ЕҢБЕГI ЕШ, ТҰЗЫ СОР НЕМЕСЕ КIМ ҚАНША ЖАЛАҚЫ АЛАДЫ?

ЕҢБЕГI ЕШ, ТҰЗЫ СОР НЕМЕСЕ КIМ ҚАНША ЖАЛАҚЫ АЛАДЫ?

ЕҢБЕГI ЕШ, ТҰЗЫ СОР НЕМЕСЕ КIМ ҚАНША ЖАЛАҚЫ АЛАДЫ?
ашық дереккөзі
744

Қазақстан халқын Ұлттық компания басшыларының алатын жалақысы былайғы жұртты кәдiмгiдей елеңдетiп-ақ тастады. Әсiресе, айына алатын он неше мың теңгенi қанағат тұтып келген ауыл халқы үшiн бұл, тiптi, тосын жаңалық болды. Елiмiзде ең төменгi жалақы – 9 мың 200 теңге деп есептелiнiп келген. Ал, әлем алпауыттарының алатын жалақысы мен кедейлердiң алатын жалақысының арасындағы алшақтық 3-4 пайыздан аспауға тиiс екен. Алайда, бiзде 32%-дан асып кеткен. Ал, статистика бұл шындықты бүркемелеп, небәрi 7%-дық қана айырма бар деген ақпарат таратқан.

Сонымен, кiм қанша жалақы алады, есептеп көрейiкшi.

365 мың доллар мен 70 (9 мың 200 теңге) доллардың арасындағы айырмашылық 5000 еседен асады екен. Ал, осы 70 долларды қанағат тұтатындар кiмдер? Әрине, ең алдымен ауыл еңбеккерлерi. Ертеден қара кешке дейiн масақ терген диқан, мал баққан шопан – бұлардың айлығы тiптi осы айтылған ең төменгi лимиттен де төмендеп кетедi. Бұлардың санын қалада да, далада да еден сыпырушы, аула сыпырушылар толықтыра түседi.

Еңбегi еш, тұзы сорлардың қатарын мұғалiмдер мен дәрiгерлер көбейтедi. Кеше ғана бүкiл әлемдi шулатқан Оңтүстiк Қазақстан облысындағы мәселе Қазақстанның бетiне жағылған күйе десе де болғандай. Дәл сол саланың мамандарының айлық жалақысы да тым төмен. Айталық, I категориялы дәрiгер – айына 25-30 мың теңгенiң көлемiнде жалақы алса, қарапайым санаттағылары – 16-20 мың теңгенi қанағат тұтады. Ал, мейiрбике, санитаркалардың жалақысы – 10 мыңның о жақ, бұ жағы ғана. Таңертеңнен қара кешке дейiн адам өмiрi үшiн күресiп, ғұмырын осы бiр мамандыққа арнаған дәрiгерлердiң жалақысының мұндай төмен болуы – сапасыз медициналық қызметтiң туындауына әкеп соқтырып отырғаны да анық. Оңтүстiк Қазақстан облысындағы төтенше жағдай да осындай қол қысқалықтан орын алып отыр. Себебi, медицина қызметкерлерi мемлекеттен бөлiнген қаржыны үнемдеп, өзiнiң бас пайдасын ойлады. Мұның соңы сан соқтырар ауыр апатқа әкелiп соқты. Күнi кеше ғана орнынан алынған Денсаулық сақтау саласының эксминистрi Досаев осыдан бiр-екi жыл бұрын «дәрiгерлер былай тұрсын, мейiрбике мен санитарканың айлық жалақысын 50-60 мыңның көлемiне жеткiземiн, сонда ғана медициналық көмектiң сапасы артады» деп аузын толтырған болатын. Одан берi де бiр-екi жыл қыр асты. Айтылған сөз, айтылған жерiнде қалды. Оның үстiне биылғы жылғы қабылданған бюджет жобасында да денсаулық саласына бөлiнген сома былтырғыдан әжептәуiр қысқарып қалған. Айталық, былтыр Iшкi жалпы өнiмнiң (IЖӨ) 0,83%-ы денсаулық саласына бөлiнсе, биыл ол 0,77%-ға құлдыраған. Демек, денсаулық сақтау саласына IЖӨ-нiң 1%-ы да бұйырмайды деген сөз. Керiсiнше, жiлiктiң майлы басын Ұлттық компания басшылары иемденiп отыр.

Дәрiгерлерден кейiн әлеуметтiк жағдайы төмендер – мұғалiмдер. Дәрiгер адамның тән саулығы үшiн күрессе, мұғалiм жан саулығы үшiн жауапты. Өркениеттi елдерде бұл екi саланың мамандарының дәрежесi мемлекеттiк қызметкермен теңестiрiлiп, солармен бiрдей деңгейде жалақы төленедi. Мемлекеттен тұрғын үймен және де басқа да әлеуметтiк жағынан қамтамасыз етiледi. Ал, бiзде керiсiнше. Жұмыстың ауырын iстейтiн мұғалiм мен дәрiгердiң айлық жалақысы саусақпен санарлық. Оның қасында елдiң байлығының есебiнен күн көрiп отырған Ұлттық компаниялардың директорлары күреп ақша табады екен. Сонымен, мұғалiмдердiң алатын жалақысын есептеп көрсек, ол да әртүрлi категорияға бөлiнедi. Ең жоғарғы дәрежелi мұғалiмнiң жалақысы 20-25 мың теңгенi құраса, ең төменгi жалақы – 9 мың теңгенiң айналасында.

Елiмiздiң статистика агенттiгiнiң қызметкерлерiнiң мәлiметiне сүйенсек, орташа жалақы – 40 мың теңгеге жеткен. Алайда, статистиканың да кейде жалған ақпар беретiндiгi бүгiн де айқын болып отыр. Егер, ұлттық компания басшыларының ақылға сыймас жалақыларын қоса есептегенде, орташа жалақы 40 мың емес, 400 мыңға жетуi де ықтимал.

Сонымен, бiздiң тiзiмiмiздi бүкiл Қарағанды облысын теңселткен шахтерлар жалғастырмақ. Олардың жалақысы да әртүрлi. Ең аз алатындары 20 мың, ең көбi қырық мың теңгенi қанағат тұтады екен. Соңғы кездерi апатымен аты шыққан шахтерлар кенiшiндегi ереуiлшiлердiң басты талабы жалақысын өсiру. Олар бiр сағаттық еңбегiн 15 долларға жеткiзудi сұрап отыр. (Ал, Ұлттық компания басшылары минутына 40 доллар алады). Әзiрге бұл талаптың қаншалықты орындалатыны беймәлiм, халық болып, әкiмшiлiк болып бұл талаптарын үндi миллиардерi Лакшми Митталға жолдады.

Кеншiлерден кейiнгi тiзiмдi бүгiнде iрi өндiрiстер мен кәсiпорындарда жұмыс iстейтiндер жалғастырады екен. Алматы метросында жұмыс iстейтiндердiң ең жоғары жалақысы – 1000 долларға жақындаса, ең төменгiсiнiң еңбекақысы — 400 доллар. Бiр ескерерлiгi – бiз қарапайым қызметкерлерiнiң жалақысын бiлу мүмкiндiгiне ғана ие болдық. Ал, басшыларының жалақысы жөнiнде жұрт жұмған аузын ашпайды. Басшылардың өзi үшiн бұл коммерциялық құпия, айтуға болмайды.

Мұнай мен газға бай Атырау өңiрiнiң алатын айлық жалақысы басқа өңiрлермен салыстырғанда тым жоғары болғанымен, кедейлердiң көбi де осы өңiрдi қоныс етедi. Бай да, кедей де Атырау мен Маңғыстау өңiрiнде. Халқының 70-80%-ы кедейшiлiк шегiнде.

Назар аударуды қажет ететiн жайт – мемлекеттiк қызметкерлердiң жалақысы. Қарапайым хатшы-референттен бастап, министр, Үкiмет басшыларының жалақысын есептеген кiм бар? Бiзге белгiлiсi – министрлердiң қоржындарына 3-4 мың долларды ай сайын салатындығы. Ал, олардың қол астындағы қызметкерлердiң жалақысы да тым мәз емес. Ары кетсе, 20 мың теңгенiң айналасы.

Ұлттық компания басшыларының тәбетiнiң тым жоғарылығы мемлекеттiк қызметкерлердiң де қышыған жерiне тидi-ау деймiн, олар да бiрiнен кейiн бiрi Парламентке жүгiнiп, айлық жалақысын өсiрудi сұрап жатты. Айталық, елiмiздегi соттардың бүгiнгi жалақысы – 50-60 мың теңгенiң айналасында екен. Жоғары сот төрағасы Қайрат Мәми олардың айлық жалақысын – 600 мың теңгеге дейiн өсiрудi және жылына 85 мың доллар көлемiнде сыйақы тағайындауды сұрайды. Бұл сот саласындағы жемқорлықты ауыздықтайды деген пiкiрде бас сот.

Өткен аптада «Қазына» АҚ Парламент Сенатында өз өкiлеттiгiн заңды түрде бекiтiп алды. Ол республиканың барлық даму институттарының бiрден-бiр акционерi болып табылады. 27 қыркүйекте Мемлекеттiк мүлiк комитетi негiзгi даму институттарының пакеттерiн осы қорға өткiзiп бердi. Сонымен бұл қор даму институттарын және олардың қаржыландыру тетiгiн бақылайтын болады. «Қазына» АҚ мен Үкiмет бiрлесiп жалақы төлеуге арналған жаңа ереже жасамақ. «Қазына» АҚ директорлар кеңесiнiң төрағасы Қайрат Келiмбетовтiң айтуы бойынша, бұдан былай Ұлттық компаниялар мен даму институттары басшыларының жалақысы 5 мың доллардан аспайды. Оның сөзiне қарағанда, Қазақстандағы кез келген Құрылыс компаниясының департамент директоры немесе мұнай компаниясының басшысы, сондай-ақ, кез келген банкiдегi орташа жалақы 5 мың доллардан кем емес көрiнедi. «Жоғары жалақы», – дейдi Қайрат Келiмбетов – «Жақсы мамандарды диверсификациялау саясатын жүзеге асырудың бiрден-бiр жолы. Бұл оларды қызметке тартуға бастар баспалдақ». Сөйтiп, Даму институттары үшiн Даму банкiден бөлiнген 27 миллиард теңгенiң орнына Келiмбетов мырза 43,7 миллиард теңге сұрап отыр. Ұлттық компаниялар мен Даму институттарындағы жалақының бұдан былай ашық болатындығына уәде берген Қайрат Келiмбетов өзi 5 мың долларлық жалақыны қанағат тұтатындығын айтты.

Ал, жалақысы 10 мың теңгенiң көлемiндегi қарапайым жұрттан бұдан кейiн ұйқы қашар…

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары