РАСЫНДА, КӨПТIҢ ӨЗ АҒАСЫНДАЙ ЕДI – ӨЗАҒАҢ

РАСЫНДА, КӨПТIҢ ӨЗ АҒАСЫНДАЙ ЕДI – ӨЗАҒАҢ

РАСЫНДА, КӨПТIҢ ӨЗ АҒАСЫНДАЙ ЕДI – ӨЗАҒАҢ
ашық дереккөзі
359

Өзбекәлi Жәнiбеков… Халыққа бұл есiмдi таныстыру да аса қажет емес шығар. Өйткенi, халық Жәнiбековтей ұлтына қызмет еткен, мәдениетiне қамқоршы болған, этнографиясын жинақтаған бiртуар азаматын еш уақытта жадынан шығармақ емес, шығармайды да. Рас, Жәнiбеков жайлы бүгiнге дейiн аз айтылған жоқ. Соған қарамастан, қазақтың бiртуар азаматы туралы жазу қашан да артық етпейдi. Бүгiн бiздiң қолымызға қалам алдыртқан, Өзбекәлi ағамыздың жолдасы, жан жары Халиқан апа. Редакцияға артынып-тартынып келген апайдың қолында бiр бума қағаз бар. Жай қағаз емес, Жәнiбеков жайлы әр жылдары жазылған түрлi естелiктер, сыр-сұхбаттар. Сонымен қоса, Өзбекәлi Жәнiбековтiң көзi тiрiсiнде жарық көрген кiтаптары. «Айналайын, ағаңның баспа бетiн көрмеген дүниелерi өте көп. Айтылатын да, жазылатын да дүние жетерлiк. Тiптi, оның барлығын жариялай берсең, газетiңнiң бiр жылдық нөмiрiне сыймай қалуы мүмкiн. Айналайын, ағаң тiрi болса, биыл жетпiс бес жасқа толар едi. Тым болмаса, мерейтойында елдiң жадынан шығып кетпесiн, мына бiр дүниелердi жазып келiп едiм, өзiң қарарсың. «Өлi риза болмай, тiрi байымайды» дейдi ғой. Өзекем де разы болар, газетiңе осыны бiр шығаршы»,–деген едi Халиқан апа. Апа өтiнiшiн жерге тастағымыз келмей, ол кiсi әзiрлеп әкелген Өзбекәлi Жәнiбеков жайлы жазылған сырдың бiр парасын өздерiңiзге ұсынуды жөн көрдiк.

Халиқан ЖӘНIБЕКОВА:

ҚАЙРАН ӨЗБЕКӘЛI, ҚАЗIР ТIРI БОЛСА 75 ЖАСҚА ТОЛАР ЕДI-АУ!

…Әлi есiмде. Өзбекәлi науқастанып қалды да, денсаулығы күннен-күнге төмендей бердi. Денсаулығы нашарлаған сайын бiз де онымен бiрге қиналдық. Қанша қиналсақ та, Өзбекәлi өз тәкаппарлығымен ешкiмге бас игiсi келген жоқ. Сондай бiр қиын-қыстау күндерде жанынан жақсы азамат, Аманжол Найманбаев табылған едi. Аманжол Өзекеңдi өзiне пiр тұтушы едi. Қай кезде келсе де, қолында қымызы мен шұбаты жүретiн. «Жеңге, қолымнан келгенi осы болды» деп бiр дорба кептiрiлген өрiктi қолыма ұстата берушi едi. Оның әкелген шұбаты мен қымызы Өзекеңнiң жанын жадыратып, «құйшы қымызыңнан» деп, жайлап ұрттап қойып, ұзынсонар әңгiмеге кiрiсетiн екеуi. Содан әңгiменiң соңында Өзекең киiмiн кие бастайды. Өзi науқастанып жүрген соң, қиналып қала ма деп, қарсы болсам, ол «сұрап алшы» дегендей, Аманжолға қараушы едi. Аманжол да: «Жеңге, Өз-ағам екеумiз бiраз Алатаудың таза ауасын жұтып қайтайықшы?!» деп араға түсушi едi. Сөйтiп, екеуi Алматының көрiктi жерлерiн бiрге серуендеп қайтатын.

Бiрде қырғыздағы Шоң тұзына емделiп қайтпақ болып дайындалдық. Сонда барсақ, Өзекең жазылып кететiндей көрiндi де, үй-iшiмiзбен ақылдастық. Ақылдасқанымызды қайтейiк, Өзекеңдi оған апаратын не көлiк, не қаражат жоқ, ақырында жолға қажеттi қаражатты да, көлiктi де, үлкен ұлым жұмысынан сұрап алыпты. Сонда бiздi сол қырғыздардың жерiне дейiн Аманжол шығарып салған едi. Өзiнiң Волгасымен бiрге барып, Өз-ағасын орналастырып қайтты. Өткен күндерге өкiнбеймiз ғой. Өмiрдiң рахатын да, оның еңбегiнiң жемiсiн де көрдiк. Бiрақ, бiз бiр артық дүние жинауды сол кездерде бiлмеппiз.

Шоң тұзына барғанда да қатты қиналдық. Тұз тауға қарай өтетiн көпiрдi көрiп таң қалғанымызды көрсеңiз. Көпiр iрiп-шiрiп, құлаудың аз-ақ алдында тұр. Жанымызды шүберекке түйiп, арғы жағына әрең өттiк-ау. Жергiлiктi халықтың айтуына қарағанда сол бiр кiшкентай көпiрден не бiр зиялы азаматтар өткен екен. Солар мына құлағалы тұрған көпiрден қалай өтiп жүрдi екен деп әлi күнге ойлаймын.

Бiр күн түнеп шыққасын, ертесiне бiздiң бөлмемiзге қырғыздың бiр жiгiтi келдi. Тiптен жас екенi түрiнен көрiнiп тұр. Өзi iрi денелi, алпамсадай. Өзекеңе қарап: «Шоң аға, мына жер сiзге қолайсыздау сияқты. Сiз кеткенше барлық жағдайыңызды жасайын, менiң үйiме жүрiңiз. Өзiм машинаммен алып келiп, алып кетiп жүрем» деген. Бiрақ, Өзбекәлi «рахметiн» айтып барғысы келмедi. Өзекеңнен «танысың ба?« деп сұрасам, «Жоқ. Адал азаматтың бiрi болса керек» дейдi. Әлгi жiгiт бiр-екi күн өткеннен кейiн, тағы да келiп тұр. «Шоң аға, мал сойып дайындалып, жатырмыз, үйге жүрiңiз»,–дейдi. Өзекең тағы да бас тартты. Өзекеңдi көндiре алмаған соң, өзi бiз жатқан жерге сыбағасын көтерiп келiптi. Өзiмiз араласпаған, өзiмiз танымайтын осындай жiгiттердiң талай жақсылығын көрдiк қой.

Амал не, ол жердiң емi Өзекеңе тура келмедi. Содан елге қайттық. Елге келгеннен кейiн, көп ұзамай Өзекең де көз жұмды. Надежда қарындасы:

Аспандай асқағым,

Заңғарым, асқарым

Артығым өз тұсынан

Ақ иық қыраным, Өзбекәлi,– деп жыр жазды.

Бұл 1998 жылдың ақпаны болатын. Солай асқар тауымыз көз жұмды. Ел-жұртымыз күңiренiп жатты. Теледидардан да үздiксiз хабарлап жатыр. Таңертең тұрсам, терезенiң алдында Ақ боз үй тiгулi тұр. Бұл үй – бiрнеше рет жүлделер алған, Аманжолдың алтыннан өрнек тiгiп жасаған туындысы едi. Сол асыл туындысын, ағасының өмiрден өткен сәтiнде әкелiп тiккен Аманжолдың бұл ерлiгiн қалайша ұмытармын…

Өзекең өте бiлiмдi, этнограф болды ғой. Аңыз-әңгiмелердi, этнографиялық бұйымдарды көп жинайтын. Өзiнiң бiлгенiн айтып отыратын. Өзекең айтқан мына бiр аңыз әлi есiмде.

Кiшi жүздiң Байсақал атты байы қызына сәукеле тiктiрiптi. Сөйтiп, қызына құда түсiп келген адамдарға, менiң қызымның қалың малы осы сәукеленiң құнымен есептеледi деген екен. Сонда Сержан төре, сәукеленi қарап отырып, оны 500 ту биеге бағалаған екен. Мiне, көрдiңiз бе, бұл жай әңгiме емес. Бұл әкенiң қызына деген сүйiспеншiлiгi, ұлтының салтын бойына сiңiре берсiн деген әкелiк тiлегi. Кейiн Өзекеңнiң осы сәукелеге қанша асыл тас кеткенiн дәлелдеп, суретшi, геолог, тарихшы ғалымдардан сұрап, соның нұсқасын жасаймын деп жүрген құжатының қайда қалғанын бiлмеймiн. Өзекем жайлы жазушы Әбiш Кекiлбаевтың: «Өз-ағаң! Айтуға лайық адам едi, азамат едi. Рас, сырт қарағанда құз басындағы құлжадай көрiнетiн, қырандай айбынды көрiнетiн, қос қабағында, өңiнде кiсi қаймықтырар сұс болатын. Бәлкiм, ол мұғалiм болғандығынан, үлкен қызметке мектептен келгендiгiнен шығар. Сырт көзге сыр шаша қоймайтын сырбаз едi. Мейiрiмiн де тым тереңге бүгiп ұстайтын. Содан да болар, мұғалiмдердiң жолын кеспей өскен бiздер алғашқы кезде алдына барғанымызда бөркiмiздi қолымызға алғымыз келiп, иба етiп жүретiнбiз. Шиыршық атып жататын тып-тығыз жатаған бұйра шаштардың арасында шашылып жатқан майса шуақты шүйлiге қарайтын тiкенек кiрпiк өткiр көздiң бiр қиығындағы жұмсақ нұрды мүсiншi қолынан шыққандай оның бедерiмен айқын көзге ұрып тұратын түрiңкi ерiннiң бiр миығындағы жұмбақ күлкiнi бiраздан соң барып аңғаратынсың. Тiл қатсаң-ақ арқаң кеңiп сала беретiн несiн айтасыз, жапан түзге жеке бiткен көк сеңгiрдей дара тұлға едi. Өтiп бара жатқан ғасырда қазаққа талай-талай мүйiзi қарағайдай ұл сыйлаған жомарт Құдайдың бiр бердiм деп берген ерен перзентi едi»,–деп жазғаны бар-ды.

Жазып алған – Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары