ҚАЛА КҮНI АТАЛЫП ӨТТI
ҚАЛА КҮНI АТАЛЫП ӨТТI
«Алматы күнi» бұрын Республика алаңында әншi-бишiлердi жинап алып өткiзiлетiн концерттер легiмен ғана есте қалатын. Шынын айтсақ, онан өзгесiн жадымызда түймеппiз. Ал қаланың бұл жолғы «туған күнiнде» жасалынған iс-шаралар аса мазмұнды десек, артық айтпаспыз. Қала әкiмi қала күнi қарсаңында Алматының аулаларын аралап, тұрғындармен кездестi. Абылайхан мен Құрманғазы көшелерiнiң қиылысында орналасқан аулада субұрқақтың ашылуын тамашалады. Қалада 1000-нан астам аула болса, субұрқаққа ие бұл аула соның алғашқысы. Аулаларды жандандырып тұратын субұрқақтар салу iсi жалғаса бередi деген сенiм бар. Қала тұрғындары Иманғали Тасмағамбетов Алматыға әкiм болып келгеннен кейiн ғана балалар ойнайтын алаңқайлардың соңғы 15 жыл көлемiнде алғаш пайда бола бастағанын айтып жатты.
Қала күнi Әкiм Медеу шатқалында болып, «Сүйiктi қаланың сүйiктi балалары» атты байқауға қатысушылардың суреттерiн тамашалады. Балалар тас қабырғаларға өздерiнiң сүйiктi қаласын бейнелеген едi. Әкiм байқаудан жеңiп шыққан 36 суреттiң иесiне арнайы сыйлықтар үлестiрдi. Жас балалардың бойында туған қаласын құрметтеу сезiмiн оятатын бұл байқаудың жөнi бөлек. Ендi Медеу жолындағы тас қабырғалар жалаңаштанып тұрмайды. Жас алматылықтардың қылқаламынан туған қаланың әдемi көрiнiстерiмен көз тартып тұратын болады.
Жылда-жылда бiр-бiрiнен айнымайтын концерттердiң орталығына айналатын бас алаңның безендiрiлуi де аса көңiлге қонбайтын. Республика алаңының бұл жолғы безендiрiлуi көз қуантты. Шаңырақ пен уықтан тұратын сахна жасалыныпты. Уықтың функциясын әрине мерекелiк шарлар атқарып тұрды. Ал алаңның екi жағын Алматы мен Алатаудың суреттерi безендiрiптi.
Қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетов бұл күнi қаланың ең үздiк ПИК-терi арасында жарияланған байқаудан озып шыққан жеке пәтерлер кооперативтi ұжымына көлiк сыйлады.
Бұл «қала күнi» алматылықтардың есiнде қалатынына күмән жоқ. Өйткенi, осы күнi Алматы басшылығы бұған дейiнгi өкiлдерi қалыптастырып кеткен арзан есеп беру форматынан арылып, «қала күнiн» мағыналы да мазмұнды мерекелеудiң жаңа үлгiсiн көрсеттi.
Гүлнәр Мұқанова