БЭК ӘЗIРШЕ ҚҰРЫЛҒАН ЖОҚ

БЭК ӘЗIРШЕ ҚҰРЫЛҒАН ЖОҚ

БЭК ӘЗIРШЕ ҚҰРЫЛҒАН ЖОҚ
ашық дереккөзі
486

Бiрақ осы жобаға қатысты дейтiндей кейбiр мiндеттемелер орындалып жатыр. Неге?

Қарашаның 27-i күнi Минскiде ТМД құрамына кiретiн елдер басшыларының саммитi өтедi деп белгiленген. Бұл осы мемлекетаралық ұйымның құрылғанына 15 жыл толуын атап өтуге орайластырылған кездесу болмақ. Оның барысында ТМД-ның және жалпы бұрынғы Кеңес Одағынан шыққан бүгiнгi тәуелсiз мемлекеттердiң өзара қарым-қатынасының болашағы туралы мәселенiң талқыланары хақ. Шындығында қазiр олардың араларында бұрынғыдай жақындық жоқ. Өзара мүдде қайшылығы да барған сайын артып бара жатыр. Көптеген жаңа мемлекетаралық бастамалар аяқталмай-ақ қалып отыр. Соның бiрi — БЭК (Бiртұтас экономикалық кеңiстiк).

Жақында, яғни қазан айының аяғына таман жұмыс сапарымен Киевке барған Ресей Федерациясы үкiметiнiң басшысы Михаил Фрадков өзiнiң украиндық әрiптесi Виктор Януковичке БЭК (Бiртұтас экономикалық кеңiстiк) құру туралы келiссөздердi жалғастыру туралы ұсыныс жасады. Бiрақ бұл ұсынысқа нақты жауап болған жоқ. Осы кездесу туралы мәскеулiк «Время новостей» газетiне сұбхат берген Украина вице-премьерi Николай Азаров «Украинаның БЭК келiсiмшартына қатысуының болашағы қандай?» деген сұраққа былай деген: «Я сейчас затрудняюсь оценивать, как конкретно будет развиваться переговорный процесс. Три страны ушли далеко вперед в деле экономической интеграции. Украине гораздо сложнее догонять их, чем в 2004 году. Нынешний и прошлый годы можно считать потерянными в плане экономической интеграции» (Светлана Степаненко «Спасибо за газовую передышку», «Время новостей» газетi, 30.10.2006 ж.).

Бiрақ шындығында, Ресей, Белоруссия және Қазақстан үшеуiнiң БЭК құру жолымен Украинадан көш iлгерi озып кеткендей ештеңесi де жоқ. Өйткенi осындай мемлекетаралық ұйымды ресми Киевтiң қатысуынсыз құрудың мәнiсi шамалы. Ал В.Ющенко президент болғаннан бергi соңғы 2 жылдай уақыт барысында Украина БЭК келiсiмшартына қатысуға онша құлық танытпады. Сондықтан оның болашағы осы кезге дейiн бұлыңғыр болып тұр. Мәселе соңғы жолы ең жоғарғы деңгейде өткен 2005 жылғы тамыз айында Қазан қаласында аталмыш төрт мемлекеттiң басшыларының қатысуымен қаралған болатын. Сонда жаңа Украина БЭК келiсiмшартын жүзеге асыру үшiн қажет деп табылған 29 төртжақты құжаттың тек 15-iне ғана қол қоюға дайын екенiн жария еттi. Ал Ресей, Қазақстан және Белоруссия аталмыш құжаттардың бәрiн де құптауға өзара келiскен болатын.

2006 жылдың қараша айына дейiн осы жағдай негiзiнен сақталып келдi. Яғни Украина өз дегенiнен қайтпай-ақ қойды. Ал онсыз БЭК ұйымын құрудың қаншалықты қажет екенi белгiсiздеу болса керек.

Келiсiмшарттың басты мақсаттары ретiнде экономикалық интеграция мен сауда жолындағы кеселдердi жою мiндеттерi аталған болатын. Бiрақ осы орайда бiр нәрсе түсiнiксiз болып қала бердi. Ол – бұл шараның ең алдымен кiмге және не үшiн қажет болғаны. Өйткенi сол құрылмақ болған бiрлестiктiң болашағын аталмыш төрт тараптың әрқайсысы өзiнше түсiнетiнi айқындалды. Және ең басынан бастап емес, 2,5 жылдан астам уақыт өткеннен кейiн ғана.

Мәселен, Ресей өкiлдерi «бұл келiсiмшарт кедендiк одақ құруға және ортақ валюта енгiзуге негiз болмақ» деп шешкен екен. Яғни ресейлiк басшылыкқа БЭК Қазақстан мен Украина үшiн осы уакытқа дейiн Ресей мен Белоруссия арасында жүрiп жатқан ортақ одақ құру процесiне үшiншi және төртiншi қатысушы ретiнде кiрудiң алды сияқты көрiнген. Ал ресми Киев түбiнде бұған қарсы болып шықты. Ондағылардың түсiнiгiнше, құрылмақ болған ұйым еркiн сауданы дамыту мәселелерiмен ғана шектелуге тиiс екен. Яғни ресми Киев кедендiк одақ құру мен ортақ валюта енгiзетiндей алысқа баруға дайын емес болып шықты.

Жалпы украин коғамының осы мәселеге деген көзқарасына келетiн болсақ, онда да бiрыңғай пiкiрдiң жоқ болғанын айтуымыз керек. Шығыс Украинада Ресеймен жақындасу мүмкiндiгiне деген көзқарас негiзiнен оң деуге болады. Ал Батыс Украина, яғни бұрындары католик дәстүрiндегi мемлекеттер болып табылған Австро-Венгрия мен Польшаның құрамына кiрген облыстар мен аудандар бұған жалпы алғанда қарсылық көрсеттi. Бұл аймақтағы халық Украина мемлекетiнiң ең алдымен Ресейге емес, Еуропаға қарай жақындай түскенiн қалайды.

Ал Украинаның орталық облыстарында осы мәселеге қатысты бiртұтас пiкiр болмаған. Тәуелсiздiк алғаннан бергi Украина басшылығы, тiптi сол БЭК келiсiмшартына қол қойған президент Л.Кучманың өзi де қолынан келгенше ресми Маскеудiң посткеңестiк кеңiстiк турасында жүргiзiп отырған саясатынан iргесiн аулақтау ұстауға тырысатын. Жалпы украин халқы негiзiнен Ресеймен болсын, Ресейсiз болсын ең алдымен Батыс жақпен көбiрек жақындасқан-ды және ақырында барып Ортақ Еуропаға қосылғанды жақтайды. Бiрақ бұндай мақсаттың тез арада жүзеге аса қоюы қиын.

Бiрақ Украинаның экономикалық жағдайы айтарлықтай жақсы емес. 48,7 млн. халқы және қаптаған дайын тауар өндiруге негiзделген iрi зауыттары бар болғанымен, өнiмiн өткiзетiн рыногы аса шектеулi осы бiр iрi мемлекеттi (ол Еуропалық Одақтың Франция, Англия сияқты ең iрi деген елдерiмен пара-пар деуге келедi) Батыс Еуропа мен АҚШ-тың өзi жетекке осы тап қазiр ала қалғанның өзiнде, оның жағдайының санаулы уақыт iшiнде оңалып шыға келуi екiталай болған болар едi. Бұның үстiне олай iстеуге асыққалы жатқан Батыс әлемi де жоқ. Өйткенi Батыс Еуропа мен АҚШ-тың да мүмкiндiктерi шектеусiз емес. Сондықтан ресми Киев амалдың жоқтығынан шығысқа қарай, Ресей мен Қазақстан жаққа бет бұруға мәжбүр болып отыр. Осындай мәжбүрлiк себебiнен батысшыл президент В.Ющенко 2006 жылдың жазында өзiнiң негiзгi саяси қарсыласы және бәсекелесi, Мәскеу жаққа оң қарайтын В.Януковичтi Украинаның премьер-министрi қызметiне тағайындауға мәжбүр болды.

Осыдан соң барып, ресми Киев БЭК туралы келiссөздердi жалғастыру туралы мәселенi қарауға келiсетiн болды. Сөйткенде де, бiр тырнағының iшiнде екенiн көрсетiп, «ешқандай саяси одақ қажет емес, тек саудаға ғана жағдай жасау үшiн» деп қояды. Бiрақ ұзақ мерзiмдiк ортақ мақсат болмаса, Ресейдiң және, әсiресе, Қазақстанның Украинамен нелiктен тек сауда жағынан жақындасуы қажет екенi түсiнiксiз. Бұны бiрқатар бақылаушылар халқымыздың көпшiлiгiнiң БЭК идеясын да, ТМД-ның аталмыш үш славян елiмен жақындасу идеясын да қатты қолдайтынымен түсiндiргiсi келетiн сияқты.

Мәселен, 2006 жылдың қыркүйек айында SOCIUM деп аталатын әлеуметтiк және маркетингтiк зерттеулер орталығы тарапынан «Жергiлiктi халық қоғамдық пiкiрiнiң бағалауы бойынша Қазақстан Республикасындағы экономикалық және әлеуметтiк-саяси жағдай» деген тақырыпқа жүргiзген сұрастыру нәтижелерiне қарағанда, бiз қарастырып отырған мәселеге қатысты мынадай тұжырым жасауға болатын көрiнедi: «Положительно отнеслись к факту создания Единого экономического пространства (ЕЭП) с Россией, Белоруссией и Украиной 68,0%, затруднились ответить — 23,5%, против выступили — 8,5%» («Социология: каждый десятый житель Казахстана хочет уехать в Россию», «Regnum» ақпараттық агенттiгi, 19.10.2006 ж.). Бұл шындыққа сай болса, ол тек бiздегi көпшiлiктiң мәселенiң мән-жайына онша қанық емес екенiн бiлдiретiн болса керек.

Қазiр, қалай болғанда да, БЭК идеясы ойдағыдай жүзеге аспай жатыр. Дегенмен, Қазақстан – неге екенi белгiсiз – сол туралы келiсiмшарт бойынша мойнына алмақ болған мiндеттемелерiн орындаудан бас тартпай отыр. Мәселен, қазiр бiздiң елiмiз Украинаға арзанға мұнай беру жағынан Ресейден кейiнгi 2-iншi орында. Бұл — ненiң ақысы сонша?!

Оны аз десеңiз, Қазақстанның жаңа жылдан бастап Украинаға өте арзан бағаға газ берiп, оны осылайша Ресей көрсетiп жатқан қыспақтан құтқаруға бел буғанын тағы айтайық. Қалай дегенде де, бұның бәрiнiң сол БЭК келiсiмшартына сай Қазақстан қабылдайды деген мiндеттер екенiнде күмән жоқ. Егер бұл ұйым әзiрше құрылмай қалған болса, соған байланысты қарастырылған жауапкершiлiктi Қазақстан неге мойындауға тиiс? Және неге орындауға тиiс? Түсiнiксiз.

БЭК жобасының Қазақстан үшiн әуел бастан-ақ қажетi шамалы болған. Оның жүзеге аспай қалғанына бола көңiлдiң құлазуына рет жоқ. Украина бiз үшiн — әрине, тiптi жат ел емес. Бiрақ Қазақстан Украинаға оның Еуропалық Одаққа кiруге дейiн арзанға өз шикiзатын берiп тұруға тiптi тиiс емес.

Бiрақ бұл жерде Қазақстанның өз еркi өзiнде емес болса керек. Және бiздiң елiмiздi, сол Украинаны арзан шикiзатпен қамтамасыз етуге итермелейтiн күш ендiгi жерде Мәскеу емес болса керек. Оны манадай ақпараттан түсiне берiңiз.

Қазақстанның ең iрi мұнай кенiшiн игерiп жатқан «Теңiзшевройл» бiрлескен кәсiпорны өз мұнайын алдағы уақытта Ресей арқылы емес, Украина арқылы экспортқа жөнелту жоспарларын жасап жатқан көрiнедi. Rusenergy.com сайтында мынадай ақпарат жарияланған: «Россия и Казахстан продолжают размежевание в нефтегазовой сфере. Процесс спускается на уровень конкретных проектов, о чем свидетельствуют планы компании «Тенгизшевройл» сделать новой отправной точкой сбыта своей нефти терминал на Украине. Планы развития экспортной инфраструктуры в России для каспийских углеводородов замораживаются». Бұны сенсация деуге болады.

Өйткенi тап сол Теңiз кенiшiнiң қажетiн өтеуге арналған «Теңiз-Новроссийск» бағытындағы КТК құбыры 2001 жылы ғана салынып бiткен. Сол Ресейдiң Новроссийск қаласында оның мұнайын қабылдап алатын терминал да жаңадан салынған. Оның қазiрдiң өзiнде толығымен iске жарамды бiрiншi кезегi жылына 28 млн. тонна мұнайды экспортқа жiберуге жарайды. Екiншi кезегi қосылған соң, жылдық мүмкiндiгi 67 млн. тоннаға дейiн жетуге тиiс болатын. Ал «Теңiзшевройл» бiрлескен кәсiпорнының қазiргi жылдық өнiмi тек 13,5 тоннаны ғана құрайды. Яғни бiрiншi кезек мүмкiндiгiнiң жартысындай ғана.

Сөйте тұра, американдық «Шеврон/Тексако» мен «Экссон/Мобил» басқаратын бiрлескен кәсiпорын Ресейдегi Новроссийск бағытын тастай салып, оның арғы жағындағы Украина порттарына дейiн Қазақстан мұнайын апарып, оны сол жақтан экспорттамақ. Сырт қараған көзге бұның ақымақтық көрiнерi хақ. Бiрақ американдықтар, әрине, ешбiр ақымақ емес. Олардың мақсаты Қазақстан мұнайының есебiнен Ресей қысымын көрiп жатқан Украинаға арзан шикiзат тауып беру арқылы көмекке келу болса керек. «Дұрыс-ақ» делiк.

Бiрақ сонда Қазақстанның мүддесi қайда қалмақ?

Аққали КӨПТІЛЕУОВ

Серіктес жаңалықтары