ОЙЛАРЫМ — МЕНIҢ ТАҒДЫРЫМ
ОЙЛАРЫМ — МЕНIҢ ТАҒДЫРЫМ
Адамзат жер бетiн мекен еткелi бұлжымас қағида қалыптасқан: ол–әрбiр адамның өмiрi, тағдыры драма екендiгi. Әр жұмыр басты пенденiң бүткiл тiршiлiгi iрiлi–ұсақты драмалардың жиынтығы. Ауа жұтып, жер басып жүрген соң одан қашып құтылу еш мүмкiн емес. lшкi сезiмiн жарияламауды iрiлiк деп танитындықтан ба, әлде жан дүниесiне өзгелердiң сұғынбауын тiлейтiн дiлiмiзден бе екен, қазақтар күнделiк жазуды онша жөн көре бермейтiнi аян. Тiптi, күнделiк жазушылар арамызда некен-саяқ.
Ал қазақтың бiртуар актерi, айтулы азамат Асанәлi Әшiмовтiң: “Күнделiк-күнделiктi өткен iсiң ғана емес, онда өмiр, өнер, уақыт, кезең, адамдар туралы көңiлге тосыннан келiп құйылатын ағыстар, ой-толғаныстар да орын алып жатады. Айқайлап айта алмайтын, жаза бермейтiн нәзiк мәселелер, ащы шындықтар осы күнделiк бетiне түседi”, – деген сөздерi парасатты жанның тосын ойы емес, ұзақ жылдар, уақыттар екшеуiнен өткен шындығы. Атақты Тургеневтiң 20 томының жартысынан астамы күнделiктерден тұратыны да тегiн емес. Көпшiлiк қазiр шынайы сезiм жоқтығынан, адамдар арасын жалғастырар шынайы iлтипат, мейiрiмнiң аздығынан қажыды. Жұрт алдында тоқтаусыз төгiлетiн кезекшi, жадағай, ұсақ шындықтардан шаршады. Әдiлiн айту керек, адам жаны одан әлдеқайда терең, шыңырау. Халқымыздың бiртуар тұлғасы, елдiң ұлы Асанәлi Әшiмовтiң биыл «Алматы ақшамының» кiтапханасы» сериясымен жарық көрген “Менiң жанрым-күнделiк” атты кiтабынан үзiндiлердi оқырмандарымыздың назарына ұсынуды жөн көрдiк. Осыдан он бес-жиырма жыл бұрын басталған бұл күнделiк жазбалары сол уақыттың, кезеңнiң құбылыстарына, қоғамға, адамдарға баға берген шынайлығымен қымбат.3 май-10 май 84.
Мәскеу. Мәскеулiктер қызық, оның iшiнде қазақтар қызық. Қазаққа орыс болу жараспайтынын ұқпайды. 2.01.85. Москва — как всегда суровая, пасмурная, скучная. Жалпы бiздiң жақтың уақиғаларын, кейбiр ұлттық жағдайларды көп түсiне бермейдi, бәлкiм, түсiнгiсi келмейдi. 4.01.85. Жалпы қазақ жiгiттерi тамақ iшкендi жақсы көремiз ғой. Театрға, киноға бармай, ресторанның ыңғайы келсе, бәрiн жиыстырады ғой сабаздар. “Қой бағуға жаралған” дейдi бiздi. Намыс аздау ғой. Қой деген шаруашылық елдiң мәдениетiн өсiрмейтiн шаруашылық. Соны қазақтың еншiсiне берген “Құдайға” да, адамға да риза емеспiн. 18.04.85 Қаңлыларда мынадай мәтел бар екен. “Қаңлы елiнде хан бар, кәделi елде бар”, “хан жоқ болса, қаңлыдан хан көтер”, “арбаға ханмен бiрге мiнгенбiз” деген мәтелдер. Дербес ел болғанына дәлел” дейдi Ә.Марғұлан. Әлкейдiң ел арасындағы аты– “Бөпе аға”. 19.10.85 … Кешегi Майқұдықтағы кездесуде бiр қазақ маған : “Фильмдi қазақшаға дублировать етудiң не қажетi бар, орысша бәрiмiз түсiнемiз ғой, соның керегi не, ұят қой. Футболда коментатор неге қазақша бередi, ол да қажетсiз” дедi. Мен: – сiздi Магаданға жiберу керек екен,–дедiм. Чукчадан айырмашылығы жоқ қазақ қой, иттiң баласы. 28.10.85 Ел жүдеген. “Қазақ, жүрген жерiң азап” деп осыны айтады. “Қараша, желтоқсанмен сол бiр екi ай… ” деген еске түседi. Қоңыр күз. Сүреңсiз ел. 19.12.85 Ауруханадамын. Рахымжан Қошқарбаев қызық адам екен. Нағыз батырға тән мiнездерi бар. Қулығы да жоқ емес. Өнерден, әдебиеттен хабары болмаса да патриоттық мiнездерi бар. Остроумный, нағыз қазақ. Қазақ газетiн оқиды, қазақша программаны ғана көредi. 24.12.85 Кит бiр бергенде, 430 литр сүт бередi екен. Қазiр ел аузында “Қонаевтың орнына кiм барады?”, “Кiм орнынан түстi?”, “Қандай өзгерiстер бар” деген әңгiме жүрiп жатыр. Горбачев келгелi осындай топалаң басталды. 13.06.86 Сағат 7-де тұрып зарядка жасадым. Римде күн бұлыңғыр. Далаға шығып, бiр сағатқа жуық қыдырдым. Италияда жалпы бес партия қатар өмiр сүредi екен және Италия компартиясы. Италия халқы еркiн. Шiркiн, өз елiңе өзiң ие болу деген қандай бақыт. 4.03.91. “Елiм-айдың” шаруасымен шапқылаудамыз. Совет елi әлемдегi ең сорақы, лаң ел. Толыққанды жұмыс iстеу мүмкiн емес. 70 жыл iшiнде талай таланттар, өнер қайраткерлерiнiң шетелге қашуының себебiн ендi түсiнiп жүрмiн. Нағыз бюрократ ел. Қазақ елiн қорлаумен келген екен… 07.06.92 Қазақ тiлi – мемлекеттiк тiл болған күн. Қатты қуанып отырмын. 31.01.96 Менiң бiр байқағаным: қазақ тамаққа жақын. Тамақ болып, үйде кiсi көп болып, бос әңгiме, қысыр сөз болса жанның рахаты деп түсiнедi. Жалқаулықты бiзге аямай-ақ берген ғой. 12.12.96 … Әйел тәрбиесiнде өскен бала әңгiмеге құмар, сөз таластырғыш, тек өзiнiкi дұрыс сияқты көрiнедi де тұрады ғой деймiн. 15.12.96 “Әйел десе әжем кетедi”. “Жерде жетiм жыласа, аспанда тәңiрiм қайғырады”… 6.03.97 Бiр әжептеуiр азамат “Не iстеу керек?” дедi. “Чернышевскийден сұра” дедiм. 21.04.97 Қорқақтаудан, жалтақтаудан, елiктеушiлiктен кенде емеспiз. 28.05.97 Ит құйрығын өзi сүйретпесе, кiм сүйретедi? 30.09.97 Ол… өнерден бiр күн кеш туған жiгiт қой. Үлкен өнер өлдi. Заман ойсыз, арсыздарға өте лайықты боп тұр. Жағымпаздардың жағдайы жақсы. 15-20.10.2002 Стамбул – Алматы. … Балаларға бiрсыпыра киiм алдым. Баланың қуанғаны қандай жақсы. 26.12.2002. Театр. Есеп беру жиналысы өттi. Былай дедiм: “Т” әрпiнен бастасам: тәртiп, тазалық, театр. “А” әрпiнен бастағым келмейдi. “Арамза, арамтамақ, алаяқтықты бiраз жырлап болдық қой” дедiм. Жиналысты дұрыс бағытқа салдым. Содан кейiнгi сөйлеушiлер сол бағытта кетiп, жиын өте жылы шыраймен өттi. Бұл күнделiктер бүгiн не болды соны тiзу. Жазушылық өнер жоқ, тек қана факт! 7.03.03 Қазiргi жастар мейiрiмсiз. Айтып үйге келтiре алмаймын. Бұларға керегi тек менiң ақшам!!! 29.05.03 Ауа-райы мүлдем бұзылды, жаз шықты әлi жаңбырдан көз ашпадық. Американдықтардың Бағдат қаласын бомбылағынан ба деймiн. Киелi, дүниелi қала ғой. Жер қозғалу, су тасу стихиясы көбейiп кеттi. Өмiрi ылғал тамбайтын Сарысу, Созақ та жаңбырлы. Егiнге зиян. 2.08.03 Соңғы процедураны алып, офис, одан әрi сағат 1-де “Жұлдыз” кафесi. Амалбек Тшановтың жалғыз ұлының қырқы. Мен: “Алды-арты бұлдыр адамдар болады, олар туғызып қуанбайды, не осындай қайғысының сезiмi ояна алмайды, Құдайға шүкiршiлiк қыл, Амалбек! Сен менен үлгi ал!” деп басу айттым… 10.10.03. Госдумадан келген қонақтармен кездестiк, бiраз сұхбаттастық. Кәдуiлгi орындалмайтын көп әңгiменiң бiрi.5-8.06.84
Үкiметiмiз Шоқан, Абай секiлдi ұлы адамдарға аз көңiл аударады. Сәтбаевтың 80 жылдығын немқұрайлы өткiздi. Алауыздық асқына түскен кез боп тұр. “Қазақфильм” студиясы одақтағы бiр бейшара студияның бiрi. Оған себеп басшылары бос белбеу. 9.01.85 “Берег” деген Ю.Бондаревтiң романы бойынша түсiрiлген фильмдi көрдiм. Егер белгiсiз бiреулер түсiрген болса “жақсы жасаған” екен деп айтар едiм. Ал мыналарға сәл төмендеу. Орыстарға да қазақтар сияқты кино өнерi қонбаған-ау деймiн. Қырғыздар ақылдылығынан емес, бұзықтығынан кино өнерiне тақаулау ма деймiн. 17.01.85. Бұрын мен де жұрт сияқты “Қазақфильм” неге нашар фильм шығарады?” деушi едiм. Қазiр өзiм фильм түсiргелi толық түсiндiм. Жауабы былай. Студия толған кездейсоқ адамдар. Ақшаны қалай жесем деудiң жолына түскен. Бәрiн режиссерге жабады. Ол байғұс жалғыз өзi қайдан кино түсiредi, жан-жағы жаңағы. Режиссерден басқа ешкiмге жақсы кино керегi жоқ. Оны өздерi ашық айтып отыр. Жақсы кино түсiру үшiн оған бiраз еңбек ету керек, таза жұмыс iстеу керек. Ондай адам мұнда жоқ, егер бола қалса бiрен-саран. Оны ненормальный деп есептейдi. Мына планово-финансовыйдың қызметкерлерi бiрiгiп алған. 1.11.85 “Полководцы в мирное время не появляются, их рождают сражения”. С.Т.Товстоногов. “Лит. газета”, – Для творчества необходима, – говорил –Л.Толстой “Энергия ошибок”. Сальери 39 опера, Моцарт 17 опера жазған. Тарихта кiм қалды, қалай қалды?! 10.05.86 Сағат 9.30.505 рейс. Мәскеу. Съезд. “Россия” қонақ үйi. 8-этаж. Бұл кiтапты СССР кинематографистерiнiң V съезiнде сатып алдым. Бұл менiң туған айым ғой. Сондықтан осы күнделiктi өзiмнiң туған күнiмнен бастадым. Онда үлкен себеп бар… СССР кинематографистерiнiң V съезiнде айтылған сөздер немесе өз тарапымнан туған ойлар. “Человека есть, а гражданина нет”. “Идеальный актер должен сочетать в себе философа и акробата”. В 1910 году Гумилев (поэт) женился на Анне Ахматовой. Даже у Пушкина есть плохие строки и надо умет отличать сильные вещи от слабых, какая великая подпись под ними не стояла. “Все прекрасное на Земле от Солнца, все хорошие от человека” – М.Пришвин. “То что мы знаем–ограничено, а то чего мы не знаем–бесконечно” – П.Лаплас. “Только умный артист может сыграть дурака. Мы не враги, а боли” –Герцен. “Что ты ел-пил-то твое, что ты видел расскажи другим”. Распутин: Нас волнует трагедия Арала. “Ерiнбеген етiкшi болар, ал жалықпағанның жазушы болуы екiталай”. Жақсы адаммен, теңдесi жоқ адаммен бақытты болу қиын. 21.01.87 Пленум сағат 11.00-де басталды. Грузиндердiң “Покаяние” деген фильмiн көрдiк. Маған ұнады. Нағыз өнер. Кино арқылы әрi өнердi, әрi көп проблемаларын, үлкен мәдениетiн көрсеттi грузиндер. 22.06.87 Орталық Комитеттiң бiр бөлiм бастығы бәрiмiздi жиып алып, жиналыс өткiздi. 17 июньде Нархоздың 4 студентi орыстарды ұрған. Алты ай өткен соң тағы осындай жағдай болған. Әлгi бастық сондай қорқақ. “Не iстеймiз? 19 СССР халық әртiсiнiң бiреуi ғана орыс екен” дейдi. “Орыстандыру керек” дейдi. Жұрт атақты алса талантымен алады ғой. Атақты ұлтына қарап беру керек пе? Онда шаруасы жоқ. Не деген сорлылық? Жаман қапа болып шықтым. 3.11.91 Ұлттық киноға жаны ашитын адам қалмады. Айтады, жасамайды. Күнделiктi тақырыпқа түсiретiн тойшыл режиссерлер көп-ақ. Жалпы қазақ туралы Абайдан артық айта алмаспыз. Ең сорақысы, тамақты жақсы көредi. Аштықтан әбден зардап шеккендiктен бе, аштан өлетiндей боп тұрамыз. Тәрбие солай, бiлiмсiздiк. Қазiргi кезде магазиндер бос, iздегенi тамақ. Творчество екiншi орында. Кеше премьерада артистердi аядым. Жұтап қалған. Формально ойнайды. Бiреуге мiндет етiп жүргендей… 23-25.10.88 Аурухана. Цезарьдiң ролiн жаттап жүрмiн. Актерлiк жақсы ғой, егер жақсы режиссер болса. Осы бiр басқа түскен пәледен құтылып алсам, тыныш қызметiмдi iстер едiм. Театрға басшы боламын деп бәлеге қалдым. Жан-жақтан жабылуда. Өтiрiктi-шынды пәле жабуда. Олжас та жатыр екен. Оның да жағдайы тура менiкiндей. Жазушылар қарсы шығып орнынан түсiрмекшi. 09.12.88 Кеш. Көптен күнделiк жазбадым. Оған үлкен себеп –театрдың жұмысы. Театрдың жұмысын бiр жағына шығарам ба деп тыраштанумен жүрген екенмiн. Бәрi бос әңгiме, сылдыр сөз бен өтiрiк патриоттар көбейген кезде, желбуаздықтың жеңген кезiнде бәрi бос сөз. Жұмыс бiр басқа да, демагогияның жеңген кезi, кiм жақсы, әдемi сөйлейдi, сол жақсы жұмыскер екен. Сол кезге тап болыппыз. Қайда апарып соғарын уақыт айтады. 1 жыл 9 ай директор, худрук болып iстедiм. Өзiме зияндықты көп жасадым. Театрда, кинода, творчество – застой. 2.09.95 Қазiргi басшылардың көбiне сенбеймiн. Тым уәдешiл. 26.10.95 Мәскеу. Киноның 100 жылдығы. Жириновскиймен суретке түстiм. Күлкi үшiн. “Су iшкен құдығыңа түкiрме! Байқа, аруақ ұрып кетiп жүрмесiн! Елге тиiспе”, – дедiм. 25.01.86. “Адамды сөзiмен емес, iсiмен бағалау керек” деген сөз дұрыс. Бiреулер сөздiң түбiн түсiредi, бiрақ iсi жоқ. Қазiр бiр үлкен жиналыста сөйлесең болды ғой, қызметiң өсiп жүре бередi, iсiнде шаруасы жоқ. 22.04.86. Ағаштар гүлдеген кезде қар жауды әдетке айналды. Жақсылық емес. ЦК-ның демалыс үйi нағыз оңбаған жер екен. Себебi, кiшкентай шенеунiктер келiп, демалатын жер. 8.05.86 Қазiргi заманда адал адамға өмiр сүру өте қиын. 31.08.86 Адам әуелi далаға қарайды, одан кейiн балаға қарайды, содан кейiн шамаға қарайды. 6.09.86 Бумажный, искуственный адамдар болады. Мұндай адамдармен тату болу керек. Әйтпесе өте қауiптi!!! 08.06.88 Жалпы қазақ интеллигенциясы, оның iшiнде бiздiң ортада да сатқындық бар. … Жалпы жан-жағыма риза емеспiн. Таңым бар, өзiм кiнәлi шығармын деп те ойлаймын. Бiрақ өзiмдi өзiм бiлемiн ғой. Достасқан адаммен достасар едiм, әлде олар аз ба, әлде менде үлкен кемшiлiк бар ма !.. 24-28.08.90 … Аштықтың зардабын көрген ел ылғи аштан өлетiндей боп тұрады екен. Ең алдымен тамақты ойлаймыз. 4-5-11.02.91 Майданның (рудың аты) тiрiсiн батыр деп, өлiсiн әулие демесең құтылмайсың. Кино – это этика, потом история. Бұл күндерi Жамбыл-Шымкентке келгелi көңiл орта, жұмыс бiр жағы бiтiп жатса, екiншi жағы ақсайды. Қатты таң қалдырған бiр дос болды. Маған қатты-қатты сөздер айтты, кетем дедi т.б. Қанша жақсылық жасадым. Ендi кемелiне келген соң, оның үстiне дәл мынадай жағдайда (Сағи екеумiз “Жигулимен” авария жасап, өлiм аузынан қалғанда). Дос адам олай жасамаса керек едi. Өмiр алма-кезек деген, көремiз. Бiрақ iшке тартуға тырысармын. Онсыз да достар аз. 23.02.91. Жақсылар кеткен, орталар қалған заман. 21.05.91 Аурухана. Аяқты асқындырып алыппын. Өмiр қарымтасыз болмайды ғой. Оған да көндiм. Өйткенi бұл философияға мен тоқтаған адаммын. Шараның ұлы Болат осыдан бiр-екi ай бұрын қайтыс болған едi. Бүгiн, яғни 21 май күнi өзi қайтыс болды. Аянышты. Мағына кеттi өмiрден. Елуден асқаннан кейiн өмiр онша қызық емес пе, әлде қазiр сондай кезең бе? Түсiнiксiз. Халықты әбден мүсәпiр етiп қойғанбыз. Қайда Абылайлар, Абайлар, Қабанбай, Ертарғын, Махамбеттер. Бiлмеймiн. Көңiл жүдеп, хал мүшкiл. Менi қоршаған топ–мүсәпiрлер тобы, бiрақ адал жандар. 22.12.91 Бөлiп-бөлiп руға, Айналды қазақ құруға, Оны кейбiр пысықтар өз пайдасына бұруда. 10.01.92 Елдiң көңiл-күйi нашар. Басшылар заң шығарады, бiрақ ол орындалмайды. Заман тарылды. Үлкен өнерге жол жабық. Әнебiр әншiнiң әндерi мен кiшкентай даусын ғана түсiнетiн басшылар көбейдi. 8.05.92 “Бәрiн алдауға болады. Әйелдi, медицинаны, тiптi, Құдайдың өзiн де. Тек өнердi емес (А.Чехов). Кейбiр адамдардың бағасын жауының санымен өлшеуге болады. 29.01.95 Әзiрбайжанмен әңгiмелестiм. Бұл да мен сияқты дәрменсiз. Алаяқтарға қарсы еш әрекет жасай алмайды. Жалпы талантты адамның әлсiз жерi осы ғой. 11.03.95 Бұрынғы үлкен қызметкерлердiң халық арасында отыра алмайтын әдетi бар. Әбден мақтауға үйренiп кеткен. Соны аңсап отырады. Әйтпесе өзi мақтанады.“Тоты құс қанатына қарап түрленiп, аяғына қарап қорланады”. “Где есть настоящее искусство там есть спор, где их нету есть ссора. Спорах рождаются истина, ссорах рождаются херня” (от автора). “Ат барған жерге есек те барады, ат жеткен жерге есек жетпес”.
22.06.99 Әзекеңнiң ешкiмдi тыңдамайтын жаман әдетi бар. “Өзiм бiлемдiк құртады”. Игорь, мен, Сламбек үшеумiз ұлттық тiлдiң жоғалып бара жатқандығы туралы айқайластық. 3.08.99 Қазiр жұмыссыздар саны көбейген. Сол топқа бiз де жатамыз. 28.08.99 Депутаттыққа түсудiң елдi араздастыратын түрi бар. 5.09.99 Анапа фестивалiнен көңiлсiз қайттық. “Киношок” бедел алып келедi. Бiздiң фильмдер жүлдесiз қайтты. Грузин, өзбектер өздерiн көрсете бiледi. Қазақтардың кейiнгi 10-15 жылда түсiрген фильмдерi елiктеу ғана дәрежесiнде. Өнер жоқ. Өмiрдiң де сүреңсiз, қолайсыз жағын алған. Елдi сорлы, дарынсыз, дәрменсiз етiп көрсетедi. Сол үшiн шетте жақсы қабылдап, жүлде де берiп жiбередi. Ұлттық рух, мiнез жоқ. Киноның аудиториясы кең ғой, сондықтан жай елге мәдениеттi елдiң жақсы жағын баса көрсеткендi жөн көрем. “Қыз Жiбектен” кейiн классика түсiрiлген жоқ. Кейбiреулер тарихты өздерiнен бастағысы келедi, өткенге топырақ шашуға әуес. 20.09.99 Қазiр ел депутат боламыз деп жанталасуда.. Өз басынан артылатын қазақ қалмады. Үлкен ел болудан қалдық па деген қаупiм бар. Ел намысын қорғайтын деген ниет аздау. 29.09.99 Бiреудi жұмысқа орналастыру, елiне жете алмай отырған адамға көмектесу, сотталғандарға жәрдем беру т.б. шаруашылықпен айналысатын болдық. Босыған, қаңғырған ел. Аяйсың. 22.03.2000 Екi жазушы бас қосса–дау, үшеуi болса–төбелес. 24.05.2000 Басшылардың қолтығына кiрiп алған бiреу Астанада, Алматыда шулатып концерт берiп жатыр. Қазiр сондай кез, ақшаны осылай табатын болды. Кiтапхана, кинотеатр, мектеп, балабақшалар қысқарып, орнына ресторан салатын болды. 14.08.2000 Сәбит дәрiгерiме бардым. Қазақ әйелi қазақтармен орысша сөйлесiп, жүйкеме тиген соң “неге қазақша сөйлеспейсiздер?” десем, тыңдайтын түрi жоқ, сонан соң тұрдым да жүре бердiм. Артымнан жүгiрiп шығып, “Асанали Ашимович” деп бiраз жүгiрдi, қарамай кетiп қалдым. 21.08.2000 Саяжайға бардым. Бiр қазақтың жас семьясы кiрiп алған. Рұқсатсыз “Таза ұстаңдар” дегеннен басқа не айтам. Ондай үйсiз жүрген қазақтар көп. Өз елiнде қайыршы боп жүргендер. 08.11.2000 … Ел, ел азаматтары, оның iшiнде таза өнер адамдарының iстейтiн iсi жоқ, пысықтар ғана алшаң басып жүр. Елдiң құны, маңызы сұйылды ғой деймiн. Қайда барып, немен бiтедi бұл дүние?!–деген сұраққа жауап беру қиын боп қалды. 27.05.2001 Бала туғызу үшiн ақылдың керегi жоқ, оны тәрбиелеу үшiн мiндеттi түрде ақыл керек-ақ. 14.08.2001 Қазақ киносының өз бетi жоқ. Кейiнгi фильмдерде түзге отыру сияқты келеңсiз жағдайлар көп. Кино, бiрiншiден, ұлттық өнер болуға тиiс. 15.11.2001 Қазiр ел құраншыл, құдайшыл болып алған… Саясаткерлердiң бәрi әртiс, әртiстердiң бәрi тамада… 18.11.2001 Мен саясаткер емеспiн, халықтың өкiлiмiн. Сондықтан халықтың тұрмысының төмендеуiне немқұрайлы қарай алмаймын.1.03.85
Көктемнiң бiрiншi күнi болғанмен, қар қылаулап жауып тұр. Майра, Сағилар келемiн дептi. “Әйелiн мақтаған еркектен без” дейдi, десе де бiздiң Майра жақсы ғой. Бильярд бүгiн жақсы жүрдi. Адам баласы өмiрге бiр-ақ рет келедi ғой. Соны ырың-жырың қылатын ақылсыздық. Ақыл аздау болса жынданасың, iшесiң. Содан рахым iздейсiң. Қазiргi бiздiң өмiр сүрiп жатқан уақыт қазақтар үшiн жаңа өмiрге бет алу деуге бола ма… Жақсы әйелдер бар (адамгершiлiк жағынан, басқа қылыққа берiспеу жағынан ). Соған жауап берiп жатқан ұлдар (еркектер) аз ба деймiн… 18.01.92 Апам байғұстың жаны қалмайды. Ана деген сол ғой. Жастығымды жөндеп, менiң ұйқымның, тамағымның дұрыс болғанын қалайды. 19.02.92. Ауруханаға Майра мен апама бардым. Екi пiрiм ғой. Аналар ғой. Екеуiнсiз күнiм қараң. 21.03.93 Ел мейрамда, мен жылаудамын. Майра сол қалпы. Үмiтiм бiртiндеп жоғалып барады. Бәрiнен де елдiң аяушылықпен қарағаны жаныма батады. Айылымызды жимай-ақ өмiр сүрген едiк. Ендi ес жиып, балалар есейiп, өзiмiз үшiн өмiр сүру кезеңi басталып едi. Қымбаттым, сүйiктiм менiң, Майра! Қайғыда түп жоқ. Не болам? Ар жағы мидай дала… 23.03.93 Әйел — көп, Майра – бiреу. Қолымнан келсе сен туралы “Адамгершiлiк дастанын” жазар едiм. Өзiмнiң 56 жасымда сендей пәк, таза шыншыл адамды кездестiрмеппiн. 10.08.93 Бiздiң үйде көңiлсiздiк кеш түскенде басталады. 14.08.93 Пайдакүнем адамдар көбейiп кеттi. Жоғары жақты рушылдық жайлап барады. 11.09.93 Әй, Майра-ай! Жетiмсiреттiң-ау… 1.10.93 Майра бүгiн түсiме кiрдi. Жеңiл киiнген екен. “Тоңасың ғой, неге жылы киiнбедiң?” деп жатырмыз бiр-бiрiмiзге. 26.01.94. Майрам менiң, пiрiм менiң! Әруағыңнан садағамын. Мезгiлсiз айрылғаныма ет жүрегiм қан жылайды. Перiште боп келдi өмiрге, перiште боп кеттi. Аяулым менiң! 22.02.94. Майра сағындым сенi! Өмiрiмнiң жартысынан көбiн әкеттiң. Маған ендi өлiм қорқынышты емес! 22.09.99 Сағи Германиядан телефондап: “операцияға бара жатырмын, қорқам” деп, көңiл-күйiмдi төмендеттi. 27.09.99 Күз. Көңiл-күйiм де күзгi күндей. Майра мен сүйiктi Мәдиiмдi қара жер алып кеттi. Екеуi де өкiнiштi өлiм. Жүректегi жарақат жазылмастай боп орналасты. 18.10.99. Сағиым үйге келiп, апаммен шешiлiп әңгiмелесiп отырған үстiне келдiм. Таңданып: “Мұндай уақытта келе бермеушi едiң”,–дедiм. “Аға! Үйге қонғалы келдiм”,–дедi. Ваннаға түсiп әбден тазаланып, бөлек бөлмеге төсек салып жатып қалды. Содан тұрмай қалды ғой, құлыным! Мен үшiн жұмбақ?! 18.07.2000 Құлыным Сағидың туған күнi. “Сағи” кафесiнде болдым. Сағидың 39 жылдығын өткiздiк. “Аға, бүгiн менiң туған күнiм ғой” деп маған ескерту жасағанда, “Мен кейде өз туған күнiмдi де ұмытам” дейтiн ем. Бала сияқты сыйлық күтiп тұратын едi, жарығым. Қалтасындағыны аямай шашып жүретiн, 100% ақкөңiл едi, перiште күйiнде кеттi. Көрген түстей жарқ еттi де, жоқ болды. 8.02.2002. Мәдиiмдi, Сағиымды, Майрашымды сағынамын. Түсiме де кiредi. Әсiресе, Мәдиге қайран қаламын. Мiнездерi есiме түссе, етжүрегiм қан жылайды. Менi қатты сыйлаған екен. Ауырып жатып, менi аяйтын. Алдап “ой, аға, все будет хорошо” деп жұбататын. Маған бiрде-бiр жалоба жасамады. Айналып кетейiн-ай!!! Майрашымның жөнi бөлек. Өмiрiн мен деп өткiзген адал жарым ғой. Сағиым аңқылдақ, өмiрден күлiп өттi, бала күйiнше кеттi. Бөлекше жаралған адам, құлындарым.