МҰЗТАУДЫҢ МҰЗБАЛАҒЫ
МҰЗТАУДЫҢ МҰЗБАЛАҒЫ
Өр Алтайдың биiк төрiндегi ұшар басын ақ бұлттар шалған алып шыңдары мен қара тасты қақ жарып шыққан зәулiм қарағайындай тәкаппар, тау өзенiнiң мөлдiрлiгiндей таза да асқақ туындылардың иесi, қайталанбас қаламгер Оралхан Бөкей елуге ендi келетiн, ер-азаматтың күш-қайраты әбден толысып, пайым-парасаты биiктей түсетiн толайым шағына жете алмай дүниеден озды. Оралханды қайталай оқи отырып оның бiр ғана әңгiмесiнiң бойына бүкiл бiр ғұмырды, кейде тұтас кезеңдердi сиғызып жiберетiн шеберлiк сәттерiн жиi байқайсыз. Кiм бiледi, жазушы өзiнiң мына жалғанды жалпағынан басып, ұзақ өмiр сүре алмасын сезiнген болар. Сол үшiн де әрбiр шығармасында айтайын дегенiн сарқа айтып, ұзақ шиырға салуға уақыты бола бермегендiктен де өткiр оралымдарын бүгiп қалмай, ақтарып-ақтарып кете барады. Оралханның ойлы, сырлы, өршiл, шымыр шығармалары тәуелсiздiктiң таңы ендi атқан талма тұста абдырап қалған қалың оқырмандарына тым қажет-ақ едi. Бүгiн бiздер оны бұрынғыдан да көп iздеймiз.
О.Бөкейдiң жетпiсiншi жылдардың басында, кейбiрi сексенiншi жылдарда жарық көрген бiр топ повестерi мен әңгiмелерi «Қайдасың қасқа құлыным» жинағына енгiзiлiп, қайта басылып шыққан едi. Ғұмыр бойы туған елi, туған жерiне деген ұлы махаббатын ту етiп ұстап өткен суреткер адамды табиғаттан, табиғатты адамнан бөлiп қарамайды. Адам баласына тән сезiмнiң баршасын табиғаттың тұла бойынан iздейдi: ашуы – арқырап тасыған тау өзенi, мұңайып жабырқауы – күрең күздiң ақ жауыны, сәнi мен нәрiнен айрылған сары жапырағы, шарт түйiнiп қатаюы – Алтайдың ақ қар жамылып, көк мұз құрсанған аязды қысы, серпiлiп сергуi – жадыраған балғын көктемi – осының бәрi ажырамас бүтiн дүние, бiр ұғым, ортақ тағдыр. Қазiргi кезде ғана әлемнiң биiк мiнберлерiнен айтыла бастаған қоршаған ортаны қорғау жайын Оралхандар айтқалы қашан! Адамзат өз iсiнен опық жейтiндей болса, сол табиғат анасына табынудың орнына оны өзiне бағындырмақ болған бәтуасыз әрекетiнен, жер бесiктiң болмысына беталды қол сұғып, өмiр сүрер ортасын орынсыз ойрандағандықтан ұшырайтынын Оралханша батыл айтқан қаламгер көп емес. Ол табиғаттың кiршiксiз тазалығы мен тылсым тыныштығына төл перзентi – адамдардың пенделiк ұсақ тiрлiгi, қисынсыз қылықтарының мүлде қайшы келiп жатарына қынжылады. «Қайдасың қасқа құлыным» повесiнде түз тағысы итқұс емес, адам қолымен бауыздалған жаңа туған құлынның қандай жазығы бар едi?! Алыс емес, бiр атадан тарайтын ағайын арасындағы алауыздық пен қызғаныштың құрбаны болған қасқа құлын, бәлкiм, өмiрге келмей жатып басы кесiлген қазақтың тағы бiр Құлагерi болар?.. Егiз құлыннан айрылған сорлы ене ендi қайтiп құлындамай қойды. Тұяқ дүбiрiн естiсе тықыршып отыра алмайтын көшпелi жұрттың қара баласының көз алдында шашыраған қан қалды, сәби жүрегiнде тастай қатып шер қалды. Әйтеуiр бұл өмiрде өз қасқа құлынын табарына сенiмi жоғалған жоқ. Бойы жетiлсе де ойы жетiлмеген, бейкүнә, аңғал жан Ардақтың («Ардақ») өз отауынан аттап шықпай-ақ ары төгiлiп, сорлап қалуына кiм кiнәлi? Кiнәсiз бойжеткеннiң әке-шешесi жақындарынан безiнiп, елсiз иен, меңiреу суық таудың арасына жалғыз үй барып тығылса да, iзiнен қалмаған қиянаттан қашып құтыла алмапты. Ақыры, әлпештеп отырған жалғыз қызының обалына қалды. Атадан басталған арам кек кеулей келiп, балаға жетiп, жазықсыз таза, жанашыр жақыны жоқ дәрменсiз жас жанның өмiрiн өксiтумен тынды. Жалғыз қызының оң жақта отырып балалы болғанынан қорланған кәрi әке-шешенiң көңiлiне жалғыз жұбаныш — атаның артында «ат ұстайтын тұяқ» қалғанына «тәубә» дегеннен басқа амалы жоқ. Өрiстi кеңейтер өрелiлiк емес, өңештен алар өшпендiлiкпен бүтiндей бiр ғұмырлар өтiп жатыр. Тек, терең Марқакөл ғана маңғаз қалпынан танар емес. «Ей, тағаты жоқ таяз пенделер, менен неге сабақ алмайсыңдар?» дегендей салмақпен күрсiнедi. Бүгiнгi барымыз бен бұрынғының тағлымды өнегесi арасындағы сабақтастықты саралайтын «Бура», «Апамның астауы», «Қамшыгер» әңгiмелерiн көзден кетсе де, көңiлден кетпеуi тиiс өткенге көзқарас философиясы деуге болады. Қажет заманында адамдарға барынша адал қызмет атқарған қайран қара нарлар бұл күнде керексiз болып, атылып, сойылып, тұқымымен құруға айналған. Жападан жалғыз қалған қара Бураның өкпесi қара тастай боп жүрген өркениеттiң белгiсi – бiр кездерi барлық ауыр жүгiн арқаларына көтерiп жолын салысқан қара пойызға қарсы шапқаннан басқа амалы қалмады. Сөйтiп, тең емес айқаста кеудесi қақырай сөгiлiп мерт болды. Көп уақыт көмусiз жатқан жануардың басына орнатылған қазық-белгiге жолаушылар көз қиығын да салмастан зулап өтiп жатыр, өтiп жатыр… Осылайша, жүрдек пойыздың жүрiсiмен жанталаса жарысам деп жүрiп өткенiн ұмытқан, қайдан шығып қайда бара жатқанын түйсiнбейтiн жадыдан жұрдай жаңа ұрпақ жалқы заманына ұмтылады. Қара бура жай ғана жануар емес – ел-жұрт, барша ұлт тарихының символы. Жота-жоталарда олар салып кеткен тарих-сүреулер қалған. Олардың арасында аласапыран замандарда асығыс түскен сойқанды соқпақтардың iздерi де сайрап жатыр, атандарды құртсаң да бiздi өшiре алмайсың дегендей. Қара бура мен оны кеудеге ұрып құлатқан қара пойыз бейнелерi бүгiнгi мен өткеннiң арасындағы табиғи жалғастықтың үзiлуiнен туған өкiнiштi қақтығыстың қасiрет табындай. Көшпендiлер цивилизациясындағы қазақ әйелдерiне тән барша қасиет пен ұлылықты бойына жиған, қастерлi қолөнердiң қыр-сырын түгел меңгерген өзiнiң қарапайым апасы туралы («Апамның астауы») жазушы «…бiздi қойып бүкiл ауыл-аймақ, тiптi, қазақ елi соңғы қасиеттi әйел, тұрмыстық-салттық өмiрдiң этикалық, этнографиялық, тiптi, археологиялық байлығынан айырылғанын бiлдi ме! Қазiр ойлаймын, егер қазақтың әйелдерi атқарар бүкiл iсмерлiктiң қолөнер институтын, немесе фабрикасын ашып, менiң апамды бастық сайласа, тұтас бiр он саусағынан өнерi тамған ұрпақ дайындап шығар едi. Иә, ол кiсi тiрi кезiнде ешкiм елеп ескермеген, алтын қолды құдiреттi әйел едi. Қазақта осыншалық мықты, осыншалық ақылды, ұлы әйелдер болғаны қандай жақсы», – деп өзегiн өртеген өкiнiшi мен арман-сырын қатар ақтарады. Қолына ине мен оймақ ұстай алмайтын қазақтың бүгiнгi қыз-келiншектерiнiң обалы өздерiн ерлермен теңестiремiз деп жаппай тракторге отырғызбақшы болған есер саясаттың кесiрiнен болғаны шүбәсiз. Халық өнерiнiң ерлерге тән түрлерi өз алдына бiр энциклопедия болса, соның бiрi – бүгiнде мүлде дерлiк ұмытылған қамшыгерлiк. Атан түйенiң тұмсығын қамшымен-ақ қақ бөлген атақты қамшыгерлердiң болғанын айтса, қазiр бiреу сенiп, бiреу сенбесi хақ. «Қамшыгердегi» қиқулатып өткен думанды өмiрiнiң соңында «ит өлiммен» (О.Б.) өлген Садақбай сол бiр ерекше өнердiң иесi болған киелi тұлғалардың соңғы тұяғы болып жүрмесiн… «Кербұғы» әңгiмесiнiң Кеңес дәуiрi кезiнде жазылғанын ескерсек, қарымды қаламгердiң қыран ойларының қаншалықты биiкке самғағанының куәсi боламыз. Мыңдаған жылдар бойында ата-бабалары еркiн мекендеген Ақшоқы бүгiнде Кербұғы үшiн азаттықтың қол жетпес арманына айналған. «Сойқан ерлiк, еңкеймес еңселi тәкаппарлық, көздiң жауын алар сұлулық» бәрi сол Ақшоқының етегiнде қалған. Еркiндiгiнен айырған «өлексi сасыған» қарғыс атқыр қоршаудан құтылса, қапаста өткен қайран күндерiне, оған себепкер болған адамдарға деген бар өкiнiш-өксiгiн, ашу-ызасын ақтармақ. Асау ерлiктiң ақтық үлгiсiн көрсетiп, мына өмiрдiң азабы мен мазағынан құтылмақ, бiржола құтылмақ. Бойында қалған бар күш-қайратын жиып, биiк қорғаннан қарғып өткен Кербұғы аңсаған арманына жеткендей де едi. Олай емес екен. Сұр мергеннiң суық оғына кез болған Кербұғы, еркiңнен тыс, көз алдыңа ұлт азаттығына бастарын тiккен Алаш арыстары, ендi бiрде кешегi Желтоқсанда итке таланған иесiз жастармен бiрге елестейдi. Қызыл империяның «өлексi сасыған» құрсауы қысып тұрғанда, бiздер де анау Кербұғыдай алдамшы еркiндiкте жүргендей екенбiз. Нағыз еркiндiктi аңсаған Кербұғы ата-бабасының мекенiне оралып, табиғи ортасын тауып, өсiп-өнудiң, еркiн өмiрдiң тәуелсiз жолын жалғастырмақ едi… Оралханмен сырласқан сайын көмескi тартып бара жатқан көкiрекке сәуле шашар отты ойлардың шуағына бөленесiң, «модалы» мiнезi жоқ, өмiр бақида өз болмыстарын сақтап қалатын (О.Б.) бала көңiлдi, аңқылдаған ауыл адамдарын сағына iздейсiң. Елбасының өзi де айтпап па едi: «Ең ғажабы сол, өзара сұхбат барысында қайтқан құстың тiзбегi, тымық түнде ұйқыға шомған ауылдың үнi тәрiздi ұсақ-түйек болып көрiнетiн әңгiмелер жоғарғы мiнбелерден желпiнген насихат сөздерден сезiмге әлдеқайда артық әсер етедi», – деп. (Н.Назарбаев. Тарих толқынында., А., 1999 ж., 152-бет). «Қыр басында малын жайып тұрған қарапайым қойшы, кейде маған бүкiл әлемнiң тыныштығын күзетiп тұрғандай көрiнедi» деп айта алатын Оралханға оралған сайын ана тiлiмiздiң ғажап құдiретiне тағы бiр тәнтi боласың. Өз мәдениетiңнiң озық үлгiлерiн үйренуге мойын бұрмай жүрген ұрпақтың жат жұрттар мәдениетiнiң, әдетте, тозық үлгiлерi тоздыруға шақ тұрған санасын селт еткiзердей Бөкеев сынды «қайсар мiнездi» (Д.Исабеков) қаламгермен оның соңында қалған сом туындылары арқылы сырласа аларыңа тәубә дейсiң. Қаламгердiң туған күнi қарсаңында тiл өнерiне ден қойған жас қауым жыл сайын «Оралхан оқуларын» өткiзiп келедi. Қазақстан халқының тiлдерi мерекесiне орайластырылған бұл әдемi әдеби шара қазақ жазушыларының шығармаларынан үзiндiлердi жатқа оқудың игi дәстүрiне айналды. Уағында көп ойларын, айтам дегендерiн түрлi саясаттың салқынынан ашық айта алмай, көбiнесе көркем сөздермен кестелеген аға буын қалам иелерiнiң сөзiн ұстап қалуға ұмтылған жаңа ұрпақтың өсiп келе жатқаны, сөз жоқ, қуантады. Өмiрден озарының алдында Оралхан Бөкей Жазушылар одағының жанынан әдебиет институтын ашуды қолға ала бастағаны белгiлi. Қазiр жылына бiр рет өткiзiлiп келе жатқан «Оралхан оқулары» болашақта ашылатын Әдебиет институтының iргетасына айналар деген үмiтiмiздi айта кетудiң орайы бар. О дүниелiк болған адам жаны басқа бiр тiршiлiк иесiне ауысады дейтiн тұжырым еске түскенде Алтай төрiндегi Мұзтаудың ұшар басында қалықтаған Мұзбалақ қыранды көрсек, Оралханның өр тұлғасы көзiмiзге елестей бередi.