Қоғамдық телеарна: БIЗ НЕ ДЕЙМIЗ? ШЕТЕЛ ТӘЖIРИБЕСI НЕ ДЕЙДI?

Қоғамдық телеарна: БIЗ НЕ ДЕЙМIЗ? ШЕТЕЛ ТӘЖIРИБЕСI НЕ ДЕЙДI?

Қоғамдық телеарна:  БIЗ НЕ ДЕЙМIЗ? ШЕТЕЛ ТӘЖIРИБЕСI НЕ ДЕЙДI?
ашық дереккөзі
424

Әлемде қоғамдық телеарнаның 50-ге тарта түрi бар. Қоғамдық телеарна модельдерiнiң соншалықты көп болуы әрбiр елдiң өзiне тән ұлттық, саяси, тiптi әлеуметтiк жағдайына да тiкелей байланысты сияқты. Себебi түптiң түбiнде қоғамдық телеарнаның қызметiн билiктiң ұстамдылығы мен қоғамның қалтасы көтеруi тиiс. Десек те, ағылшындық «BBC» немесе жапондық «Эн-эйч-кей» сияқты қоғамдық телеарналардың басты ұқсастығы – мемлекеттiк бақылаудан тәуелсiздiгi. Мұндағы басты мәселе – қаржыландыру көзiнде болып отыр. Қоғамдық телеарнаны мемлекеттiк бюджет немесе саяси-қаржылық топтар емес, қоғамның өзi қаржыландырады. Өз кезегiнде бұл жәйт халықтың барынша шынайы ақпарат алуына мүмкiндiк бередi. Қоғамдық телеарнаның қай түрi Қазақстанға сай? Әлемдiк тәжiрибе не көрсетедi? Бiз қоғамдық телеарнаның әлемге әйгiлi бiрнеше түрiне тоқталуды жөн көрдiк.

«BBC» – АЛҒАШҚЫ ҚОҒАМДЫҚ ТЕЛЕАРНА

Ұлыбританияны қоғамдық телеарнаның Отаны десек, артық айтқандық емес. 1920 жылы лорд Джон Рейт «Би-Би-Си» (BBC) қоғамдық корпорациясының негiзiн қалап, оның концепциясын бекiткен болатын. Концепция үш мiндетке негiзделген — ақпараттандыру, хабарландыру және көңiл көтерту. Дәл осы қоғамдық телеарна Еуропаның өзге де елдерiне үлгi болып, қоғамдық телеарнаның классикалық моделiне айналды. Қазiргi таңда Ұлыбританияда «BBC»-дан тыс «Ай-ти-ви», «4 арна», «5 арна» сияқты қоғамдық телеарналар жұмыс iстесе де, «BBC» корпорациясы осы тектес телеарнаның нағыз классикалық түрiне жатады. Себебi аталған телеарналар өз күндерiн жарнама мен демеушiлiктiң арқасында көрiп жатқанға ұқсайды. Ал, «BBC»-дiң қаржыландыру жүйесi сәл басқаша.

Қоғамдық телеарна дегенде, басты назарға алатын мәселелер – заңнамалық жүйе, қаржы көзi, бақылау құралы және бағдарламалық саясат. Британияда қоғамдық телеарналарға негiзделген бiр емес, бiрнеше заң бар. «Хабар тарату жөнiндегi» соңғы заң 2003 жылы қабылданған. «BBC» телеарнасын қаржыландыру жүйесi де телеарна ашылғаннан берi қалыптасып келедi. Корпорацияның қаржы көзi – «лицензиялық төлемақы жинауға» негiзделген. Басқаша айтсақ, бұл «теледидарға салық» немесе абоненттiк төлемақы болып табылады. Ұлыбританияның әрбiр тұрғыны жыл сайын абоненттiк төлемақы төлеп тұруға тиiс. Масс-медианың дамуымен кейбiр сарапшылар бұндай төлемақының қаншалықты негiздi екендiгiн анықтауға тырысып, «теледидарға салық» түрiн алып тастау қажеттiгiн де айтып келедi. Бiрақ қазiрше әлемге әйгiлi телеарна негiзiнен абоненттiк төлемақыға жұмыс iстеуде. Екiншi жағынан, Британияның ең iрi телекорпорациясының қызметiне мемлекеттiң де ықпалы мүлдем жоқ деуге болмайды. Себебi телеарнаға бюджеттен де қаржы қарастырылған.

Негiзiнен әлемде қоғамдық телеарнаны қаржыландырудың бiрнеше түрi белгiлi. Олар – көрерменнен алынатын абоненттiк төлемақы, мемлекеттiк субсидиялар, демеушiлiк пен жарнамадан түсетiн қаражат, тағысын тағылары. Еуропа елдерiндегi қоғамдық телеарналардың ұлттық сипатына келсек, оларды да бiрнеше түрге бөлуге болады. Бiрiншiден, қоғамдық-құқықтық (Германияда) телеарналар. Екiншiден, қоғамдық-мемлекеттiк (Францияда) корпорациялар. Үшiншiден, «колонналар жүйесi» (Нидерланды). Төртiншiден, «солтүстiк бағыттағы», яғни, коммерциялық телеарналардың демеуiндегi қоғамдық арналар (Скандинав елдерi). Мұның iшiнде «BBC» телеарнасын қоғамдық телеарнаның британдық классикалық моделiне жатқызуға болады.

Қоғамдық телеарнаны бақылау жүйесiнде де өзiндiк ерекшелiктер бар. Ең басты ерекшелiгi — қоғамдық телеарнада қоғамдық кеңестiң жұмыс iстеуi. Бiр айта кетерлiгi, қоғамдық кеңес мәселесi БАҚ туралы және Телевидение туралы заңдардағы арнайы баптардың негiзiнде айшықталады.

Бүгiнгi таңда әлемдiк практикада 100 пайызға дейiн, яғни толыққанды қоғамның қаржысына жұмыс iстеп келе жатқан бiр ғана телеарна белгiлi. Ол – Жапонияның «Эн-эйч-кей» қоғамдық теле-радио корпорациясы. Ал, басым бөлiгiнде қоғам қаржысына шығып жатқан телеарналарға Норвегия (99%), Дания (91%), Германия (82%), Ұлыбританияның (80%) телеарналарын жатқызады. Шынайы ақпарат алу үшiн аталған елдердiң азаматтары абоненттiк төлемақы төлейдi немесе теледидарды сатып алған күннен бастап ай сайын арнайы лицензиялық төлемақы салып тұрады. Жетiспей тұрған қаржы демеушiлiктiң арқасында өндiрiлiп алынады екен: яки, онда жарнама аз болады немесе мүлдем болмайды, мемлекеттiк субсидиялар да берiлмейдi.

ЕУРОПАЛЫҚ МОДЕЛЬ МЕ, АЗИЯЛЫҚ МОДЕЛЬ МЕ?

Бүгiнде әлемде Еуропаның қоғамдық телеарна құру моделi ерекше қызығушылық туғызады. Себебi қоғамдық телеарнаның отаны – Еуропа елдерi. Еуропаның тәжiрибесiнен үлгi алып, өз елдерiнiң ерекшелiктерiне сай қоғамдық телеарна қалыптастырған АҚШ, Австралия елдерiнiң үлгiсi де назар аударарлық.

АҚШ-тың ең басты қоғамдық телеарнасы – «Пи-би-эс». Қаржы көзi – жеке тұлғалардың өз еркiмен бөлетiн ақшасы, штат басшылығының субсидиялары және федералдық гранттар. Десек те, бұл қаржының өзi АҚШ-та сапалы қоғамдық телеарна құрып, оның бар мұқтаждығын өтеуге жетпей отыр. Өйткенi көбiне көп «еркiн төлемақы» деген сөз «садақа» берумен пара-пар. Әйтсе де қарапайым американдықтар бұл телеарнаны нағыз қоғамдық арна деп танитын көрiнедi. Тiптi, АҚШ Конгресiнде республикандықтар партиясы телеарнаны жабу мәселесiн көтергенде, американдықтар дабыл қаға бастаған. Сөйтiп, телеарна аман қалған едi.

Австралияның «Эй-би-си» корпорациясы әу бастан коммерциялық станциялар мен халықтың қаржысына жұмыс iстеп, ақпарат тарататын. Яки, өзiнiң қоғамдық телеарна деген статусын ақтап отыратын. Бiрақ 1974 жылы аталған арна қоғамдық телеарнадан жартылай мемлекеттiк телеарнаға айналды. Мемлекет оны өз қарамағына алумен қатар, жеңiлдiкке негiзделген салық саясатын жүргiзе бастады. Осының арқасында бүгiнгi таңда «Эй-би-си» корпорациясы – елдегi ең iрi телеарна болумен қатар, ең iрi баспа үйi, концерттiк ұйым (6 симфониялық оркестрi бар) және кино, теле-фабрика болып отыр. Ең бастысы, елде кино және телевидение үшiн жан-жақты салық жеңiлдiктерi қарастырылған.

Францияда Ұлыбритания сияқты «теледидарға салық» жүйесi жұмыс iстейдi. Салық көлемi теледидар аппаратына байланысты. Мәселен, теледидар түрлi-түстi болса, салық оған көбiрек төленедi. Бүгiнде француздар жыл сайын қоғамдық телеарна үшiн 800 франк төлейдi екен.

Азия елдерiндегi қоғамдық телеарнаның бiрден-бiр нышаны – Жапонияның «Эн-эйч-кей» телекорпорациясы. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл телеарна 100 пайызға дейiн қарапайым жапондықтардың «қалтасына» жұмыс iстейдi. Яғни, елдiң әлеуметтiк жағдайы халықтың қоғамдық телеарнаны баптап, қарауына мүмкiндiк бередi. Шетелде көрермендер не үшiн қалтасынан суырып алып, ақша төлеп жатқанын жiтi түсiнедi. Егер оның қандай да бiр заң қабылдау барысында немесе өзге де мемлекеттiк бастамада құқы бұзылып жатса, ол «қоғамдық телеарнасының» бұл жайлы толыққанды мәлiмет берерiне сенедi. Әрбiр көрермен қандай қоғамға жататынын, қай тiлде сөйлеп, қай дiндi ұстанатынын да жақсы бiледi. Оның тiлдiк, дiни, азаматтық құқы бұзылып жатса, қоғамдық телеарна ештеңенi жасырмай, бәрiн де ашық айтуға тиiс. Шетелдiк көрермендер сол үшiн ақша төлейдi.

НЕЛIКТЕН ТМД ЕЛДЕРI ҚОҒАМДЫҚ ТЕЛЕАРНА ҚҰРУҒА МҮДДЕЛI?

Бүгiнгi таңда билiктiң емес, қоғамның мүдде-мақсаттарына негiзделген қоғамдық телеарна әлемнiң 39 елiнде жұмыс iстейдi екен. Посткеңестiк елдердi бұл мәселе соңғы 10-15 жыл iшiнде толғандырып келедi десек, артық айтқандық емес. Көршiлес елдер де халықтық телеарна құруға бiлек сыбана кiрiскен. Ресей ақпарат құралдарының басым бөлiгiн уысында ұстайтын Кремль де қоғамдық телеарнасыз әлем қауымдастығы алдында «демократияшыл ел» болып көрiне алмайтындығын сезген сияқты. Түптiң түбiнде қоғамдық телеарнаның пайда болуының өзi – демократияның бiр нышаны iспеттi. Содан болар, өткен жылы Дума талқысына «Қоғамдық телеарна туралы» заң жобасы ұсынылды. Түрлi-түстi революциядан кейiн Украина президентi Виктор Ющенко да осы мәселенi жiтi бақылауына алды.

Армения мен Әзiрбайжанда «қоғамдық телеарна» атаулыға ие болып отыр. Аты болмаса, затының қаншалықты «қоғамдық» екенiн сарапшылар талай сын тезiне алған. Бiрақ әлi де тоталитарлық жүйеден арыла алмай келе жатқан елдердiң «қоғамдық телеарналарын» ақпарат теңiзiне еркiн жiберуге дәтi бармай отыр. Қазақстанның да «демократиялық нышаннан» қалыс қалар түрi жоқ. Елiмiздiң демократиялық күштерi осыдан 3-4 жыл бұрын қоғамдық телеарна құрудың сәтi келгендiгiн ашып айтқан едi. Бiрақ бұған билiк тарапынан қолдау табылмады. Десек те, бүгiнде билiк қоғамдық телеарнаның қажеттiгiн қолдап отыр. Қазiрше «Қоғамдық телеарна» болу мәртебесiне ие болатын телеарналардың iшiнен «Хабардың» аты жиi шығады. Бiрақ бұған қатысты Ақпарат министрлiгiнiң ұстанымы кереғар. Естуiмiзше, соған қарамастан, Қазақстан Журналистер конгресi «Хабар» негiзiнде қоғамдық телеарна жасау жобасына кiрiсiп кетiптi. Бiр айта кетерлiгi, 1999 жылы Қазақстанда алғаш рет «Қызылорда облыстық қоғамдық телеарнасы» ашылған едi. Кейбiр мамандар бұл телеарнаның шын мәнiнде «қоғамдық» екенiне шүбә келтiредi. Нағыз қоғамдық телеарнаның критерийлерi мен түйткiлдерi жайлы бiз белгiлi журналистер мен сарапшылардан сұрауды жөн көрдiк.

Қоғамдық телеарна қашан және кiмнiң қаржысына құрылады?

Тамара КАЛЕЕВА,

«Әдiл сөз» сөз бостандығын қорғау қорының төрайымы:

ЗАТЫ ӨЗГЕРМЕСЕ, «ҚОҒАМДЫҚ» ДЕГЕН АТЫНАН НЕ ПАЙДА?

— Қазiргi күнi қоғамдық телеарна тақырыбы «тиын алмастыру» мәселесiндей көрiнедi, яғни бұл тақырып журналистердiң назарын ауыр, келелi мәселелерден арылту үшiн жасалып жатқандай. Менiңше, қоғамдық телеарна туралы мәселе әрбiр 2 жылда көтерiлiп тұрады. Ендi, мiне, қоғамдық телеарнаға деген қызығушылықтың жаңа толқыны бой көтердi. Бұл орайда ең алдымен, қоғамдық телеарнаның болмысы не және Қазақстанда қандай қоғамдық телеарна дәл бүгiнгi таңда құрылуы мүмкiн деген сауалдарға жауап iздеу керек сияқты. Яғни, бiз идеал түрiндегi қоғамдық телеарна жайлы әңгiме қозғасақ, онда бұл, әрине, қоғам үшiн өте қажеттi идея. Бұл – қоғамның барлық мүдделерi, пiкiрлерi мен көзқарастары көрiнiс табатын және қоғамға маңызды проблемалар көтерiлетiн эфирлiк алаң. Бұл телеарна ешқандай да олигархтар мен мемлекеттiк құрылымдарға тәуелдi болмайды, себебi ол қоғамның қаржысына жұмыс iстегендiктен, қоғамның мүддесiне сай қызмет ететiн телеарна. Оның идеясына байланысты айтылар сөз осы. Бiрақ, өкiнiшке қарай, iс жүзiнде бұл қазiрше жүзеге аспайтын мәселе. Егер қоғамдық телеарнаның экономикалық тұрғыдан қаржыландырылуына келсек, бiздiң қоғам қосымша салық төлеуге дайын емес сияқты. Бiздiң зейнеткерлер үшiн 100 теңгенiң өзi үлкен проблема. Қазiр коммуналдық қызметтердiң төлемақысын азмаз көтерiп едi, олар үшiн бұл да проблема болып отыр. Бұл бiр мәселе.

Екiншi мәселе – қоғамдық телеарнаны бюджеттiң көтеруi. Әрине, техникалық база бар. Мәселен, ол «Хабар» делiк. Кiм бұл қоғамдық телеарнаны бақылайды? Егер бiздiң арманшылдарымыз жиi тiлге тиек ететiн идея жайлы айтсақ, онда бақылаушылар – қоғамның әр сатысынан шыққан өкiлдер, ар-ұяты бар, интелигенттi адамдар болуы тиiс. Менiңше, егер бұл шын мәнiнде жүзеге асса, онда тек қана атауы өзгередi де, «Хабар» акционерлiк қоғамы емес, «Хабар» қоғамдық телеарнасы деп жазады да қояды. Ал, бақылаушы кеңеске кiмдердiң кiретiнi Президент әкiмшiлiгiнде шешiлетiн сияқты. Әрине, идеялары «дәстүрлi ойға» жатпайтын адамдар ол кеңестен тыс қалады. Егерде, кеңеске кiрсе, онда 100 адамның iшiнде оппозициядан немесе өзге де партия-ұйымдардан 5 адам ғана болуы мүмкiн. Бұндай құраммен олар кеңесте ешқандай да рольге ие болмайды. Бұл сол баяғы мемлекеттiк телеарна болады. Бiрақ «қоғамдық телеарна» шекпенiне оранып алған телеарна бұрынғы арнадан да нашар болуы мүмкiн: яғни, онда шығармашылық, тақырыптық тосқауылдар көбiрек болады. Насихат та мемлекеттiк телеарналардан гөрi көп болады.

Мәселен, Президент жанындағы БАҚ туралы қоғамдық кеңестi алайық. Сiз бұл кеңестiң қалай жұмыс iстеп жатқаны жайлы естiдiңiз бе? Өз басым естiген де жоқпын. Оның құрамында кiмдер барын мен бiлем. Оның iшiнде 5 пайызы ғана журналистер. Соның iшiнде 1 пайыз журналистер ғана азды-кемдi тәуелсiз. Сол сияқты 50 жыл бұрын жастық шақтарында қоғам алдында еңбек жасаған, сол үшiн де бар құрмет-қошеметке ие болған, бiрақ бүгiнде өзiнiң репутациясынан басқа ештеңесi қалмаған адамдар отыр онда… Бұл да жоғары мемлекеттiк қызметтегi лауазымды тұлғалар жайлы мәселе.

– Естуiмiзше, қазiр Журналистер конгресi «Хабар» негiзiнде қоғамдық телеарна құру мәселесiмен айналысып жатқанға ұқсайды. Сiз осы жобамен айналысып жатқан комиссия құрамына кiргiңiз келмей ме? Әлде оған келтiрер шүбәңiз бар ма?

– Егер маған ұсыныс жасалғанда, мен оған кiрмес те едiм. Өйткенi мен бұл телеарнаны кейiн басқаратын адамдардың бастамасына сенбеймiн.

– Ал, қоғамдық телеарна өзге телеарнаның базасында жасалса ше?

– Қандай телеарна болса да, «Хабар», «Қазақстан» болсын немесе «КТК» болсын, әйтеуiр, қоғамдық телеарнаның статусын емес, атауын ғана алатын телеарна билiктiң қатал бақылауында болады. Және ешбiр тосқауылсыз «пайдаланылады». Бұл жәйт идеяны алалау болмақ.

Олег КАЦИЕВ,

«Internews» ақпараттық агенттiгiнiң директоры:

ҚОҒАМДЫҚ ТЕЛЕАРНАНЫ ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛТАСЫ КӨТЕРМЕЙДI

— Қоғамдық телеарнаны кез келген техникалық базада жасауға болады. Бiрақ бастысы бұл емес. Бастысы – қоғам мен мемлекеттiң қоғамдық телеарнаның не екенiн түсiнуiнде болып отыр. Бұрыннан берi белгiлi жәйт, әлемде қоғамдық телеарнаны мемлекет емес, қоғамның өзi бақылауында ұстайды. Егерде қоғамдық телеарна құрылып жатса, онда оны мемлекет емес, қоғам бақылауы керек. Бұл мемлекет оған қаржы құймауы керек деген сөз емес. Өйткенi олар да қаржыны жоқ жерден алмайды ғой. Қоғамдық телеарнаны мемлекеттiң көмегiнсiз және мемлекеттiң қалауынсыз жасауға болмайды. Қазақстанда кейбiреулер бұл мәселенi жеңiлдетiп жiберген. Олардың айтуынша, егер қоғамнан ақша жиналса, ол қоғамдық телеарна болады-мыс. Бұл дұрыс емес. Шынын айтсақ, кейбiреулер бұл тақырыпта спикуляция да жасайды. Тәуелсiз телеарнаны алып, оған «қоғамдық» деген ат қойып, оның үстiне ол үшiн тұрғындардан қаржы алу және ақыр аяғында сол телеарнаны бақылау дұрыс емес. Екiншi қиындық – мемлекеттiк бақылаудағы мемлекеттiк телеарнаны алып, оны «қоғамдық телеарна» деп атау. Осы жолмен көптеген елдер бара жатыр. Бұл жолмен Қырғызстан, Украина, Арменияда келе жатыр. Оларда қоғамдық телеарнаны не Үкiмет, не Парламент, не өзге де мемлекеттiк құрылымдар бақылайды. Бұл түбiрiмен дұрыс емес жәйт. Егер қоғамдық телеарнаны зерттеуге деген құлшыныс болса, оны зерттеуге толықтай мүмкiндiк бар: әрқилы сараптамалық жұмыстар, шолулар, ақпараттар, пiкiр-көзқарас, ЮНЕСКО ұсынған жұмыстар баршылық. Егер осының бәрiн зерделеп көрсек, онда екi мәселенi айта кеткен жән. Бiрiншiден, ол – қаржыландыру көзi. Екiншiден, ол – мемлекет бақылауының қаншалықты деңгейде болатыны. Менiңше, бұл маңызды мәселелердi қоғамның, қоғамдық ұйымдардың қатысуымен талқылау қажет.

– Сiздiң ойыңызша, Қазақстанда қарапайым азаматтардың қалтасы қоғамдық телеарнаны «баптауға» дайын ба?

– Менiңше, қазақстандықтардың қалтасы ештеңеге де дайын емес. Дегенмен, бұған ешбiр елдiң тұрғындары дайын емес. Қоғамдық телеарналар Еуропада немесе Америкада құрылып жатқанда, ешбiр адам «мен төлеуге дайынмын» деген емес. Онда, бiрiншiден, қоғамдық телеарна мемлекеттiң қаржысына құрылады. Екiншiден, телеарна қоғамдық ұйымдардың, бизнес өкiлдерiнiң көмегiмен құрылады. Сол сияқты Америкадағы тәжiрибе көрсеткендей, қоғамдық дотацияларға құрылады. Яғни, әрқилы қаржы көздерi анықталады. Бас кезiнде Қазақстанда бұл мемлекеттiң қаржысына шығатын телеарна болуы мүмкiн. Бiрақ ол үшiн идеологиялық, шығармашылық бақылау болмауы керек. Шынын айтсам, өз басым бұған күмәнiм бар. Мәселен, бiздiң көршi Қырғызстанда билiк қоғамдық телеарнаны бақылап, оған мамандарды тағайындау, өз туыстарын тығу идеяларынан арыла алмай келедi. Олар бұдан арыла алмайтын түрi бар. Менiңше, бiздiкiлер де бұдан қаша алмайтын сияқты. Бiрақ, Үкiметте, Президентте ойға қонымды қисын болса, бұл жүзеге асатын iс.

Сейiтқазы МАТАЕВ,

Қазақстан Журналистерi одағының төрағасы:

ЕҢ АЛДЫМЕН «ҚОҒАМДЫҚ ТЕЛЕАРНА ТУРАЛЫ» ЗАҢ ҚАБЫЛДАУ ҚАЖЕТ

— Бiрiншiден, қоғамдық телеарна шын мәнiнде тәуелсiз болуы үшiн оған абоненттiк төлемақы төлеу керек. Әрбiр телекөрерменнiң теледидар аппаратына салынған ақшасы болуы керек, яки көрермен ай сайын немесе тоқсан сайын бұл қызметке қаржы салып тұруы шарт. Сонда ғана телеарна тәуелсiз болады. Қазiр осы мәселеге байланысты қоғамда бiрнеше пiкiр айтылып жүр. Бiреулер Үкiметтен ақша бөлiнсiн дегендi жиi айтады. Мәселен, Ақпарат министрi Ермұхамет Ертiсбаев: «Қоғамдық телеарнаның құрылуына ақша бюджеттен бөлiнсiн» – дейдi. Бұған, бiр жағынан келiсуге болады. Десек те, ол түп негiзiнде тәуелсiз болмайды ғой. Үкiмет тарапынан, бюджеттен ақша бөлiнсе, ол бәрiбiр Үкiметтiң, мемлекеттiң пiкiрiн айтпай ма?!

Өткенде мен Түркияда болдым. Онда «ТРТ» деген қоғамдық телеарна жұмыс iстейдi. Оған мемлекет тарапынан қаржы бөлiнбейдi, бiрақ Түркияда электр энергиясын шығаратын компаниялар өз пайдасының екi пайызын сол телеарнаға құяды екен. Бiр жағынан, олар бюджеттен ақша алмайды, екiншi жағынан онда жарнама да жоқ. Негiзiнен қоғамдық телеарна болған соң, онда жарнама болмауы керек. Таяуда Алматыда өткен V медиа-форумда Дариға Нұрсұлтанқызы: «Қоғамдық телеарна болуға «Хабар» дайын», – дедi. Бiр жағынан, техникалық жабдықталуы бойынша «Хабардың» жағдайы өте жақсы. Бiрақ оған қоғамдық телеарнаға сай бiр жоба дайындау керек сияқты. Өздерiңiз де бiлерсiз, жақында Журналистер конгресi Қарағандыда көшпелi отырысын өткiзген едi. Бiз сонда бiр шешiмге келдiк: Қазақстан Журналистерi конгресi қоғамдық телеарнаға байланысты жоба дайындап жатыр. Ол дайын болғаннан кейiн, бiз сол жобаны журналистер талқысына ұсынып, өзара пiкiр алмастырамыз.

– Яғни, сiз де «қоғамдық телеарна «Хабардың» негiзiнде болуы керек» деген пiкiрдi қолдап отырсыз ғой…

– Иә, қолдап отырмын. Бiрақ оған кiм қаржы бөледi – мәселе сонда. Басқа бiр топ табылса, арна бәрiбiр соның сөзiн сөйлейдi ғой. Ал, қоғамымызға ортақ телеарна болуы үшiн, онда қаржы мәселесiн алдымен шешiп алу керек. Не шетелден грант келе ме, не көрермендер арнаның абоненттiк ақшасын төлей ме, осындай түйткiлдердi шешкен жөн. Әлемге әйгiлi «BBC» қоғамдық телеарнасы үшiн ұлыбританиялықтар айына 1-2 фунт төлеп отырады екен. Аталған телеарнада қоғамдық кеңес жұмыс iстейдi. Бiздiң де арнаның саясатын, бағдарламаларын бақылайтын бiр қоғамдық кеңес керек. Сонда ғана телеарна қоғамдық болады.

– «Хабар» билiктiң шекпенiнен шыққан соң, ол қайта реформаланса да, қаншалықты деңгейде қоғамдық телеарна бола алады екен? Ол билiктiң саясатынан толыққанды айыға ала ма?

– Алдымен, бiз аталған жобаны дайындап, түйткiлдi мәселелердi шешiп алсақ деймiз. Одан кейiн «Қоғамдық телеарна туралы» заң қабылданса, ол қоғамдық телеарна бола алады. Өкiнiшке қарай, қазiрше бiзде қоғамдық телеарнаға сай заңнамалық жүйе әлi дайын емес. Мiне, ертең оны ашамыз деп отырғанда, қоғамдық арнаға қатысты заң болмаса, бұл идеяның жүзеге асуы екiталай. Оған қоғамдық кеңес қажет, оның үстiне телеарна маңына жақсы-жақсы журналистердi топтастыру қажет.

– Сiздiң ойыңызша, қоғамдық телеарна Қазақстанда қашан пайда болуы мүмкiн?

– Бiз қоғамдық телеарна бiр-екi жылдың iшiнде ашылады деп жоспарлап отырмыз. Бұл туралы айтылып жатқанына да үш-төрт жылдай уақыт болды ғой. Заңды талқылап, оны қабылдауға да бiр-екi жыл керек.

– Ал, қоғамдық телеарнада «Тiлдер туралы» заң талаптарының орындалуы талап етiле ме?

– Иә, әрине. Бiр жағынан, менiңше, республикалық деңгейде қоғамдық телеарна ашпас бұрын бiр облыста эксперимент ретiнде бiр қоғамдық телеарна ашып көру керек сияқты. Шымкенттегi «Айғақ» деген газет ұжымы телевидениеге рецензия алыпты. Дулат Әбiш деген жiгiтпен сөйлесiп көрiп едiм, олар өздерiнiң дайындығын айтты. Керек болса, Шымкентте – қазақтар көп шоғырланған жерде бiр телеарна ашып көру жөн сияқты.

– Негiзi Қызылордада қоғамдық телеарна бар дейдi ғой…

– Бiрақ ол бәрiбiр де мемлекет тарапынан ақша алады. Менiң бiлуiмше, олар бюджеттен ақша алады. Мен де ол жiгiттердi жақсы бiлемiн. Олар негiзiнен мемлекеттен, Үкiмет тапсырысынан қаржы алып отыр. Бiр жағынан, олар әкiмнiң не жасап жатқанын көрсетуге мәжбүр сияқты.

Шәкизада ӘБДIКӘРIМОВ,

«Қызылорда қоғамдық телеарнасының» басшысы:

БҰЛ – ҚОҒАМДЫҚ ТЕЛЕАРНА, БIРАҚ АНДА-САНДА МЕМЛЕКЕТТIК ТАПСЫРЫС БОЛЫП ТҰРАДЫ

– Бiздiң құрған компаниямыз – жекеменшiк компания. Шынын айтқанда, бұл жерде компания құрылтайшысы менiң өзiм. Негiзi бiздiң компания ешкiмнiң қолшоқпары емес. Менiң артымда қаржылық, өнеркәсiптiк топтар тұрған жоқ менi олай бұратын, не бұлай бұратын… Сондықтан бiз өз ойымызды осы өңiрде ашық айтып келемiз. Анда-санда мемлекеттiк тапсырыс болып тұрады, бiрақ бiздiң әкiмшiлiктiң сөзiн сөйлеп, кейбiр фактiлердi бұрмалап жатқан жайымыз жоқ. Қызылордадағы қоғамдық телеарнаның рейтингi мен беделiнiң жоғары болуы да сол себептен болса керек.

– Сiз өзiңiз басшылық ететiн «Қызылорда қоғамдық телеарнасын» Қазақстан медиа тарихындағы алғашқы қоғамдық телеарна деп айта аласыз ба?

– Иә, бұл алғашқы қоғамдық телеарна. Бұл жерде бiздiң телеарнаны шын мәнiндегi қоғамдық телеарна десе де болады. Телеарнамыз тәуелсiз болғандықтан, қоғамдағы барлық пiкiрлердi беруi шарт: билiктiң де, оппозицияның да пiкiрiн бередi. Әйтеуiр, бiржақты кетпеймiз, жан-жақты мәселе көтеремiз.

– Шетелдегi телеарналарды қоғамның өзi қаржыландырады. Салық төлеушi қоғамдық телеарна үшiн ай сайын ақша бөлiп тұрады. Ал, сiздiң телеарнаңыздың демеушiсi кiм?

– Демеушi дегенде, мен балағымды басыма киiп шауып жүремiн. Келiсiмшарт жасатамын, төленетiн бағдарламалар жасаймыз… Бiрақ негiзгi қаржы жарнамалардан туындайды. Жарнама – телеарнаның негiзгi саясатына кiрмейдi. Жарнама арқылы, не төленетiн хабарлар арқылы бiз қоғамдық пiкiр қозғамаймыз. Себебi ол – заказ берушiнiң ғана тапсырысы. Негiзiнде қоғамдық телеарнаны үлкен күштер қаржыландыратын болса, жарнамамен де айналысуға болмайды. Өйткенi ол – қоғамдық телеарна.

– Ал, сiздiң телеарнаңыз «Тiлдер туралы» заңның талаптарын орындап отыр ма? Негiзi заңда «50 де 50» деген бап жоқ қой. Онда мемлекеттiк тiлдегi хабарлар өзге тiлде шығатын хабарлардың жиынтық көлемiнен кем болмауы керек делiнген…

– Әркiм шамасына қарай жасайды ғой. Мен өзiм телеарнаны 100 пайызға дейiн толық қазақша жасар едiм. Бiрақ Қазақстанда тележурналист мамандары өте аз. Негiзi қазiргi телеарналарда жаңалықтар алдымен қазақша, кейiн орысша берiледi ғой. Ал, бiзде хабарлар аралас өтедi. Бұл орыстар қазақ тiлiн үйренсiн деген саясаттан туындап отыр. Бұл да өзiн-өзi ақтап жатқан саясат. Екiншi бiр мәселе, рейтингi жоғары «Шарайна» хабарында екi диктор отырып, қазақша-орысша аралас сөз жарыстырып отырады. Бұл да тiлдi үйрету үшiн жасалған. Қазiр бiздiң телеарнада рейтингi ең жоғары бағдарлама – «Аптаның алты ауызы». Бұл 5-6 жылдан берi көрерменнiң көзайымына айналған сараптамалық хабар. Онда билiктiң кемшiлiктерiне де, өзектi қоғамдық проблемаларға да ерекше мән берiлумен қатар, оларды зерттеуге тырысамыз. Бiздiң жанашыр көрермендерiмiз: «Шiркiн-ай, бұл бағдарламаны «Хабардан» берер ме едi?» – дейдi кейде…

Әлбетте, елiмiзде қоғамдық телеарна республикалық деңгейде ашылатын болса, оны құрушылар немесе соған үлес қосушылар ретiнде барынша қосылар едiм.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары