ҰЗАҒЫНАН СҮЙIНДIРГЕЙ
ҰЗАҒЫНАН СҮЙIНДIРГЕЙ
Елбасы «Ана тiлi» газетiне (№19, 11.05.06 ) берген сұхбатында: «Егемендiктiң iлкi кезеңiнде жаңа мектеп салмақ тұрмақ, барының өзiн ұстап тұру мұң болды. 1000-нан астам балабақша да осы аласапырандау тұста негiзгi бағытын сақтамай жекешеленiп кеткен. «Мемлекеттiк тiл» қозғалысының бастамасымен қазiрде 300-дiң үстiнде заңсыз жекешеленген балабақша қайтарылды. Бұл игiлiктi iс қазiр барлық облыстарда жалғасып жатыр. Мемлекеттiң қолдауымен барлық балабақша бюджет есебiнен қаржыландыруға көштi» дей келе, «Жергiлiктi ұлт өкiлдерi басым тұратын өңiрлерде ата-аналардың сұранысына қарай қазақтiлдi балабақша санын тиiсiнше көбейту керек. Бұл – уақыт талабы. Балаларын қазақ тiлiне бейiмдеген басқа ұлт өкiлдерiне мұндай балабақшаға жол ашық» деген болатын.
Кезiнде астана боп дүрiлдеп тұрған Алматының өзiнде бар-жоғы 6 қазақтiлдi балабақша болыпты. Ал, тәуелсiздiк алып, етегiмiздi жия бастағанда да жағдайдың оңалғаны көрiнбейдi. Әйтеуiр жабылғаны бар, талан-таражға түскенiнен қалған 155 балабақшаның тек 30-ы ғана қазақтiлдi бүлдiршiндердi тәрбиелейдi. Мiне, қаржы орталығы деп саналатын Алматының өзiнде жағдай осылай десек, елiмiздiң басқа қалаларындағы балабақша жайында айту қиын. Айталық, Ақтау қаласындағы 66 балабақшаның 19-ы ғана жұмыс iстесе, қалғаны сонау өтпелi кезеңде түрлi мекемеге, оқу орнына, әскери бөлiмшелер мен соттың қарамағына берiлiптi. Балабақша деп салынған ғимараттардың үштен бiрi керек болса, жекеменшiк тұлғаларға сатылып кеткен. Коммерциялық құрылымдарға сатылған бұл ғимараттардың iшiнде жаңа құрылыс обьектiлерi де бар екендiгi анықталыпты. Ақтау қаласының 14 ықшам ауданында 6 балабақшаның бүгiнде бiреуi ғана қалыпты. Ал, басқасы түрлi көңiл көтеретiн ойын-сауық мекенiне, мейрамханаларға айналып кеткен. Осыған орай, қалалық билiк орындары балабақша мекемелерiн коммуналдық меншiкке қайтарудың жолын iздестiрiп отыр. Есесiне, бүгiнде балабақшаға кезекте тұрған бүлдiршiндердiң саны 2,5 мыңнан асады екен. Егер де жаңа балабақша салу керек болса, оған кемiнде 700 млн. доллар ақша қажет көрiнедi. Ал, «Мүлiктi заңдастыру туралы» Заң күшiне енсе, бұрынғы балабақшаларды қайтару мүмкiн болмай қалады деген қауiп бар. Бұл бiр ғана қаладағы балабақшаның жәй-күйi. Ал елiмiздiң басты қалаларында, облыс орталықтарында аталмыш мәселе көптен көтерiлiп жүр.
1997 жылы «Жекешелендiру мен қайта құрылымдау» республикамыздың мәдени, рухани дамуына үлкен кедергi жасады. Кезiнде осы мәселе жайында Үкiмет пен депутаттарға сауал тастаған мәжiлiс депутаты М.Шаханов көптеген мәдениет ошақтары мен балабақшалар қалталы азаматтарға түкке тұрғысыз ақшаға сатылып кеткендiгiн тiлге тиек етiп, халықтың мүлкiн қайтарып алу керектiгi турасында ұсыныс айтқан болатын. Сол секiлдi М. Шаханов 1997 жылы тек қазақ тiлiнде тәрбиеленетiн 1100 балабақша болса, соның 200-ден сәл ғана астамы қалғанын және тек Алматы қаласында 64 балабақшаның жекешелендiрiлгенiн айта келiп, Үкiмет балабақшаны да мектеп сияқты мемлекет есебiнен қаржыландырудың мүмкiндiгiн қарастырса деп үмiт артқан едi. Мiне, бұл жәй сөз ретiнде қалмай, Елбасы тарапынан да қолдауға ие болып жатқанға ұқсайды. Бұдан былай баяғы жекеменшiкке берiлген балабақшалар қайтарылып берiлсе және қазақтiлдi балабақшалар салу көзделсе құба-құп болар едi.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ