ТОП-МЕНЕДЖЕРЛЕР ТӨБЕ КӨРСЕТПЕДI

ТОП-МЕНЕДЖЕРЛЕР ТӨБЕ КӨРСЕТПЕДI

ТОП-МЕНЕДЖЕРЛЕР ТӨБЕ КӨРСЕТПЕДI
ашық дереккөзі
388

Мұнай-газ көрмесiне әдеттегiдей бұл жылы да мұнайшылар көп жиылды. Көрмеге қатысушы компаниялардың саны да артқан. KIOGE ұйымдастырушылары таратқан статистикалық ақпаратттарға сүйенсек, биыл14- рет өткiзiлiп отырған көрмеге 500 компания қатысады. Оның 94-i Қазақстандағы мұнай-газ көрмесiн алғаш рет көрiп отыр.

Мұны көрменiң ерекшелiгi деп айтсақ болар. Өйткенi, бұған дейiнгi көрмелерде 300-ден артық компания төбе көрсетпейтiн. Ұйымдастырушылар көрме аясында «жұмыс берушiлер жәрмеңкесiнiң» алғаш рет өткiзiлiп отырғандығын да KIOGE-дiң ерекшелiгi ретiнде айтып жатты. Ал бiздiң көзiмiзге көрiнген ерекшелiк: жылда шұбырып жүретiн ығай-сығайлар бұл көрмеде бой көрсетпедi. Энергетика және Минералды ресурстар министрлiгiнiң басшысы, Ұлттық компанияның президентi көрмеге өз орынбасарларын жiберiптi. KIOGE-дiң жыл сайынғы «құрметтi қонақтары» Балғымбаев, Құлыбаевтарды да көзiмiз шалмады. «Олардың көрменiң ашылуына қатыспауы KIOGE-дiң маңызының төмендеп кеткенi ме?» деген ойдың келгенi де рас. «Жо-жоқ, мәселе онда емес. Топ-менеджерлер Президентпен бiрге Оралда жүр» деп министрлiктегiлер күмәнiмiздi сейiлтуге тырысты. Мұнай-газ көрмесi аясында БАҚ өкiлдерiне арналған баспасөз мәслихаты ешбiр жаңалықпен ерекшеленген жоқ. Дәлiрегiнде, мәслихатқа қатысқандардан ешқандай артық ауыз сөз суыра алмадық. Қашаған кенiшiнен коммерциялық өнiмдi алу мерзiмiнiң кешiктiрiлуi жөнiнде де мардымды ақпарат болмады. Топ-менеджерлердiң жоқтығы осындайдан көрiнедi екен. Орынбасарларға мәлiмдеме жасауға қызметтiк функциясы жiбермейдi. Тiптi, Энергетика және минералды ресурстар министрлiгiн бақандай 4-5 жыл басқарып, ауық-ауық ерекше мәлiмдемелер жасап тұратын министр Школьниктiң орны жетiмсiреп тұрды. Қашаған кенiшi жайлы ақпаратын да толық бiле алмадық. Бұл мәселенiң бiздi қызықтыратындай жөнi бар. Өйткенi, дәл Қашаған кенiшiне елiмiздiң артқан үмiтi мол. Алдағы он-он бес жылдағы елдiң мұнай өндiрiсiнiң өсiмi басқа емес, дәл осы кенiшпен байланыстырылады. Кенiштi игеретiн Аджип консорциумы кенiштi былтыр игере бастауы тиiс едi. Бiрақ, 2004 жылдың басында Қашағанның қара алтынына қол жеткiзу мерзiмiн 2007-2008 жылдарға шегеру жайында Үкiметпен келiсiмге келген. Ендi, жуық арадан берi «кенiштiң мұнайы 2009 жылдың соңы мен 2010 жылдың басына таман игерiлетiн болады» деген ақпарат гулеп жүр. Нақты ақпаратқа KIOGE көрмесi аясында қол жеткiзе алмадық. Ендi «2010 жылы 100 млн. тонна мұнай өндiремiз, 2015 жылы 150 миллион тонна қара алтын өндiрiледi» деген аста-төк мәлiмдемелердегi сандар бiраз қысқаратын болды. «ҚазМұнайГаз» БарлауӨндiру» компаниясы акцияларының Лондон Қор биржасының IPO (Initiаl Public Offering) айналымына шығарылуы жөнiнде де тұщымды ақпарат берiлмедi. Тек, Қазақстан Қор биржасына шығарылған акцияларды елдiң зейнетақы қорлары сатып алынғандығы ғана айтылды. «23 миллион акцияның 7 млн. 300 мыңы Қазақстан зейнетақы қорларының қажеттiлiгiн қанағаттандырды. Оған 2,3 млрд. АҚШ долларын тарттық» дейдi Ж.Құлекеев.
«НОРВЕГИЯ ҚАЗАҚСТАНМЕН БIРIГIП ЖҰМЫС IСТЕУГЕ ӘЗIР»
KIOGE ұйымдастырушылары жыл сайын трансұлттық компания басшылары немесе басқарушыларының бiрiн қонақ етуге тырысатын. Бұл жолы мықты компаниялардың басшылары бой көрсетпегенiмен, ұйымдастырушылар Норвегияның мұнай-газ және энергетика өнекәсiбi министрiнiң орынбасары Анита Утсеттiң келуiне тер төккен сынды. Анита ханымды бiрер ауыз сөзге тартқанбыз. — Анита ханым, бұл сiздiң Қазақстанға бiрiншi рет келуiңiз бе?Бiздiң ел туралы қандай көзқараста едiңiз? Көзқарасыңызда өзгерiс бар ма? — Бұл менiң Қазақстанға тұңғыш сапарым. Өте ұнады. Әсiресе, жан-жағын тау қоршап жатқан Алматы өте әдемi қала екен. Менiң сiздердiң елдерiңiзге келуiм Қазақстан мен Новегия арасындағы жыл сайын жанданып келе жатқан қарым-қатынастың арқасы.Осыдан екi жыл бұрын Қазақстан президентi Норвегияға келiп, бiздiң премьер-министрмен мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық, осы салаға жоғарғы технологиялар тарту жөнiнде келiссөздер жүргiзiп, екiжақты құжаттарға қол қойған. Сiз бiлесiз, Норвегияның «Статойл» компаниясы Қазақстан кенiштерiнде белсендi жұмыс iстейдi. Қазақстан мұнай-газ саласындағы негiзгi инвесторлардың бiрi. Бiз осы бағыттағы жұмыстарды онан бетер жандандырмақ ниеттемiз. Ал бүгiнгi көрмеге қатысып отырғаныма қуаныштымын. Маған KIOGE көрмесi жағымды әсер еттi. Бұл жерден Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсiбiмен жақынырақ танысқандай болдым. Сiздердегi мұнай-газ өнеркәсiбi әлемнiң мұнай-газ өнеркәсiбiнiң дамуына дұрыс ықпал етсiн деп тiлегiм келедi. — Норвегия Қазақстанда тек «Статойл» компаниясы арқылы жұмыс iстейдi. Сiздiң Үкiметтiң Қазақстандағы мұнай-газ саласынан өзге салаларға қызығушылығы жоқ па? — Мен айтар едiм, бiздiң Үкiмет жоғарғы технологиялар саласында да Қазақстанмен бiрiгiп жұмыс iстеуге әзiр деп. Өйткенi, Қазақстан аса жоғарғы қарқынмен дамып келе жатқан ел ғой. — Мұнай-газ саласына қайтып келсек, сiз бiлесiз, мұнай-газ саласындағы ашықтықпен қамтамасыз ету үшiн Британ премьерi Блэр EITI бастамасын көтерген. Сiздiң Үкiметтiң бұл бастама жөнiндегi ұстанған бағыты және «Статойл» компаниясындағы ашықтықты қалай бағалар едiңiз? — Бiз бұл бастама жайлы өте жақсы хабардармыз. Әрi, Блэрдiң осы бастамасын өте қолдаймыз. Мұнай- газ саласы ашық болуы тиiс. Қоғамнан жасырын болмауы керек. «Статойл»-ға келсек, бұл негiзiнен мемлекеттiк компания ғой. Сондықтан, бiз бұл компанияның қоғамнан жабық болмауы үшiн ықпал жүргiзе аламыз. Айтпақшы, келесi аптада дәл осы бастамаға қатысты Ослода конференция өтпекшi. EITI бастамасының жүзеге асырылуы жайлы конференцияны өз астанасында өткiзуi Норвегияның қоғамдағы ашықтықты жақтайтынын көрсетсе керек. Қазақстандағы мұнай-газ саласының алғашқы инвесторы «Шеврон»-ның бас менеджерi Замира Қанапьянова «Қарашығанақ және Теңiз кенiштерiнiң негiзгi акционерi, КТК мұнай құбыры иелерiнiң бiрi «Шеврон» компаниясы былтыр жақсы жетiстiктерге қол жеткiздi. «Юнокал» компаниясын сатып алды. «Шевронды» Қазақстанмен бiрге өсiп жатыр десек те болады. Биыл тәуелсiздiктiң он бес жылдығын тойлайтын болсақ, осы тәуелсiздiкпен бiрге «Шевронға» Қазақстанның есiгi ашылған. Бiз әртүрлi деңгейде әлеуметтiк бағдарламалар түзгенбiз. Мен өзiм жеке басым «Шеврон» компаниясының Қазақстандағы бөлiмiнiң қазақ тiлiне бет бұруының жақтаушысымын. Ендi тiлiмiздi өзiмiз көтермесек, оның басқа кiмге керегi бар?» дейдi.

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары