ҰШАҚПЕН ҰШУ БIР БАҚЫТ
ҰШАҚПЕН ҰШУ БIР БАҚЫТ
Кiшкентай кезiмiзде әуеде қалықтаған ұшақты көрсек, бала бiткен жамырай «самолет, самолет, менi өзiңмен ала кет» деп, өкпемiз өшкенше, соның соңынан жүгiретiнбiз. Бiзден тым қашықта, тым алыс биiктiкте ұшып бара жатса да, ұшақтың қарасы көрiнбей қалғанша, жүгiрушi едiк. Бала қиялымызда, ұшаққа мiну тек арман сияқты көрiнетiн. Ауылдан ешқайда ұзап шығып көрмеген ауыл баласы үшiн бәрi таңсық болатын. Қарасора мен жантақтан басқа ешнәрсе өспейтiн кiшкентай ауылда ұшақ дегенiң арман болмағанда нетсiн?! Сөйтсек, мұның бәрi кiшкентай баланың ғана қиялы екен. Ер жетiп есейген шақта,оқу iздеп, жұмыс iздеп, сол кiшкентай ауылдан ұзап кетуге де болатынына көзiмiз жеттi. Бiрi – қиырға, бiрi – шығысқа, тiптi, бiрi – шет ел асып кетiп жатыр. Ұшақ дегенiң құр қиял емес екен. Ендi онымен еркiн, алыс-алыс сапарларға шығуға болады екен. Бiр кездегi қол жетпес нәрсе, ендi ешкiмге таңсық болмай қалды.
Ұшақпен ұшу бiр бақыт. Сол ұшақты ұшыратын адам бiзден де бақытты шығар. Үп-үлкен, алып ұшақты басқару да оңай емес шығар. Жер бетiнен тым алыста, ақ бұлттардың арасында ұшып жүрген ұшқыштардың бақыты неде? Осы орайда, «Seimar Social Fund»-өткен аптаның сенбi күнi «Боралдай-авиа» аэродромында авиашоу өткiздi. «Авиа 2006» деп аталатын авиашоу осымен екiншi рет өткiзiлiп отыр. Мерекелiк шараның басты мақсаты – ұшқыштардың өнерiн тамашалау, жеңiл авиацияның өзектi мәселелерiн шешуге, салауатты өмiр салтын насихаттауға, әуесқойлық-клубтарын танымал етуге, жастарды авиация саласына тартуға мүмкiндiк беру.
Бүгiнде Қазақстанда кiшi авиация нысаналарына әуе құралдарының 600-ге дейiнгiсiн жатқызуға болады екен. Оның iшiнде жеңiл авиацияға шамамен 130 бiрлiк кiредi – бұлар 6000 кг және одан да төменгi салмақтағы ұшу құралдары көрiнедi.
Авиашоудың тағы бiр ерекшелiгi – «Тянь-Шань» компаниясының аспан шеберлерiнiң өнер көрсетуi болды. Әуеде қалықтаған тiкұшақтар мен жеңiл ұшақтардың өнерiне тәнтi болмаған жан кемде-кем. Дәл төбемiздiң үстiнен төнiп келiп қалғанда, құлап кететiндей әсер қалдырады екен. Қалықтап келiп, қонатындай болады да, қайта жоғары өрлейдi. Әуеде тұрып, түрлi-түрлi пилотаждың таңқалдырар көрiнiстерiн көрсеттi. Тiптi, ұшақтар әуеде асыр салып, би биледi десек те болады. Ұшқыштардың әуедегi өнерi мерекелiк шараға жиналған қауымды тәнтi еттi.
Сондай-ақ, авиашоу кезiнде «Seimar Social Fund» ұйымдастырған екi бiрдей кiтаптың тұсаукесер рәсiмiнiң өткенi. «Айдың арғы бетi» атты кiтап американдық және ағылшындық әдiлеттiлiктiң қырларын ашатын туынды. Кiтап авторы Игорь Яримак – қазақстандық программист-хакер Олег Зезевтiң адвокаты. Екi бiрдей қазақстандықты 2000 жылы Лондонда Нью-Йорк қаласының мэрi, миллиардер Майкл Блумберг жауапқа тартып, одан 200 000 АҚШ долларын талап етедi және оларға компьютерлiк бағдарламаны бұзу айыптары тағылады. «Бұл iстегi басты жәйт, бiздiң жерлесiмiзге қандай айып тағылғанда емес, бастысы Игорьдiң АҚШ-тың Нью-Йорк сотында ФТБ қарсы қылмыстық iсте жеңiп, өзiнiң кiнәсiздiгiн дәлелдеуi», – дейдi кiтап жайлы Еркiн Қалиев өз пiкiрiн бiлдiрiп. Ал, «Үнсiздiк, үрей, дауыс« атты екiншi кiтап болса, адамзаттың көптеген сұрақтары математикалық формулалар арқылы сипатталып түсiндiрiлетiн ғылыми-зерттеу болып табылады. Аталмыш еңбектiң авторы Хачатуров В.Р. үш аса маңызды нәрсенi, яғни моральдi, этникалық, философиялық, психологиялық және әлеуметтiк категориялар: үнсiздiк, үрей және дауыстың өзара қарым-қатынасын зерттейдi. Кiтапта келтiрiлген формулаларға сүйене отырып, автор өмiрдi ұзарту жайлы өзiнiң нұсқауларын бередi.
Гүлзина Бектасова