«БҮКIЛ ӘЛЕМНIҢ ГАЗЕТТЕРI, БIРIГIҢДЕР!»

«БҮКIЛ ӘЛЕМНIҢ ГАЗЕТТЕРI, БIРIГIҢДЕР!»

«БҮКIЛ ӘЛЕМНIҢ ГАЗЕТТЕРI, БIРIГIҢДЕР!»
ашық дереккөзі
309

Мәскеуде өтiп жатқан 59-Бүкiләлемдiк газеттiк конгреске қатысушылар «Сөз бостандығын тұншықтырып отырсың» деп Путинге қатаң сын айтты. «Ресейбаспасөздiң» Конгреске 1 млн. доллар көлемiнде қаржы жұмсағанына қарамастан, кейбiр «пысықайлар» халықаралық шараға қатысуға тiлек бiлдiрген ресейлiк БАҚ-тан 2 мың доллардан 10 мың долларға дейiн ақша талап еткен. Басылымдардың қазiргi заманға сай дамуы, тәуелсiз газеттердi көбейту мен газет-журналдардың интернетке қарсы тұрар қауқары туралы ақылдасу үшiн халықаралық деңгейдегi басылым өкiлдерi дөңгелек үстел басына жиылды, есесiне, Үкiметi Заңына өзгерiс енгiзуге құлшынған қазақстандық газет-журналдар басына тағы да күн туған сыңайлы. Ал аталған шара туралы хабар таратқан шетелдiк БАҚ «Бүкiл әлемнiң газеттерi, бiрiгiңдер!» деген ұран тастады…

Биыл 59-Бүкiләлемдiк газеттiк конгресс пен Бас редакторлардың ХIII Халықаралық форумы Кремльде өттi. БАҚ тiзгiнiн бүгiнде өз қолына алған Путин Бүкiләлемдiк баслымдық ассоциация (WAN) президентi Гейван О’Рейлидiң Ресейдегi сөз бостандығына қатысты айтқан қатаң сынын естуге мәжбүр болды. WAN мүшелерiнiң көпшiлiгiнiң конгрестi Мәскеуде өткiзуге үзiлдi-кесiлдi қарсы шыққанын мәлiмдеген О’Рейли Путиннен Ресейдiң әлемдiк деңгейiн көтеруге жағдай жасайтын күштi әрi тәуелсiз баспасөз қалыптастыруды талап еттi. Алайда, оның сөзiне наразылық бiлдiрген Путин Ресейде ресми түрде 53 мың басылымның тiркелгенiн көлденең тартты. Осыдан аз уақыт бұрын еуропалық депутаттар Кремльдiң ресейлiк БАҚ-қа қысым жасап отырғанын айтып, дабыл қаққан болатын. Ал орыс сарапшылары жүргiзген зерттеулер нәтижесiнде, ресейлiк электрондық бұқаралық ақпарат құралдарының 90 пайыздан астамын Путин мен оның әкiмшiлiгi қатаң бақылауда ұстап отырғандығы анықталған едi. Кремльдегi конгресте «Путин – бостандықтың жендетi», «Путин – Беслан жендетi» деген плакаттарын желбiреткен Ұлттық-большевиктiк парияның жас белсендiлерiн ресейлiк милиция алдына салып қуып әкеттi. Ал конгресс туралы жаңалықтар берген РФ-дағы ең үлкен 3 ұлттық телеарна Путиндi сынаған жас белсендiлер туралы жақ ашқан жоқ. Халықаралық құқық қорғаушылар Ресейдегi қазiргi жағдайдың қылышынан қан тамған кеңестiк ипмерия дәуiрiн еске салатынын айтады. Ал халықаралық деңгейдегi осы шараға қатысқан шетелдiк БАҚ өкiлдерi кремльдiк монополист – «Газпромның» иелiгiндегi баспасөзде, мысалы, «Известия» газетiнде билiктi сынаған материалдардың жарық көруi сиреп кеткенiне алаңдаушылық бiлдiрдi. Конгреске «Ресейбаспасөз» 1 миллион АҚШ долларын жұмсаған. Конгресс пен форумға әлемнiң 100-ден астам елiнiң 1700-ге жуық баспагерi, редакторлары мен баспасөз өкiлдерi қатысты. Сарапшылар пiкiрiнше, 59-конгресс Гиннестiң рекордтар кiтабына енуi бек мүмкiн. 4 күнге созылған басқосуда сөз бостандығы, журналистердiң жауапкершiлiгi, цифрлық технолгия дәуiрiндегi басылымдардың даму стратегиясы мен жас оқырмандарды тарту сияқты маңызды да өзектi мәселелер талқыға салынды. Әрине, конгресс пен форумның Мәскеуде өтуi Ресейдiң әлемдiк саяси сахнадағы беделiн арттыруға ықпал етедi. Алайда, сөз бостандығына бұғау салынған, адам құқығы шектелген, ұлтаралық және қылмыстық даулар жиi бұрқ ете түсетiн Ресейдi Батыс пен АҚШ әзiрге толыққанды демократиялық ел ретiнде қабылдамасы белгiлi. Айтпақшы, ресейлiк БАҚ өкiлдерi үшiн Кремльдегi конгреске қатысу құны 2 мыңнан 10 мың долларға дейiн жеткен. Шараны ұйымдастырушылар орыс журналистерiнiң Президент Путиннiң сөзiн бетпе-бет отырып тыңдап, Мәскеу әкiмi Лужковпен кешкi ас iшу «бақытына» ие болуы үшiн ақша табудың «дәстүрлi тәсiлiне» кқшiптi. Сондықтан кейбiр ресейлiк баслымдар «ақылы шақырудан» өз ерiктерiмен бас тартуға мәжбүр болды.

Тақырыпқа орай

Экономикасы қарқынды дамып келе жатқан Қытай шет мемлекеттерге тарайтын басылымдар санын көбейтуге мүдделi. Демографиялық және экономикалық дамуы жағынан әлемдi алаңдатып отырған аспан асты елi шет мемлекеттерге ықпалын баслымдар арқылы арттырмақ. Бұл туралы Мәскеудегi конгресте «The People’s Daily» газетiнiң редакторы, Қытай газеттiк ассоциациясының өкiлi Ян Чженьу мәлiмдедi: «Жалпы айтқанда, шет елдердегi қытайлық газеттер саны аз. Өз ықпалымызды арттыру үшiн осы бағыттағы жұмыстарымызды күшейте түсуiмiз керек». Басылымдардың таралымы жағынан әлем бойынша алдыңғы қатардағы Қытайдың ағылшынтiлдi екi жобасы АҚШ пен Австралияда шығарылады. Қытайдағы газеттердiң күн сайынғы таралымы – 10 миллиард дана, ал ресми түрде тiркелген баслымдардың ұзын саны 1923-ға жетiп жығылады. Чженьу интернеттiң қытайлық басылымдарға бәсекелес бола алмайтынына сенiмдi: «Қытайда сұхбат алуға және ақпарат жинауға тек газеттер ғана құқылы. Ал сайттар газеттерге жарияланғандарды қайталап басуға ерiктi. Бұл жүйенi жуық арада өзгертетiнiмiзге күмәнданамын».

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары