ҚАЗАҚҚА ЕНДIГI ПАТРИОТ БОЛМАСҚА ЖӨН ЖОҚ

ҚАЗАҚҚА ЕНДIГI ПАТРИОТ БОЛМАСҚА ЖӨН ЖОҚ

ҚАЗАҚҚА ЕНДIГI ПАТРИОТ БОЛМАСҚА ЖӨН ЖОҚ
ашық дереккөзі
302

Тәуелсiздiгiмiзге – 15 жыл.

Осы он бес жылда қазақ ненi бастан өткердi? Мұны түйсiну үшiн санамалауды 15 емес, кемi 20 жыл бұрынғы кезеңнен бастау керек.

Осыдан жиырма жыл бұрынғы қазақ қандай едi? Бүгiнде қандай? Сол кездегi қазақтың психологиялық бет-бейнесiн әйгiлi Желтоқсан көтерiлiсi ашып бередi. Ал бүгiнгi қазақтың шынайы бет-бейнесi осы тарихи оқиғаға не “көтерiлiс” деп, не “төңкерiс” деп баға бере алмай отырғандығынан байқалады.

Бiр қызық әңгiме бар. “Көтерiлiс пен төңкерiстiң айырмашылығы неде?” деп сұрапты бiреу. Оған берiлген жауап: “Төңкерiс дегенiмiз – мақсатына жеткен көтерiлiс”.

Осы тұрғыдағы логикалық тұжырымға салсақ, Желтоқсан оқиғасы – төңкерiс. Себебi алғашқыда жеңiлгендей көрiнгенiмен, ол өзiнiң түпкi мақсатына жеттi: Кеңес Одағының керегесiн тiтiреттi, елiне егемендiк алып бердi. Алып империя “желтоқсаншылардың” жанды жерден қадаған найзасынан жараланып, көп ұзамай көз жұмды.

Желтоқсанға – 20 жыл. Яғни, қазақ рухы оянып, отаршылдыққа қарсы саналы түрде бас көтергелi бiр ұрпақ дүниеге келiп, ер жетiп үлгердi.

Ал тәуелсiздiкпен қатар өмiр табалдырығынан аттаған нәресте ендiгi кәмелеттiк жасқа аяқ басты.

Өмiр дөңгелегi бiр орнында тұрмайды деген осы. Көздi ашып-жұмғанша аттай жиырма жыл өте шығыпты. Қазақ пен орыс бiр қаланың көшелерiне сыймай, бiр-бiрiне таяқ ала жүгiрген кезең, Құдайға шүкiр, артта қалды. Қазақ туған қаласының қоғамдық көлiктерiнде қазақша сөйлеудi талап ете бастады.

Бiрақ орысқа тәуелдi болған сана-сезiмнен әлi арылып болған жоқ.

Мұның саяси-экономикалық, әлеуметтiк-демографиялық себептерi бар.

Саяси-экономикалық себеп. Бiз жақын көршi Ресеймен тату-тәттi қарым-қатынасты ұстап, онымен стратегиялық серiктес болуға мүдделiмiз. Географиялық жағдайымыз да, көршiмiздiң экономикалық күш-қуаты да осыған жетелейдi. Оның үстiне, Ресей қазiр Батысты да, басқаны өзiмен санасуға мәжбүрлеп отыр. Ендеше, алпауыт елмен араз болудан қазақтың ұтары жоқ.

Әлеуметтiк-демографиялық себеп. Бiздiң елдегi орыстың саны осыдан 15 жыл бұрынғы көрсеткiшпен салыстырғанда қазiр әжептеуiр азайды. Бiрақ саны азайса да, мұндағы орыстың жүнi жығылған жоқ. Өйткенi, бейнелеп айтқанда, қол созым жерде жалы күдiрейiп тарихи Отаны тұр. Путин бастап, әсiреұлтшыл саясаткерлерi қоштап, ТМД-дағы “отандастарының” құқығын қорғауға әркез дайын екендiктерiн жар салып айтып жүр. Ал олардың құқығын қалай, қайтiп және кiмнен қорғамақ екендiктерiн ашып айтпайды. Егер Қазақстандағы орыстар осы жердi Отаным деп бiлiп, осы жердiң азаматы екендiгiн мойындаса, осы елдiң заңын сыйлай бiлсе, оларға кiм тиiспек? Әлде мемлекеттiк тiлдi бiл деу – олардың құқығын аяққа таптау болып есептеле ме?

Қазақ қоғамы осы сұрақтарға тура жауап берiп, бұл мәселенi бiржола шешуден тайсақтап отыр.

Бiрақ қазiргi қазақ қоғамы үшiн ықпалды сыртқы күштерден гөрi, “етектен кiрiп, белдi алған”, тонның iшкi бауындай жымдасқан өз арамыздағы кеселдi күштерден келер қауiп мол. Себебi олар қазақ қоғамының барлық мұң-зарын бiлiп, осал тұстарын әбден зерттеп, зерделеп алған.

Бұл кеселдi күштердiң бiрi – алуан түрлi дiни ағымдар. Қазiрдiң өзiнде олар қазақ қоғамын iштен iрiтiп, төбе-төбе етiп бөлуге айналды. Кей деректерге қарағанда, қазiр жарты миллионға жуық қазақ Исламнан жат дiнге мойынсұнған көрiнедi. Өкiнiштi! Қазақ тiлi шұбарланып, дiнiн ұмыта жаздағанда да мұндай құлдыраудың алдында қалған жоқ едi. Жарты миллион қазақ ауа көштi немесе қырылып қалды деген сөз емес, олар туған топырақты басып жүрiп, ата дiн, ата дәстүрден терiс айналды. Себебi олардың ендiгi табынары да, таным-түсiнiгi де, тiршiлiгi де басқаша болмақ. Нағыз “мәңгүрттiң” қандай болатынын ендi көретiн боламыз.

Бұл жарты миллон осы қалпымен қала берер дейсiз бе? Бекер. Олар өз қатарларын көбейтуге тырысады. өйткенi әрбiр дiни ағымның мақсаты сол – идеяластарының санын көбейте түсу. Ендеше, көкөрiм жастарыңызға, дәрменсiз қарттарыңызға, жұмыссыз жандарыңызға жасалатын психиологиялық шабуылдың қарқыны күннен-күнге күшейе бермек.

Ең қорқыныштысы – осы.

Қазақ көшеде, қоғамдық көлiкте өз тiлiнде еркiн сөйлеудi үйренсе де, даңғарадай үлкен мәжiлiс залдары мен мекеме кiреберiстерiнде мемлекеттiк тiлде сөз қатыса алмай, әлi қор болып жүр. Елбасы айтқандай, он бес жылда “аюдың өзiне де тiл үйрететiндей уақыт өтсе де”, мемлекеттiк тiлдi шенеунiктерiңiздiң өзi әлi менсiне қоймайды.

Десе де, осы он бес жылда бiз тым құрығанда, дертiмiз жайлы ашық айтатын болдық. “Бас кеспек болса да, тiл кеспек жоқ” екендiгiне қазақ тәуелсiздiк алғаннан кейiн көзi жете бастады. Тәуелсiз БАҚ-тардың саны көбейгендiгi – осының бiр дәлелi.

БАСЫНАН БАСТАП ҚАЙЫРАТЫН БОЛСАҚ, БҰЛ ОН БЕС ЖЫЛДА ҚАЗАҚ:

– мемлекеттiк рәмiздердi, елдiктiң басты белгiсi – шекараны бекiттi, әлемнiң басқа елдерiмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты;

– төл Ата Заңын қабылдап, онда туған тiлiн “мемлекеттiк тiл” етiп жаздырды;

– ХХ ғасырда көз жазып қалған Алаш азаматтарын ұрпақ алдында ақтап алды, тарихи “ақтаңдақтарды” жоюға әрекеттер жасады;

– Елбасын екi рет, Парламенттi үш рет сайлап, бес үкiметтi ауыстырды;

– өз еркiмен атом қаруынан бас тартты;

– рухани құндылықтарын жаңғырта бастады;

– “өз күнiңдi өзiң көр!” деген ұранның дүмпуiмен сауда жасауды үйрендi.

БIРАҚ ҚАЗАҚ ӘЛI:

– мемлекеттiк тiлiн барша қазақстандықтарға мойындата алмай;

– экологиялық проблемаларын шеше алмай;

– экономикада өндiрiстi жолға қоя алмай;

– халық санын тұрғылықты халықтың 70-80 пайызына жеткiзе алмай;

– ұлттық мәселелердi шешуде өзгеге жалтақтықтан арыла алмай келедi.

Тәуелсiздiк қазаққа не бердi? Әрине, ең әуелi ертеңге деген сенiм бердi. Желтоқсанның қазалы күндерi сабақ болғандықтан, қазақ өз басшысын өзi сайлап алу мүмкiндiгiне қол жеткiзгенiне тәубе ету керек. Осы себептен болу керек, 1995 жылы бүкiлхалықтық референдумда Қазақстан халқының 95 пайызы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттiк өкiлеттiгiн 2000 жылға дейiн созуға мүмкiндiк бердi.

Тәуелсiздiк қазаққа ерiк бердi, ерлiкке сүйреледi. Тоқсаныншы жылдардың басында жарық көрген тәуелсiз басылымдарды парақтап шықсаңыз, атойлаған рух үнi құлағыңызға келгендей болады. Ал жекешелендiруден кейiн халықтың тұрмысы ауырлап, ерлер жұмыссыз қалғанда қара қазан, сары баланың қамы үшiн қазақ әйелiнiң қап арқалап базарға шыққаны ерлiк емей немене? Табанынан сыз, төбесiнен күн өткен сол әйелдердiң көбi денсаулықтарынан айрылды, десе де тасы өрге домалап, кәсiпкер әйел болып шыға келгендерi де баршылық. Ең бастысы, қазақ әйелi ерiнiң басын есiктен төрге сүйредi, жерге қаратпады.

Тәуелсiздiк қазақты өз ақылымен жасалған қателiктерге ұрындырды. 1991 жылға дейiнгi олқылықтардың көбiн “Орталыққа”, Компартия ұйымының тарапынан жасалған қателiктерге жатқызсақ та, одан кейiнгi кейбiр одағай тiршiлiгiмiзге өзiмiздi-өзiмiз кiнәламаудан өзге амал жоқ. Тәуелсiздiк алмай тұрғанда “Қазақ Республикасы” деген асқақ атауға ие бола тұрып, тәуелсiздiк алғаннан кейiн бiр-ақ күнде (1995 жылдың 30 тамызы) “Қазақстан Республикасына” айналуымызға не жорық? Рас болса, ұзынқұлақ бұған кiнәлi атағы дардай, беделi зор академик ағаларымыздың бiрi дейдi…

Сөзiмiздiң басында тiлге тиек болған, биыл кәмелеттiк жасқа аяқ басқан қаракөз кiм? Ол қандай азамат болып өсiп-жетiлдi? Экономикалық көрсеткiштерге аса мән берiп, ұрпақ тәрбиесiн салақсытып алған жоқпыз ба? Ұрпақ тәрбиесiнiң қайнар көзi – мемлекеттiк идеология емес пе? Баяғы дала қазағын ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар жүйесi тәрбиелесе, бүгiнгi қазақтың ата-анасы баласын қай ұстынмен тәрбиелеп жатыр? Кеңес Одағының кезiнде тәрбие көрген ұрпақ қазiр ана тiлiнде екi ауыз сөздiң басын қоса алмай, жатбауыр болып өстi. Осы қателiктi қайталамаудың амалы қане?

ХХI ғасырдың қазағы баласын ұлтжанды етiп тәрбелеуi керек. Өйткенi, “демократияшыл” батыстың өзi ең әуелi өз елi мен дiнiне адалдықты бағалайды, насихаттайды. Патриот болмаған қазақтың баласы халқының байлығын суық қолдардан қорғай алмайды, шекара сызығын сақтай алмайды, ұлт болып бiрiге алмайды. Патриот болмаған қазақтың баласы жемқорға айналады, ата-анаға деген құрметтi ұмытады, дiнiн сатады.

Он бес жылдың өнегесi көп. Осы өнегеден сабақ ала алсақ, жақсы. Әйтпесе, жылнама жүргiзiп, өткендi саралап не керек? Кешегi тарих – ертеңгi келешекке жөн сiлтер бағдар болуы керек.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары