Едiл ҚҰСАЙЫНОВ: САРЫТАУҒА МЕШIТ АШУ ҮШIН

Едiл ҚҰСАЙЫНОВ: САРЫТАУҒА МЕШIТ АШУ ҮШIН

Едiл ҚҰСАЙЫНОВ: САРЫТАУҒА МЕШIТ АШУ ҮШIН
ашық дереккөзі
265

Белгiлi музыкант Едiл Құсайыновтың жетiген, шаңқобыз, сыбызғы сияқты көне аспаптарда өнер көрсететiнiн көпшiлiк бiледi. Өз талантын көне тәңiрлiк дәуiрiнен дарыды деп есептейтiн өнерпаз Едiл Құсайынов таяуда Астанада өткен дiнаралық съезд қонақтарының алдында өнер көрсеткен едi. Бiз оны арнайы әңгiмеге тартып, дiн және өнер жайында бiраз ой қозғаған едiк.

– Менi Астанадағы дiнаралық жиынға аяқ астынан шақырды. Газеттерде шығып жатқан мақалаларды оқып көрсек, бiзде Тәңiр деген атты атайтындай адам жоқ екен. Мен өзiм бақсы болмасам да, тәңiрлiк элементтерiнiң қазақ мәдениетiнде бар нәрсе екенiн бiлемiн. Тәңiр – қазақ тарихында болған нәрсе. Мен бұл жиынға музыкант ретiнде қатыстым. Осы музыканың iшiнде шаманизмнiң элементтерi бар ғой деймiн. Жетiген, шаңқобыз да сол көне дәуiрлерден келе жатқан аспаптар. Көмекеймен ән айту да – тәңiрлiк дәуiрден қалған өнер. Көне түркi дәуiрлерi, Аттила (Едiл), ғұн кезеңi, Шыңғысханның дәуiрi де тәңiрлiкке жатады. Сондықтан сұхбатымызды әзiлмен бастасақ та, тәңiрлiктiң өткен тарихта өз орны болған. Мен сол тәңiрлiк дәуiрiнде тараған өнердiң iзбасары болғандықтан, оны көрерменге көрсетiп жүрмiн.

– Ал, мешiтке соңғы рет қашан бардыңыз?

– Бұл өте жақсы сұрақ. Шынын айтқанда, мешiтке бiр-екi жылдай бармадым. Өйткенi мен елiмде аз боламын. Батыс жаққа көп шығам. Әрине, ол жақта да мешiттер баршылық. Сырттан көрiп, тамсанам. Бiрақ концерттердiң жиi-жиi өтуiнен, өкiнiшке қарай, мешiтке баруға мүмкiншiлiк болмай тұрады. Бiрақ бiр Құдайды аузымнан тастамаймын. Қолымнан келгенше, мешiтке баруға тырысам. Айтпақшы, бiрнеше күн бұрын Саратовта (Сарытауда) жаңадан салынған мешiттi ашып келдiм. Жергiлiктi мұсылмандар осы игi шараға менi арнайы шақырды. Оның ашылу салтанатына Қазақстаннан да дiнбасылары барған едi. Сол сияқты жақында Қызылордада түркi тiлдес халықтарының басын қосқан «Қорқыт» дәстүрлi музыка өнерпаздарының фестивалi өткен едi. Мен де онда қазақтың өнерiн паш етуге тырыстым. Бiр айта кетерлiгi, менiң өнерiм якут, қырғыз, т.б. өнерпаздарды ерекше тамсандырды. Тiптi, Қызылорда облысы әкiмiнiң орынбасары Мұрат Әбенов: «Әрбiр ұлттың өз символы болады. Сiз бiздiң символымыз болып кеттiңiз» – деп менiң өнерiмдi жоғары бағалады. халықтың дән риза болғанына да ырзамын.

– Өзiңiздiң өнерiңiзде көп жаңалықтар болып жатыр екен. Жақында клипiңiздiң тұсауы кесiлiптi. Осы жайлы бiрер ауыз сөз айтып өтсеңiз.

– Иә, жақында Саиль Татубаев және «Сазген сазы» қазақтың фольклорлық ансамблiмен бiрге әдемi клип түсiрдiк. Клип «Кондор пролетел» әнiне түсiрiлдi. Бiрақ клиптiң басында мен көмекеймен «бүркiтiм-ай» деймiн. Негiзi бұл – Перудiң халық әнi. Бiр құпиям бар едi, соның басын аша салайын. Қазiр Уго Чавес деген Венесуэла президентiнiң шақыруын күтiп жатырмыз. Ар жағынан Боливияға да жол тартпақпыз. Кубада өнер көрсету де ойымызда бар. Бiрақ қазiр Фидель Кастро сәл науқастанып қалыпты. Құдай бұйырса, Венесуэла-Боливия-Куба бойынша турне болмақшы. Сондықтан осы турнеге арнайы Перудiң халық әнiн жазғанбыз.

– Кiлең диктаторлардың елдерiне бара жатыр екенсiз ғой…

– Неге олар диктатор?! Олар халықтың атынан сайланған президенттер. Мен оларды өте жақсы президенттер деп санаймын.

– Тағы қандай жаңалықтарыңыз бар?

– Жазда Голландияның Амстердам қаласында Шаңқобызшылардың байқауы болған. Оған күллi әлемнен шаңқобызшылар жиналды. Жапондардан бастап бiздiң бауырларымыз – якуттар да болды. Америкадан да шаңқобызшылар арнайы келдi. Әйтеуiр, қарап отырсаңыз, бүкiл әлем осы шаңқобыз арқылы басын қосқан сияқты. Немiстер шаңқобызды – маультраммель, ағылшындар –джузхарт, жапондар – мукури, якуттар – хомус дейдi. Әйтеуiр күллi адамзатқа ортақ аспап бұл. Мен де Қазақстан атынан бардым. Онда өзiм жеке концерт бергем. Дүниежүзiнiң 10-нан астам мемлекетiнен 250 орындаушы барып, үш-төрт күн бойы өнер көрсеттi. Голландиядан келген бойда Ыстықкөлге жол тарттық. Онда да шаңқобызшылардың фестивалi болды. Қырғыз бауырларымызбен бiрге осылайша шаңқобыз фестивалiн өткiздiк.

Құдайға шүкiр, менiң өнер жолымда өте көп оңды оқиғалар болып жатыр. Таяуда Марат Бисенғалиевпен бiрге Альберт холда үлкен концерт бердiк. Ол – акустикасы керемет зал. Мұндай залдарда Стинг, Мадонна сияқты әлемдiк жұлдыздар өнер көрсетедi. Мен де сол залдың сахнасында өнер көрсеттiм. Одан бұрын Нью-Йорктың Корнеги холында, Вашингтонның Кеннеди орталығында концерт бергенiм оқырманға белгiлi болар. Былтыр желтоқсан айында Вирджиния штатында жеке концерт бердiм. Онда 300-дей көрермен болды. Бәрi де қазақ өнерiне тамсанды.

Қазiрше елiмде жеке концерт бермесем де, болашақта ол да жүзеге асар деп отырмын. Негiзiнен мен алғашқы жеке концертiмдi АҚШ-та бергем. Мен үшiн бұл үлкен мақтаныш. Өз басым Американың саясатын ойлағым келмейдi, бiрақ онда көптеген керемет әртiстер тұратыны рас қой. Мен өнерпаз ретiнде көптеген америкалық әншiлермен хабарласып, араласып тұрам. Мәселен, әлемге белгiлi виолончелист Йо йо ма – менiң жақсы досым. Ол Қысқы олимпиада ойындарында өнер көрсеткен. 14 рет Грэмми премиясына ие болған. Қазiр жақсы араласып тұрамыз.

Бүгiнде Корнеги холл, Кеннеди орталығы сияқты әлемге әйгiлi залдарда өнер көрсеткен бiрнеше қазақ азаматы бар екен. Соның бiрi менмiн. Марат Бисенғалиев та бұл залдарда өнер көрсеткен. Бiрақ ол қазақ болса да, Англияның адамы ғой. Лондонда тұрады дегендей… Ал, мен Қазақстаннан барған қазақпын. Қазақ елiнен барып, осындай залдарға табанымның тиiп жатқанын мақтаныш тұтам.

– Сiздiң «Көшпендiлер» фильмiне де араласқаныңызды естiдiк…

– Бұл тарихи фильмдi түсiрген менiң жақсы досым – орыстың белгiлi режиссерi Сергей Бодров. Оның жасы менен үлкен. Бiрақ кәдiмгiдей құрбы-құрдастардай араласамыз. Сергей маған: «Мен бұл фильмде қазақтың бiр аспабын көрсеткiм келедi. Абылай хан кешкi ауылда оттың қасынан өтiп бара жатқанда, сен шаңқобыз тартып, сол ғасырдың музыканты болып отырсаң, жақсы болар едi. Сен қазiр XXI ғасырдың музыкантысың, бiрақ қолыңнан көнекөз музыкант болу да келедi» – деп, фильмге шақырды. Кезiнде Мiржақып Дулатұлы «Оян, қазақ, оян» деп тектен-текке айтып кетпесе керек. Менiңше, бұл сөздер қазiр де өте актуальдi. Бiз өз тамырымызды бiлуiмiз керек. Бұл орайда аталған фильмдi көмекей мен бiраз аспаптардың үнiмен әрледiк. Кейбiр жастар шаңқобызға қарап: «Бұл қазақтың аспабы ма? Бұл мүмкiн емес» – дейдi. Бұл тарихты бiлместiк қой. Шетелге барғанда, менi алғашқы болып қарсы алатындар – таксистер. Олар менi сырттай «сыбызғы» деп атайды екен. Сонда менiң лақап атым – сыбызғы боп кеткен. Мен мұны өте қатты мақтан тұтам.

Қазiр көптеген клиптер бiртектi болып барады: киiз үй, жайылып жүрген мал, қымыз iшiп отырған халық… Мен өз клиптерiмде қазақты басқа тұрғыдан көрсеткiм келедi. «Сыбызғы» атты клипiмде қазақты компьютер мен жаңа технологияларға жақын халық ретiнде көрсеттiм. Менiңше, қазақты интеллектуалдi, жаңа технологияларға жақын ел ретiнде де көрсете бiлген жөн.

– Жеке концертiңiздi елiмiзде қашан бермек ойыңыз бар?

– Келесi жылы менiң ұстазым Болат Сарыбаевтың 80 жылдығы. Соған арнап, жеке концертiмдi өткiзем бе деген үмiтiм бар. Бiрақ бәрi Құдайдың қолында. Екiншi жағынан, осы өнердi сүйемелдейтiн демеушiлердiң қолында дер едiм. Халықтың өзi бұл концерттi қажет етсе, концерт өтедi. Ол үшiн мен бұл концерттiң халыққа керек екенiн сезiнуiм керек. «Дежурный» концерт өткiзгiм келмейдi.

Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары