СӨЗ ИЕСI

СӨЗ ИЕСI

СӨЗ ИЕСI
ашық дереккөзі
213

Жазушы Жақау Дәуренбековтiң шығармашылық қыры хақында

Бiздiң арамызда Жақау өзiнiң қарым-қабiлетiн ерте танытқан әрiптесiмiз. Балалардың мiнез-құлқын, ауылдың кескiн-келбетiн ойнақы да жеңiл штрихтар арқылы суреттеген алғашқы шығармалары жеке кiтап боп жарық көргенде, қатарластарының көбi әлi жазып-сызудың тереңiне бойлап та үлгермеген едi. Соның бiрi өзiммiн. Өмiрдiң өзiндей табиғи әңгiме, хикаяттары жүрекке жылы тиiп, дәл сол жылдары ол маған қазақтың Гайдары боп көрiнетiн. Бұл ойым менi алдаған жоқ. Жасөспiрiмдерге арнап жазған “Күн ұясы”, “Алғашқы сабақ”, “Саяқ”, “Бөген ауыл балалары” кiтаптары дереу таралып кеттi. Ауылдың қара домалақ балаларының мiнез-құлқы, әрекетi, қиялға тұнған өршiл мақсаты сол кезеңдегi жас ұрпақтың тұлғасын қалыптастыруға тiкелей әсер еткенi рас едi. Жақаудың бұл орайдағы iзденiсi еш толастаған емес. Балғын кейiпкерлерi заман талабына сай өсiп-өнiп, небiр қызықты қылықтары күнi бүгiнге шейiн шынайылықпен суреттеле жалғасуда. Соның шағын айғағы автордың “Тәтәй бала және оның достары” атты қиял-баяны. Технологияның тым шарықтап кеткен бүгiнгi жағдайында бүлдiршiн сана сезiмiнiң қалай дамып, қай бағытта өрбитiнi жазушы Жақау Дәуренбековты қатты алаңдататынын аңғарамыз бұл шығармасынан. Дәл қазiргi уақытта Тәтәй баланың бейнесi жас оқырманға аса қажеттi деп санаймын. Қазақтың ұл, қызын қатқылдыққа, жасандылыққа құрылған шетелдiк шытырман шырғалаңынан құтқару қаншалықты қиын десек те, оған төтеп берудiң бiр амалы Жақаудың Тәтәй баласын неғұрлым кеңiрек насихаттап, бүгiнгi ортаға жан-жақты таныстыру болса керек. Балдырғандарымыздың ұлттық сипатын сақтап, ой-өрiсiнiң шарықтауына бүкiл әлем жұртшылығы құлап-сүрiне жақсы көретiн Гарри Поттер емес, Б.Соқпақбаевтың Қожасы, Ж.Дәуренбековтың Тәтәй баласы әсер етуiн армандайтыным да сондықтан. Бала жанын түсiнiп, тереңiне бойлай бiлуi Жақаудың көп қырлы талантының бiр ғана көрiнiсi. Шығармашылық беташарын осы тақырыптан бастаған жазушының балалар әлемiне әлi де адалдық танытып келе жатқаны қазақ әдебиетiнiң ортақ игiлiгi.

Жақаудың публицистикасы жастар газетiнде күн сайын жаңалықтай жарияланып жарқырап көрiндi. Осы ретте қай тақырыпқа қаламын салса да соны соқпақпен жүруге, формалық iзденiске баруға, өзiндiк стильдi сақтауға, оқшау оймен түйiндеуге, жанрға тән ерекшелiкке көркемдiк нәр беруге, тосын түйiндеулерге баруға, деректердi өзiндiк сөз сарабымен сөйлетуге, ұғымды сөзбен ұшқыр жазуға ұмтылысы, жазудағы жұлқынысы әрбiр очеркiнде, публицистикалық дүниелерiнде айқын көрiндi. Оқырманға ой тастап қана қоймай, назарын аудартты. Журналистикадағы танымал есiмге айналды. Оған сол жылдарда өте сирек берiлетiн Журналистер Одағының сыйлықтарын алуы, “Шұғылалы шақ”, “Ауылым — алтын бесiгiм” публицистикалық кiтаптары куә. Оның осы iзденiмпаздығын “Сөз киесi” кiтабындағы публицистиканың түрлерiмен байыта жазған (Ойтолғақ, қаз-қалпында, сыр-сұхбат, әлiптеме, байымдама, жөргемсөз, марқайыс, серкесөз, мұңайыс, сипаттама, лебiз, дәуiр дауасы, орайы келген әңгiме, ғұмырнама, дабылды ойлар, әуезе, очерк, бiрауыз сөз, ойөрiм) дүниелерi даралай түседi, ондағы тiл, стил, форма дегеннiң не екенiн жас журналистер үлгi аларлықтай қалыпта қаздай тiзiлуiнен қаламының алымы мен қарымы жарқыл салып жатқандай. Бұл мақтау сөз емес, бардың мәнiн ашып нақтау сөз, нықтау ой… Жақаудың жазу мектебiнiң шеберлiгiн сезiну публицистикалық потенциалын пайымдау — оқыған жанның өресiне өзi-ақ ой салады, белгiлi бiр байыпқа ұйытады, үлгi-уәжге иландырады.

Тағдыр бәрiмiздi “Лениншiл жас” газетiне топтастырды. Алғашқы күннен-ақ жинақы, кез-келген тапсырмаға жауапкершiлiкпен қарайтын ерекшелiгiмен бас редактор Сейдахмет Бердiқұловтың сенiмiне кiрiп үлгердi. Мерекелiк газет нөмiрлерiнiң басы-қасында Жақау жүретiн. Әсiресе макет сызуды, материалдарды орналастырып, тиiмдi ұсынуда алдына жан салмайтын. Бұған қоса бұрқыратып очерк, әңгiме, проблемалық мақалалар жазады. Соның бәрiне қалай үлгередi екен деп таңқалатынмын. Ендi ойласам, құдай берген талантына өз-өзiне талап қойғыштығы, тәртiпке темiрдей берiктiгi, әдiлдiктен таймайтын турашылдығы айнымас серiк болғандай екен. Несiн жасырайын, көңiл-күйдiң сан құбылар жағдайында жүретiн мен үшiн Жақаудың нендей мәселеде де айтқанынан қайтпайтыны, ешқашан жолдан таймайтыны, өз идеясын жүзеге асыруда ешкiмнен тайсалмайтыны пәлендей ұнамайтын. Қай-қайсымызға да тапсырылған шаруаның қалайда орындалуын қадағалап, қылтың-сылтыңымызды әсте көтермейтiн. Күн сайын шығатын газеттiң талабын Жақаудай түсiнбейтiнiм рас едi.

Ол үшiн газеттiң ұсақ-түйек шаруасына дейiн маңызды болатын. Азды-көптi жазған дүниелерiмнiң буына марқайып, кейде артықтау кеткен сәттер де өттi. Ал, Жақаудың тоқмейiлсiгенiн көрген емеспiн. Ертелi-кеш макет сызу, баспаханаға жүгiру, оқырманы асыға күтетiн шығармаларын да жариялап, қайнаған жұмыстың ортасында жүргенi.

Жақау — нақтылы iс-әрекеттiң адамы. Сырттай қаталдау көрiнгенiмен жүрегi жұмсақ, ниетi таза, қайырымды. Қаламдастарының не жазып, не қойғанынан ұдайы хабардар, әсiресе бұйығылау тiрлiк кешiп, кiтаптарын жарыққа шығара алмай қиналған әрiптестерiне көмектесуге әрдайым дайын. Замандастарымның арасынан Жақау Дәуренбековтi айрықша атауымның себебi көп. Ең алдымен оның адалдығы, әдiлдiгi, қай ортада жүрсе де жүйелi тәртiп орнатып, төңiректегiлердi жұмысқа ұйымдастыра бiлуi қайран қалдырады. Бұл көбiмiздiң қолымыздан келмейдi. Екiншiден, жеке басыма Жақаудың жасаған жақсылығын айтпауға дәтiм шыдатпайды. Қиналып, қысылғанда ақыл-кеңесiмен, ұсыныс, тiлегiмен демейтiнiн былай қойғанда, кiтаптарымның толыққанды тұңғыш рет жарық көруiне тiкелей ықпал еттi. Өзi басқарып отырған “Ана тiлi”баспасы арқылы ел, жұртқа танылдым, ұзақ жылдар еш жерде шығара алмаған “Жантәсiлiм” романын екi том етiп, қалың жұртшылыққа ұсынды. “Адам-құпия” кiтабымды қалай безендiрiп шығарды десеңiзшi! Мұны қалай ұмытайын. Мен сияқты ондаған, жүздеген автор Жақауға қарыздар болса керек.

Жақаудың қызметiне, жұмыс iстеу тәсiлiне қызыға қараймын. Бос сөзге, жадағай мақтау, көлгiрсуге оның титтай уақыты жоқ. Қарамағындағылармен, авторлармен қарым-қатынасынан ерiксiз үлгi, өнеге аласың. Iшкi мазасыздығы, тиянақтылығы былайғылардың арқаны кеңге салған бейқамдығын, дереу ысырып тастап, бiрден мәселенiң бе, шаруаның ба, түйiнiн шешуге ықпал етедi. Сондықтан Жақаумен жұмыс жасау үлкен ғанибет.

Сәтi түсiп, халқымыздың белгiлi ақыны Мәриям Хакiмжанованың үш томдық шығармалар жинағы биыл Жақау басқарып отырған баспадан жарық көруге тиiс болды. Құрастыруға өзiм ниет еткен кiтаптардың қалай тез шыққанын байқамай да қалдым. Қыруар жұмыстың бас-аяғының жымдасып, екi томның жып-жинақы қолға тиюi ең алдымен, Жақаудың еңбегi. Жүздеген, мыңдаған жазба қағаздар мұратта сақталып, шаң басқан қолжазба арасынан бұрын жарияланбаған дүниелерiн iздеймiн деп, уақытты әбден оздырғанымда, Жақаудың ымырасыз қатаң сын, ескертпе жасағаны дереу есiмдi жиғызды. Соншалықты сырласып, рухани жақын араласқанымызбен нақтылы iске байланысты ол ешқашан айтқанынан қайтпайды. Қарсыласуға титтей мұршаңды келтiрмейдi, өйткенi қойып отырған талабы заңды. Жауапкершiлiк жүгiн дәл Жақаудай көтеретiн жан сiрә де сирек шығар. Қоғамның, елдiң, Үкiметтiң бе, оқырманның, отбасының ба, әйтеуiр кiм-кiмнiң де алдындағы парызын, қарызын азаматтықпен атқарып келе жатқаны ақиқат. Жақау жүрген жерде қашан да тап-таза, киiмiнiң, тiптi таққан галстугiнiң түр, түсiне шейiн жоғары талғамнан хабар берiп, төңiрегiндегiлердi де соған баулығандай әсер етедi. Оның қасындағылар қалай болса солай, алқам-салқам, бей-берекет, тiрлiк кеше алмаса керек. Үлкендi де, кiшiнi де бағалай отырып, тұлға ретiнде өзi түйе бiлген қағидаға бағындыра бiлетiнi кез-келгеннiң өресi жете бермейтiн қасиет. Жеке басының қадiрiне, қабiлетiне, күшiне сенетiндердiң ғана қолы жетер жәйт қой бұл.

Бiздiң толқын өкiлдерiне тән ортақ ерекшелiк — еңбекқорлық, жалтақтамау, ешқашан ешкiмнiң алажiбiн аттамау, қиянат жасамау, алайда талантына сай атақ, даңқ иемденгендерi саусақпен санарлықтай ғана. Абыройымызға жалған дақпырт, даңғаза қуған бiр де бiрi жоқ. Бәрi де үздiксiз iзденiс үстiнде. Қаламдарының қуатымен қарапайым ғұмыр кешiп, ұлтымыздың зиялы қауымын құраған iрi тұлғалар арасында Жақау Дәуренбеков та бар.

Журналист, жазушы ретiнде Жақаудың өзiне ғана тән қолтаңбасы болса, баспагер, басшы ретiнде Жақау қалыптастырған дара мектеп бар. Шүкiр, сол сирек мектептiң игiлiгiн көрiп жатқандар уақыт өткен сайын көбеюде. “Ана тiлi” баспасының авторлары қазiр тұтастай бiр зиялы қауымды құрайды. Қазақ тiлiнiң уызына қандырып, әдебиет, өнер тылсымын бойлатқан, туған тарих, мәдениетiмiзге үңiлтiп, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ырым-жоралғыларымыздың логикалық жемiсiн табуға бағышталған дүниелердi Жақау алғаш шығара бастады. Қаламгерлiк қуатына қайраткерлiк батылдығы қосылып, оқырманның ой өрiсiн кеңейтуге көлгөсiр ықпал етуде. Ол уақыт талабын да сергектiкпен қабылдауға бейiм. Қоғам мен адам сұранысын сондықтан да еш қиналмай айырып анықтай алады. Бұл Жақаудың баспагерлiк тұлғасын одан әрмен биiктете түскендей. Халыққа не қажет, рухани мұқтажының қандай екенiн ол жақсы бiледi. Авторлар аясын кеңейтiп тақырып таңдаудағы талғампаздығы да ел игiлiгiне айналып жатады.

Өз ұлтына адал еңбек етiп жүрген Жақаудың шығармашылық көкжиегi арнайы талдап-зерттеудi қажет етедi. Жан дүниесiнiң iшкi беймаза, тынымсыздығы жазушылық келбетiн айқындап, соны жаңалық, оқыс тұжырымдарға жетелеуде. Соңғы кезде басылым беттерiнде үзiк-үзiк жарияланған көркем ой-суреттерi, көзқарас-пайымдары мүлдем өзгеше, кең тыныстың нәтижесi iспеттес. Бұл Жақаудың ұдайы iзденiс үстiнде екенiн дәлелдейдi. Қысқа да нұсқа сөз маржандарының берерi мол, философиялық астары қалың, тәрбиелiк мәнi терең, тәжiрибелiк тағлымы көлгөсiр. Мұншалық телегей-теңiз ой тасқынының қопарыла ақтарылуына не себеп болғанын түсiндiру, әрине мүмкiн емес. Жазушы Жақаудың жан қойнауында жасырынған жанартаудың алапат күшiн ендi-ендi ғана болжағандаймыз. Талант болмысының жарқырай көрiнуi, мiне осындайдан басталады.

Бiз бiр-бiрiмiздiң табысымызға ұдайы қуанып, ашық пiкiрлесудi ежелден дағдыға айналдырғанбыз. Газет, журналдарда аракiдiк жарияланар мақалаларымызға дейiн талдап отырамыз. Соңғы жылдары сан алуан өзектi маңызды мәселелерге қатысты батыл да оқыс ойларымен Жақау баспасөзде жиi көрiнуде. Бұл да оның белсендiлiгiнiң, азаматтық позициясын ашық бiлдiре алатынын аңғартады. Көзалдында өтiп жатқан жағымды, жағымсыз өзгерiстерге қайраткер ретiнде ол бейжай қарай алмайды. Мен үшiн Жақаудың осы талпынысы да аса қымбат. Өзiм күмәнданар қайсiбiр жәйттерге қатысты сыр бөлiскенiмде, оның кесiп айтар пiкiрлерi шешушi мән атқаратыны рас. Жазған-сызғаным туралы жылы сөздерi әрдайым мерейiмдi өсiрiп, қанаттандырып жiберетiнiн де айтсам деймiн. Жазу әдiсiмiздiң дүниетанудағы көзқарасымыздың, хал-жағдайымыздың мүлдем ұқсамайтынына қарамастан қашан да бiр бағыт, бiр ендiкте қатар келе жатқаны әрiптестермiз. Ағартушылық қызметiмен құбылыс жасаған белгiлi қаламгер Құрманғазы Қараманұлы бастап, жан-жақты жаңалығымен оқырманын таңқалдырар Жанат Елшiбеков қостаған топтың iшiнде Жақаудың да жұлдызы жарқырай жануда. Өзiне ғана тән қолтаңбасы, мiнезi, өзi ғана таңдап бағындырған кеңiстiгi бар.

Таптаурын жолды шиырлай бергеннен сақтасын бiздi. Жақау мұны асқан нәзiктiкпен түсiнедi. Қай тақырыпқа қалам тербеп, қандай iстi бастаса да шынайылығымен, шеберлiгiмен әлдеқашан өзiн мойындатып үлгерген Жақау Дәуренбеков – қаламының қалыбы бар, қарымының өз кеңiстiгi бар, өз ойы бар өрелi сөз иесi.

Пешенесiне жазумен тiрлiк кешу жазған жанның жан мұраты да осы — сарабдал сөз иесi бола бiлу.

Мағира ҚОЖАХМЕТОВА

Серіктес жаңалықтары