РЕСЕЙГЕ ҚАЗАҚ УРАНЫ НЕ YШIН КЕРЕК?

РЕСЕЙГЕ ҚАЗАҚ УРАНЫ НЕ YШIН КЕРЕК?

РЕСЕЙГЕ ҚАЗАҚ УРАНЫ НЕ YШIН КЕРЕК?
ашық дереккөзі
513

Бiз көршiмiздiң мүмкiндiгiн пайдаланып отырмыз ба, жоқ әлде, олар бiздiкiн бе…

Ресей Қазақстанның уранына ауыз сала бастады. Қазақтың уран кенiштерiне бiрiккен кәсiпорындар құру арқылы Ресей өзiнiң уран өндiрiсiн 3 есеге арттырмақ. «Росатомпром», яғни, Ресейдiң атом энергетикасы жөнiндегi федералды агенттiгiнiң басшысы Сергей Кириенко (Ресейдiң экс-премьерi) Оңтүстiк Қазақстан облысындағы «Заречное» Қазақстан-Ресей Бiрiккен кәсiпорнының толықтай жұмыс iстей бастау рәсiмiне, яғни, салмағы 3 келiге таяу алғашқы уран өнiмiн тиеген бөшкенi айналымға жiберу жиынына қатысты. Қазақстан жағынан премьер-министр Даниал Ахметов пен энергетика саласының шендiлерi бой көрсеттi.

Әрине, бiз мақаламызды «Ресей уран кенiштерiне ауыз сала бастады» деп бастағанымызбен, бұл шараның ұйымдастырушылары рәсiмдi «атом энергетикасы бойынша бiрiгiп, ынтымақтаса жұмыс iстеудiң алғашқы қадамы» деп айшықтап та жатты. Дегенмен, Ресейдiң бiздiң уран кенiштерiндегi өнiмге, түсiмге ортақтаса отырып, бiрiккен кәсiпорын құруын солтүстiк көршiмiздiң өз ұпайын түгендеуi деп қабылдамасқа шарамыз жоқ.

«Заречное» кенiшi Оңтүстiк Қазақстанның Отырар ауданында орналасқан. Ал әншейiнде аумағына тәңiрден сұрап қар жауғыза алмайтын Отырар ауданының жерi осы жылы қыс түсiсiмен-ақ, ақ қарға көмкерiлiп, көк мұзға оранып қалыпты. Жолы көк тайғақ. Алайда, Ресейден келген қонақтарды ақ қар да, көк мұз да шошыта қоймады. Өйткенi, орыстар қазiр уран үшiн бәрiне көнуге дайын. Ресми Мәскеудiң «Заречное» Бiрiккен кәсiпорнының жұмыс iстеуiне аса мүдделiлiгiн осы бiр ауданға бiр ұшақ ресейлiк журналистердiң келуiнен де аңғардық. Өйткенi, ресейлiк әрiптестерiмiз анау-мынауға бас ауырта бермейдi. Орыс деймiз-ау, айтпақшы, әлемге хабар тарататын алпауыт ақпарат құралдары да осы оқиғаны көзiмен көрiп қайту үшiн өз тiлшiлерiн жiберiптi.

«Заречное» бiрiккен кәсiпорнының 49,3 пайызы Ұлттық «Қазатомпром» компаниясына тиесiлi болса, 49,3 пайызы Ресейдiң «Teхснабэкспорт» компаниясына қарайды. 0,67 пайызы Ресейдiң «Атомредметзолото» компаниясына тиесiлi, ал 0, 67 пайызы Қырғызстандағы Қара-Балта тау-кен комбинатының құрамында. Бiрiккен кәсiпорынның уран қоры 19 000-20 000 тоннаға жуық. Уран өндiрiсiне биыл ғана кiрiскен бiрiккен кәсiпорын 2008 жылы өнiм көлемiн 1000 тоннаға жеткiзбек.

Бiрiккен кәсiпорынның Ресей мен Қазақстан үшiн қандай маңызға ие екендiгi Кириенконың сөзiнен аңғарылады. Ол әрине, «Қазатомпромның» тез арада бiрiккен кәсiпорын құру жобасын iске асырғанына бек разы. «Мұндай жоба кемiнде 5-7 жылда жүзеге асырылады. Батыстың компаниялары мұндай бiрiккен кәсiпорынды аяқтан тұрғызу үшiн 3 жыл жұмыс iстейтiн едi. Ал «Қазатомпром» болса, 1 жыл 2 айдың iшiнде осы кәсiпорынды құрып үлгiрдi. Айдаладағы жапан түзде мынадай поселке мен зауытты салып бiттi» деп, бұл шапшаңдықты Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың деңгейiмен салыстырды.

Премьер-министр Д. Ахметов те құр қалған жоқ. «Заречное» бiрiккен кәсiпорны бiз жүрiп өтер жолдағы алғашқы қадам ғана. Екiншiден, уранды байытатын халықаралық орталық ашу жөнiнде үкiметаралық келiсiмге қол қоямыз. Үшiншiден, Қазақстан Ресеймен қосылып, қуаттылығы орта және шағын сатыдағы ядролық реакторды (су асты кемелерiне арналған және т.б) жобалап, құратын болады. Ал төртiншiден…» Шынын айту керек, төртiншi саты Ресей мен Қазақстанның шенеунiктерiн қайдам, бiрақ, бiздерге, журналистерге таныс емес едi. Соған қарағанда, әрi, Даниал Ахметовтың Сергей Кириенкоға «ұсынысыңыз үшiн рахмет» дегенiн бажайлағанда, мәселе аяқ астынан шешiлген сыңайлы. Сонымен, төртiншiден, Қазақстан уранды тасымалдаудың транспорт-логистика саласында Ресеймен қосылып бiрiккен кәсiпорын құрмақ. Бiр сөзбен айтқанда, Ресей мен Қазақстан арасындағы дәл осы уран өндiрiсiне қатысты бiрiккен кәсiпорындардың саны 4-еу болмақ.

Алайда, «Қазатомпром» басшысы Мұхтар Жәкiшев төртiншi кәсiпорын құру мәселесiн бұрыннан айтылып келе жатқан идея дейдi. «Қазатомпром» өнiмдерiн әлемдiк рынокке Ресей арқылы шығарады. Ал бұған дейiн өз өнiмдерiн Санкт Петербургтегi порт арқылы тиеп, жөнелтiп келген. Қазiр болса, Петербургтiң теңiз жақ беткейiнде өзге порт ашылғанға ұқсайды. Өйткенi, кемелердiң теңiзге шығуына қолайлы екен. Сол портта Қазақстан — Ресей бiрiккен кәсiпорны құрылмақшы. «Ол терминалдағы екi елдiң үлес салмағы 50 де 50 болады. Бiрiгiп қаржыландырамыз» дейдi М.Жәкiшев.

50 де 50 демекшi, негiзi, «Қазатомпром» тек Ресеймен ғана емес, Канада, Франция, Жапония, Оңтүстiк Корея, Қытай секiлдi елдермен бiрiккен кәсiпорындар құрып үлгiрген. Бiрақ, кейбiр кәсiпорындардан аузы күйiп қалған секiлдi. Бұлай демеске амалымыз жоқ. Өйткенi, Канада, Франция елдерiмен арада құрылған бiрiккен кәсiпорындарда «Қазатомпром» негiзгi акциялар пакетiнен құр қалған. Жәкiшевтiң өзi «ендi «Инкай» (Канада), «Катко» (Франция), секiлдi кәсiпорындардың моделiмен бiрiккен жобаларды қолға алмаймыз. Себебi бұл жобаларда серiктестерiмiз кенiштердi игеруге де, қаржыландыруға да тiкелей кiрiседi» дейдi. Ол бұл кәсiпорындардың құрылып қойғанын «компанияның басына өзi келмей тұрған кезеңдегi шаруа» деп айтады. Ал Ресеймен арадағы жобаны ешкiмге ұпайын бермейтiндей тепе-тең жоба етiп көрсеттi де. Ол жобаның тепе-тең боларына, Ресейдiң мүддесiн көздеп кетпеуiне сенгiмiз келедi.

Кириенко да: «Бұл шын мәнiндегi стратегиялық серiктестiк. Осылай күш қосу арқылы энергетикалық қауiпсiздiгiмiздi қорғаймыз әрi ғылыми потенциалымызды бiрiктiремiз» деп айтады. Дәл осы уран өндiрiсi бойынша ғылыми потенциал Ресейде жететiн шығар да, ал Қазақстанда бұл мәселе бойынша ауыз толтырып айтарлықтай аса мол дүние жоқ секiлдi. Өйткенi, «Қазатомпром» мамандарды дайындау iсiне ендi ғана кiрiсуде.

СОНЫМЕН, УРАН АРҚЫЛЫ ГЕОСАЯСАТҚА ЫҚПАЛ ЕТЕТIН КIМ: ОРЫСТАР МА, ҚАЗАҚТАР МА?

Ресейдiң қазақ уранына көз аларта бастауы тегiн емес. Өйткенi, осы Қызылқұмның қойнауында жатқан кенiшке бiрiккен кәсiпорын құру арқылы, яғни, соның өнiмi арқасында Ресей өзiнiң уран өндiрiсiн 3 есеге арттырады. Қазiргi күнi Ресейге жылына 18 мың тонна уран қажет болса, оның Байкал жағында өндiретiн уран көлемi жылына бар-жоғы 3 мың тоннаны құрайды. Бары 3 мың тонна өндiрсе, қалғанын қайдан алады деген сауал да туындауы мүмкiн. Әзiрге, Ресейдiң АЭС-терiн КСРО-ның баяғы қоймаларында қалған уран өнiмiнiң қоры жерге қаратпай отыр. Оның көлемi құпия күйiнде. С. Кириенко бiрнеше рет «Ресейдегi табиғи уран қоры ресейлiк АЭС-тердi былай қойғанда, бiздiң мамандар шетелдерде салып жатқан АЭС-тердiң өзiн алдағы 60 жылда ядролық отынмен қамтамасыз ете алады» деп мәлiмдеме жасаған.

Дегенмен, Ресейдiң аласұрып Қазақстаннан кенiш iздеуiне қарап-ақ, соңғы он бес жылда орыстар ол қоймаларды тауыспаса да, шетiн шығарды деп топшылауға болады. C.Кириенконың сөздерiн жалған намыс үшiн айтыла салған мәлiмдеме деп ойлауға да болар. Қанша ураны қалғандығын «құпия» деп көлегейлеуi де соның белгiсi iспеттес.

Тағы бiр қызығы ол Ресейде жүрiп айтқан мәлiмдемелерiнiң бiрiнде «Қазақстанмен арада құрылған бiрiккен кәсiпорынға 173 мың тонна көлемiндегi табиғи уран берiледi» дептi. «Берiледi» дегенге назар аударыңыз. Ресейге басыбайлы берiлетiндей нығыздап айтыпты. Алайда, Қазақстанға келгенiнде ондай мәлiмдеме жасай қойған жоқ. Жер иелерiнiң алдында әдеп сақтаса керек.

«Заречное» кенiшiмен бiрге «Буденновское» бiрiккен кәсiпорны да бiраз өнiм бермек. Ресейлiктердiң есебi бойынша, олар Қазақстаннан 180 мың тонна уран өндiрмекшi. (Мұндай мол уранды Қазақстанның өзi әлi өндiре қойған жоқ. Тек 2010 жылы 17,8 мың тонна уран өндiрмек. Қазiргi күнгi өндiретiнi 5,2 мың тонна). Сондықтан, ресейлiктердiң ұпайы түгел. Түбiне үңiлiп отыр.

Тағы бiр қызығы «Қазатомпром» уран қоры жөнiнен әлем елдерiнiң арасында екiншi орында тұрғанын, тек Австралияны алға жiберiп алғанын айтатын болса, Ресей «уран қоры жөнiнен үшiншi орындамыз» дейдi. Дәлiрегiнде, бұлай деп С.Кириенко айтады. Соған қарағанда, Қазақстанның уран қорын қоса есептейтiн секiлдi. «Әлемдiк нарықта уран бағасының қымбаттауына байланысты отандық кенiштер пайдалы бола бастады» дейдi ол.

Айтпақшы, Ресейдiң уран үшiн көп нәрсенi құрбандыққа шалып жiберу мүмкiндiгiн мына бiр ақпарат та растай түсетiн секiлдi. Ресейдiң уран кенiштерi жайлы ақпарат iздестiрiп отырып мына бiр хабарға көзiмiз түсе кеткенi. Атышулы ядролық қаруымен мұхиттың арғы бетiн тiтiркендiрiп отырған Солтүстiк Кореяның лидерi Ким Чен Ир Ресей Кореяны ядролық қару жөнiндегi мәселеде қолдайтын болса, өз елiнiң табиғи уранын пайдалануға жол ашық екенiн аңдатыпты. Бұл жайлы жапонның «Tokyo Shimbun» газетiне сiлтеме жасай отырып, «Reuters» агенттiгi ақпарат таратыпты. Газет Ресейдiң әлем елдерi алапес секiлдi безiнiп отырған Солтүстiк Кореямен арада уран импорттау мәселесi бойынша құпия келiссөздер жүргiзiп отырғанын жазған. «Ресей кәрiстердiң табиғи уранын сатып алып, дайын өнiм ретiнде қайыра сатқысы келедi. Ендi, уранның басты экспортерiне айналмақ. Ресейге мұнай мен газ да аз едi» деп жазады «Tokyo Shimbun». Бiздiңше, бұған таң қалмаса да болатындай.

Айтпақшы, ресейлiктер «Қазақстан Ресейдiң көмегiмен әлемдегi ең iрi уран өндiрушiсiне айналуды көздеп отыр» деп айта бастады. Өз ықпалдарын көрсеткiсi келетiндей. Негiзгi ойлары белгiлi: «Ресейсiз Қазақстан қайда барады». Ал бiз болсақ, «уран өндiрiсi жөнiнен лидерге айналамыз. Уранымыздың арқасында геосаясатқа ықпал етемiз» деймiз… Керiсiнше, бiздiң уран арқылы Ресей геосаясатқа ықпал еткiсi келетiн секiлдi ме, қалай өзi?!.

«ҚАЗАТОМПРОМ» КОМПАНИЯСЫ «САМҰРЫҚТЫҢ» ҚАНАТЫНЫҢ АСТЫНА КIРУГЕ АСЫҚПАЙДЫ!

Ұлттық компаниялардың активтерiн басқаратын «Самұрық» холдингiнiң құрылуы, шынын айту керек, ұлттық компания басшыларын аса қуанта қойған жоқ. Себебi белгiлi: бұрындары еркiн ойқастап жүрген топ-менеджерлер тәуелдiлiк қамытын киедi.

«Қазатомпром» Ұлттық компаниясы да осы «Самұрықтың» қанатының астына кiруi керек едi. Алайда, әзiрге оның құрамына қосыла қойған жоқ. Бiз себебiн осы компанияның басшысы Мұхтар Жәкiшевтен бiлгенбiз.

—Мұхтар Еркiнұлы, «Самұрық» холдингiмен арадағы қарым-қатынастарыңыз қандай? «Самұрықтың» құрамына «Қазатомпром» компаниясы қосылады дегеннен берi бiраз уақыт өттi. Процесс неге созылып кеттi? Кiруге дайынсыздар ма, жоқ әлде, өзге де себептер бар ма?

— Бiрiншiден, «Қазатомпромның» алдында шешiлуге тиiс бiраз мәселелер қордаланып тұр. «Самұрықтың» қатарына енбей тұрып, бiз соны алдымен шешiп алуымыз керек. Негiзгi мәселе мынада: дәл қазiргi күнi «Самұрықтың» құрамына кiру дегенiмiз өте асығыс шаруа. Өйткенi, «Самұрықтың» қатарына қосылған кезде бiз өз қолымызды байлап алуымыз мүмкiн. Бiздiң уран рыногiнiң өзiндiк ерекшелiгi бар. Ал қазiр бiз «Самұрықтың» құрамына кiретiн болсақ, серiктестерiмiзге оның не екенiн түсiндiруiмiз керек. Мұның өзi көп уақыт та алады. «Қазатомпромның» өзiнiң атынан мәселе шешсең, ол серiктестерiмiз үшiн түсiнiктi. Өйткенi, бұл мемлекеттiң тiкелей бақылауындағы ұлттық компания. Жекешелендiрiлмейдi. Стратегиялық дамуы жөнiнен де «Қазатомпромның» қолға алған шаруалары айқын. Ал мына жағдай, «Самұрыққа» қатысты дүние бөлек. «Самұрықтың» қатарына қосылатын болсақ, серiктестерiмiз тарапынан сауалдар көбейiп кетуi мүмкiн. Мәселен, құпиялылыққа байланысты дегендей. Уран өндiрiсiнiң өзiнiң құпиялылығы бар. Ал «Самұрыққа» қосылсақ, Үкiметке тiкелей шыға алмаймыз. «Самұрықтың» қалай жұмыс iстейтiнi, оның стратегиясының қандай екендiгi жөнiнде қазiргi күнi толық бiле бермеймiз. Сондықтан да көп мәселелер кейiнге қалуы мүмкiн.

— «Қазатомпромда» Ұлттық компанияның тәжiрибелi топ-менеджерi ретiнде стратегиялық маңызы жоғары «Самұрық» холдингiн шетел азаматының басқаруын қалай бағалайсыз?

— Шетелдiк азамат дегенiмiз ендi мамандық емес қой. Менеджер деген мамандық бар. Ал оның осы мамандығына орай жұмыс iстеу- iстемеуiн оның өзiнiң iсi көрсетедi. Ең алдымен бiз оның жақсы маман болуына көңiл бөлуiмiз керек. Азаматтығына емес, кәсiби мамандығына, iстеген iсiне қарай бағалауымыз керек. «Самұрық» ендi ғана құрылды ғой. Әрi қарайғы жұмысына қарап көрейiк. Қазiрден баға беру менiңше әлi ертерек секiлдi. Соңын күтейiк. Бәлкiм, iстеген iсiнiң қортындысына қарап таң қалармыз. Көңiлiмiздiң қалуы да мүмкiн. Дегенмен, мұның бәрiн уақыт көрсетедi.

Гүлнәр МҰҚАНОВА

Алматы – Оңтүстiк Қазақстан облысы – Алматы

Серіктес жаңалықтары