ТYРКИЯДАН ТАБЫСПЕН ОРАЛДЫ

ТYРКИЯДАН ТАБЫСПЕН ОРАЛДЫ

ТYРКИЯДАН ТАБЫСПЕН ОРАЛДЫ
ашық дереккөзі
533

Түркiстан сазды-драма театры Түркия республикасына гастрольдiк сапармен барып, елге табыспен оралды. Бiз осы мәдени сапардың барысы туралы театрдың көркемдiк жетекшiсi, ҚР Халық әртiсi Райымбек Сейтмет Түркiстанимен әңгiмелескен едiк.

– Бiз Түркияға тұңғыш рет барып отырған жоқпыз. Театрымыздың Түркияға бұл төртiншi сапары. Түркiстан театрының өзге театрлардан ерекшелiгi сол – бiздiң әртiстерiмiз ана тiлiнде ғана емес, түрiк тiлiнде өнер көрсетiп, қойылымдар қояды. Бұл Қазақстан театр өнерiнде болмаған тәжiрибе.

– Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары театрларымыз гастрольдiк сапарға шығып, өз өнерлерiн ауыл-аймақтарға көрсетуден қалды. Осындай қиын кезде сiздер қалай сонау алыс шет елдерге гастрольге шығып жүрсiздер?

–Бұл сапар Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрiк университетiнiң Өкiлеттi Кеңес төрағасы, Түркияның көрнектi мемлекет қайраткерi Намық Кемал Зейбек мырзаның шақыртуымен, демеушiлiгiмен жүзеге асты.

Ал, ендi жоғарыда гастрольге байланысты сауалыңа келсек. Расында қазiр көп театрдың халi мүшкiл, гастрольге шықпақ түгiлi, жалақысын жеткiзе алмай отырғандар да бар. Бiрақ, өткен жылы бас театрымыз (М.Әуезов) оңтүстiк облыстарды аралап елге гастрольдiк сапарға шықты. Ел ықыласына бөлендi. Әлбетте, ауыл көрерменi Алматыға барып спектакль көре алмайды. Театрлардың елге гастрольге шыққаны халыққа тиiмдi. Үлкен рухани азық алады. Бiрақ гастрольдiң шығыны, жол шығыны, театр қызметкерлерiнiң ас-ауқаты, жатын-жайы дегенiңiз бүгiнде оңай болмай тұр.

Өткен жыл және осы үстiмiздегi жыл да бiздiң театрымыз үшiн гастроль жылы болғандай. Өткен жылдың қыркүйегiнде Алматы қаласына бiр аптаға гастрольдiк сапармен барып, күллi театр сыншылары мен өнер тарландары, әдеби-мәдени қауым өкiлдерi алдында шығармашылық есеп берiп келдiк. Алматы сапарынан олжалы оралып, театр майталмандарының оң бағасын, ақ батасын алуы жас әртiстерiмiзге қанат бiтiрiп, үлкен серпiлiс туғызды. Қаңтар айында театрымыздың бес жылдығына орай Шекспирдiң «Асауға тұсауын» қойсақ, наурызда С.Қасымбектiң «Сот» драмасын, «Бала кiмдiкi» комедияларын сахналап көрермендер ықыласына бөлендiк. Ал, сәуiрде Астана, Қарағанды қалаларына гастрольдiк сапармен барып (үш аптадай жүрiп) өз өнерiмiздi, жас театрымызды танытып қайттық. Әсiресе, Ақ Орда төрiндегi сахнада жас әртiстерiмiздiң жұлдызы жанып, қойылымдарымыз аншлагпен жүрдi. Б.Вахапзаденiң «Көк түрiктер», Шекспирдiң «Асауға тұсау», С.Қасымбектiң «Жанталас», «Иассауи қасiретi», «Сот», Ж.Жұматтың «Абақты ғұмыр» спектакльдерi көрермен көңiлiнен шығып, ерекше iлтипатқа ие болды. Гастрольдiк сапардың ашылу салтанатында Үкiмет мүшесi Б. Сапарбаев ҚР премьер-министрi Даниал Ахметовтiң құттықтауын табыстап, ҚР Парламент Мәжiлiсiнiң төрағасы О.Мұхаметжанов өзi келiп қатысып, сәт-сапар тiледi. Астаналық зиялы қауым өкiлдерi Ш.Мұртаза, М.Жолдасбеков, Ә.Мәмбетов, М.Шаханов, Қ.Айтаханов т.б. қойылымдарымызға қатысып, ризашылық бiлдiрдi.

– Түркия сапарының әсерi жайлы әңгiмелеп берсеңiз…

– Түркияға бiз бұған дейiн С.Балғабаевтың «Ең әдемi келiншек», Б.Вахапзаденiң «Көк түрiктер» мен С.Қасымбектiң «Иассауи қасiретi» тарихи трагедиясымен бардық. Бiрақ бауырларымыздың сұранысы бойынша «Көк түрiктердi» қойдық. Анкара, Стамбул, Бурса, Измир, Анталия қалаларында студенттер мен жастарға, жалпы жұртқа өнерiмiздi көрсеттiк. Түрiк жастары қойылымдарымызды көздерiне жас ала отырып тамашалады. Қойылымнан соң жас әртiстерiмiздi қол соғып, қошеметтеп сахнада қимай қоштасады. Түрiк зиялылары қолымды қысып, жүректен шыққан шынайы ризашылық сезiмдерiн бiлдiрiп жатты. Бұл спектакльдiң бүкiл өн бойы (лейтмотивi), «Ей, Түрiк сенiң күшiң бiрлiгiнде!» деген ұранға, түрiк бiрлiгi идеясына шақырады. Театрымыздың төл куәлiгiне (визиткасына) айналып кеткен бұл қойылым – көптеген көрерменнiң жүрегiне жол тапқан шығарма.

Түркиялық әрiптестерiмiз алдағы кезде тағы да келуiмiздi өтiнiп отыр. Алла жазса келесi сапарда «Иассауи қасiретi» спектаклiмен барып қайтпақпыз.

– Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз, арман-ниеттерiңiз бар?

– Алда әзiрбайжан драматургi Ү.Гаджибековтiң «Аршын Малалан» музыкалық комедиясын, С.Қасымбектiң «Томирис» тарихи драмасын сахналасақ деген жоспарымыз бар. Сонымен қатар, менiң досым, қырғыздың үлкен драматургi М.Баджиевтiң мерейтойына орай өтетiн Халықаралық театр фестивалiне бармақпыз.

Менiң ендiгi арманым да ниетiм – Түркiстанда талапқа сай, кәсiби театр салдыру. Осы ойымды Түркiстанға келген 11 жылдан берi тиiстi орындарға айтумен келем. Қазiргi ғимаратымыз бұрынғы темiр жол клубы. Сахнасы өте тар, театрға лайықталмаған. Күрделi дүниелердi қойғанда, қисынын келтiре алмай қиналамыз-ақ. Әйтеуiр жасап келемiз. Егер жаңа театр ғимараты салынса, Түрiк халықтарының театр фестивалiн Түркiстанда ұйымдастырсам деген арман бар… Бұл фестиваль қазiрге Қазан, Уфа, Баку қалаларында өткiзiлiп келедi.

Әңгiмелескен Ә.ЕРЖАНТЕГI

Серіктес жаңалықтары