ЖОҚ, БIЗ – АЗИЯЛЫҚПЫЗ!
ЖОҚ, БIЗ – АЗИЯЛЫҚПЫЗ!
Психологтар айтады, адамның өз тегiн қайдан таратарын бiлмеуiнен, нақтырақ айтқанда, идентификацияға шорқақтығынан асқан қиын нәрсе жоқ. Өйткенi, долбар-болжамдар да, бiреудiң көрпесiн өзiне қарай тарту секiлдi әрекеттер де осыдан шығады. Бiз бұл арада психологтарға дау айта аламыз. Өз тегiн бiлмегендiктен әртүрлi ой жетегiнде кету бiр дүние де, өз тегiн бiле тұра, содан қасақана бас тарту немесе өз жұртынан безiну мүлде басқа нәрсе. Қазiр бiздiң елдiң идеологтары дәл осы iндетке шалынды деп айтуға болар. Соңғы он жылдан берi қазақтар Еуропаның да, Азияның да емес, Еуразияның жұрты деген тезис ауада қалықтап жүр. Жо-жоқ, қалықтап жүрдi дегенiмiз ештемеден хабар бермес. Дәлiрегiнде, осы ой қазақстандықтардың көкiрегiне бiртiндеп құйылуда. Қазiр кез келген мектеп оқушысы немесе студенттiң, бiз «азиялық емеспiз, еуразиялықпыз» деп айтарына бәс тiгуге бармыз. Өйткенi, бұл буын «еуразиялықпыз» деген ұранның негiзгi тұтынушылары.
Ендi сол тұтынушылардың еуразиялық дегеннен арылып, еуропалық деген ұғымға бой ұратынына күмән жоқ. Себебi, «Қазақтар азиялықтар емес, еуропалықтар. Шығу тегiмiз бойынша, бiз еуропалықпыз. Солай тәрбие¬ленгенбiз» деген алғашқы ишара бiлдiрiлдi.
Әрине, бұл сөздi айтқанда BBC-ге сұхбат берiп отырған Президент ел болашағының монархиямен байланыспайтыны жайлы тiлге тиек еткен едi. Бiрақ, бiздегi кез келген атқарушы билiк, заң шығарушы билiк, сот билiгi өкiлдерiнiң бiссiмiлләсiн «президенттiң бастамасымен» бастайтынын ескерсек, ертеңгi күнi бұл ойдың «сәнге айналатынына» шек келтiрмеуге де болады. Тiптi, есiктiң ауласы жөнделiп жатса да, кез келген әкiмнiң тiлiне Елбасы бағдарламаларының оралатындығынан бәрi хабардар. Мұндай жағдайда, тiптi, «еуропалық ұлт» тезисi мүлде жандана түсетiн шығар. Ендi, жақын арада еуропа ұлттары мен қазақ¬тардың «бiр қазанда бiте қайнасқаны» жөнiн¬де баяндамалар дайындала бастайтынына, ол феномендi зерттейтiн ғалымдардың бой көрсететiнiне күмән келтiрмей-ақ қоялық. Күмән келтiрсек, алдағы болар оқиғалар ағыны оны жоққа шығарып жүрер. Елбасы өз сөзi арқылы Еуропаны қазiргi дамыған деңгейiне жеткiмiз келетiнi жайлы айтқан болуы керек. Бiрақ, жалпақ жұрттың оны басқаша түсiнгенi хақ. Осы қазақтарды еуропалықтар деу қазақтардың тарихын байыта түсер ме екен?
Бiздi ешкiм де сен еуропалықсың деп тәрбиелеген жоқ. Қазақ мемлекетiнiң сонау 14 ғасырдың соңында негiзiн қалаушылары бiздiң ұлт еуропалық деп ойламаған да болар. Әшейiнде, табынып, елiктей қалатын Ресейдiң өзi еуропалықпыз демейдi. Өйткенi, жерiнiң негiзгi бөлiгi Азияда орналасқанын бiледi. Жалған намыс үшiн өңеш жыртып қайтсiн? Осындайда Александр Блоктың: «Иә, скифтермiз бiз, иә, азиялықтармыз бiз!» дегенi еске түседi.
Өз қағымыздан өзiмiз жерiну бiзге ғана тән қасиет шығар. Болмаса, өзге ұлттар тiлi мен дiнiн былай қойғанда, шыққан құрлығын кереметтей мақтан тұтады. Канадалықтар мен Латын Америкасы халқының өкiлдерi Америка Құрама Штаттарының тұтастай бiр құрлықтың атын иемденгенiне өкпелерi қара қазандай. Өйткенi, олар өздерiнiң құрлығын мақтан тұтады. Мұның өзi тұрақтылықтан хабар беретiн шығар.
Сол бiз таңдай қағатын еуропалықтардың өздерi тереңнен шығар қайнар бұлағы болмағандықтан, Азияның мәдениетiне, салтына қызығады. Дүркiн-дүркiн сол Еуропадан Азияның тылсым тарихын зерттеу үшiн экспедициялар шығарылып тұрады. Тiптi, Африканы айтпағанда, Азия адамзаттың бесiгi емес пе едi? Өзгенi былай қойғанда, әлемдiк шоу-бизнес өкiлдерiнiң үндi дiни философиясына негiзделген иогамен айналысып, буддистiк храмдарға жиi барғыштап кеткенi сол Азияның алдында тiзе бүккенi емес пе? Тiптi, ән-ырғақтарының өзiн азиялық нақыштарға бейiмдеуi де сол Азияның бiрегейлiгiнен емес пе? Олай болса бiзге не жорық?
Бұл сол баяғы комплекстiң, құлдық психологияның белгiсi. Бiз қаншама жерден еуропалықпыз деп тыраштанғанымызбен, еуропалықтар бiздi қадiр тұта қоймас.
Бұл түбiнде өзiмiздiң сорымыз болып жабысатын дерт болмақ. Басқаны айтпай-ақ, әлi күнге дейiн тiлiмiздi тұғырлы орнына қондыра алмай келе жатқанымыз да сол құлдық психологияның кесiрiнен. Онсызда «шүршiтше шүлдiрлеп жүргендердi» ертеңгi күнi «еуропалықпыз» деген идеология шындап жанайтындай болса, олар үшiн түркi тiлiнiң бұтағы қазақ тiлi Азияның сарқыншағы болып көрiнбей ме? Ұлтты сақтап қалатын негiзгi фактор тiл. Тiптi, дiннiң өзi тiл секiлдi ұлтты бiр бағытта ұйытып отыра алмайды. Қазақ жастары арасына сызаттың түскенiне, қазақтiлдi жастар мен орыстiлдi жастардың дүниетаным, ойлау деңгейi, патриоттығы тарапынан аса ерекшеленгенiне бiрнеше онжылдықтар болды. Қазақтiлдi қазақтардың бұрынғы бәсекелестерi орыстiлдi қазақтар болса, ендiгi додаға ағылшын тiлдi қазақтар қосылады. Қазақтiлдiлерге ендi орыстiлдiлермен қатар ағылшын тiлдiлерге тойтарыс беруге тура келедi. Қазақ деген аты ғана болмаса, оларда ұлттық сананың мүлде болмайтынына бәс тiгуге бармыз. Еуропалықпыз деген идеяны қабылдау да олар үшiн дәнеме емес. Ал ол идея көкiректерiнен мықтап орын тепкенде, қазақ деген ұлттан бас тарту да түкке тұрғысыз дүние. Өткен ғасырдың басында Мағжан: «Мен жастарға сенемiн» деп кетсе, бұл ғасырда жастарға, оның iшiнде қалада өскен, орыс тiлi мен мәдениетiн қабылдаған жастарға аса сенiңкiремеймiн. Дәл солар бiздiң тiлдi ұшпаққа шығарады дегенмен келiсу қиын. Қазақ тiлiн үйренуден бұрын ағылшын тiлiнде сөйлейтiн «еуропалық ұлт өкiлi» атану олар үшiн мәртебе. Соңғы 5-10 жылдықта билiкке келiп жатқан жастар негiзiнен қалада өскен, орыстiлдi жастар. Қазақтiлдi министр, депутаттар негiзiнен 50-60, 70-тi алқымдап қалғандар. Оның өзiнде интенсивтi түрде орыстанып кеткендер. Қоғамдық формациялардың алмасуы қандай табиғи процесс болса, бiзде ойлау деңгейiн, сананы орыс тiлiне көшiру де сондай табиғи процесс секiлдi болып қалыптасып кеттi. Қазақтiлдi қазақтар өз өмiрiнде ұлттық қасиеттерге қарсы қалыптастыратын иммунитетпен талай бетпе-бет келедi. Қалада өскен қазақ түгiлi, ауылда өскен қазақтардың өздерi қалаға келiп, интенсивтi түрде орыстануға, орыс мәдениетiн, орыс тiлiн қабылдауға бейiм болып тұрады. Өйткенi, ортаның талабы сондай. Сол ортаның қалыптасуына қолдағысын аямай отырған билiк басшыларының өздерiн интенсивтi түрде орыстанғандар десек болады. Мұндай билiк ешуақытта мемлекеттiк тiлде сөйлемейдi. Сөйлеуге мүмкiндiк те бермейдi.
Ал билiктiң бойына қан жүгiрту үшiн истблишментке қазiргi қосылып жатқан жастардың көбi ұлттық дәстүрде тәрбиеленбегендер. Жусанның иiсiн айыра алмайтындар. Ертеңгi күнi 50-60, 70-тi алқымдап қалғандарды орыстiлдi қалалық қазақтар ауыстырғанда, бүгiнгi тiлiмiздiң күйiмен тiптi жылап көрiсетiн болармыз. Тiл үшiн Шаханов сияқты шырылдап отырып, билiктiң бас ауруына айналатын адам қазiргi жастардың арасынан шығады дегенге сенбеймiн. Өйткенi, бұдан былай ауылдан шыққан қазақтiлдi азаматтарға билiктiң есiгiнен кiру қиынға түседi. Қалай қиынға түспесiн, билiк еуропалық бiлiм алған, бiр сөзбен айтқанда еуропаланған жастарды қабылдауға бейiм. Қазақ тiлiн бiлу маңызды емес, орыс пен ағылшын тiлдерiн таза бiлсеңiз болғаны. Ол маңызды болып есептелiнедi. Мұндай жағдайда, тiл қалай көгередi?
Орыстiлдi қазақтарды қолдан жасадық, ағылшынтiлдiлердiң алғашқы тобы қалыптасты. Ендi, бiз «еуразиялықпыз», «қазақстандық ұлтпыз», «еуропалықпыз» – деп жүргенде саяси аренаға қытайтiлдi қазақтар шықпақ. Көршiмiздiң даму қарқыны мен соңғы кезде Алматының кiтап дүкендерiнде қытай тiлiн үйрететiн оқулықтардың қаптай бастауына қарап осылай деп болжам жасауға тура келедi. Нарық заңы бойынша, ұсыныс сұраныс бар жерде ғана түзiледi. Демек, қытай тiлiне де қызығушылық басым.
Иранға барған сапарымда ондағы жастар мен кекселер арасында жылдан-жылға ұлғайып бара жатқан көзқарастар қайшылығына қарап, Иранның болашағына күдiк сезiмi туған едi. Дәл мұндай көзқарастың Қазақстанға қатысты туатыны тiптi ойға келмептi. Ендi, кәрiсi «Еуропалық ұлт болуға ұмтылған», жастары өзге тiлдi қошеметтейтiн қазақ қоғамына қарап қарның ашады. Айтпақшы, аты немiс болса да, заты қазақ болып кеткен, қазақ деп шырылдайтын жазушы Герольд Бельгерге хабарласқанбыз. «Бiз еуропалық емеспiз. Ешқашан болмаймыз да. Азиялықпыз бiз. «Еуропалықпыз» дегеннен бiздiң ұлттың ұлт ретiнде табар пайдасы жоқ» дейдi жазушы.
Бiздiң истеблишментте де солай ойлайтындар болса ғой. Әзiрге, ұлтқа нағыз қажеттi нәрсенi ойлап бас қатырғандар байқалмайды…Ондай қайраткердiң орыстiлдi қазақ пен ағылшын, қытайтiлдi қазақтың арасынан шығарына сенбеймiз.
Гүлнәр Мұқанова