика министрiнен босаған 4 бөлмелi пәтерге көштiк.
ӘҢГIМЕ АРАСЫНДА…
 

– Сiз – қазақшаға шорқақ қаланың қызысыз, Жұбағаң – қырдың қарадомалағы. Бiр-бiрiңiзбен қалай таныстыңыздар?

– (Күледi). Онымен танысқанымыз да бiр жыр… Бiздi 1947 жылы туыс бiр апайымыз таныстырған. Жұбағаңның анасының өтiнiшi бойынша. Анасы менi бiр көргеннен ұнатыпты. Баласына: «Ештеңенi бiлмеймiн, осы қызды аласың» деген талап қойған. Жұбақаң да менi ұнатса керек, екi сөзге келместен сөз салды. Денесi сымдай тартылған, үстiнде әскери киiмi бар жiгiтке менiң де көңiлiм бiрден ауды. Оның жанындағы досы Сағынғали: «Ой, мына Жұбан – жас ақын. Келешегi бар, етегiнен ұстасаң, қор болмайсың. Тек анасын күтсең болды» деп құлағыма құя бердi. Қаланың қызы болғандықтан, қазақшаны онша бiлмеймiн. «Келешекте» не болатынын түсiне алмадым. Әйтеуiр, түсiнгенiм – «анасын жақсылап күту керек». Сөйтiп, 1 аптаның iшiнде апыр-топыр құда түсiп, Жұбақаңның ауылына келiн боп аттанып кеттiк. Ешқандай кинотеатрға бару, «сүйдiм-күiдiм» деген махаббатсыз-ақ. Осылайша 40 жылға жуық отастық. Әлi де жанымда дiн-аман жүргенде ғой, немере-шөберелерiнiң қызығын бiрге көрiскенде ғой деп армандаймын…
«МЕН ҚАЗАҚПЫН МЫҢ ӨЛIП, МЫҢ ТIРIЛГЕН!»
 

Желтоқсанда жасындай жарқылдаған қайран Жұбағаңның Колбиннiң алдында сөйлеген сөзiнен үзiндi: «Маған бұл кездесу туралы хабарлағанда, мен өзiмнiң шешендiк өнерiм мен олимпиадиялық ұстамдылығыма онша сенiңкiремей, осы мiнбеден айтқым келетiнiмнiң кейбiрiн асығыс қағазға түсiрiп алдым. Мен ойлаймын, дұрыс па, әлде ағаттық па, бiлмеймiн, әңгiме тек риясыз, мейiлiнше, ашық, жүрекжарды болуы, адам бiрдеңеден қателесiп кетем бе және бiр-бiрiмiзге жақпай қаламыз ба деген әйеншектеуiнсiз болуы керек. Алайда, мұндай жағдайда көбiнесе үндемей қалған немесе көлгiрсiген, ыққа жығылған, iстен гөрi ұрандар туралы көбiрек сөз қозғайтын адамның ұтатыны бiзге түсiнiктi.

Елде тәртiп орнату бiр жылдың шаруасы емес екенiн бiз түсiнемiз, өйткенi, қолдан шығарып алғанымыз, iстемегенiмiздiң көлемi тiптен орасан, ал көтерер жүгiмiз одан да үлкен. …Бiздiң саяси тәрбие және идеологиялық жұмыстардың деңгейiне заңды көп талап-тiлегiмiз бар. Оның стереотиптiлiгi, пәрмендiлiгiнiң аздығы, реалды шындықтан, адамдардың толғанысы мен қиналысынан қол үзуi, адамгершiлiк-идеялық өлшем позициясын әлсiретуге және кейде қолдан беруге, феодалдық-тоғышарлық адалдыққа әртүрлi типтегi басқаша ойлаушылар деп аталатындардың пайда болуына әкеп соғады. Айтылғанның қасiреттi көрсеткiштерiнiң бiрi – желтоқсанның 17-сi мен 18-iнде Алматыда болған оқиға… Бiрақ, естiгенiмдей, өрт сөндiрушi машиналарды – су атқылағышты, арсылдаған иттердi, рәзiңке тоқпақтарды айлалы арандатудың құрбаны болған жас жiгiттер мен қыздарға қарсы ойланбастан асығыс ала жүгiрудi қостаймын десем, онда өз арымның алдында, сiздердiң барлықтарыңыздың алдыңда ақ-адал болмас едiм. Менi мына мәселелер толғандырады: өкiмет органдары тәртiптi қалпына келтiруге көмек көрсетуге шақырғандардың және жуасытушы құралдармен қаруланғандардың бәрi етегiне намаз оқыған интернационалист екенiне бiздiң көзiмiз жете ме? Олардың арасында тәртiпсiздiкке қатысушыларды ызаландырып, ашындыру үшiн алауыздықты қоздырған жаны да, қолы да таза емес адам болмады ма екен? Көзiмен көргендердiң айтқанындай, 17-18 жастағы қыздарды шашынан сүйреп сабаған солар емес пе екен? Ақырында сонан кейiнгi күндерi қалалық транспортта, көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда тiл тигiзу, қоқан-лоққы жасау солардан шығып отырған жоқ па екен? Мен осындай ұят оқиға және оның артынша не болғанын естiгенде жасырып қайтейiн, осы күнге дейiн өмiр сүргенiме өкiндiм. Иә, қоғамға қарсы кез келген бас көтерулердi түбiрiнен қиып отыруды толық жақтаймын. Өйткенi, демократия – анархия емес. Солай болғанмен де, (демократияға – авт.) тiптi кiнәлiлердi де оған деген сенiмнен айырмау керек. Бiз олардың жасаған әрекеттерiне ғана емес, сондай-ақ олардың азаматтық болашағы үшiн де жауаптымыз. Алматыда болған оқиғаға баға берiлдi. Сонымен қатар, менiң ойымша, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiне, Колбин жолдас, Сiздiң өзiңiзге республикада интернационалдық тәрбие және ұлтаралық қатынастар мәселесi қалай шешiлiп жатқанын әлi де мұқият, сан-қырлы талдау керек… Соңғы айтарым. Кейбiр басшы жолдастардың республикадағы қазақ жастарының жоғары оқу орындарындағы саны айталық, орыс студенттерiнен көп екен дегенi – кiнәлағандай, тiптi, тиiстi министрлiкке ескертудей естiледi. Ал, олар Қазақстанда көп болмағанда, қайда көп болмақ? Бұның бәрi – ұсақ-түйек емес, тiршiлiк мәселелерi, лениндiк ұлт саясатының мәселелерi. Оны көзге iлмеу дегенiмiз – советтiк өмiр шындығына ерiктi немесе ерiксiз түрде шiркеу түсiру…» (К.Табей, «Мұзда жанған алау», 63-65 бб.)

Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары