ЭФИРДIҢ САНДУҒАШЫ ШЕРТКЕН СЫР
ЭФИРДIҢ САНДУҒАШЫ ШЕРТКЕН СЫР
Өткен аптаның соңында Ғалымдар үйiнде Қазақ радиосының 85 жылдығына арналған мерекелiк жиын болып өттi. Осынау тарих қойнауына кеткен шежiрелi жылдарға көз жүгiртер болсақ, Әнуарбек аға Байжанбаев бастаған санаулы топтың басында тағы бiр есiм ел есiнде сайрап тұр. Ол — Сауық ЖАҚАНОВА. Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген артисi Сәкеңмен осынау думан алдында жолығып, әңгiмелескен едiк.
— Сәке, әдетте осындай қуаныштың алдында еске көп нәрсе түсетiн әдетi бар…
— Иә, оның рас. Сол бiр жылдарға деген сағынышпен қатар менiң дәл қазiр ойыма көлеңкелi бiр жағдай да түсiп отырғаны. (Әңгiме ауаны бұлай көңiлсiздеу оқиғаны еске түсiруден басталады деп ойласақ та тыңдауға мәжбүрмiз) — Ол әңгiменi бұлайша жаңғыртпасақ та болар едi, дегенмен iшiмде жүрген наз-өкпенi айтпауға тағы болмас деп ойлаймын, — деп әңгiмесiн бастады ол кiсi. – Осыдан бес жыл бұрын радионың 80 жылдығы дәл осылай аталып өтiп, оның бүкiл ғұмырынан сыр шертер қалың шежiре-кiтап жарыққа шықты. Ғасырға жуық тарихы бар Қазақ радиосында кешегi Әнуар аға Байжанбаевтармен үзеңгiлес жүрiп, қызмет еткен Менi та¬рихи-шежiреге жазбаса да, тарихтан сызып тастауға ешкiмнiң мүмкiндiгi жете қоймаса керек-тi. Әйтеуiр, қызмет iстегендердiң тiзiмiнде бар екенмiн. Өйткенi «Шалқар» радиосы жабылар тұста бұрынғы басшылыққа қарсы келемiн деп жақпай қалсам керек. Құдай-ау, радио радио болғалы келе жатқан «Шалқар» емес пе едi ол. «Тура мiнез туғаныңа жақпайтыны» сияқты, радиода 40 жылдан астам уақыт қызмет iстеп, өмiрiмнiң аса қымбат уақытын, жiгерлi жастығымды арнаған Менi радионың тарихынан сөйтiп сызып тастағысы келгендерге көңiлде ептеп кiрбiң қалғаны рас. Дегенмен, кейбiрiмiз жiберген қателiктi екiншi бiреуiмiз түзеп алатын алғыр халықпыз ғой. Бүгiнгi басшылыққа осы тұрғысынан келгенде iшiм жылиды. Сауық апайдың ренiшiнiң төркiнiн бiз де түсiндiк. Шынында да, радио десе, Сауықтар көз алдымызға келетiн ұрпақпыз, « қолда барда алтынның қадiрi жоқ» дегенге саятын осындай қасиеттерiмiз алдымыздан жиi шығатынына iштей бiз де өкiнiп отырған жайымыз бар. — Өкiнiштi-ақ екен.Бiрақ өзiңiз айтпақшы Сiздi бiлмейтiн қазақ жоқ қой… Ол сыңғырлап күлдi. Не деген таза үн, не деген ашық та анық дауыс. Өзi де, түр-тұлғасы да келiстi осынау ақсары келiншекке қарап отырып, неге актриса болмадыңыз деп сұрадым. — Ондай өнерден де құр алақан емеспiн. Жақында радиоға соқсам, балалар хабарындағылар шу етiп қарсы алды. Сөйтсем, сәбидiң риясыз күлкiсi керек болып отыр екен. Ессiз қуанған жас баланың күлкiсiн салып бердiм. Бәрi риза. Негiзi, жастайымнан ән-жырға құмар болып өстiм. Анамның ақ сүтiмен дарыған өнерге деген құштарлық әлi күнге жүрегiмде тыным бермейдi. Барымды, бойымдағы бүкiл өнерiмдi халыққа бердiм ғой десем де, әлi де берерiм көп сияқты көңiлiм толмай тұрады. Негiзi анам керемет әншi. Қазiр сексенге келiп қалса да халық әндерiн әдемi салады. Бауырларымның бәрi өнерлi. Өйткенi Сәкеннiң, Сәкен Сейфуллиннiң тұқымдарымыз. Қаладағы №12 мектепте, одан кейiн Қазақ мемлекеттiк университетiнiң филология факультетiнде оқып жүргенде радиомен етене араласып, хабарлар жүргiзе бастадым. Бүгiнде тарихшы-этнограф, журналист-жазушы Қойшығара Салғарин екеумiз соңғы хабарларды жүргiздiк. Ол кезде конкурс деген болады. Жастар, балалар, ауыл шаруашылығы редакциялары болды да, эфирге тек қана диктор оқитын. Дауыс мәнерi, ырғағы, үнiне, қабiлетiне қарап қабылдап жататын. Алғашқы хабарларымда, қазiр ойлап отырсам, Зәмзәгүл апайға көбiрек елiктеппiн. Созып, тым шұбалаңқы оқыған сияқтымын. Жастықтың әсерi ме, жоқ қызбалық па, жер-көкке сыймай, мақтаншақтық па, әйтеуiр тым әсершiл, даусым созылыңқы. Ол кезде дикторлардың жетекшiсi Нина Сейiтова апай. Дикторларды танымасам да, дауыстарынан айырамын, Әсiресе, Әнуарбек ағаны, Мұқағали ағаны, Мәмбет Сержанов деген аға спорт хабарларын оқушы едi. Қатира Әзiмбаева – Абайдың шөбересi, Жаңыл Асқарова, Шарипа Байсекеева, Сара Омарходжаева апайлар қызмет iстейдi. Дауыстары бiр-бiрiне ұқсамайды, керемет. Содан кейiн Жаңыл Айбергенова, Мырзабек Қуатбеков, одан бертiн менiң тұстастарым Зияда Бекетова, Райса Аманбаева, Гүлжан Қайырбаевалармен бiрге қоян-қолтық қызмет атқардық. Менiң даусым оларға қарағанда тым жiңiшке, шiңкiлдек болды. Олардыкi көкiрегiнен, кеудеден шығатын жуан. Менi Асыл Рақымжанова апайға табыстаған-тын. Ол кiсiнiң де даусы жiңiшке, жастау кезi. Уақыт өткен сайын дауыс та қатая, қалыптаса түседi екен.— Уақыт демекшi, қазiргi радиоға, дикторларға көңiлiңiз тола ма?
— Қазiр дауысқа ғана қарап қабылдау қалған, ескiрген ұғым. Сезiм-түйсiкке, өзiндiк мақамы, интонациясы бөлек, өзi де хабарды ұғынып, тыңдаушысына да дәлме-дәл жеткiзу кемшiн. Қазiргi жастардың тiлi шорқақ, қысқа. Мәселен, соңғы хабар мен әдеби хабарларды оқудың арасы жер мен көктей. Әдеби шығарма оқу үшiн образға кiру, кiрiгу керек. Рөлдi ойнап шығу керек. Хабардың мақсат-мүддесiн тыңдаушыға сен жеткiзуiң қажет екендiгiн ұғыну керек. Әдеби шығарманың iшiнде де көркем әдеби, сатиралық немесе драмалық, лирикалық дүниелер, шым-шытырық оқиғаларға толы трагедиясы тағы бар, бәрi қатар жүредi. Ал ресми хабарларды тiптi сенiмдi түрде оқу керек. Ол – бiр. Екiншiден, дикциясына аса мән берiлуi қажет. Дикция деген — ол айту, сөйлей бiлу. Әрiптер қисаймау керек. Әнекеңнiң (Байжанбаев) айтатыны бар-ды. Хабарды жақсы оқып шыққаннан кейiн риза болғанын «Ой, Сәке, бiр әрiптi қисайтпай шықтық-ау» деп бiлдiрушi едi. Оны ол кез түсiне бермейтiнмiн. Кейiн өзiм сабақ бере бастағанда түсiндiм: бiр әрiп қисайды деген «б» дегенде екi ернiң қабыспай айтылса, не болмаса «а» дегенде аузыңды толтырып айтпасаң сөздiң, сөйлемнiң тұрпаты бұзылады деген сөз. Жағың ашылмай қалу, тiлiң жетпей қалу, дыбыстың толық мәнiнде дұрыс шықпауы, әр әрiп өз орнында тұрмауы — мiне, осындай кедергiлерге ұрынған сөйлемнiң шала-жансар құрылуына әкеп соғады. Бiздiң үлгi алатын ұстаздарымыз мықты болды ғой. Осы Әнуар ағалардың сөйлеу мәдениетi, адаммен амандасуының өзi, тiптi бөлмеге кiрiп-шығуы, отырып-тұруы үлкен мектеп болды. Эфирге шығатын кездегi сән-салтанаты өзiнше бiр әлем едi. Сонда ойлайтынбыз «бұл кiсiнi ғой тыңдарман, тiптi көрiп те жатқан жоқ, неге сонша сәнденедi екен» деп. Сөйтсек, оның бәрi өнер алдындағы бiр тазалық, адалдық екен ғой. Хабарды тыңдаушыға жеткiзу үшiн алдымен оқитын диктордың жан тазалығы, көңiл-күйiнiң көтерiңкi болуы да қатты әсер ететiнiн кейiн бiле бастадық. Байжанбаев деген радионың ардагерi ғана емес, өкiл әкесi, тiптi кiндiк әкесi десе де лайықты жан едi. «Әй, сен ауылдан шыққан балаға ұқсамайсың ғой, өзi» деп қайрайтын-ды. Тiлiмiз таза, анық, қазақи тәрбиенiң iшiнен келсек те, ол кiсi тума таланттың, дарынның үлгiсiндей едi.Қазiргi жастар мүлдем батыстанып кеткен. Тiлдерiн бұрап сөйлейдi. Мысалы «т» әрiпiн жұмсартып, жiңiшкертiп айтып көрiңiзшi. «Тек» деген сөздi мүлдем басқаша мәнермен айтады. «Тегi, тура» деген сөздер «тыдан» кейiн «ы» әрiпi тұрғандай жуан дауысталуы қажет. Қазiр ғылыми тiлмен айтар болсақ, жастарға сен үндестiк заңын сақта деп үйретемiз. Ал бiздiң ұрпақ үндестiк заңын сақтамай-ақ, жаңылтпаш жаттамай-ақ, тiлiмiз таза, ашық, анық болып өстiк. Яғни, табиғи таза қазақи тәрбиенiң тiлге тигiзер ықпалы өте зор. Бүгiнде бәрi басқаша, жастарымызға сөйлеу мәнерiн, тiлдiң техникасын үйретемiз. Соның өзiнде эфирде оқылатын дүниенiң көбi қатаң дыбысты қатайтып, бiр-бiрiн жетелеп отыратын дыбыс үндестiгiн сақтай бермейдi. Қалай жазылды солай оқып шығады. Сiресiп қалған дүние. Кезiнде Одаққа қарадық қой, сонда Мәскеуден келiп дикторларды тыңдап, тексерiп, бақылап отырады. Бiрде Левитан келгенде «Ойпырмай, қазақтың сөйлемдерi қандай сәндi. Дыбысталуы әдемi, тiптi дикторлар ән салып отырғандай» деп таңданыпты. Оның да мәнiн кейiн түсiнiп жүрмiн. Өйткенi, қазақта дауысты дыбыстар көп екен. Ал, дауысты дыбысдегенiмiз, бұл ән ғой. Расында да, сөйлемдердi созып, дауысты ашық дыбыстарға күш түсiре оқысаң, ән болып естiлмей ме?! Әу баста ақынжанды халықпыз, төкпесөзге жақынбыз. Өлең жазбайтын қазақ кемде-кем. Ал өлең дегенiңiз, буын үндестiгiн сақтап, сөйлеп-жазылады емес пе? Жiңiшке дыбыстар жыбырлап, онша естiлмейдi. Соңғы кездерi тiлге байланысты Моңғолдан, Қытайдан келген бауырларымыз тiлiмiздi жақсы сақтаған деген сөз жиi айтылады. Жо-жоқ, олай емес, олардың сөйлеу мәнерiне, дыбысталуына зер салсаңыз, сол тұрғылықты жердiң әуезi байқалады. Негiзi сөз дегенiмiз саз, әуез ғой.
Бiзде екi-үш сөз бiрiгiп бiр мағына бiлдiретiн сөз тiркестерi көп. Сондықтан оларды үзiп-жарып айтпай, кiдiрiссiз оқу, яғни жеткiзу керек екенiн көбiне ұқпай жатамыз. Оның iшiнде басты сөзi бар, соған мән бере отырып, қалғанын iлестiре сөйлеу техникасы көбiне қазiргi дикторларға тән. Келе жатырмыз, бара жатырмыз деген сөздердi үзiп-жұлып сөйлейдi. Бұл күнде ауыз әдебиетiнен гөрi жазба әдебиетi дамыды ғой деймiн. Сөйлем мәдениетi, сөйлеу мәдениетi кемшiн. Сондықтан да жазып берген шығарманы сол күйiнде сыдыртып, еш эмоциясыз, әсерсiз оқып шығатындар көбейдi. Сiресiп, экранға немесе эфирге суретке түсетiн кiсiдей қалшиып, бетте түк қимыл-өзгерiс жоқ суық отырады. Адам сол шығарманың бүге-шүгесiне дейiн жатсынбай кiрiгiп, тыныс алып отыра жүргiзсе, тыңдаушы да оқушы да әсер алар едi. — Өзiңiздiң даусыңызға елiктейтiн, яғни Сiздiң даусыңызға қойылған шәкiрттерiңiз бар ма? — Қазiр Жүргенов атындағы өнер академиясында Сахна тiлi деген кафедра бар. Аптасына екi рет студенттерге дәрiс беремiн. Он жылдай болып қалды, өз мүмкiндiгiмше үйретiп келемiн. Олардың iшiнде «Қазақстан» телеарнасында Ербол Манап, бүгiнде орыстiлдi болса да халыққа жақсы танымал Айгүл Мүкей, радиода Гүлнұр Омарханқызы деген шәкiрттерiме көзiм де, көңiлiм де толады. — Радиода теледидар сияқты шығармашылық топ туралы көп айтыла бермейдi, әлде… — Шынында да, бiз дикторлар жеткiзушi ғанамыз. Халықпен байланыс жасаушы ғана. Ол шығармалардың авторлары туралы да айта кеткен жөн. Қасымхан Ерсарин деген журналист ағамызбен «Сәлеметсiң бе, замандас» деген хабарда қызметтес болдық. Республикамыздың түкпiр-түкпiрiнен келiп жататын миллиондаған хаттар желiсiнде дайындалады. өмiрден жолы болмаған небiр тағдырлар. Бәлкiм аттарын өзгертiп жазып жатады. Радионың бiр ерекшелiгi – адамның бет-бейнесi көрiнбейдi. Әрбiр баланың сөз саптауына қарап, ол баланың мiнез-құлқын бiлiп отырамын да, сәйкестендiрiп оқимын. Мұңайғанда бiрге мұңайып, жадыраған тұстарында даусым да өзiнен-өзi көңiлденiп шыға келедi. Сондықтан бiздi әдемi сөйлейдi, шешен сөйлейдi, әңгiмешiл дейтiндер де бар. Ал оқып отырған хабардың редакторы, режиссерi, дыбыс режиссерi, директоры кадрдың сыртында қалып қоятын жағдайлар да болады. Әдеби редакцияда iстейтiн Темiрхан Момбекұлы бiрде эфирге асығыс хабар дайындапты. «Шұғыл хабар. Ат үстi жазылды. Көңiлге қонбайды. Бiрақ қайта жазып отыруға уақыт жоқ. Содан шығармашылық топ «ойбай, мына хабарды кiмге беремiз, алып шығу керек» дегенде мен есiне түсiппiн. Оқыдым. Ғажап! Тыңдап сұмдық таң қалдым. Хабар бiткеннен кейiн текстi алып оқысам сол қарабайыр күйiнде. Мүлдем әсерсiз. Сонда дауыстың құдiретiне, оқылу мәнерiне келгенде дұрыс дикторға түскен кез келген дүние құлпырып шыға келетiнiн тағы бiр ұқтым» деп айтып жүредi. Қысқа ғана шығарма жетiм балалар тағдырына арналған-ды. Есiмде, эфирде оқып отырып әлгi көлденең көк аттыға «осы менiң анам шығар, әлде мынау әкем бе екен» деп елеңдеген жәудiр көз балапанның сол сәттегi психологиясына енiп кеткен болуым керек. өзi қандай шаруа болса да ынта-жiгерiңмен, сезiм-түйсiгiңмен iстемесең, оның нәтижесi де қарабайыр. Сол сияқты «Пионер серiгi» сияқты балалар редакциясында Бибiнұр Қайрақбаева, «Жұмбақбай атай» ертегiлерiнде Маржан қыздың рөлiмен Ақыл Құланбаев ағалармен жақсы шығармалық байланыс болды. — Жоспарсыз жүрмейтiн жақсы әдетiңiз бар екен. Алда қандай ойларыңыз бар? — Сөзiмнiң басында айтқанымдай, бiраз жыл радиоға жолай алмай қалған сәттерiмде Қазақ Ұлттық университетi, өнер академиясы сабақ беруге шақырған-ды. Сөйтiп эфирдi соншалықты сағынып тұрсам да, бiраз уақыт қол үзуге тура келдi. Бiрақ қарап жатқан жоқпын, кiтап жазып, жарыққа шығардым. «Қазақ университетi» баспасынан 2002 жылы «Сөйлеу мәдениетi» деп аталатын еңбегiм шықты. Сол еңбектiң негiзiнде доценттiк қорғадым. Қазiр, Құдайға шүкiр, радиода да «Атадан қалған асыл сөздi» оқуға қайта ұсыныс түскен, соған қатысып жүрмiн. Тағы да бiраз жоспарлар баршылық. Оны алдағы уақыт көрсете жатар…