ҚАЗАҚ ТЕЛЕЖУРНАЛИСТИКАСЫНЫҢ ҚОРЖЫНЫНА...

Шыны керек, қазақ тележурналистикасы және оның өткiр мәселелерi жөнiнде қазақ тiлiнде оқу құралдары жоқтың қасы. Бүгiнге дейiн журналист мамандығын таңдаған студент тек қана кеңестiк ғалымдардың және қазақ тележурналистикасының теоретигi Марат Барманқұлов ағамыздың оқу құралдарын, С.Масғұтовтың «Көгiлдiр экран – өмiр айнасы» еңбегiн, сол сияқты кейiнгi зерттеп-зерделеушiлердiң методикалық нұсқауларын қанағат тұтып келдi. Ал жақын күндерi бұл оқулықтар саны толыға түсiп, ҚазМУ-дың тележурналистика кафедрасында талайдан берi ұстаздық етiп келген Құдайберген Тұрсынның «Бiлiм» баспасынан «Қазақ тележурналистикасы: қалыптасу, даму проблемалары» атты монографиясы жарық көрдi.

Бүгiнде қоғамдық маңызы зор тележурналистика ғылымын көп аспектiлi салада зерттеу мәселесi күн тәртiбiне өткiр қойылуда. Автордың өзi айтқандай, ақпарат ғасырында БАҚ саласының жаңа бағыттары қалыптасып келедi. Сондықтан қазақ тележурналистикасының сан алуан функциясын, қоғамдағы рөлiн, теориясы мен тәжiрибесiн, тележүргiзушi мен кейiпкердiң сөйлеу кезiндегi стиль мәселесiн қайта түлетуiнiң, экрандағы көркемдеп-бейнелеушi құралдарды толықтырып, бейнелердi түрлендiрiп көрсетуiн телеэкран проблемаларымен бiрлiкте айқындау қажеттiгi тасада қалмайды.

Кiтапты жеке-жеке кезең мен тарауға бөлiп қарастырған Қ.Тұрсын әр тараудың мән-мазмұнына байланысты тақырып берген. Мәселен, «Қазақ телехабарларының қалыптасу проблематикасы» атты тарауда отандық тележурналистика тарихы мен қазақ теледидарында хабардың пайда болуы мен қалыптасу жолдарын тарқатып берсе, «Қазақ тележурналистикасының дамуы» тарауына телевизиялық публицистика жанрлары мен телепублицистiң стилi мен оның кейiпкер әлемiн ашу ұстанымдарын арқау етiптi. Ал ендiгi «Тележурналистика – жаңа кезеңде» тарауы нарықтық қатынастардың тележурналистика дамуына ықпалы мен жаңа үрдiс тенденцияларына тоқталған. Талайдан берi өз саласының майын iшкен ғалым еңбектерiн сарапқа сала отырып, оны дерек көзiне айналдырып, бүгiнгi күнгi тележурналистиканың ығына сүйенiп жазған еңбектен көпшiлiк оқырманның алатыны мол.

Монографияда қазақ тележурналистикасының қалыптасу, даму проблемалары сараланған. Зерттеу еңбекте отандық тележурналистиканың алғашқы қалыптасу кезiндегi жетпiстен астам телебағдарламалар тiлге тиек етiледi. Сондай-ақ қазақ тележурналистика табиғаты мен болашақ даму перспективасы айқындалып, проблематикасын тұтас күйде қарастыру арқылы дәйектелген. Кiтап ғалымдарға, студенттерге, зерттеушiлерге, сол сияқты көгiлдiр экран сырына қызығушылық танытқан жалпы оқырманға арналған.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button